Әуенмен егіз жүрегі…

Жасынан қасиетті қара домбыраны серік еткен Мәкен Әлиасқарұлы қасиет қонған Нарынқол топырағында, Райымбек ауданының Тегістік ауылында дүниеге келген. Ол балалық шағын соғыс өрті шарпыған ұрпақтың өкілі еді. Әкесі сұрапыл соғыстың құрбаны болды. Ауыртпалықтың бәрі анасы Талжібектің мойнына түсті. Тіршіліктің ноқтасын киіп, өмірдің қызық-қуанышын балаларының жолына арнаған асыл ана бар қиыншылықты бір өзі көтерді. Екі қыз, бір ұлды небір азапты күндерді басынан өткізе жүріп жеткізді. Әсіресе соғыста хабарсыз кеткен жарының түтінін түтетеді деп үміттенген жарымжан жалғызының тілеуін тілеп ғұмыр кешті. Кембағал болса да жөні бөлек қарғасын ешкімнен кем қылмады.

Соғыстан кейін де ел еңсесін бірден көтере қойған жоқ. Тұрмыстың тауқыметін тартып жүрсе де байғұс ананың жарық дүниенің сәулесін көруге зар болған ұлын апармаған жері қалмаған-ды. «Үмітсіз шайтан» деп талай емхана, аурухананың табалдырығын тоздырады. «Аңқау елге арамза молда» дегендей күзгі астық жиналарда ауылдағы момын елден астық, бидай алып, уәдені көл-көсір етіп үйіп-төгіп кететін емші-тәуіптерге де барып, құр босқа шығындалған күндер аз болмаған еді. «Ел құлағы елу» деп шипа іздеп, талай жердің дәмін татты. Бірақ уақыт өте келе бәрінің еш шипасы болмай, әбден тауы шағылып, үміті сөне бастайды. Болған іске болаттай берік болу керек екендігін іштей мойындап, өзін жігерлендіріп, не болғанда да мойымауға бел байлайды. Бірде «Қырғызстанның Фрунзе қаласының маңындағы Тоқмақ қалашығында бір емші бар екен. Сол емші Ресей жақтағы су қараңғы боп қалған полковникті құлантаза айықтырыпты» дегенді естіп, «Жазған құлда шаршау жоқ» деп жолға шыққан болатын. Оның жасаған ем-домынан еш пайда болмайды. Ендігі қалған бір үміт Одессадағы көз ауруханасы еді. Сол кезде Кеңестер одағындағы көз ауруларын емдейтін ең ірі орталық осы қалада болатын. Бірақ оған баруға қысқа жіп күрмеуге келмейді.
Өзге балалар сияқты мектепке барып оқуға зағиптығы кедергі болды. 12 жасқа толғанда ауылдағы көзі ашық үлкен кісілер өзі зерек, ән айтса жұртты баурап алатын өзіне ғана тән тартымдылығы, әдемі үні бар қағылез баланы әлдебір қаладағы зағиптарға арналған арнайы мектепке орналастыру керектігін айтады. Алайда ауылдан ұзап шығып көрмеген бала беймәлім ортаға, бейтаныс үлкен қалаға баруға батылы бармай ауылда қалып қояды. Алайда көз жанары көрмесе де санасы сергек Мәкенді денсаулығындағы ақау еш жасыта қоймаған еді. Арманы асқақ болатын. Өмірге сұмдық құштар еді. Бала кезінен қанша қиыншылық көрді десек те ол үлкендердің мейіріміне қанып өсті. Соғыстан кейінгі жоқшылықты, қиын уақыттың адамдардың басына салған зардабын біліп есейді. Соғыстың салған қасіретін, мұң-зарын сезініп, түйсініп өсті.
Қағілез бала үлкендердің жанынан шықпайтын еді. Үлкен кісілердің жанында көп жүріп, олардың айтқан әңгімелерін тыңдап, құлағына құйып өседі. Табиғаттан берілген құймақұлақтығы бар еді. «Құдай жаратқанды құр етпес» деген. Менің ­бойымда өнерім бар, серігім – добырам бар ғой» деп өзін-өзі жұбататын. Ал енді қол-аяғы балғадай небір алпамсадай жігіттердің не білімге, не өнерге жарымай жүргендерін көргенде іштей зығырданы қайнайтын. «Шіркін, екі көзім аман болғанда бұлай жүрмес едім-ау! Бір жерден шығар едім» деп армандайтын. Ауылға келген өнер­паз­дардан естіген әнін сол заматта қағып алып, өздеріне айтып береді екен. Сөйтіп жүріп өнер адамдарының көзіне түседі. «Арман – адамның биік мұраты» дейміз ғой. Сол өнер иелері оның қиялына қанат бітірді.
Қанша өнерлімін десе де, білімінің жоқтығы, тіптен орта білім алмағандығы көңіліне қаяу түсіріп, іштей жанын жей берген еді. Сөйтіп жүргенде әлдекімдерден Куйбышев қаласында зағип жандарға арналған арнайы мектеп бар екендігін біледі. Мәкең әлгі мектепке хат жазып жүріп, зағиптарға арналған Брайэн жүйесіндегі оқулықтарды алдырып, өз бетінше білімін жетілдіре бастайды.
Қаяулы көңіл, жарымжан бірақ рухы мықты жас жігіт қалай да музыкалық жоғары білім алуым керек деген ойға бекінеді. Консерваторияға оқуға түспек болып, Ахмет Қуанұлы Жұбановқа барады. Жігіттің ешқандай арнай білім алмағандығын, музыкалық сауатының жоқтығын көріп, Ақаң: «Айнам, мақсатың дұрыс, бірақ училище бітірмесең, мұнда сені қабылдамайды. Әлі жассың ғой, айналайын, жолың болсын!» деп майдалап шығарып салады. Оқуды кішісінен бастау керектігін ұққан Мәкең музыкалық учмлищеге келеді. Жағдайын айтады. Ондағы бір атқамінер: «Арнайы куәлігің жоқ, сені оқуға қабылдатам деп партиядан шығатын жағдайым жоқ» деп жолатпайды. Ақыры не керек, домбырашылар дайындайтын курсқа келеді. Оны бітіріп, ауданға оралады. Аудандық мәдениет үйінде біршама уақыт үйірме жүргізіп, қызмет істейді. Көкірегі ояу, санасы сергек жан бәрібір өз мақсатынан бас тартпайды. Өз бетінше іздене береді. Ауылға гастрольдік сапармен келген әншілердің, театр актерларының маңынан шықпай жүріп, олардан өнер үйренеді. Әңгімелерін тыңдайды.
Алматыдан жолы болмай, тауы шағылып қайтқан баласының Жамбыл­дағы музыка училищесіне бармақ ойын білгенде анасы «Оқимын дегенде де үзеңгісіне жармасқандай ­болмайын. Өз бетімен жөн таба алса, бетінен қай­тар­майын» деп зағип ұлына іштей қатты алаң­даса да жолына кесе-көлденең тұрмайды.
«Өнерлінің өрісі кең, өресі биік» демей ме? Ақыры өзі армандаған үлкен шаһар Алматыға да жолы түсіп, табаны тиеді. Абай атындағы қазақтың педагогикалық институтының тарих факультетіне түсіп, оны ойдағыдай тамамдады. Оқи жүріп өнерден де қол үзген жоқ. Қайсар жан бәрібір өз дегенінен танбады. Музыкалық білімді бәрібір өз бетінше алған болатын. Зағиптығына байланысты өнер-білімді арнайы оқып білмей, естіп білумен үйренгеннің кейбір олқылықтары да болатын еді. Барлық күйлерді нотаны көрмейтін болған соң есту арқылы үйренетін еді. Өзін-өзі қамшылап, қинап, сағаттар, тіпті кей уақыттарда күні-түні бар уақытын өзін алға жетелеу үшін сарп ететін. Қаншама ұйқысыз түндер өтті десеңізші?! Қатты қиналған кездері көп болды. Алайда сол талмай ізденісінің арқасында оркестрге ілесетіндей деңгейге жетті. Оркестр құрамында ойнауға қанша қызықса да, дирижерлар жолатпайтын еді. Сонда да оркестр сабағы өтетін залдан шықпай, кетпей отырып алады екен. Құр отырмайды, әр дыбысты қадағалап, зердесіне тоқып отырады. Өзіне таныс емес шығарма орылдалған кезде үнін шығармай, іштен тынып тып-тыныш отырады да өзі білетін шығарма ойналған кезде ақырын қосыла жөнеледі екен. Арасында домбырасының құлақ күйін келтіра алмай отырғандарға домбырасын түзеп беріп жүргенін дирижерлар байқап қояды. Бір сарында ойнайтын күйлерге оп-оңай қосыла беретін дәрежеге жетеді. Содан кейін ақырындап үлкен, күрделі шығармалардың негізгі аккордтарын алуға тырысады. Көзі көрмегендіктен ноталарды сипалап оқу үшін өз жазуына көшіріп жазып алатын. Алайда дәл сол кезде оны сипалап оқып отыруға қол да бос емес қой. Сөйтіп жүргенде бір күні әйгілі дирижер, дәулескер күйші, композитор Нұрғиса Тілендиев ағамыздың көзіне түседі. Нұрағаң Мәкеңнің тенор домбыралардың құлағын келтіріп бұрайтынын көріп, қатты риза болады. Содан бастап оған іштарта қарайтын болған.
Арада біршама уақыт өткенде өзінің жеке орындауындағы әндермен көп алдына шыға бастады. Оның салған әндері қазақ радиосы мен теледидары арқылы ұшқан құстың қанаты талар кең байтақ қазақ еліне кең тарап жатты. Тіптен Мәкен Әлиасқарұлының дауы­сымен бірнеше күйтабақтар да жазыл­ған. Жігері мұқалмаған күйі өмірге құштарлығын жоғалтпаған өнер иесі өзі да талай ғажап туындыларды дүниеге әкелді. Әбдірахман Асылбековтың өлеңімен өрілген «Менің өлкем – Жетісу», өлеңін Ізтай Мәмбетов жазған «Студент сағынышы» және өзінің қаламынан өлең боп өріліп, ән болып қалықтаған «Қаратау кеші», «Ару қала – Астана» сияқты әндері әнсүйер жұртшылықтың көңіл көкжиегінен орын алып жатты. Бұл шығармаларды Бақыт Әшімова, Ескендір Хасанғалиев, Зейнеп Қойшыбаева сынды өнер шеберлері нақышына келтіріп орындап жүрді. Бала кезден радиодан тыңдап, әндерін өзіне әбден сіңіріп өскен ұстазы Жүсіпбек Елебековтен көп тәлім-тәрбие алды. Арқаның әндерін үйренді. Халық композиторларының, Қазақстан композиторларының әндерін орындады.
Жамал Омарова, Қали Байжанов, ­Манарбек Ержанов, Рақия Қойшыбаева, Кенен Әзірбаев, Мағауия Көшкінбаев сияқты өнерпаздардың әндерін тыңдап, олардан әнді тыңдарман жүрегіне жеткізе орындау шеберліктерін өз бетінше меңгерді. Ол кезде көп әндердің мәтіні жазылған кітаптар да, ән жинақтар да жоқ болатын. Бұның бәрін радиодан естіп, жаттап алатын еді. Құдай бір нәрсені кем қылып берсе, өзге бір жағынан қабілет пен қарымды аямай беретін сияқты ғой. Мәкеңнің естіп қабылдау қабілеті, жады өте мықты еді. Табиғи талантының арқасында талайларды тәнті етті. Жігерін жанып жүріп, өнерде көптің ықыласына бөленді. Халық әндерін көп орындады. Үнемі ізденісте жүріп, сазгерлік қырын жетілдірді.
«Радио – менің тағдырластарым үшін «үнгазет» деуге болады. Бізді қайрайтын, біздің жанымызды жанитын, ширататын осы радио болды» деп жазған еді Мәкен Әлиасқарұлы өзі туралы естеліктерінің бірінде. Өзі де автор ретінде Қазақ радиосында көп арнайы хабарлар жасады. Ол хабарлар күні бүгінге дейін Қазақ радиосының Алтын қорында сақтаулы, қаттаулы тұр. 70-тен артық әндер жазды.
Белді журналист ретінде де көп еңбек сіңірді. Еліміздің өнері мен мәдениеті туралы құнды материалдар жазып, елдің рухани өміріне белсене атсалысты. Мәкен Әлиасқарұлы жазушылық қырымен де танылған адам болатын. Соңында «Әнші-жүрек», «Замана зардабы» , «Сезім – тіршілік танысым» атты кітаптар жазып қалдырды. Қазақстан Республикасына еңбек сіңірген мәдениет қызметкері, Журналистер Одағының және Зағиптар қоғамының мүшесі болды.
Нәзік, сыршыл, сезімтал жүректің иесі қайсарлық пен табандылықтың үлгісін көрсеткен болмысы бөлек жан еді. Қиын­шылыққа, күреске толы өмір жолы қызықты да ғибратты болды. Талай жақ­­сымен сырлас, сыйлас, дәмдес болды. Шаңырағының шамшырағы, тағдыр­­дың тартқан сыйы – жары Бүбіжан анамыз екеуі ұлағатты ұл, тәрбиелі қыз өсіріп, ұрпақ қызығына бөленді. Үш қыз, бір ұлды ешкімнен кем қылмай, қатарына қосты. Балаларының бәрі жоғары білім алып, түрлі салада маман атанды. Екі қызғал­­дағы өзінің өмір бойғы арманы – жоғары музыкалық білім алды. Назгүлі бір кездері Нұрғиса Тілендиев ағамыздың қол ас­тында қызмет істеп, «Отырар сазы» ор­кестрінің белді қобызшысы болды. Ал Жа­нары бүгінгі таңда Қазақ радиосында му­зы­калық редактор болып қызмет атқарады.
Балалық шағында қос жанарынан айрылып, зағиптық өмірдің тауқыметін көрсе де тағдырдың сынына төтеп беріп, қиындықпен тайсалмай күресті. Оның өмірге деген құштарлығы біздің қай-қайсымызға да үлгі боларлық тағылым. Биыл туғанына 80 жыл толып отырған қажыр-қайраты мол өнер иесінің артына қалған мұрасы бүгінгі ұрпақтың санасынан өшпеуі тиіс. Қайта қанша қиыншылық көрсе де өмірге, өнерге деген құштарлығын жоғалпаған дарын иесінің өнегелі өмір жолын ұрпақ санасында жаң­ғыртып отыру – бүгінгі буынның парызы десек артық айтқандық емес болар.
Осы орайда Мәкен Әлиасқарұлының туғанына 80 жыл толуына орай кіндік қаны тамған Райымбек ауданынан мектеп немесе көше аты берілсе, ардақты тұл­ға­ның есімін мәңгі есте қалдыру жолында жа­салған өнегелі іс болар еді.

Жанар Оразымбет,
«Қазақ және Шалқар» радиосы
Алматы студиясының
жүргізуші-редакторы

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.