КИЕЛІ КҮМБЕЗДІҢ КЕРЕМЕТТЕРІ

Нұрғали ОРАЗ

Міне, осынау өлкеге біздің де жолымыз түсіп, көктемде бір рет, жазда бір рет барып қайтқанымыз бар-ды. Жыл он екі ай ауыз суды «водовозбен» тасып ішетін шөлейттің көктемі, ой-хой, керемет көркем болады ғой. Жасыл желегі желбіреп, жібек шашағы үлбіреп жатқан атыраптағы гүл атаулының сұлуы – қайран құлқайырлар көздің жауын алып, ұзатылатын қыздай бой түзеп, ерекше құлпырып тұрады…
Міне, осындай мезгілде ойлайсың: «Шіркін, мына жерде өмір сүріп жатқан елде де арман бар ма?» деп.
Ал жазда әлгі жасыл шөптің бәрі қурап, сап-сары боп күйіп, аяқ басқан сайын сытырлап сынып жатады. Бір шөкім бұлт ілінбеген боп-боз аспанда жалғыз өзі ғана салтанат құрып, сақ-сақ күліп тұратын күн жарықтық құдды бір лапылдап от шашып жатқан дөп-дөңгелек тандырға ұқсайды…
Сондай бір сәттерде ойлайсың: «Япыр-ай, мына өлкеде адамдар қалай тіршілік етеді екен?» деп.
Ел аузында аңызға айналған «Жабай белгісі» де міне, осы өлкеде пайда болған. Әуелде топырақ болып үйіліп, уақыт өте келе осындағы жұрттың ниет-қалауына сай күмбез болып бой көтерген.
Оған алыс-жақыннан адамдар ағылып, зиярат жасап жатады. Олар Алла тағаланың нұры жауған киелі жерде тілегіміз қабыл болады деген ұлы сеніммен келеді. Түн ортасы ауғанша әңгіме-дүкен құрып отырып, «Жабай белгісінің» керемет қасиеттері туралы небір қызықты хикаялар шертеді. Сәті түсіп, біз солардың біразын қағаз бетіне түртіп алуға тырысқан болатынбыз.
Жалпы ақ тулы сіргелі ­Жабай батырдың сүйегі Ташкент қаласындағы тарихи ірі қорымдардың біріне жерленген. Ал бұл күмбез оның қайтыс болған және мәйіті жуылған жерге салынған. Себебі, жаужүрек батыр, түмен басы – тоқсаба Жабай Қазыбекұлының бойында жастайынан ерекше көріпкелдік, әулиелік қасиет те болған. Міне, оның сол қасиеті, рухы жергілікті халықтың сенім-нанымы бойынша мынау жарық дүниеден өткен жерінде, яғни ақ жуып, арулап, мәйітін Ташкентке алып кеткен тұста қалған көрінеді. Ел ішіндегі көнекөз қариялардың бұл жерді әлі күнге дейін «Жабай әулиенің жуығы» деп отыратыны да сондықтан. Ендеше, біз де бүгінгі хикаямызды осы әулиенің жуығы жайында естіген әңгімемізден бастасақ па дейміз.

ЖҰПАР АНА

Жабай батырдың немересі, Жұпар есімді көрікті де ақылды қыз көршілес қонған қоңырат руының Қарсыбай деген жігітіне ұзатылып кете барады. Жаңа ауылға келін боп түскен жас келіншек көктем туа, ел қыстаудан көктеуге көш­кенде жасыл даланың сағымын қуып, қыр кезіп, шалықтап кететін бір тосын дертке душар болады. Сөйтіп, ел арасында: «Келіннің сырқаты бар екен. Туа біткен кеселі ме, әлде біздің жақтан тапты ма, кім білсін?» дегендей қаңу сөздер жүре бас­тайды. Осы бір жайсыз әңгіме күндердің бір күнінде Жабай әулиенің ұлы, Жұпар қыздың әкесі Шоңғар мырзаның да құлағына жетеді.
– Онысы несі? Қызымның ешқандай кеселі жоқ еді ғой. Не де болса, өз көзіммен көріп келейін, – деп көңілі қобалжыған әке атқа қонады.
Құдалардың ауылына келсе, расында да, қызының басына бір ауырлық түскендей өңі жүдеу көрінеді. «Иә, келі­німіз солған гүлдей қурап барады. Алғаш­қыда жайраңдап күліп жүруші еді. Ауыл-аймаққа тегіс сыйлы болатын. Бірақ осы көктеуге көшіп келгелі бері тосын бір дертке шалдыққандай болды да қалды» дейді құда-құдағилар ағынан жарылып.
Шоңғар енді терең ойға батып, үн-түнсіз отырып қалады. Арада біраз уақыт өткенде терең тыныс алып:
– Сіздер менің Жұпаржанымды жолдан қайтарып әкелмей, өз еркіне қоя бе­ріңіздер. Ол өз дертіне өзі ем табады, – дейді.
Шоңғардың сөзіне құлақ асқан қоңырат ауылы енді келінін сырттай ғана ба­қы­­лаумен болады. Жұпар болса, жасыл даланың көгілдір мұнарына оранып, алысқа ұзап кете береді. Сөйтіп, Әлімтау жазы­ғындағы «Жабай белгісіне» жеткенде барып жер құшып құлап, атасының бауырына бетін басып еркелеген жас баладай рақаттанып, көзін жұмып жата кетеді.
Сол күннен бастап Жұпардың дерті пышақ кескендей тыйылады.
Өзі келін болып түскен елге өте сыйлы болып, бес ұл, екі қыз сүйеді. Кейінірек оны келіндері «Хош иісті ене», «Аңқыма ене» деп атайтын болады.

СЫНҒАН ҚЫЛЫШ

Туған жер, өскен өлкеден жастайынан қол үзіп, үлкен қалаларда орысша оқып, өзгеше тәрбие алған Әбдіқадыр мырза оқалы киім киіп, Ташкент оязының бір ұлығы болып оралады. Жас та болса елге бас болған мырзаның ә дегеннен-ақ тасы өрге домалап, атақ-абыройы күннен-күнге арта береді. Оның алмас қылыштай қиып түсер туралығы мен әділдігі жайлы әңгімелер елге жайылып, қалың бұқара құрмет көрсете бастайды.
Елге келгелі Әлімтау жазығындағы «Жабай белгісінің» керемет қасиеттері жайында әрқилы әңгімелер естіген Әбдіқадыр мырзаның қызығушылығы оянып, әлгі жерге бір барып көрсем-ау деп ынтызар болып жүреді.
Сөйтіп, күндердің бір күнінде жанына орыс-казак жасауылдарын ертіп, Ташкент қаласынан бермен қарай бір күншілік жолға шығады. Жым-жырт боп мүлгіп жатқан маң даланың қойнауына тереңдеп енген сайын жас мырзаның көңілі құлази береді. Үлкен қаланың у-шуына әбден құлағы үйреніп қалған кісіге мынау мүлгіген тыныштық тосын болып көрінеді.
Кешкілік Әлімтау жазығына жетіп, киелі белгіге жақындаған кезде Әбдіқадыр мырзаның көңілі тіпті қоңылтақсып қалады. Соншама жұрттың аузынан суы құрып, тамсанып жүрген кереметі жай ғана бір төм­пешік болып шықты. Айналасында ел жоқ. Құлазыған құба дүз. Меңіреу дала. Ас­пан­да ай туған шақта олар аттарынан түсіп, ер-тоқымдарын астына төсеп, жата-жата кетеді.
Жаздыгүні шөлейт даланың түні сал­қын болады екен. Әбдіқадыр мырза тоңайын деді. Қасындағы жасауылдары маңайдан қураған жусан мен қурай сындырып әкеліп, от жағуға мәжбүр болды. Содан соң қап-қара түнекті қуып,қып-қызыл тілін жалаңдатқан жалынға тесіле қарап отырып, ұзақ ойға шомды. Түн ортасында Әлімтау жақтан жасауыл­дардың төбе-құйқасын шымырлатып қасқыр ұлыды. Әуелі біреуі бастағаны сол екен, тұс-тұстан оған үн қосқандары көбейе бастады.
Үрейі ұшқан орыс-казактар жалма-жан мылтықтарына жармасты. Біреуі, тіпті аспанға гүрс еткізіп мылтық та атып жіберді. Сол сәтте қасқырлардың ұлыған даусы тына қалды.
Бірақ арада көп өтпей-ақ жаңағы жайттың бәрі басынан бастап, тағы қайталанды. Осы кезде жүйкесі шыдамаған Әбдіқадыр мырзаның өзі де орнынан қарғып тұрып, тастай қараңғы түннің бір түкпіріне қарата тапаншасынан дүркін-дүркін оқ атып жіберді.
Сөйтіп, олар түнімен жанталасып шықты. Тек таң сібірлеп атып келе жатқан кезде ғана қасқырлардың үні өшті. Міне, осынау елең-алаң шақта Әбдіқадыр мырзаның көзі бір сәтке ілініп кеткен екен, таңғажайып бір түс көрді. Түсінде ұзын бойлы, қараторы кісі аян беріп:
– Әй, шырағым, қорқатын болсаң мұнда неге келдің?! – деді өкпе-реніші аралас өктем дауыспен. – Мен саған тілек­ші болып, қорғай алмайды ғой дедің бе?!
Сөйтті де, аз-кем үнсіз қалып, қайтадан үн қатты.
– Міне қарағым, мынаны алатын болдың!
Ол Әбдіқадыр мырзаға қылыш ұсынды. Жарқ еткен болат семсерді қолына алған жас мырзаның жүрегі аттай тулап, аң-таң бола қарап еді, әлгі қылыштың ұшы сынық екен…
Шошып оянған ол жан-жағына қарап алақтап, әлдекімді іздегендей болып еді, тү­ні­мен қалжырап, есі шығып, енді ғана қо­рыл­дап ұйқыға басқан жасауылдарды ғана көрді.
Содан билік басында алмас қылыштай жарқылдап өткен Әбдіқадыр мырзаның өмірі тым қысқа болған екен деседі.

БӘСЕКЕ

1918 жылы жазғытұрым бұл өлкеде ең соңғы рет ұлан-асыр ас беріледі. Ол атақты Қарабай бабамыздың аруағына арналып еді. Бектер мен билер, датқалар мен болыстар, байлар мен манаптар топ-тобымен көкорай шалғынға тігілген ақ боз үйлерге түсіп, аста-төк қошеметке бөленуде. Саба-саба сары қымыз бен табақ-табақ жас ет буы бұр­қырап кірген сайын киіз үйдегілердің бірін-бірі қағытып күлген әзіл-қалжыңы көбейіп, оқтын-оқтын әу деп қалатын әнші-жыр­шылардың да даусы әуелеп шыға бастады.
Қарт Қазығұрт тауының бөктерінен келген Әлімбай мырзаның атақ-даңқына қалың ел жақсы қанық болатын. Үйір-үйір жылқысы, қора-қора қойы Келес өзенінің бас жағынан келіп су ішкенде, төменгі жақтағы арналар құрғап қалады екен деп аңыз қылушы еді. Тұяғынан от шашыраған небір жел жүйріктерде сол Әлімбайдың қолында. Әсіресе Қарабай бабамыздың асындағы аламан бәйгеге әкелген жирен тұлпарының тұрқы тіпті бөлек.
Паһ шіркін, бақ пен дәулет, билік пен мансап бәсекеге түскен ұлан-асыр жиында бір-екі ауыз артық сөз айтылмай қалушы ма еді, сірә дә?! Бұл жолы аста-төк мол дастар­ханның басында қызара бөртіп отырып Әлімбай мырза мен Сүлеймен болыс ертеңгі болатын бәйге жайынан біраз шарпысып қалды. Кімнің жүйрігі озады дегенде жылымдап қана басталған әңгіменің аяғы қыза-қыза келе ру-рудың, ата-тектің, жеке бастың намысына тиіп, ақыры үлкен дауға айналды.
– Менің бәйгемді шаппай-ақ бер! – деді Әлімбай мырза керіліп. – Біздің ­жиренге ат түгілі жел де жете алмайды.
– Әй, Әлімбай, – деді Сүлеймен ши­рығып. – «Көп асқанға бір тосқан» деген, осы жолы сенің жиренің біздің Оқжет­пестің шаңын қауып қалады!
– Оттапсың! Сарттың аты озып, сыбаға алғанын көргем жоқ!
Осы бір «сарт» деген кісәпір сөздің ауыздан шығуы мұң екен, Сүлеймен болыстың шекесіне сарт етіп шоқпар тигендей, түрі өзгеріп кетті. Әлімбайдың тұспалдап отырғаны мұндағы жұртқа бұрыннан мәлім жайт еді. Түменбасы Бекмұраттың үшінші әйелі, мына отырған Сүлеймен болыстың анасы көзі жәудіреген қыпша бел, сәмбі талдай майысқақ өзбек қызы болатын.
– Кетісетін жерге келген екенсің! – деді ызаға булыққан Сүлеймен болыс қанжарының сабын сығымдап.
Осы бір сәтте:
– Тоқтаңдар! – деген Қалмырза бидің даусы саңқ ете қалды. – Алысатын албасты, ілісетін ібіліс таппайқұтырынып жүр екенсіңдер ғой, түге?! Ендігі жетпегені, Ойсылқырғыннан қалған оймақтай Сіргелінің бірін-бірі пышақтап, қанын судай шашуы ма еді?! Жібермеймін! Көрсетпе ондай бассыздығыңды көзіме!
Екі жақ ентелеп келіп, енді міне, айқас басталады-ау деген тұста амалсыз тосылып қалғандай болды.
Ел ертеңгі бәйгені асыға тосты. Кімнің аты озар екен деген құмарлықтан гөрі кімнің есесі кетіп, кімнің мысы басар екен деген сыншылдық әсте басым көрінді.
Қалмырза би ұзақ ойланды. Ол Әлімбай­дың да, Сүлейменнің де аты озға­нын қаламады. Кешегі егесте екеуі де бір-біріне «Қап, бәлем, сені ме!?» деп кіжініп, ауыр қыжылды ішке түйіп кеткені анық.
Иә-ә, бәйге-бәсеке… Кімнің аты озар екен?.. Қалмырза би егесіп екі жақтың да аты озғанын қалаған жоқ.
Ертеңіне күн ұясынан қазық бойы кө­те­рі­ле бергенде кеткен аттар түс ауа үздік-соз­дық шұбатыла шауып мәреге таяп келе жатты.
Қасына Ақылбек баланы ертіп, оқшау шыққан Қалмырза би әуелі түйдек-түйдек көтерілген бозала шаңды байқады. Ат үстінен мойнын созып қарап еді, алдыңғы келе жатқан ат жирен екенін де, қылаң екенін де анық аңғара алмады. Содан соң, жан-жағына қарап алаңдап:
– Ақылбекжан, айналайын, сен бай­қашы, көзің өткір ғой! – деді.
– Қазір, ата!
Ақылбек бала атын қамшылап, алға қарай шаба жөнелді де, көп ұзамай-ақ:
– Ата, Әлімбайлар әкелген жирен жүйрік озып келеді екен! Анық таныдым. Үстінде отырған Баймырзаны да көрдім-м! – деді сүйінші сұрағандай қуанып. – Сүлеймен болыстың Оқжетпесін бай­қамадым…
Ақылбектің Баймырза деп тұрғаны — түр-тұлғасы жас баладай шап-шағын, атқа жеңіл, шып-шымыр жігіт болатын.
«Есіл жануар-ай, осы жолы озбай-ақ қойсаң нетті?! – деген ой келді Қалмырза биге. – Бірақ, сенде кінә жоқ-ау!..»
– Е-ей, Жабай ата! – деді кенет даусы дірілдеп, «Жабай белгісіне» қарап. – Алладан тілеп, тоқтат мынау жүйрікті! Аруа­ғыңнан айналайын, әулие ата, ағайынның арасына от түсіп, бір-бірінен безіп кеткелі тұр!
Осы сәтте кенет… жұлдыздай ағып келе жатқан жирен жүйрік қалт тұра қалып, шыркөбелек айналып, аспанға шапшып, жанұшыра кісінеп жіберді. Көзі шарасынан шыға алайып, әлдеқандай бір тылсым күш тізгінінен тартып тоқтатқандай болды.
Сол сәтте оның жанынан оқтай зымырап қоңырат елінің шаң тимес жүйрік­терінің бірі зымырап өте шықты.

ТЫЙЫП КЕТКЕН ӘУЛИЕ

Жабайдың бірге туған бауыры Орда­байдың да бойында әулиелік қасиет болғанға ұқсайды. Ол бірде байдан қой сұрап барса, бай бергісі келмей, көңі­лін қал­дырыпты. Сөйтіп, байдың сараң­ды­ғына, іштарлығына қатты ренжіген Ордабай:
– Қайыры жоқ малдың қырыл­ға­ны жақсы! – депті де, өз бетімен жүріп беріпті.
Сол күннен бастап белгісіз бір індет соғып, әлгі байдың малы қырыла бастайды. Әрі жүгіріп, бері жүгіріп, әбден есі шығады. Ауы­лынан береке қашады. Қойшы-қолаң, қатын-қалаш, бала-шаға жан-жаққа безіп кетеді.
Сол кезде оның аулына Жабай әулие келеді. Сараңбай Жабайдың үзеңгісіне жармасып, өлердегі сөзін айтып:
– Малым қырылып жатыр! Өзім де өлетін болдым.Осы індетті тыйып бер! – деп жалынады.
Ордабайдың оқтай қылып айтып кеткен сөзінен бейхабар Жабайдың байға рақымы түсіп:
– Жарайды, бір Алладан тіледім, сенің малың қырылмасын.Індеті тоқтасын, – депті де, әрі қарай жүре беріпті.
Сол күннен бастап сараң байдың малына келген қырғын тоқтап, індеті тыйылған екен.
Көнеден келе жатқан аңыз-әңгімеге құлақ түрсек, сол елдің адамдары кейін Ордабайды көрсе: «Қырып кеткен әулие!» деп, ал Жабайды көрсе: «Тыйып кеткен әулие» деп құрақ ұшатын болған екен…

ӨРТ СӨНДІРГЕН АРУАҚ

Аспан айналып жерге түсердей аптап ыстық. Айнала-төңірек түп-түгел тыншып қалған. Жапан дүздегі осынау жым-жырт тыныштық көңілге біртүрлі үрей себеді. Өйткені қыбырлаған тіршілік иесінің бәрібір апаттың боларын алдын ала сезіп, басқа бір жаққа көшіп кеткен секілді… Сары адырдағы қасқа жолдың ой-шұқы­рына бір түсіп, бір шығып ыңыранып келе жатқан машинаның даусы қалың ұйқыдағы алып батырдың мазасын алған қара шыбынның ызыңына ұқсайды.
Шөлейт өңірдің сырына қанық «Дарбаза» кеңшарының директоры Кузнецов жолдас терезеден сыртқа бейжай көз салып, ұзақ ойдың сарынына түсіп, тербетіліп отыр.
Биылғы көктем жаңбырлы болды да, аырдағы егін бітік шықты. Енді сәтін салса, астық жоспарын «Әлімтау» кеңшары артығымен орындамақ. Сонсоң айтылар жақсы сөз, атақ-абырой да сонымен бірге келмек. Тек, әйтеуір, табиғаттың берген мол ыр­зығын төкпей-шашпай жинап алса болғаны…
Кузнецов шаруашылықтың жай-жапса­рымен бірге жергілікті халықтың мінез-құлқы мен салт-дәстүрін де жақсы біледі. Сусыз, нусыз шөлейтті жайлаған жергілікті халық өте шыдамды. Өзгелер болса, мынау ми қайнатар ыстық пен шөлге төзбей, бір-ақ күнде басы ауған жаққа безіп кетер еді…
Кенет біреу сіріңке жағып тастай салса, лап етіп тұтанғалы тұрған егіннің бір шетінен түтін көтерілгенін көріп, Кузнецовтың зәресі ұшып кетті. Өз көзіне өзі сенбегендей, машинаның терезесінен басын сыртқа шығарып, қайта қарады.
Әне, түтін қоюланып, будақтап аспанға көтеріле бастады.
– Айда, бас жылдам! – деді ол қасындағы шопырға шошына қарап.
Машина күшеніп, алға қарай жұлқына тартты. Қарсы беттен соққан ып-ыстық леп терезеден басын шығарып келе жатқан Кузнецовтың екі бетін жалын боп шарпыды.
Олар жеткенде қып-қызыл өрт лапылдап ертегідегі алты басты айдаһардай қып-қызыл егінді жалмап, жұтып бара жатқан-ды. Машинадағы пиджагын ала салып ұрғылап жатқан Кузнецов пен отқа күрекпен топырақ сеуіп, зыр жүгіріп жүрген шопыр жігіт көп ұзамай-ақ өздерінің бұл әрекеттерінен түк өнбейтінін түсіне бастады.
Сол сәтте қазақтың ескіден келе жатқан наным-сенімдеріне жүйрік ­Кузнецов екі алақанын көкке қарап жайып:
– О-оу, Жабай ата, тілекші бола гөр, көмек бере гөр! – деп даусы дірілдеп, жалбарына бастады. – Егін өртеніп барады. Осындағы елдің ырзығы еді ғой. Одан айырылсақ не болады?!
О, ғажап! Кенет қарсы беттен ұйтқып жел соғып, қып-қызыл тілі сумаңдап бара жатқан өрттің бетін қайтара бастады. Ендігі қалғанын Кузнецов пен шопыр жігіт екеуі аяғымен таптап, оп-оңай өшірді.
– О-о, құдіретіңнен айналайын, Алла тағала! – деді Кузнецовтың көңілі қатты толқып. – Жабай атамның тілекші болғанын өле-өлгенше ұмытпаспын!
Иә-ә, бұл оқиға сонау 1960-шы жылдың шілдесінде болған деседі.

САУАБЫ ТИЕДІ

«Жабай белгісі» бой көтерген шөлейт далада ауыз суды «водовозбен» тасиды. Құс қанаты талатын құба дүзегі тарам-тарам қасқа жолдармен қысы-жазы жүйткіп жүретін шопыр жігіттер айтады:
– Әулиенің жанынан өткенде әдейілеп тоқтап, қоржын тамның алдындағы әуітте су бар ма, жоқ па деп көріп кетеміз. Егер таусылуға жақындаса, әкеле жатқан ­суымызды сол жерге құйып кетеміз. Әулие десе, әулие ғой, жарықтық!.. Әуіттегі су таусылғанда, оған қарамай кетіп бара жатсаң, машинаң өз-өзінен тоқтап қалады… Ал егер су құйып өтсең, сауабы тиеді, жолың болады!..

ЖЕТІМДЕРДІ ЖЕБЕЙ ЖҮР!..

Әлімтау өңіріндегі көпті көрген қария­лар айтып отырады:
– Жетім қозы, жетім бұзау, жетім құлын, жетім боталарға рухы жар болсын деген ниетпен: «Жабай атаға атадық!», «Жабай ата­­ның малы!» деп ырым қып, ен тағып қоя­мыз. Сонсоң оларға ұры-қары, түз тағысы тимейді. Тіпті аш қасқырлар бір отар қойды түгел қырып салғанда да Жабай атаға атаған мал­­дың аман қалғанын өз көзімізбен көрдік. О, тоба… Алланың сүйікті құлы болған кісі ғой!

ІНДЕТ ТЫЙЫЛАДЫ

«Жабай белгісінен» төрт-бес шақырым жердегі Тасқұдық ауылында мал дәрігері болып істейтін Әлімхан есімді кісі айтып еді:
– Осы төңіректегі малға жаппай лаң тиіп, індет келгенде киелі белгінің маңына апарып, түнімен иіріп қоямыз. Сонда әлгі індет сап басылғандай болады, – деп.
Аруағыңнан айналайын Жабай атам­ның рухы ғой бізге тілекші болып, желеп-жебеп жүрген. Киелі белгінің кереметін талай көрдік, несін айта берейік!..

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.