ТҰҢҒЫШ АКАДЕМИК

Қазақтың қасиетті топырағы ХХ ғасырда көптеген ғалымдарды өмірге әкелді, солардың арасында Қаныш Имантайұлының тұлғасы құзар шыңға ұқсайды. Ол Баянауылдан бастау алып, қазақтың даласын қақ жарып өтіп, Алатаудан асып, әлемдік ғылым шыңына көтерілген ұлы тұлға. Қ.И.Сәтбаев аса көрнекті ғалым-геолог қана емес, өз заманының шоқ жұлдызы, ойшыл ғұламасы, мемлекет және қоғам қайрат­кері ретінде өте шебер ұйымдастыру қабілетінің арқасында Қазақстанда ғылым мен индустриялық дамудың көшбасшысы болып, кемеңгер ғалым атанды.

Ол туралы 1957 жылы Ұлы­бри­тания Корольдігінің премьер-министрі Антони Иден: «Көптеген ұлттардың қауымдастығы болып отырған біздің Ұлыбританияда бірде-бір көрнекті ғалым шыққан жоқ, ал Кеңес Одағында Қаныш Сәтбаев сынды әлемдік тұлғаның туғандығы ғажап құбылыс…» деп таңғалған. Ал Сәтбаев қорының президенті Кәкімбек Салықов:
«Ақыл-ойдан жүк тиеп,
теңіздейін телегей,
Желді күні желкенсіз жеке
жүзген кемедей.
Менменсіген Мәскеу мен
Лондонды да тәкаппар
Таңғалдырған кім еді,
Қаныш аға, сен емей?!»
деп жырға қосқан.
Бүгінде Қ.И.Сәтбаев атындағы ҚазҰТЗУ Қазақстанның инженерлік кадрларын даярлайтын жетекші, Қазақ­стан­дағы бірінші зерттеу университеті мәртебесін иеленіп, білім мен ғылымның ірі орталығына, ғылымның инновациялық дамуының көшбасшысына айналып отыр. Университетте өте көп ғылыми жобалар жүзеге асырылуда және оған профессорлық-оқытушылық құраммен бірге студенттер, магистранттар, докторант­тар және жас ғалымдар қатысуда. Оның айғағы биыл 10-12 сәуір күндері Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясы мен елдегі жетекші жоғары оқу орындарының бірі – Қ.И.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университетінде (ҚазҰТЗУ) «Академик Қ.И.Сәтбаевтың туғанына 120 жыл және Сәтбаев университетіне 85 жыл толуына арналған халықаралық конференция» өтеді.
12 сәуір – ғылым күнінде өткізіліп отырған «Сәтбаев оқуларындағы» жас­тардың көптігі және олардың ғылыми баяндамалары. «Сәтбаев оқулары – 2019» басты мақсаты – біріншіден, аты аңызға айналған, жер қойнауының сиқырлы сырларын тамаша көрегендікпен аша білген, энциклопедист ғалым, 100 жылдық мерейтойы ЮНЕСКО аясында аталып өткен, академик Қ.Сәтбаевтың мұраларын зерттеп насихаттай отырып, жастарды ғылымға баулу, ғылым мен өндірістің, білім мен тәрбиенің үйлесімдігін көрсету.
Екіншіден, 85 жылға жуық тарихы бар ҚазҰТЗУ-дың жеткен жетістіктерін жұртшылыққа таныту, келешегіне көз тастап, заманауи қазақстандық қоғамның рухани-адамгершілік және интеллектуал­ды мәдениетін байыта түсу, сөйтіп, «Сәтбаев оқуларын» өткізудің жаңа үлгісін заман талабына сай жетілдіре отырып, университетімізді жаңа деңгейге көтеру. Қазақстанды бүкіл әлемге танытқан, энциклопедист ғалым Қ.И.Сәтбаев есімін заңды иеленіп, қасиет тұтып, осы ұлы есімнің арқасында марқайып отырғанымызды ұмытпайық.
Қ.И.Сәтбаев өмір сүрген дәуір Кеңес үкіметінің өсіп-өркендеу уақытына тұспа-тұс келген. Кеңес үкіметінің алғашқы жылдарында Қазақстанда ешқандай жоғары оқу орны (ЖОО) болмаса да, қазақ жастары орыс тілін нашар білсе де аш-жалаңаш жүріп-ақ оқып, білім алуға ұмтылған. Солардың бірі – Томскі технология институтында оқып, тау-кен инженері-геолог мамандығын иегерген Қаныш Имантайұлы Сәтбаев.
Институтты бітіргеннен кейін Қ.И.Сәтбаев өзінің туған еліне оралып, өлкеміздің геологиясын, минералдық ресурстарын зерттеуге және барлау, ғылыми ізденіcтерінің нәтижесін өндіріске енгізуге, республикамызда индустрия алыптарын салуға зор үлес қосты. Ол КСРО-дағы металлогения ғылымын жасаушылардың бірі болды. Бұл ғылым Сәтбаев зерттеулерінің арқасында пайдалы қазыналардың қай жерде шоғырлануы мүмкін екенін болжауға және геологтардың іздестіру жұмыстарын жеңілдететін болжамдық карталарды құрастыруға мүмкіндік берді. Жезқазғанның ірі мыс кенді аудандар қатарына жататынын дәлелдеп берген Қаныш Сәтбаев еңбегінің нәтижесі.
Жалғыз Жезқазған ғана емес, республи­камыздағы көптеген кен ошақтарының ашылуы және пайдаға асырылуы Қаныш Сәтбаев есімімен байланысты. Шетте жүріп білім алып, елге оралып, қазақ жастары үшін техникум мен жұмысшы факультеттерін, содан кейін институтарды ұйымдастырған кезеңді ­басынан өткерген.
Адам танудың кемеңгері Қ.И.Сәтбаев өндіріс күштері жан-жақты дамып келе жатқан Қазақстанда техникалық жоғары оқу орны Тау-кен-металлургия институтын ашуға, нығайтуға барынша күш салған және Ө.А.Байқоңыров институт директоры болып отырған жылдар бойы осы университетте Мемлекеттік емтихан комиссиясын басқарған. Ол Қазақстанның ҰҒА-сының шаңырағын көтеруде, академияның зерттеу институттарын тап осы ҚазТКМИ түлектерімен толтықтырып отырған. Сондықтан ту бастан біздің институтымыздың дамуына мұрындық болған ұлттық мақтанышымыз Қ.И.Сәтбаевтың есіміне ие болу – ҚазҰТЗУ үшін зор мәртебе деп білеміз.
Тәуелсіз Қазақстанның негізгі байлығы – Жер қойнауындағы кен байлығымыз. Ал осы байлығымыз жайлы Қ.И.Сәтбаев сонау 1940 жылы көрегендікпен: «Шығыста – Алтай алқабы, оңтүстікте – Қаратау, Орталық Қазақстанның кенді жотасы, батыста – Маңғыстау түбегі, міне, осының бәрі кен байлықтың сарқылмас көздері» деп зор шабытпен айтқан сөзінің өзінен қасиетті қазақ даласы кен байлығының исі аңқып тұрғандығын сезінеміз және оған бүгінде көзіміз жетіп отыр. Сол байлықтарды Сәтбаевпен бірге жүріп ашқан және Қазақстан аумағының метал­логениялық болжамдық картасын жасап кеткен бір топ қазақстандық геологтар Лениндік сыйлығының лауреаты болды.
Ауыр индустрияда үш сала бар: геология, тау-кен өндірісі, металлургия. Геологтар іздеп, кен орындарын тапса, оны игеру тау-кен мамандарының ісі. Әрі қарай қазылып алынған кеннің құрамындағы қаншама элементтерді бөліп алу металлургиялық зауыттарда жүргізіледі. Бүгінгі Қ.И.Сәтбаев атындағы ҚазҰТЗУ-дың іргетасы – тірегі осы үш мамандық бойынша кадрлар даярлап отырған Геология-мұнай және Тау-кен-металлургия институттары деп білеміз.
Ғылым кадрларын даярлау мен тәрбиелеуде Қ.И.Сәтбаевтың рөлі өте зор. Ол 40-жылдардың басынан бастап, ғұмырының аяғына дейін Қазақ Ғылым академиясы мен тау-кен маман кадрларын даярлауда тікелей өзі араласып, көптеген шәкірт тәрбиелей білген – ұлы тұлға. Академиктің геологиядан кейінгі рухани мұрасы ұлттық мәдениет, әдебиет, өнерге тығыз байланысты болды. Ол өз халқын ғылым мен білімге, өнер мен өркениетке шақырып, қолынан келген көмегін аямады. Қ.Сәтбаевтың қамқорлығы арқасында ғылымға бет бұрған жастар ғылым кандидаттары, докторлары дәрежесіне ие болды.
Оның бір сырлы, мың қырлы азамат болғандығына атқарған істері мен артында қалған еңбектері дәлел. Жалпы Қ.И.Сәтбаев 600-ден астам ғылыми еңбектер, оның ішінде 10 томдық таңдамалы шығармалар жинағы, ғылыми-көпшілік кітаптар жазып, артына өшпес мұра қалдырған ғалым.
«Жақсының аты өлмейді, ғалымның хаты өлмейді» деген осы. Тұғыры биік тұлғаның бейнесі әркез халқының жадында. Ол кісінің асыл мұрасынан әлі талай жанның сусынын қандырып, рухани тұрғыдан байыта түсетіні хақ.
Қ.И.Сәтбаев – ұлы ғалым, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, ғылым докторы, профессор, Қазақ КСР Ғылым академиясының тұңғыш Президенті және оның академигі, КСРО Ғылым академиясының академигі, Мемлекеттік және Лениндік сыйлықтардың лауреаты, төрт мәрте Ленин орденімен, басқа да көптеген ордендермен марапатталған.
Өз халқы үшін орасан зор қызмет жасап, соңында өшпестей бай мұра қалдырған Қаныш Имантайұлы Сәтбаев ХХ ғасырдың аяғында «Ғасыр адамы» деп аталды. Қазақстанның қала, ауылдарында Сәтбаев есімімен аталатын жүздеген көше, 40-тан астам мектеп және көптеген ескерткіштері бар.
Оның есімі Қазақстан Ғылым ака­демиясының Геология ғылымдары ­институтына, «Ертіс-Қарағанды» каналына, қалаға берілген. Сәтбаевтың құрметіне Жоңғар Алатауы жотасындағы мұздық пен шың, Қаратаудағы ваннадий кен орнынан табылған «Сәтбаевит» минералы, «Академик Сәтбаев» гладиолиус гүлі аталған.
Сәтбаевтай ұлы тұлғаға қай жерде қандай тас мүсін ескерткіштер қойылғанын, қала, көше, мектеп, мекемелерге есімі берілгенін барша жұрт біледі. Десек те, Сәтбаев есімімен аталатын, көпшілік білмейтін заттар да бар. Әрі қарай соған тоқталсақ деймін.
Бұл арада біз әңгіме еткелі отырған уақыт 1941 жылдың шілдесі. Ленинградта әлемге әйгілі Пулково обсерваториясы Күннің толық тұтылуын, Ленинградтың тұманды тұмшасынан гөрі Алматыға барып, ашық аспан аясында бақылау үшін 7-экспедициясын құрып отырған кез болатын. Ұлы Отан сағысы бас­талап, қоршауда қалған Ленинградқа қайта алмай қалған астрономдар, геофизиктер және т.б. ғалымдар Алматыда қалған. Бүгінде «Ғарыштық зерттеу­лер мен технологиялардың ғылыми орталығы» еншілес мекемесі Астрофизика институтының сол кездегі басшысы В.Г.Фисенков өз естелігінде: «Соғыс жылдарында біз қысылып-қымтырылмай, өзімізді еркін ұстадық, себебі біз Қаныш Имантайұлы Сәтбаев тарапынан толық қолдау-қошеметке бөлендік. Академик Сәтбаевтың арқасында Қазақ Ғылым академиясы жанынан «Астрономия және физика институты» құрылды, институт қызметкерлеріне физика-математика ғылымының докторы ғылыми дәрежесін беру мәселесін Мәскеуге өзі барып шешті. Сәтбаевтың ұсынысы бойынша 1963 жылы ҚазКСР Ғылым академиясында «Аспан әлемі мен Жер туралы ғылым бөлімшесі құрылды, оған ионосфера секторы кірді. Қ.И.Сәтбаев өзіне тән ой-өрісінің арқасында Жер туралы ғылымды Аспан әлемі туралы ғылыммен тығыз ұштастыру қажеттігін сол кездің өзінде айқын түсінді және ол үшін қажетті ұйымдастыру шараларын жүргізді» деп жазып кеткен.
Академик Қ.И.Сәтбаевтың есімін мәңгі есте қалдыру шараларының бірі, «Фесенков атындағы Астрофизика институтының ұсынысы бойынша, Марс пен Юпитер аралығында Күнді 3 жылда айнала қозғалатын кіші планетаға, АҚШ-тың Кембридж қаласындағы Халықаралық планета орталығының шешімі бойынша, ғалымның туғанының 80 жыл толуына орай (1979 ж.) Сәтбаев аты берілді. Сөйтіп, ол планеталардың халықаралық каталогіне 2402 нөмерімен енгізілді.
Осы қуанышты хабарға ­байланысты, Қазақстанның халық ақыны Хамит Ерғалиев «Ғарыштағы Қаныш» атты ­балладасында:
Басы бейне әлемнің жарығындай,
Қасиетін қалмаған жан ұғынбай.
Жүрегімен тірлікте жүруші еді,
Тау-тасыңды жаңғақтай жарып ыңғай.

Кең жазықта қыран мен киік еді,
Оны туған, жан сүтін иігелі.
Бітімінде тұлғасы, екі иығы,
Беделіндей елімнің биік еді.

Құдайлығын тіріде құндайды Алып,
Бұл дүниеде қалыпты кім байланып.
Данышпанның талайы тасқа айналса,
Біздің Қаныш ұшып жүр Күнді айналып! – деп жырға қосқан болатын.
Бүгінде ғарыш әлемін зерттеушілер: «Сонау бойлық пен сонау ендік аралығын­да, Күннен пәлендей қашықтықта Сәтбаев пла­нетасы ұшып барады» деп мәлімет береді.
Ал өз қолымен іргетасын қалап тұрғызған, жан-жақты дамытқан, әлемге танытқан Қазқстанның ғылым Академиясы мен өзі қалыптастырған және өркендеткен Қазақстанның инженер кадрларын даярлайтын қара шаңырақты Сәтбаев рухы әлі күнге дейін ұстап тұр, оның дәліздерінде Сәтбаев ізі сайрап жатыр, Сәтбаев атмосферасының лебі әлі күнге дейін соғып тұр.
Бүгінде инженер мамандарын даярлайтын Қазақстанның қара шаңырағы – ҚазҰТЗУ-дың құрамында 800-ге жуық оқытушы бар. Оның тек бір пайызы ғана Сәтбаевтың көзін көрген және өмір жолын Қаныш Имантайұлымен бірге бастаған А.Ж.Машанов, Ш.Е.Есенов, Ө.А.Байқоңыров, Г.Ц.Медоев, Е.А.Букетов және тағы басқалардан дәріс алғандар. Ол бір пайыз оқытушылардың жастары жер ортасынан асып, шаштарына ақ қырау түссе де жоғарыда Қ.Сәтбаевтан бастап айтылған ғұламалардың шәкіртіміз деп есептейтіндер. Олар Қаныш Имантайұлының өзін ойларында, сөздерін саналарында сақтап: «Есейіп кетсем де, мен Cізге шәкіртпін» деп жүргендер. Иә, Қ.И.Сәтбаевтың көзін көрдік, сөзін естідік.
Қ.И.Сәтбаев ізін салып кеткен қазіргі ҚазҰТЗУ – біздің алтын бесігіміз, терең тамырымыз, мәртебе-мерейіміздің тұғыры. Жастарға білім мен ғылымның кілтін ашудан, үйретуден, ғылымды насихаттаудан жалықпаған ұстаздардың ұстазы, ғұлама ғалым Қ.И.Сәтбаевтан үлгі-өнеге алған ҚазҰТЗУ-дың бүгінгі аға буын ақылман ағалары мен батагөй апалары жастарды жоғары біліктілікке шыңдауда.
Еліміздегі білім беру жүйесі қазіргі заман талабына сай өзгеріске ұшырап, түбегейлі жаңарып жатқаны белгілі. Осы орайда Еуразия білім кеңістігінде өзінің айрықша тұрпатымен қалыптасқан ҚазҰТЗУ-дың құрылғанына биыл 85 жыл толып отыр.
«Елу жылда – ел жаңа» дейді халқымыз. 85 жыл дегеніміз – тарих үшін үлкен кезең, небір асқарлы асу, тұғырлы тарих деген сөз. Бұл тек біз үшін ғана емес, ҚазҰТЗУ-дың есігін ашып, табалдырығын аттайтын әрбір талапкер, студент үшін тағылымы мол тарих. Әрі жоғарыда аты аталған әрбір азаматтың (аталмағаны қаншама) еңбек және ғылым жолындағы ғұмырбаяндары үлгі аларлықтай, өнеге тұтарлықтай. ҚазҰТЗУ сонысымен де киелі, қасиетті шаңырақ.
Халқымыздың дана нақылдарының бірі: «Ұстаз – ұстаз емес, өз шәкірті үшін күймесе, шәкірт – шәкірт емес, өз ұстазын сүймесе» дегендей, нағыз ұстазымыз болып өткен Қаныш Имантайұлы жайлы естеліктер қаншалықты көп жазылса да олардың ешбірі артық емес. Қазақ елінің маңдайына біткен жарық жұлдыздарының бірі Қаныш Сәтбаев деп айтуға толық хақым бар деп санаймын. Қалай болғанда да, ғылымда сайрап жатқан өшпес із қалдырған ұлағатты ұстаздарды шәкірттері естен шығармақ емес. Әлі де болса, біздің Қаныш Сәтбаев туралы айтарымыз көп, болашақта ғалым еңбектері туралы зерттеулер жалғаса бермек.
Жаратушымыз, адамға екі тізе бергенде: біреуін ұстаздың алдында, екіншісін дәрігердін алдында бүгуге берген екен деген қағида бар. Сол айтылғандай, қазақ деген халықтың адамзат құрылымының арасында мөр басып тіркелген паспорты, мәңгі мақтанышы болып отырған Сәтбаев сынды ұлы ұстазды еске алу, тағзым ету, рухын тірілту және олардың қадір-қасиетін келер ұрпаққа айтып кету – қай-қайсымызға да парыз.
Қазақтың тұңғыш ғалымы туралы: «Шоқан Уәлиханов – шығыс зерттеу ілімінің көкжиегінде құйрықты жұлдыздай жарқ етті де сөнді» деген болатын. Қазақтың бірінші академигі Сәтбаев пен оның шәкірттері «құйрықты жұлдыздай ағып өткен жоқ», керісінше, олар қазақ ғылы­мының аспанында тұрақты жұлдыздарша шоғырланды. Ал Сәтбаев сол шоғырдың ішіндегі жарық жұлдыз, оның сәулесі кейінгі ұрпаққа жарық жол көрсетіп тұр.

Маржан НҰРПЕЙІСОВА,
Қ.Сәтбаев атындағы
ҚазҰТЗУ-дың профессоры,
техника ғылымының докторы,
академик

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.