9 маусым – Қазақстан Республикасы президентінің сайлауы

Қолдау көрсетеміз

Үмітхан МҰҢАЛБАЕВА,
ҚР Ұлттық академиялық кітапханасының басшысы

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың қазақстандықтарға жасаған Үндеуі қазіргі кезде маңызды және қажетті шешім деп білеміз. Қазақстандағы кезектен тыс Президент сайлауының 9 маусымда өтетіндігі бүкіл халыққа паш етілді. Президент сайлауын өткізу уақытының белгіленуі үлкен саяси қадам деп білеміз.
Біз, Қазақстан Республикасының Ұлттық академиялық кітапханасы ұжымы, Президенттің Үндеуін кеңінен талқылай отырып, алдағы сайлау­дың әділ де ашық болатынына сенеміз! Президент сайлауы ел тағдыры мен болашағы үшін аса маңызды және оған қолдау көрсетеміз!
Елбасымыздың арқасында тәуелсіз де қуатты ел болдық, әлем мойындаған тәуелсіз Қазақстанда өмір сүреміз. Мәңгілік елдің болашағы үшін атқарылып жатқан игі істерге кітапханашылар өз үлестерін қосып, еліміздің көркеюіне ықпал етеміз деп сендіремін.
Еліміздің келешегі жарқын да баянды болсын!

Аса маңызды қадам

Алмаз НҰРАЗХАН,
Қазақстан Республикасы Ұлттық музейдің директоры

Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің Ата Заңы – Конституцияға сәйкес, 2019 жылдың 9 маусымында Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауын өткізу туралы шешім қабылдады.
Қазақстан Республикасы Президентінің қоғамдық-саяси нақты қадамдарын қолдай отырып, еліміздегі әлеуметтік-экономикалық мақсат-міндеттер мен алдағы уақытта ұсынылған мемлекеттік бағдарламалардың тиімді жүзеге асырылуы үшін елдегі кезектен тыс сайлау туралы шешім қабылдау аса маңызды да сәтті қадам.

Ел бірлігі – басты құндылығымыз

Арман ЖҮДЕБАЕВ,
Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваторияның ректоры

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев 2019 жылдың 9 маусымында елімізде кезектен тыс Президент ­сайлауын өткізу туралы шешімін жариялады. Президент өз сөзінде айтқандай, Үкімет, Парламент және партия басшыларымен ақылдаса отырып шешкен шешімі елдегі тыныштықты, саяси-әлеуметтік тұрақтылықты сақтау мақсатында қабылданып отыр деп есептейміз. Демократиялық қоғамда ретімен, тәртібімен болатын бұл сайлау Қазақстан үшін сындарлы жаңа кезеңнің бастауы болмақ.
Қасым-Жомарт Кемелұлының Тұңғыш Президентіміздің қасында сенімді серігі әрі ізбасар көмекшісі болып көп жылдар қызмет атқарып келгені мәлім. Ғылым мен технологияның қарқынды дамуы, әлемде болып жатқан әлеуметтік-эконо­микалық, экологиялық, мәдени және саяси өзгерістер бізге көптеген талаптарды қойып отыр. Сол себепті ел басқару ісінде мол тәжірибе жинап, ел ішіндегі мәселелерге қанық болып жүрген Президентіміздің игі бастамаларына халық болып қолдау білдіруіміз керек деп есептеймін.
Тәуелсіздігіміздің нығаюы, оның баянды болуы үшін еліміздегі саяси тұрақтылық пен экономикамыздың үздіксіз дамуы ауадай қажет. Ел бірлігі мен бейбітшілігі – басты құндылығымыз! Халқымыздың негізгі мақсат-мұраты осы екені баршаға аян. Бейбіт, тоқшылық заман болмай, өнер-білім, мәдениеттің де дамуы екіталай. Сондықтан республикамыздағы тұрақтылықтың кепілі болып отырған қазіргі ұстанған бағытымыз жалғасын табады деп ойлаймын. Бұл сайлау елдегі бейбітшілік пен келісімді сақтай отырып, әлеуметтік-саяси жаңғыруға, әлемнің үздік елдері қатарына қосылу жолында жаңа демократиялық еркін болашақты құруға мүмкіндік бермек.

 

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.