ҰЛЫ ҒАЛЫМҒА АРНАЛДЫ

Ұлттық Ғылым академиясында Қаныш Имантайұлы Сәтбаевтың туғанына 120 жыл толуына орай «Қ.И.Сәтбаев: ҚҒА тұңғыш президенті, ғылымды ұйымдастырушы, кемеңгер ғалым және қоғам қайраткері»  атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Оны ұйымдастыруға Қ.И.Сәтбаевтың мемориалдық музейі мен Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты ұйытқы болды. 

Конференцияны Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының директоры Зиябек Қабылдинов жүргізіп отырды.
Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрі Күләш Шәмшидинованың конфе­ренцияға қатысушыларға арнаған құттықтау сөзі оқылды.
Шараның ашылу салтанатында сөз сөйлеген ҚР ҰҒА вице-перзиденті – аға ғылыми хатшы Мақсат Қалимолдаев былай деді: «Ғұлама ғалымның өнегелі өмірі мен қазақ ғылымына сіңірген еңбегі орасан зор. Соғыстан кейінгі қиын-қыстау кезеңде Қазақстанның Ұлттық Ғылым академиясын ұйымдастырып, бүгінгі таңда жұмыс істеп отырған әртүрлі саладағы ғылыми-зерттеу институттарының жұмысын жолға қоюда ерекше ыждағаттылықпен, шыдамдылықпен қызмет еткен отандық ғылым ұйымдастырушысының қызметі – біз үшін өшпес өнеге. Ұлтымыздың алдыңғы қатарлы оқыған зиялы қауымы жаппай қуғындалып, атылғаны атылып, қалғаны лагерьлерге айдалып жатқан заманда қазақ ғылымына адал еңбек сіңіріп, геология саласында әлемдік деңгейдегі ірі ғылыми жаңалықтарды ашу үшін тек ғалым болу жеткіліксіз еді. Қ.И.Сәтбаев өз заманының қажымас күрескері, қазақтың маңдайына біткен қайраткері болды. Қ.И.Сәтбаев феномені осында болатын».
Конференцияда ҚР ҰҒА академигі Сұлтан ­Оздоев, ҚР БжҒМ Ғылым комитеті төрағасының орынбасары Еркін Садықов, Алматы қаласы әкімінің кеңесшісі Мамай Ахетов, Қазақ ұлттық Қыздар педагогикалық университетінің ректоры Гауһар Алдамбергенова, ЮНЕСКО-ның ҚР және Орталық Азия бойынша Алматыдағы кластерлік бюросы Жаратылыстану ғылымдары бюросының басшысы Кристинэ Товмасян, Ататүрік принциптері және революция тарихы институты директорының орынбасары, Хаждеттепе университетінің қауымдастырылған профессоры Сейфи Йылдырым, И.Арабаев атындағы Қырғыз МУ Ғылыми-зерттеу орталығының директоры Жұмағұл Байдилдеев, Қ.И.Сәтбаевтың немересі Нұрлан Жармағамбетов және басқалар сөз сөйледі.
Мемлекет тарихы институтының директоры тарих ғылымының докторы, профессор Бүркіт Аяғанның, ҚР Президенті архиві директорының орынбасары, тарих ғылымының докторы, профессор Қайрат Әлімғазиновтың, академик Әзімхан Сатыбалдиннің ҚР ҰҒА академигі Досмұхамед Кіші­бековтің баяндамалары да ерекше ықыласпен тыңдалды. Қазақ ғылымының қайнарында тұрған, кеңестік және қазақ металлогения мектебінің негізін қалаған, Қазақ КСР Ғылым академиясы­ның ұйым­дастырушысы, әлемдегі ең ірі мыс кеніш­терінің бірі – Ұлытау-Жезқазған кен орнын тұңғыш ашқан Сәтбаевтың ғылым жолына арналған конференцияда арнайы Қарар қабылданды.

Базарбай Смайыл

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.