Салт-дәстүрімізді айшықтаған

Алматыдағы Жазушылар одағының кітапханасында этнограф-ғалым Байахмет Жұмабайұлының жеті кітабының тұсауы кесілді.
Тұсаукесер рәсімге ақын Ғалым Жайлыбай, журналист Нұртілеу Иманғалиұлы, тарихшы Нәбижан Мұхаметханұлы, Құсайын Мұсаев, Нұртай Нұрсапа және т.б. зиялы қауым өкілдері қатысты.
«Жартастар үн қатады», «Ою-өрнек әлемі», «Балбалдар мен кешендер», «Аңсаған арман», «Қазақтың сауда мәдениеті», «Өшпес есімдер» және «Бұқарбай батыр» атты кітаптар тек қана этнографиялық тақырыпты өзек етіп, осы тақырып аясындағы мәселелерді қозғаған.

– Бұл кітаптарды қазақ қоғамы үшін рухани әлемдегі үлкен оқиға деп бағалау керек. Сонша үлкен қазынаға кезіктіріп, сырттан келген қандастарымыздың қатарынан еліме не берем деп келген ізгі ойдың үлгісін көрсеткен осы Байахмет ағамыз деп ойлаймын. Бұл кітаптардың ішінде этнография, әдебиет, тарих, фольклор, т.б. бар, – деді Ғалым ­Жайлыбай.
Елбасы Н.Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры», «Рухани жаңғыру» мақалаларында көрсетілген өзімізді өзіміз тану деген осы екенін айтқан Нұртілеу Иманғалиұлы авторға алғысын білдірді.
«Сіз бұған дейін қазақты зерттесеңіз, бұдан кейінгі уақыттарда сізді зерттейтін уақыт болып қалар. Қазіргі заманда біз оқитын емес, көретін елге айналдық деген ұғым бар. Өзімізді өзіміз тануға септігін тигізетін осындай шын еңбекпен бізді көретін елден қайтадан оқитын елге айналдырудың мүмкіндіктерін жасадыңыз деп ойлаймын» деген ол кітаптардың тұсаукесеріне құтты болсын айтты.
Жиын барысында Темірхан Тебегенов, Досымбек Қатыран, Айгерім Естенова, Ұлжарқын Әбдіғапарова, Болат Бопайұлы, Әнес Ғарифолла, Ермек Зәңгіров, Зиябек Қабылдинов, Гүлжаһан Орда, Әлімғазы Дәулетхан және Даниал Әлболсын автордың еңбектерінен баяндама жасады.
Байахмет Жұмабайұлы – этнограф, жазушы. Ол қазақ болмысы жөнінен құнды деп таныған дүниелерін жинап, зерттеп, зерделеп жүруді әдетіне айналдырған маман.
Айта кетейік, бұған дейін ғалымның «Шәкәрімнің өр Алтайда ізі бар», «Шәкәрім­нің еш жерде жарияланбаған философиялық өлеңдері» сынды еңбектері жарық көрген.

А.Қуат

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.