АСҚАР ТАУЛЫ ТҰЛҒА

Жалпы адамзат баласының өмірінде екі мақсат болады десек: бірі – күнделікті мақсат, яғни қара бастың қамы, екіншісі – ізгі мақсат. Ізгі мақсаттың ауқымы кең. Ол – еліме, халқыма адал қызмет етсем, қажетіне жарасам, гүлденіп көркеюіне үлесімді қосам деген ізгі арман. Сондай ізгі мақсат, асқақ арман иелері «Қараңғы қазақ көгіне өрмелеп шығып күн болам» деп ақын Сұлтанмахмұт айтқандай, бүкіл ақыл-ойын, талантын, еңбегін, бар өмірін елінің, халқының жарқын болашағына арнаған ұлы тұлғалар қазақ тарихында баршылық. Олар ұлы ғалым Шоқан, ұлы ақын Абай, ұлы жазушы Мұхтар, әйгілі ғалым Әлкей Марғұлан, ұлы геолог Қаныш Сәтбаев, т.б.

Уақыт өткен сайын олар оқшау дараланып, жарқырай түседі. Олар сарқылмас бұлақ, өздерінің талантымен, терең білімділігімен, тұңғиық терең ақыл-парасатымен, елінің, халқының, болашақ жас ұрпақтың жарқын өмірі үшін еткен ерен еңбек­терімен тарихта есімдері алтын әріппен жазылған ұлы тұлғалар. Солардың бірі де бірегейі – Қаныш Сәтбаев.
Қаныш Имантайұлы Сәтбаевтың туғанына биыл 120 жыл толғалы отыр. Болашақ ғалым 1899 жылы 12 сәуірде қазіргі Павлодар облысы Баянауыл ауданында Имантай бидің отбасында дүниеге келген. Нәрестеге Ғабдул-Ғани деген есім берілді. Алайда анасы Әлима «Ғаниым», «Ғанышым» деп еркелеткен, содан Қаныш аталып кеткен.
Сауатын ауыл молдасынан ашқан Қаныш, алдымен – ауыл мектебінде, Павлодардағы орыс-қазақ мекте­бінде, Семей мұғалімдер семинария­сында, кейіннен Томск технология институтын тамамдайды. Алғашқы еңбек жолын мұғалімдіктен бастаған Қаныш, сонау аумалы-төкпелі ­заманда Ахмет, Міржақып, Жүсіпбек сынды ұлы тұлғалармен иық тіресіп, халқының көзін ашып, көкірегін оятуда ерен еңбек сіңірді. Тіпті оның мектеп оқушыларына арнап ­«Алгебра» оқулығын дайындауының өзі – ұлтының болашағын ойлауының дәлелі болса керек.
Алайда бала кезден жерінің тау-тасына қызығушылығы, оның жұмбақ сырын білуге деген ынтызарлығы геологиялық барлау мамандығы бойын­ша Томск технологиялық инс­ти­тутының тау-кен факультетін бітіргеннен кейінгі бүкіл өмірі Қазақ­станның жер қойнау, қазба байлығын зерттеуге арналған.
Ол сарқылмас кең орындарын тапты. Қазақтың елі малға бай болса, жер қойнауы кенге бай екенін бүкіл әлемге көрсетті. Оның ғылыми бай мұраларының ішінде, әсіресе Жезқазған кені туралы зерттеулерінің, оның ірі мыс кенді аймақ қатарына жататынын дәлелдеп беруі – ғылым саласындағы үлкен жаңалық болды.
Сондай-ақ минералдық шикізатқа бай Сарыарқа, кенді Алтай, қара алтынды Қарағанды, темірге бай Қаратау аймақтарын зерттеп, ол аймақтарда ірі кен нысандарын салуда, Ертіс-Қарағанды каналының қазылуында, ғылыми-зерттеу орталықтарының ашылуына сіңірген еңбегі ұшан-теңіз. «Қаныш Сәтбаев – Қазақстан жас ғалымдарын қалыптастырып, олардың тәрбиешісі, ақылшысы болды» деп ­жазады ол туралы зерттеулерде.
Ұлы Отан соғысының қиын кез­­дерінде, Кеңес үкіметінің алпауыт заманында Қазақстан Ғылым ака­де­миясының негізін қалауы ерен ерлікпен пара-пар еді.
Өз ойын тиянақты дәлелдеп, ашық жет­кізе білу, ол заманда жүрегі ұлт деп, халық деп соққан қайсар мінезді ұлы тұл­ғалардың ғана қолынан келетін іс еді.
Қаныш Имантайұлы терең білім­ді, ұшқыр ойлы, парасатты, қайсар мінезді, әділ де адалдығымен кез келген ортада сыйлы, беделді адам болған.
Бұл оның бір жағынан Алла бойына дарытқан табиғи таланты, екіншіден қажырлы еңбегімен биікке көтерілген және де қазақ деген ұлы халықтың, яғни ұлтының ұлылығы мен бар жақсы қасиетін бойына дарыта білген қай­таланбас ұлы тұлға екенінің айғағы болса керек.
Сонымен қоса ол барлық ұлы тұлғаларға тән сегіз қырлы, бір сырлы нағыз талант иесі. Бұған оның мәдениет, тарих, музыка саласында сіңірген еңбектері дәлел. Атап атсақ: Шоқан жазып алған «Едіге» жырын қазақ тілінің жаңа орфографиясы негізінде қайта дайындаған. Ұлытау өңіріндегі тарихи-мәдени ескерткіштерді зерттеген. Тіпті А.Затаевичтің «500 қазақ әндері мен күйлері» жинағына 25 әнді өзі орындап, орыс тілінде ғылыми түсініктеме бергеніне қалайша таңғалмасқа. Бұл – нағыз ұлы тұлғаға тән қасиет емес пе?!
Адамгершілік, достық, қайырым­дылық, кішіпейілділік сияқты игі қасиеттер де ұлы ғалымның бойында ұшан-теңіз. Сонау аласапыран кездерде аштықта қалған иесіз балаларға өз көмегін аямаған болса, кейінде жас ғалымдарға, өз айналасындағы адам­дарға қамқорлығы ерекше болған екен.
Ал Мұхтар Әуезов, Әлкей Марғұлан, Қаныш Сәтбаев үшеуінің достығы аңызға айналған, нағыз достықтың дәлелі болса керек. Мен Т.Жүргенов атындағы Өнер академиясында қызмет істеген кезімде, Қазақстанның халық суретшісі, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Хакімжан Есмаханұлы ­Наурызбаевпен сұхбаттасып, бірнеше мақала жаздым. Сонда сол халық суретшісі айтқан сөзі әлі құлағымда тұр. «Берік, қарағым, мен Хакімжан Наурызбаев болып қалыптасуыма, өмірімде екі үлкен тұлғалы ағаларым себепші болды. Бірінші – ұлы жазушы Мұхтар Омарханұлы Әуезов, екіншісі – академик-ғалым Қаныш Имантайұлы Сәтбаев. Олар мені әрқашанда қолдап, бағыт-бағдар көрсетіп, жөн сілтеп отырды, өздерінің ағалық ілтипатын көрсетіп отырды» деп айтқан еді халық суретшісі.
Ұлы ғалым өзі айтқан: «Қазақстан­дағы ғылым дұрыс жолмен дамуы үшін оның штабында – Ғылым академиясында халқының, Отанының мүдесіне жан-тәнімен берілген адамдар қызмет етуі керек» деген өз сөзін іс жүзінде дәлелдеп кеткен жан.
Бүгінгі күннің көзімен қарасақ, Қаныш Имантайұлы – нағыз ұлт­жанды, өзінің бойындағы бар талантын, білімін, күш-жігерін елінің, халқының игілігіне жұмсаған асқар таулы дара тұлға.
Бұл тұлға ұрпақтан-ұрпаққа үлгі-өнеге боларлықтай ұлы тұлға. Қазақ халқының біртуар ардақты азаматы, қайталанбас дара тұлға, ерекше құбылыс.

Берік АСЕНКАНОВ,
Академик Қ.Сәтбаевтың мемориалдық мұражайының ғылыми қызметкері

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.