ҚАНЫШТЫҢ ҚЫЗДАРЫ

Нұрперзент Домбай
«Ана тілі»

Биыл ұлтымыздың ұлы перзенті, ғұлама ғалым Қаныш Имантайұлы Сәтбаевтың туғанына – 120 жыл. Осыдан жиырма жыл бұрын еліміздің басқа өңірлері сияқты Арқа төсіндегі Жезқазған жұртшылығы да дана да дара академиктің жүз жылдығын есте қаларлықтай атап өткен еді.
Жезқазғанның орны – Қаныш үшін ерекше. Бұл шаһар оның төл перзенттерінен бір де кем емес. Айрық­ша ыстық. Өйткені кенді аймақтың өмірге келіп, түлеп, өркендеуіне Сәтбаевтың сіңірген еңбегі ересен.
Сол жүз жылдық мерейтой кезінде «Қазақмыстың» басшылығы өздері құрылтайшы болып отырған екі басылымның басшыларын, корпорацияның тағы бір-екі қызметкері бар Қаныштың ізі сайрап жатқан Алматы қаласына жіберіп, ғалымның өміріне қатысты мұралармен жан-жақты танысуға мүмкіндік жасаған еді. Бұл уақытта Қанекеңнің үш қызы да бар болатын. Сапар барысында олармен де жолығып, асқар тау әкелері жөнінде сыр-сұхбат бөлісудің реті келген. Төменде сол жүздесу жайында баяндалады.

«Жезқазғанды, Қарсақбайды сүйемін»

Қаныш ағамыз бес баланың әкесі атанған. Ең өкініштісі, ұлы Малеш он төрт жасында, енді бір перзенті Мариям жиырма бір жасында ауырып дүние салады. Қалған үш қыз – Ханиса, Шәмшиябану, Мейіз әкеге тартып, ғылым жолына түсіп, туған халқының ардақтылары атанды.
Алматыға сапар барысында осы үш кісімен де жолығып, әңгімелесудің сәті түсті. Алдымен ұшырасқаны Мейіз Қанышқызы болды.
Мейіз 1931 жылы Қарсақбайда дүниеге келген. Әке мамандығын жалғастырған жалғыз қызы – осы Мейіз. Ол Қазақ кен-металлургия институтын бітіреді. Содан геолог қызметін атқарады. Бұл саладағы еңбегі де жеміссіз емес. Бірнеше ғылыми еңбектері бар. Геология-минерология ғылымының докторы.
— Геолог мамандығын таңдауға не себеп болды? – деген сауалға.
— Әкем ғана емес, шешем де геолог болған ғой. Тіпті тілім шыққан сәби күннің өзінде басқа емес, тастардың атын айтатын көрінемін, – деді жымиып.
— Атасының ізін оның немересі, менің ұлым Александр жалғастырды. Реті келген соң айта кетейін. ­Ал­ғашқы күйеуім Валентин ­Третьяков деген орыс азаматы болды. Сол Александр әкемнің жолдасының кеңесімен Владивостокта жұмыс істеді. Кейін елге қайтып келді. Бір фирмада еңбек етеді. Алтын кенін іздестірумен шұғылданады. Ол геология-минерология ғылымының кандидаты.
Мейіз Қанышқызына қойылған сауалдың бірі – «Караван» газе­тінде жарық көрген мақала төңі­регінде болды. Онда «Қазақмыс» бай кенді іріктеп алып жатыр, осыны Қаныштың туыстары дабыл қағып айтуда» деп байбалам салған екен.
– Жезқазған комбинатын «Самсунг» фирмасы басқаруға алған сәтте осындай әңгіменің естілгені рас. Маған біреулер телефон да шалды. Сірә, олар шет елдік фирма уақытша басқаруға алғаннан кейін, байлықты іріктеп-іріктеп алып, сосын тайып тұрады деп үріккен болулары керек. Бірақ жасыратын несі бар, іріктеп алу деген нәрсе әкемнің кезінде де болған. Ондаймен қатты күресіп еді.
Сірә, бір жылдан кейін болу керек. Мен Жезқазғанға бардым. Корпо­рация­ның бірінші вице-президенті Руслан Борисович Юнмен кездестім. Жағдайды ол да түсіндірді. Карьерде болдым. Сонда жоғарыда айтылғанның алып-қашпа әңгіме екеніне көз жеткіздім. Кеннің барлығы да алынады екен. Жұмыстың бәрі де есеппен жүргізіледі.
Реті келген соң айтайын, Руслан Борисович маған қатты ұнады. Өз ісінің білгірі. Жезқазғанда Қаныш ескерт­кішін тезірек тұрғызуға жанталаса ат­салысып жүргенін де сонда анық сездім.
Әңгіме әке жайында өрбіді:
– Менің басты арманым – әкемнің еңбектерін жарыққа шығаруға атсалысу. Әкем қайтыс болғаннан кейін шешем бес томдық еңбегін баспадан шығарыпты. Одан бері де біраз уақыт өтті ғой, жарық көрмеген дүниелері қаншама.

Мерейтой кезінде сегіз том­дық еңбектерін шы­ғару қолға алынуда. 12 сәуірге дейін үш томы қолға тиді. Төртіншісі де дайын. Менің алаң­дай­тыным – туған күнінен кейін енді төртеуін шығара аламыз ба, жоқ па? Қаржыландыру жайы қалай болады? Біреулер әкейге тастан қалап ескерткіш тұрғызуды мақсат етеді. Ол да дұрыс. Бұл әділдік әрі әкем оған лайықты да. Ал менің көздегенім – мерейтойды пайдаланып әкенің жан-жүрегімен жазылған еңбектерін халқының қолына ұстату. Бұл іспен көптен шұғылданып келемін. Әкемнің еңбектерін ақтарып отырғанда түйгенім не? Оның халқына, Қазақстанға деген керемет махаббаты. Ол туған елі дүниежүзіндегі таңдай қақтырған өркениетті елдердің қатарында болса деп көксеген жан. Қала тұрғызумен, теміржол салумен, ғылымды өркендетумен айналысуының да себебі сол.
Мейіз ападан Қанекеңнің денсау­лығына қатысты сауалға да жауап алынды. Өйткені кейінгі кезде осыған байланысты дүдәмал пікірлер де айтылып жүретін.
Әңгімеден аңғарғанымыз, күмән­данатын ештеңе жоқ екен. Қастандық та, өзге де жамандық та жасалмаған. Қаныш аға жас кезінде ауруға шал­дыққан. Томскіде оқып жүргенде өкпе туберкулезімен ауырған. Ақырында, бір өкпені алдыртуға мәжбүр болған. Нар тұлғалы азамат емес пе. Ауру-сырқауды елемей жүре берген. Алайда 1962 жылдан бастап ауруы сыр бере бастайды.
– Сол уақыттары өзім жанында болдым. Мәскеуде қонақүйде жаттық. Кремль ауруханасына барып көрінді. Кеңес армиясының бас хирургі Вишневскийді жақсы таниды екен. Арнайы емханада сол кісі емдеді.
Әкем де қатты сырқаттанып жүргенін сезді ғой деймін. Соңына аяқталмаған бір шаруаны қалдырған емес. Біреудің аманаты, уәдесіне дейін тап-тұйнақтай орындап жүрді.
Дәрігер жолдастары да барын салды. Бірақ меңдеген ауру қоя ма, екі жылдан соң дүние салды.
Мейіз апаның жүрегі нәзік. Әке ­туралы айтса көңілі жиі бұзылады. Біздің алыстан келгенімізді түсініп, жанарын құрғатады да әңгімесін жалғастыра береді.
– Жезқазғанды, Қарсақбайды сүйемін. Кіндік қаным сонда тамды ғой. Сол жақта оқыдым. «Қазақмыс» өркендей берсін. Ең бастысы, халық жүдемесін. Байлықтарың халыққа қызмет етсін, – деді қоштасарда.
Содан соң ол маған Қаныш ағаның мақалалары жинақталған, биыл ғана баспадан шыққан «Қазақстан – менің Отаным» деген еңбегін тарту етті. Қолтаңба берді. Онда былай деген екен: «Мысты өңір» газетіне. Қаныш Имантайұлы Сәтбаевтың 100 жылдығы аталып өтілетін жылы үздік табыстар тілеймін. Мейіз Сәтбаева».

«Мен бақытты жанмын»

Қаныш аға перзенттерінің ішіндегі ең үлкені Ханиса апаның пәтеріне келгенімізде есікті ұлы Нұрлан ашты. Нұрланның ар жағынан Ханиса апа да көрінді. Суретінен білеміз, жазбай таныдық.
— Кіріңдер. Төрлетіңдер, – деп жатыр.
Төргі бөлмеге еніп, орындықтарға жайғастық.
— Қазір шай келеді. Оған дейін демала тұрыңдар, – деді Ханиса апа.
Көп ұзамай шай да келді. Шаймен бірге тамақ та жетті.
— Шай дегеніңіз мынау болса, – деп жанымдағы серігіміз екеуіміз ыңғайсызданып қалдық.
Алайда үй иесі ишарат білдіргеннен кейін тартынуға болмайды. Дастар­қанға жақындадық. Әңгімеміз ә дегеннен жарасым тапты.
Ханиса апа әңгімені Қарсақбайдан бастады. Ол осында әке-шешесімен он жыл тұрған. Мектепті осы жерде бітіреді.
— Қарсақбайдағы қазақ-орыс мектебі ерекше оқу орны еді. Артық айтқандық емес, Алматының өзінде соған деңгейлес мектеп сол кезде жоқ еді. Мұғалімдердің білім беруі, оқушылардың білім деңгейі айрықша-тын. Әлі ұмытқан жоқпын, орыс тілінен Галина Александровна Тимофеева берді. Арықша келген кісі еді. Сабақты жақсы түсіндіретін. Химиядан берген мұғалім де білімді болатын. Ол бір жағынан зауытта істеп жүрді. Кейін есейе келе білдік қой. Бізге сабақ бергендер Ресейдің ірі қалаларынан сол уақыттағы саясат салдарынан жер аударылған аты шулы оқымыстылар екен. Олар қазіргі түрмеге түскендердей емес еді. Зиялы қауымның бетке ұстар өкілдері болатын. Жалған жаланың, қудалаудың құрбанына айналды.
Тілге Сәтбаевтың атына да өтірік жала жабылғаны тиек болды. «Халық жауы», «ұлтшыл» деген мін-айып тағылған. Дегенмен, ел басшысының көп көмегі тиген. Қанышты өтіріктен, өсек сөзден қорғап ара түсіпті.
– Халыққа да рақмет. Оның адалдығына, азаматтығына шүбәсіз көздері жетті. Әкем де адамдарды қатты сыйлайтын, құрметтейтін. Қолдан келгенше көмек қолын созатын. Еңбекшіл, ізденімпаз еді ғой. Қалай еңбек ету керектігін істе көрсетті. Жан-жағындағыларды да еңбек етуге, еңбекті сүюге ұмтылдырып отыратын.
Жұмыс, қызмет деп жүрсе де, отбасын, халықтың тұрмыс жағдайын, балаларды назардан тыс қалдырған емес. Бір мысал келтірейін. 37-ші жылы болу керек. Қарсақбайдағы шырша мерекесі әлі есімде ұмытылмастай сақталып қалыпты. Ол уақыттары геологиялық жұмыстар жөнінде Мәскеуге есеп береді. Сонда Мәскеуге барғанда шыршаға көзі түседі. Балаларды бір қуантқысы келді ме, соны Қарсақбайға жеткізуді мақсат етеді. Қалай жеткізу керек? Ол да үлкен мәселе. «Кукурузник» деген ұшақ бар. Соны пайдаланады. Ол кезде Қарсақбайда ұшақ қонатын алаң да жоқ. Төбеден тастатқызып, әйтеуір, Қарсақбайға шырша келді.
Есте қалатын мереке болды. Ата-аналар жаңа жылдық костюмдер тігіп берді. Аяз ата, Ақшақарды көрдік. Әкемнің арқасында мектеп оқушылары бір жасап қалды.
Ханиса апа Қаныш ағаның мейірім­ділігі, адамға қамқорлық жасауға әрдайым әзір тұратындығы жөнінде бірнеше мысалдар келтірді.
– Есімде қалған бір-екеуін айтып берейін. Әкем Қарсақбайда Исабай деген қарапайым жолшымен танысады. Ол кісінің баласы қатты ауырады екен. Өлім аузында жатқан болу керек. Әлгі Исабайды, оның науқас ұлын Алматыға келген соң да ұмыта алмай жүрді. Соғыс басталатын жылы ақыры ауру баланы Алматыға алдыртты. Оған операция жасамаса болмайтын. Атақты дәрігер, профессор А.Сызғановтың өзімен жеке әңгімелесіп, жағдайды түсіндіреді. Әйтеуір не керек, жіті қадағалаудың, білікті ем-домның арқасында бала құлантаза айығып кетті. Исабаймен кейінде отбасымыз болып араласып кеттік.
Ташкентте Дүйсен деген қазақ жігіті оқиды. Сол әкеме хат жазыпты. Хаттың мазмұны «Мұндағы оқу менің көңілімнен шықпайды. Мен өзімнің білім деңгейімді білемін. Мәскеудің мемлекеттік университетіне ауысуға көмектесуіңізді сұраймын» деген болып келеді. Ол жігітке де әкем қамқорлық жасайды. Былайша жауап хат жазады: «ММУ-дің ректорымен сөйлестім. Сен оқитын оқу орнының басшысымен хабарластым. Мәселе оң шешілді. Көктемгі сессияны тапсырғаннан кейін ауысатын болдың. Бірақ бір өтінішім бар. Оқу бітірген соң Қазақстанға оралатын бол». Дүйсен әке аманатын жерге тастамады. Елге оралып кейін белгілі ғалым болды.
– Әкемнің бір қасиеті жұмыстағы, қызметтегі әңгімені отбасына тасымайтын, – деді Ханиса апа әңгіме арасында. – Жоғары лауазымды кісілерге кіжініп, ренжіп отырғанын да көрген емеспіз. Біртоға мінез танытатын. Есесіне отбасында балалардың көңіл күйіне назар бөлетін. Жақсы оқу, еңбек ету керектігі туралы жиі айтатын. «Мемлекеттен не алам?» дегенді емес. «Не берем?» деген сауалға ­жауап іздеу ниетінде өмір сүру керектігі ­жайында әңгіме қозғайтын.
Ханиса апа Ұлытау жөнінде де тамсана әңгімелеп қойды:
– Қарсақбайдағы мектеп оқушылары жазда Ұлытауға демалатынбыз. Сонда пионер лагері болды. Қарақат, бүлдіргенді де сол өңірден теріп, жинап әкелетін. Табиғаты қандай, шіркіннің! Атына сай ұлы десе ұлы жер ғой.
Сөз аясы Сәтбаев мерейтойына ауа берді.
– Елдегі жақсылықтың өркен жаюы бірінші басшыға едәуір байланысты. Сәтбаев ұрпағы Нұрсұлтан Әбішұлына дән ризамыз. Медеу Сәрсекеев мерейтойға байланысты соңғы мақалаларының бірінде жазды ғой. «Сәтбаевтың жұлдызды кезеңі енді басталды» деп. Меніңше, Сәтбаевты тану, таныту оның тоқсан жылдығы мерекеленетін жылы басталған. Оған да мұрындық болған Н.Назарбаев еді. Бүкіл ел дүрілдетіп тойлады. Оған дейінгі мерейтойлар атүсті аталды. Биылғы жылғы атқарылған жұмыстар тіпті ауқымды.
Мен бақытты жанмын. Халықтың ықыласына бөленген азаматтың перзентімін. Ұлының ұлылығын түсініп, ардақтаған ел-жұртым аман болсын.
Сәті келіп тұрғанда айта кетейік, ­Ханиса апаның өзі әке өмірінен тағылым алып елінің сүйіспеншілігіне бөленген аяулы жандардың бірі. 1943 жылы Алматыдағы медициналық институтты үздік бітірген ол бар ғұмырын медицина ғылымына арнады. Медицина ғылымының докторы, елуден астам ғылыми еңбектердің авторы. Ханиса апаның өмірден озған жолдасы Қайнекей Жармағанбетов қазақтың белгілі қаламгері. Ол қазақ поэзиясында баллада жанрын дамытуда елеулі еңбек сіңірді. Ханиса апа Әділ, Нұрлан, Әлимә атты үш баланың анасы. Нұрлан мен Әлимә да ғылым жолына түскен. Бірі – филология, екіншісі – химия ғылымының кандидаты.

Жүрек сыры

Қаныш ағаның тағы бір перзенті – Шәмшиябану апамен жүздесе алсақ жарар еді деген көңілде ой болды. Ол кісі кейінгі уақытта сырқаттаныңқырап жүр екен. Тәуекел деп пәтеріне телефон шалдық. Ар жақтан ер адамның дауысы шықты. Оразай Батырбеков ағай екен. Уақытында республикадағы дүрілдеген партия мектебінің ректоры болған ағамыз. Өзі ұлытаулық. Әзіл-қалжыңға жақындығы сөзінен аңғарылады.
— Жезқазғаннан келсеңдер, ол жеңгелерің болады. Жеңгелерің ауырып жүр. Жүріп-тұруы қиын. Кісімен көп сөйлесе бермейді. Бірақ алыстан келген екенсіңдер. Көндіріп көрейін.
Телефон трубкасын тастамай сөйлесуге кетті. Үш-төрт минуттан соң кейін оралды.
— Келісім берді. Алайда сұрақтар қойып көп мазасын алмассыңдар.
Қуанып кеттік. Апаймен бірер минут тілдесудің өзі ғанибет емес пе? Әкесін айтпағанда Шәмшиябану Қанышқызының өзі туған еліміздің мақтаныш етер ардақтыларының бірі. Филология ғылымының докторы, профессор, Республика Ұлттық ғылым академиясының мүше-корреспонденті, Республика ғылымының еңбек сіңірген қайраткері, Ш.Уәлиханов атындағы сыйлықтың лауреаты деген секілді мерейлі абырой-атақтары бар.
Расында да, Шәмшиябану апа ауырып жүр екен. Біздің ниетімізді қайтарғысы келмеген болу керек.
Бір мезеттік кездесу. Бірақ ол сонда да болса әке жайлы перзенттің әсерлі әңгімесі еді. Сондықтан оны тұтастай оқырман назарына ұсынуды жөн көрдім.
— Әкеммен бірге істеген ғалымдар, академиктер бар. Соларды сөйлету керек. Солардан сұхбат алу керек. Балалары, немерелері қолдан келгенше әкесінің, атасының еңбектерін оқып, өзіндік пікір айту дәрежесіне жетті, кітаптар шығарды. Олардан гөрі басқалардың сөйлегенін дұрыс көремін.
Әкемнің жүз жылдық мерейтойына жезқазғандықтар ерекше қуанады ғой. Олар өткізіп жатқан шаралардан хабардармын. Оларға Сәтбаевтың барша ұрпақтары атынан менің шынайы ризашылығымды жеткізерсіздер.
Біз, балалары, әкемізді жақсы көреміз, сүйеміз. Айрықша мақтан етеміз. Қандай жұмысбасты болса да балаларына, туған-туыстарына көңіл бөлуші еді. Балаларының оқуын қадағалап, жетістіктеріне қуанатын. Әке-шешеміздің қандай адам екенін біз де түсініп өстік. Жақсы оқуға, оларды ренжітпеуге тырыстық. Өзі солай болды да. «Анау керек еді, мынау керек еді. Анда барайық, мында барайық» деп әртүрлі сауалдармен мазаларын алған емеспіз. Әкенің көңілінен шықтық қой деймін, ол балаларына риза болып отыратын. «Менің балаларым – менің мақтанышым. Балаларымның бәрі де еңбекқор» деп маңдайымыздан сипайтын. Расында да, еңбек ету – ірі қасиет. Ол кездегі біздің еңбегіміз – оқу. Жақсы баға алсақ, білім сарапқа түсетін жиналыстарда баяндама жасасақ, іссапарға шығып жақсы пікірлер алып келсек соған мәз-мейрам болатын.
Балаларының, немерелерінің маңайында жүргенін ұнататын. Ал, біз әкеміздің жанында болсақ дейтінбіз. Немерелерімен қыдырғанды жақсы көруші еді.
Немерелерінсіз барсақ «Қылығында не жаңалық бар? Қандай сөз қосты?» деп сұрайтын. Қылықтарында жақсылықтар болса «Қандай тамаша. Қандай ақылды» деп соны мақтан ететін.
Менің балаларым аталарын төрт жасында көріп қалды. Ханиса апамның балаларының естерінде жақсы қалды. Отбасымызда әкем жайлы көп айтылады. Туған күнін атап өтеміз. Онда елге қадірлі кісілер бас қосады. Әкем жайлы газет-журналдарда шыққан мате­риалдарды оқимыз. Міне, осының бәрі балаларымызға әсер етпей қалмады. Аталарының ұлы адам екенін есейгенде түсінді. Үлкен баламыз Ғазиз тарихшы. Ғылым кандидаты. Ол атасының туындыларын түгел оқып, зерделеп шықты десем қателеспеймін. Оларды рухани азық етті. Ғазиз әкемнің қоғамдық ғылымдар саласындағы еңбектеріне баса көңіл бөлді. Ақырында, 1997 жылы «Академик Сәтбаевтың қоғамдық ғы­лым­дағы мұралары» деген кітабын шығарды. Балам болған соң мақта­ғандық емес, бұл іргелі еңбек. Әкемнің қоғамдық ғылымдағы орыны бұрын-соңды бұлай, кең көлемде зерттелген емес.
Қаныш Сәтбаев 1927 жылы Мәскеуде «Ер Едіге» жырын шығарды. Осы жырға байланысты кіріспе сөзі бар. Оның өзі үлкен зерттеу. Дәл сол кезде әдебиеттануда мұндай іргелі ғылыми ойлар айтқан зерттеу болған жоқ. 1951 жылы бұл еңбегі үшін бәле, жамандық қуғандардың сынына ұшырады. «Қазақтың өткенін, ұлт батырларын мадақтады» деген айып тағылды. Оның бәрі қитұрқы саясаттың әсері еді ғой.
«Ер Едіге» деген еңбек 1951 жылға шейін жиі айтылып жүретін. Кейін ұмыт болып кетті. Әрине, оның себебі белгілі. Жалпы Қ.Сәтбаевтың қоғамдық ғылымдар саласы бойынша еңбектері өте көп. Соларды жинау, зерттеу енді ғана қолға алынып жатыр.
1996 жылы «Сәулелі әулет» деген кітабым жарық көрді. Сәтбаев әулеті оқыған, білім-ғылымға, мәдениетке жақын болғанын Әлкей Хақанұлы Марғұлан айтып та, жазып та жүрді. Ол кісінің бізге туыстығы да бар. Көп жайттан хабардар. Мені Шәкеш дейтін еді. «Шәкеш екеуіміз Сәтбаев әулетінің тарихын жазамыз. Деректерді жинай бер. Қол босағасын отырамыз» дейтін. Әлкей ағай үйде жиі болды. Әкем домбыра тартып, «Бүркітбай», «Әупілдек», «Екі жирен», тағы басқа әндерді айтатын. Бір думан еді ғой. Сол кезде жас болдық та көп жайға мән бермеппіз. Адам жас кезінде әке-шешесі өмір бойы қасында жүреді деп ойлайды ғой. Сол кезде әрбір отырысты, әрбір жиналыс­ты, әрбір кездесуді суретке түсіріп, сөздерді жазып алып отыру керек еді. Ол кісілер өте сирек адамдар ғой. Әттең, бәрі өтіп кетті. Қазір сағынып жүрміз.
Қаныш Сәтбаев жөнінде көп мақалалар жазылды. Жалпылама жазылғандары да бар. Бұрынғы айтылған деректерді қайталап айтып шығады. Ал әкемді көзімен көріп, қасында жүрген, тағылым-тәрбие алғандар азайып қалды. Бірен-саран ғана. Солардың өзі естерінде қалғандарын айтып, жазып қалдырса, кәнекей. Жастар ұлы адамның өмірін, еңбегін, қызметін, ұлағатты тұлғасын кітап арқылы білетіні белгілі. Өйткені көрген жоқ. Қазақта көрген деген сөздің мәні бөлек. Негізі, қазақтар ойшыл, сыншыл, рухани дүниесі бай халық. Өзімізді мақтағандық емес, оны шетелдіктер де айтып жүр. Көрген дегеннен шығады. Бір кездескен адамды көргені бар ма екен, тегі қандай екен деп сұрайды ғой. Көрген деген адамға әсерлі. Әкем бір көрген адамның есінде қалатындай адам болды. Сымбатты, сұлу, рухани тереңдігінің өзі сыртқы келбетінде көрініп тұратын. Мінез-құлқы, өзін-өзі ұстауы, адаммен сөйлесуі, қарым-қатынасы бір көрген адамның есінде қалмауы мүмкін емес.
1957 жылы Қазақ Ғылым акаде­миясының ғимараты салынып бітті. Сонда әкем көтеріңкі, қуанышты жағдайда жүрді. Ондай ғимарат Алматыда болмайтын-ды. Содан кейін ғана салына бастады. Әсерлі, сәулетті ғимарат болды. Адам әдейі келіп көретіндей дәрежеде еді. Соны салғызды. Архитектормен бірге жұмыс істеді. Жобада сәулет өнерінің жетістіктері, сонымен бірге қазақ сәулет өнерінің белгілері болуына көңіл бөлінді. Атақты архитектор Шустов бұл Академия ғимаратының салынғанын көре алмай кетті. 1949 жылы қайтыс болды. Бірақ жоба сол Александр Викторовичтікі. Ол Мәскеуде бірнеше ғимарат салғызған. Мәскеудегі опера және балет ­театры сол кісінің жобасымен салынған. Әкем Мәскеуге барғанда «Мәскеу» қонақүйінде жатқанды жақсы көретін. Қонақүйді де салғызған әлгі Шустов. Өзбекстандағы Науаи театрының авторы да Шустов. Алматыдағы опера және балет театрының ғимараты да атақты архитектордың жобасымен дүниеге келді. Мәскеулік архитектормен арада жақсы сыйластық болды. Ол да әкемді жақсы көретін. Академия ғимараты жобасының дайын болғаны қашан! Бірақ баяу салынды. Әкемді үш-төрт жылға таяу Академия президенттігінен аластады. Мүмкін, соның да әсері бар.
Әкем ғылымның, өмірдің әр саласын ойлаған. Келешегіне, болашағына көз салған. Жастарға да үлкен құрметпен қарайтын. Оларды елдің ертеңі деп мән беретін.
…Шәмшиябану апа бұдан әрі Қаныш Сәтбаевтың әулеті жөнінде әңгімеледі. Қанекең жалғыз ағасы Ғазизді ерекше жақсы көріпті. Оның парасаттылығына, білімділігіне тәнті болған. Алайда ол 1937 жылы байдың баласы деген атпен тұтқындалып, атылып кетеді. Ұлы академиктің тағы бір немере ағасы Әбікей Зейінұлы да халықтың ардақтысы атанған. Ол да 37-нің құрбаны болады.
37-нің шылауынан Қаныш ағаның аман-есен құтылғанына шүкіршілік етесің. Құдай да халықтың көз жасын көрген шығар.

***

Қазіргі күні мен тілдескен Қаныш қыздарының үшеуі де арамызда жоқ. Үшеуі де о дүниелік болды.
Кейіпкерлеріммен арадағы әңгіме­ден аңғарғаным, олардың ата-анасы балалардың тәрбиесін, оқуын әрдайым қадағалап отырған. Қаныш Имантайұлы қанша қызмет басты болып жүрсе де қыздарына көңіл бөлуді ұмытпаған. Балаларының туған күндеріне, мейрамдар кезіндегі басқосуларға қатысып, әрқайсысына сыйлық алуды да естен шығармайды екен. Перзенттері болса әкелерін пір тұтып, оқуларымен, іс-әрекеттерімен қуантып отырған.
ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі болған Шәрбану Батталова естелігінде мынандай жолдар кездеседі: «Қаныш Имантайұлы «біздің халқымыз ежелден қыз баланы құрметтеп, сыйлап, еркелетіп, ардақтысын ер балаға балаған ғой» дей отырып, «Шәке, мен қыз балаларымды жұрттың он ұлына бермеймін» деп, қыздарын ерекше мақтан тұтатын!» Қанекеңнің қыздарын ардақтауы әбден орынды. Олар әкенің де, халықтың сенімін ақтай білген ел мақтаныштары бола білді.

 

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.