БӨРІ

«Біз жаңғыру жолында бабалардан мирас болып, қанымызға сіңген, бүгінде тамырымызда бүлкілдеп жатқан ізгі қасиеттерді қайта түлетуіміз керек».

Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ,
«Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласынан

Шел человек,
Шел степью долго-долго,
Куда? Зачем?
Нам это не узнать…
В густой лощине он увидел волка,
Верней – волчицу,
А вернее – мать.
Она лежала в зарослях полыни,
Откинув лапы и оскалив пасть,
Из горла перехваченного пылала
Толчками кровь,
Густая, словно грязь…

Олжас СҮЛЕЙМЕНОВ

Алтыдамын. Ондық шамның жары­ғымен үш апатайым дөңгелек жер үстелде сабақтарын оқып жатыр. Мен оқып тастағам. Ұршық зыр айналады. Анам жіп иіріп отыр. Басым тізесінде. Ылғи осылай ұйық­тай­тынмын. Батырлар жырын, қиссаларды жатқа айтатын. Күнде тыңдай берген соң, жалығып кеттім.
– Тәте, ауылға кино қашан келеді? Ішім пысып кетті, – дедім.
– Айына бір келеді ғой, құлыным. Басқа әңгіме, әжең туралы айтайын, – деді.
…Анамның әкесі Ысқақ жолаушылап кетіпті. Үйде өңкей бала-шаға. Бас көтерер ешкім жоқ. Қораға төбені тырмалап тесіп, қасқыр түскен. Бөрі бәрін біледі. Еркек кіндіктің ересегі жоғын. Менің анам онда, ағасы Сүлеймен он үште болса керек. Содан әжем Ғалия бақырға шоқ салып, қораға барады. Бөрі оттан сескенсе керек, қораға түскен жерінен жанұшырып қашады. Әжем құйрығынан шап беріпті. Жан беру оңай ма? Қасқыр қайырылып келіп, төсін талап жатқанда бақырмен тұмсығынан тартып жіберіпті. Бөрі сұлап түсіпті. Әжем қан-жоса. Он жастағы шешемде ес жоқ. Әжем Қаракесектің Шор бұтағынан тарайтын Құттыбай екенін Тұрсын апайымнан сұрап алдым. Ірі жаратылған, әлді, сұсты адам болса керек. Көп ұзамай әжем көз жұмыпты. Қасқырдың тісі тиген адам ұшынады дейді. Соған қосымша дәлел. Өз көзіммен көрдім. Аққораның жылқысы түнде өріске шығады. Күндіз бие сауылады ғой. Біздің үйдің жалғыз қарагер биесі таң ата қасқа құлынын ертіп қораға келді. Құлынның санынан қан саулап тұр. Қасқыр жұлып алған. Дірілдеп тұр. Тәрізі үйірдің айғыры арашалап қалса керек. Әкем көрді де сирақтарын байлап, бауыздап тастады. Мен безіп кеттім. Қарагер бие шұрқырап тұр. Сөйтіп, осы ғұмырымда құлын етін тұңғыш рет жеген едім. Амалсыздан.
Қыс. Ауылда – омыртқа. Әкем жанынан қалдырмайды. Алты ма, жетінші ма класта оқитын кезім. Ет желінеді, шай ішіледі, арақ ішілмейді. Жіліктің бірін мен мұжимын. Әңгіме. Құдай құлақ берген соң, тыңдайсың.
…Біздің ауылдың тоқты-торымына бір шолақ қасқыр жаудай тиіпті. Ұққаным – Қызыларай жақтан дейді. Бөрінің бөлтіріктерін біздің ауыл жақтың бір аңшысы қырып салыпты.
Миым жете қоймады. Қасқырдың маңдайында қай ауылдыкі деген мөр жоқ қой, деп. Түз тағысы ғой… Содан ақса­қалдар пәтуаласты. Ат жаратып, сойыл сайлауға.
Әкем: «Ат ертте» деді. Есік пен төрдей күрең төрт тұяғын тең басып, ұшайын деп тұрған пырақтай пысқырынып тұр екен. Бір аяғына неміс оғы тиіп, сәл сылтитын әкемді демеп жібердім. Аяғында – саптама, үстінде – қасқыр ішік, басында – түлкі тымақ. Сойылын әпердім. Тақымына қысты да, тарта жөнелді. Төртеу ме, бесеу ме, есімде жоқ. Жосылтып барады әкелеріміз.
Бір жұмадан кейін бәрі оралды. Аңшылардың әңгімесі. Шолақ қасқырды тауға жолатпай Дәмбұланның жазығына қаумалап салады. Омбы қарға. Қасқыр болдырады. Әлді аттағылар төніп келгенде бөрі жанұшырып қарсы атылады. Тұмсыққа қайың сойыл сарт ете қалады.
Шолақ қасқыр солай жан тапсырыпты.

***

Осы өмірімде тірі қасқырды үш-ақ рет көрдім. Екеуі қамауда екен. Бірі – Алматы зоопаркінде, екіншісі – Жанбөбекте. Бұрынғы Теңіз ауданы, қазіргі Нұра ауданында. Қапаста тұрса да қасқайып тұр екен екеуі де. Жүні жығылмаған. Азуын ақситады. Көздеріне жанарымды тоқтатып, қарай алмадым. Арқамды сұп-суық леп қарып өткендей болды.
Үшінші рет еркін далада, осы Қарқаралының Темірші тауының етегінде көрдім. «Орталықта» ауыл шаруашылық бөлімінің жап-жас меңге­рушісімін. Редакторым болған Рымқұл Сүлей­менов ол кезде Қазақстан Компартиясының «Социалистік Қазақстан» (қазір «Егемен Қазақ­стан») газетінің облысымыздағы меншікті тілшісі. Қызмет орны Рыкеңді емес, Рыкең қызмет орнын көтеріп тұрған. Бедел, абырой бір басына жетеді. Ақселеу ағамның жан досы. Іссапарға ылғи мені сұрап алады. Жағам – жайлауда. Көпейіп қалам. Рыкеңнің тақымында есік пен төрдей «Волга». Әлде бір шаруамен сонау қияндағы «Еңбек» совхозына сапарладық. Кітап, газет оқитын совхоз директоры Жұмажан Қасымовты іздеп келеміз. Ол тұста шаруабасты шаруашылық басшыларының көбі оқымайды. Ілу де шалу болмаса. Оның үстіне Ж.Қасымов Алаш арыстарының бірі – атақты Ақбайдың Жақыбының жақын туысы. Қарағаш бөлімшесінде тұратын Берік жездемді жолбасшылыққа алып, Темірші тауының етегіне салынған ойқы-шойқы көтерме жолмен совхоз орталығына келе жатырмыз. Тас Темірші атанған тау жақпар тасты. Атпен түгілі, жаяу әзер шығасың. Сол таудағы бір сайдан қара ноқат көзге ілінді. Аппақ қарда бірте-бірте зорайып барады. Мен «ит» дедім, жездем «қасқыр» деді. Тайыншадай дәу арлан екен. Көтерме жолды кесіп өтпек. Гүрілдеп ағып келе жатқан техникаңызды елең етер емес. Алдымызды кесіп өтуге шақ қалды. Бәріміздің ықылым заманнан келе жатқан аңшылық инстинктіміз атой салды. Тіпті Рымқұл ағамның да делебесі қозып, шоферіне «бас газды» деп айғайлап жіберді. Әккі қасқыр екен. Жол жиегіне келгенде кілт тұра қалды. Біз екпіндеп өте шығып, тұра қалдық. Түсе-түсе қалып қарасақ, қасқыр әудем жерге барып шоқиып отыр. Ту сыртымыздан өте шығыпты. Қолымызда мылтық түгілі монтировка жоқ. Тас лақтырдық. Бөрі сәл отырды да, тісін ақситып, Татан жаққа қарай жосылта жөнелді. Маған қасқыр бізді келекелеп, мазақтап бара жатқандай көрінді.
– Қасқыр ақылды. Теміршінің биігіне шығып алып, баспалап қарап жатады. Шашау шыққан тоқты-торым, бұзау-торпақты аңдиды, – деп түсіндіріп жатыр Берік.
Қасқырдың ақылы, айласы, жанкеш­тілігі туралы айта берсең, қағаз жетпейді. Бәрі интернетте сайрап тұр. Сонда айтылмаған бірер қасиеті және адам мен тағының қарым-қатынасы – тілге тиек. Баяғының аңшылары қасқырдың апанынан бөлтіріктерін алғанда, түгел қырып салмаған. Бір бөлтірігін тірі тастап кетеді екен. Арланы да, қаншығы да соған алданып, сол аңшының ауылына жауықпайды екен. Бүкіл аң атаулының ішінде қасқыр ғана бөлтірігін жұп болып өсіреді. Аң патшасы дейтін арыстанның еркегі өз күшігін жеп қояды. Қасқыр адамнан да ақылды ма деп ойлайсың. Бүгінгі алименттен қашып жүрген «мігіттеріңнен» бөлтірігін тастамайтын арландар артық емес пе?!
Қазақта «абадан» деген сөз бар. Қас­қырға арналған. Неге абадан? Қасқырдың да қасқыры болады екен. «Абаданның Құртқасы бүкіл ғұмырында бір-ақ рет күшіктейді» деп отыратын үлкендер. Бала күнімде мән бермеппін. Яғни абадан қасқырдың «патшасы» деп теңеуге болатын шығар.
Аңшы емеспін, бірақ аңшының баласы болған соң, осы төңіректегі әңгімелерге құлағым түрік жүреді. Әлеуметтік желіде қаптаған аңшы. Бәрі – керемет. Қол­дарында оптикалық мылтық, тақым­дарында не тікұшақ, не аэрошана. Қасқырларды қынадай қырып, кірпіштей қалап, суретке түскендеріне мәз. Қасқыр алған «батырлар». Осы «батырлар» қасқырмен мылтықсыз жекпе-жекке шыға ала ма? Әй, қайдам!
Бұрын қазақ аңшылары қасқырды атпен соғып алған немесе қақпанмен ұстаған. Өнері асқандары тазылармен, бүркітпен аулаған. Оның өзінде тазының тазысы ғана батылы жетіп, қасқырға шаба алған. Жалғыз-жарым емес, екеулеп, үшеулеп барып қасқырды жеңе алған. Ал бүркіттің бүркіті ғана қасқырға түсе алады. Ақселеу ағамның бір отырыста айтқан әңгімесі ойға оралып отырғаны. «Аспаннан сорғалап келіп «сегіз семсерін» (Абай) қасқырдың басы мен бөксесіне салғанда бөрі тырп ете алмайды екен. Қыранның тырнағының, уысының әлділігі сонша, қасқырдың бас сүйегін тесіп өтіп, бөріні екі бүктеп, омыртқасын опырып жібереді» деп әңгімелейтін Ақаң. Абай атамыз: «Біреуі – көк, біреуі – жер тағысы, Адам үшін батысып қызыл қанға» деп суреттейтін сәт.
Зады, қасқырдың қасиетін ұғыну үшін ұлы Мұхтар Әуезовтің «Көксерегін» және Джек Лондонның «Ақ азуын» оқысаңыз, жетіп жатыр.
Алла тағала құрт-құмырсқа, шыбын-шіркейге шейін жаратқанда қасқырға мейірі түскен бе деп ойға шомасың. «Иттің иесі болса, бөрінің Тәңірісі бар» деп қазақ бекер айтпаған шығар. Соған бірер дәлел. Ресей сатып жіберген Аляскада американдар бұғыларды жей береді деген сылтаумен қасқырларды түк қалдырмай қырып тастапты. Содан бұғы қаптап, бықып кетіпті. Жерде шөп, ағашта жапырақ қалмаған. Табиғат аза бастаған. Шаралары таусылған атқамінерлер осы саланың ғалымдарына жүгінуге мәжбүр болады. «Қасқыр өсіріңдер» деп кеңес беріпті ғалымдар. АҚШ Канададан қасқыр сатып алып, бұл тығырықтан шығыпты. Дәл қазір Франция қасқыр өсіруге бетбұрыс жасағанын интернеттен оқыдым. Интернеттен тағы бір дерек. Дүниежүзінде қызыл кітапқа қасқыр бірінші болып енгізіліпті. Әр жағын тәптіштеу қажет емес шығар.

***

Тарихқа бір иығымды беріп тұрам. Мектепте, университетте оқығанда дүниежүзінде алғаш бір ғана империя бар деп ұғыппыз. Әрине, Рим империясы. Кейін барып оқыдым. Сол кезеңде одан да зор империя болыпты. Ол – Көк Түрік империясы. Бізге оны оқытпады. Л.Гумилев бас­таған әділ ғалымдардың еңбектерінде тайға таңба басқандай жазылған мұның бәрі.
Ең қызығы, осы екі империяның тотемдері – қасқыр. Аңыздары да егіз қозыдай. Аңызда Римнің негізін Ромул мен Рем салған. Ромул – тұңғыш патшасы. Екеуін қасқырдың құртқасы (қаншығы) емізіп тәрбиелеген. Біздің дәуірімізге дейінгі 753 жыл деп болжайды Батыс ғалымдары. Қасқыр еміп жатқан қос баланың мүсіні Цицерон ғұмыр кешкен кезде қоладан құйылып, бүгінгі Римнің төрінде тұр. 1960 жылғы Рим олимпиадасының эмблемасы осы қасқыр болған.
Алтай тауынан тарайтын көк түркінің атасы Ашинаны да біздің дәуірде 439 жылы үңгірде қасқыр емізіп, тәрбиелеген деген аңыз бар (Л.Гумилев «Көне түріктер» Алматы. Білім баспасы. 22-бет). Л.Гумилев «Ашин» Қасқыр, бөрі деген сөз, «Ашин – дегдар бөрі» деп жазады осы еңбегінде. Сүйінбай атамыз «Бөрілі менің байрағым» деп тегіннен-тегін жырламайды ғой. Осының бәрін ойға орап, пайымға пайдалану әркімнің ісі. Ендеше Олжас ағатайымның «Волчата» өлеңінің (О.Сүлейменов. «Волчата». «Определение берег». 48-бет. Алматы. «Жазушы». 1976 ж.) қорытындысымен нүкте қойдым.
…И человек пошел своей дорогой.
Куда? Зачем?
Нам это не узнать.
Он был волчатник,
Но волчат не тронул –
Волчат уже
Не защищала мать…

Мағауия СЕМБАЙ

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.