АТЫ-ЖӨНІМІЗ ҰЛЫ ДАЛА РУХЫНА САЙ БОЛСА…

Тұңғыш Президент «Ұлы Дала елінің жеті қыры» атты мақаласында қоғам болашағы үшін мәні зор және күрделі міндеттерді белгілеп берді. Солардың негізінде ата-баба мұраларын жаңғырту, зерттеу, жариялау, үлгі тұту және оқыту іс-жосықтарын қарқын­ды да­мытуға бағытталған қадамдар ел ішінде ғана емес, халықаралық деңгейде де аса маңызды заманауи құбылыстар болып бағалануда. Осы бағытта шешілуі тиіс сұрақ­тардың бірі – өскелең ұрпағымыздың аты-жөнін ұлы дала рухына сай ету деп санаймыз.

Ұлы дала иесінің тегінен елдің түбірі, даңқы, қаһары тайға таңба басқандай айқын көрініп тұратынына не жетсін?! Осы мақсатта қазақ отбасы азаматтарына балаларының аты-жөнін жазғанда, әлемге әйгілі «сақ», «ғұн» атауларын пайдалануды ұсынар едік. «Сақ» бізден басқа ұлттарға да бастау болған, бірақ оның түпқазығы біздің жерде. «Ғұн» сөзі бүкіл әлем санасына сіңіп кетті. Енді оны көп қазбаламай, сол қалпында пайдалана бергеніміз жөн болар. Осы атаулардың бірі баланың атасының атына жалғанғаны лазым. Мысалы, «Байғарасақ» не «Байғарағұн» дегендей. Бұған қоса, азаматқа туу туралы куәлік және төлқұжат беретін мекемелер қазақ үшін тек, ат және әке, яғни үш атау­дан тұратын аты-жөн жазу тәртібін заң жүзінде ұстанса, біраз сұрақтар шешілер еді.
Әйтпесе, аты-жөн түзету қадамдары бірталай жаңсақ ұғымдар, тіпті дау-дамайлар туындауына тиек болуда. Кейбіреулердің ныспысында атасының, өзінің, әкесінің аты қайсысы, ұл ма, қыз ба деген сөздер қаптап барады. Мұны айтып отырған себебіміз, қазір ешқандай тәуелділік жалғауынсыз әкесі мен баласының аттары жазылған екі сөзден ғана тұратын аты-жөндер де жиілеп барады. Олар жеті атасы түгіл әкесінің әкесі кім екенінен бейхабар болып өсуі ғажап емес.
Аты-жөні жоғарыдағыдай үлгімен жазылған ұл-қыздарымыз әлемде теңдесі жоқ жасампаздығының өшпес ізі қалған, елі мен жері үшін әділетті күресте жанкешті батырлығымен сый-құрметке бөленген даңқты аталарының асқақ істерін жаңғыртуға, ілгері дамытуға талпынатыны күмәнді бола қоймас. Құдаласқанда жеті атасын сұрауға, жастардың жеті атаға толмай отбасын құруының алдын алуға да мүмкіндік туады. Азаматтық және діни неке қиятын орындарға осы бағытта заңмен бекітілген талаптарды күшейтуге болады. Ата-бабасын білетін, тегін қастерлейтін, бауырмал, ержүрек, қайырымды, іскер, дарынды балалар сонда ғана дүниеге келіп, елге ие болады.
Осы орайда, кейбір кавказ жұрты атасы­ның атына «оғлы», «адзе», «ани» жалғау­ларын қосатыны қызықтырады. Олардың ұйымшылдығы мен өрлігі талай елге үлгі боларлық. Ұсынылған тегіміз ықшам, жігер беретін қасиеті де зор және «овский», «а(и)швили» қосқандай шұбыртпалы емес. Қазақ халқы осы жіктеуді құқық саласында қабылдап, әке-шеше әлемге әйгілі сақ пен ғұн атын нәрестесі дүние есігін ашқан сәттен бастап құлағына құя берсе, ол бала өсе келе сақ пен ғұн кім, неге өзінің тегі оларға тәуелді болғанына зер салуы, ол атқа сай және ел-жұртын құрметтейтін тұлға болуға тырысары хақ.
Тегімен ұйқасуына қарай біреулер сақ не ғұн атауын қолай көрер. Екеуі де орынды. Өйткені олар тарихта болған және түп-тұқиянымыз бастау алған тайпалардың аттары. Қазақ солардың ұрпағы және мұрагері. Сондықтан осы атауларды меншіктеу, дәріптеу, түбегейлі иемдену қаншалықты қажет болса, соншалықты парыз да болуы тиіс. Осыған қол жеткізу мүмкіндігін беретін іс-шаралардың жүзеге асырылуы ұлтымыздың ген қоры бұзылмай сақталуына және еліміздің қарқынды алға баса беруіне көптеген септігін тигізері сөзсіз.
Тағы бір санаға маза бермей жүрген ойы­мызбен бөліссек. Әлемге әйгілі ойшыл­дарымыздың еңбектері кирилл әліпбиіне түсіріліп, оқушы қауымға ұсынылуда. Бұл өте маңызды іс. Әсіресе Жүсіп Баласағұн атты данышпан бабамыздың еңбектері үлкен сұранысқа ие болуда. Осы ғұламаның тегін жазуда қателік кетті ме екен деген ой бізді жиі толғандырады. Ол Баласағұн ­аулында туғандықтан сол заман дәстүрі бойынша ауылдың атын иеленген деп жүрміз.
Бірақ, біздіңше, Баласағұн сөзінің мағынасы бұлыңғырлау. Мұндағы ғұн түсінікті, ал «баласа» деген не?! Ауылдың аты – ғұн тайпасының бір тармағы сол өңірде қоныстанғанымен байланысты болса, өздерін «Ғұн баласы» немесе «Баласығұн» дегені… жұрт ауылды осылай атауы мүмкін. Ендеше, ғақлия данагөйдің аты-жөні Жүсіп Баласығұн болып жазылса деген тілек бар. Бір-ақ әріп болса да, барша халықтың ұлағатты ұстазы болған тарихи тұлғаның тегі мағынасыз сөз ғана болмай, ерекше айбарлы сипат алады. Сонымен қатар оның аты оқырман қауым рухының асқақтай беруіне септігін тигізетініне, баға жетпес мирастарына қызығушылық өрістеп, тәрбиелік мәні арта түсеріне күмән жоқ.
Сақ пен ғұн тегін иеленген қазақ ұрпа­ғының бүгінгісі де, келешектегісі де Абай атамыз айтқан бес жамандықтан арылып, әр іске қадам басқанда, «Малым – жанымның садағасы, жаным – арымның садағасы» деген бабаларымыз қанымен жазып кеткен қағиданы ұстануға тырысар. Балалардың балғын шағынан бастап, ата-анасы, ұстаздары, ағайын-туыстары сақ пен ғұн тайпалары көсемдерінен, билерінен, шешендерінен, батырларынан, жырауларынан қалған естеліктерді, аңыздарды, ерлік істерді әңгімелеп, нақыл сөздерді, қисса, өлең, ән-жырларды жаттатып, тарихи кітаптарды оқуға, театр, кино туындыларын көруге баулып, мәдениетті­лікке, бауырмалдыққа, ата-тегіне кір келтірмеуге үгіт-насихатын аямай төгіп, салиқалы тәрбие берсе, ұрпағымыздың ұлтжандылық, ар-намыс сақтау және ­Отанын сүю қасиеттерінің жетіле түсері де күмән тудырмайды.
«Жеті атасын білмеген – жетесіз», «Жеті атаға жетпей, қыз алыспа», «Ет бұзылса – тұз дауа, қан бұзылса – не дауа» және осы тектес мақал-мәтелдер мен нақыл сөздерді аузы дуалы ғұлама ойшылдарымыз бері салғанда ХV-ХVІ ғасырда айтқан. Бұларды ата-бабамыз тұқым қуалайтын ген кемістіктерінен, қанның бұзылуынан халықты сақтандыру үшін бүкіл ұлт санасына сіңіріп, бізге мирас еткен. Осындай ғылыми мұраларды генетикалық тұқым қуалау ережелері не заң түрінде би, жырауларымыз жазған да болар, бірақ ол жазулар әлемге де таралмай, бізге де жетпей қалды. Бұған аумалы-төкпелі замандардың да кесірі тисе керек. Тұқым қуалау туралы болжамдарын Г.Мендель мен И.Морган ХІХ ғасырда ғана жариялап, ХХ ғасырда генетика ғылымының негізін қалаушылар болып аталып кете барды.
Бабаларымыздың қандағы ген қорын бұзбай сақтау туралы нақылдары мен қағидаларын ұрпақтарға қалдырған өсиеті деп қастерлеп, бұдан әрі бұлжытпай орындау және жастардың құлағына жалықпай құя беру біздің күнделікті міндетіміз болуы тиіс. Қазақтан үлгі алған көрші түркі тектес халықтар да жақын туыстық некелесудің алдын алу шараларын іздестіруде. Бұдан атқарылатын істердің мемлекеттік маңызы да зор екенін байқауға болады. Сондықтан осы бағытта ізденістер жасаудан ғылыми мекемелер мен қоғамдық ұйымдар шет қалмайтын болар, ал Парламент пен Үкімет ауқымды іс-шараларды жүзеге асырар деп ойлаймыз.
Біраз бұрын еліміздің шығыс өңірін­де көне тас табылды. Ол Күн тайпасы мұрагері болған Күнге табынушылар ­заманынан қалған жәдігер екен. Оның бетіне сына әріптерімен жазылған, келер ұрпаққа бағышталған сөздерінің қуаттылығы, әсіресе қазақ үшін құндылығы үстемдік етіп қалған алпауыттарды жер сілкініп, жанартау атқылағандай есінен тандырды. Әу баста «сенсация» деген шу аздан соң су сепкендей басылып қалды. Қазақтан басқа ешкім жұмған аузын ашпады. Өйткені оның ең басты, аса құдіретті сөзі заманында кирилл әліпбиіне «Күлтегін» деп түсірілді. Қарап тұрсақ, сөзде мән қалмағандай. Күлдің тегіні кімге керек?!
Біз ол жұмыстың басы-қасында болға­мыз жоқ. Сондықтан бірдеңе деуге қа­қымыз да жоқ сияқты. Бірақ әлі күнге біреулер әдейі «н» сына әрпін «л» дей сал­ғандай сезінеміз. Оны қасақана қазақтың мерейі тасып кетпесін деп істеткен дұш­пан итаршыларының ықпалы ма, әлде кездейсоқ зақымдаудан болды ма, тастағы жазу өңін айналдырып бере салған тымақ­тай, құдірет-күшінен жұрдай болды да қалды. Мүдделі қауым бейжай күйге түсті.
Елбасымыз аталмыш мақаласында археологтарға, тарихшыларға осындай жәдігерлерді тереңірек зерттеуге нұсқау берген. Осыған сәйкес өз ойымызды білдірсек, тастың тілге тиек етілген сөзінде әуелден «н» әрпі жазылған сияқты болады да тұрады. Сонда «Күнтегі» болар еді. Ол сына әріптермен дәл осылай қашалған болса, Күн тайпаларының бастау-бұлағына соқпақ емес, нағыз түзу де, тура жол ашылатыны сөзсіз. Мүмкін осы тастағы жазуды қайтадан мұқият қарау қажет болар.
Әріптерді әр қоғам қалауынша қолдануы жиі кездеседі. Мысалға Галл, Маккен, Таллинн. Немістер Hebbels, Her десе де, орыстар Геббельс, Гер деп жазды. Бүтін бір ел аты ресми түрде Хунгария (қазақша Күн елі десе болады) деп жазылса да, басқа елдер (ішінде біз де бармыз) Венгрия деп атайды. Енді осы Күн, Еділ, Күнғария және басқа бұрмаланған атауларды түбірінен қузап, дұрысын әдебиет, өнер салаларында қолданысқа енгізіп, дүниежүзіне кеңінен тарата беру қажеттігінің пісіп-жетілгені исі қазаққа айдан анық.

Серік СӘДУАҚАСОВ,
ауыл шаруашылығы ғылымының
докторы, профессор

Нариман ХАМЗИН

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.