СӘУЛЕЛІ СӨЗ САРДАРЫ

Қазақ журналистикасында өзіндік орны бар белгілі қаламгер Бекболат Әдетов 81 жасында өмірден озды.
Бекболат ағамыз журналистика саласына тосыннан келген жоқ. Ол әдебиетке, жазу-сызуға жас кезінен-ақ құмар болды. Ақырында ҚазМУ-дің журналистика факультетін ойдағыдай бітіріп шықты. Алматы облыстық «Жетісу», Торғай облыстық «Торғай таңы» газеттерінде жемісті еңбек етті. Әсіресе республикалық «Социалистік Қазақстан» (қазіргі «Егемен Қазақстан») газетіндегі қызметтік жолдары қуатты қалам иесін қалың жұртшылыққа кеңінен танытты.
Бекең журналистика мен көркем әдебиетті қатар алып жүрді. Публи­цис­­тикалық дүниелерден басқа, «Бәй­шешек», «Алтынай», «Жердегі жұл­дыздар», «Іңкәр көңіл» секілді әңгіме­лер мен повестер жинақтарын өмірге әкелді.
Қаламгер шебер аудармашы болатын. Шетел классиктері Мигель Анхель Астуриас Росалистің «Жүгері адамдар», «Дауыл», «Көрдегілердің көздері», Драго Янгардың «Қашқын», Томас Манның «Будденбруктар», Э.Ремарктың «Аманат өмір», Генрих Белльдің «Катарина Болюмнің арынан айрылуы», «Балалық шақта жеген нан» атты шығармаларын туған халқының төлтумасындай тәржі­малай білді.
Әріптес ағамыз нағыз тіл жанашыры еді. Бұқаралық ақпарат құралдары мен көркем әдебиеттегі тілді қолданудағы өрескелдіктер туралы ашық та батыл жазды. Бай да кестелі тіліміздің өзіндік өрне­гінен, ұлттық бояуынан айрылып бара жатқанына өкініш білдірді. Жанашырлықпен, жаны аши айтылған бұл сын қалам иелерін ойлантып, олардың сөзді игерудегі жауапкершіліктерін арттыратыны анық.
«Мен, негізінен журналиспін. Осы күнге дейін бірдеңе жазсам, мақаламның соңына «журналист» деп жазамын» дейтін өз кәсібін ардақтай білген, болмысы бөлек, жаны жайсаң азаматтың есімі ешқашан ұмытылмақ емес.

«Қазақ газеттері» ЖШС және
Серіктестікке қарасты
басылымдардың еңбек ұжымдары

Тау мен далаға телі еді

…Сыйлас та, қимас, қаламдас та, қадамдас досыңнан айрылу қандай қиын десейші!
Тау мен даланың мейірімін тел ­емген перзент еді ол. Тал бойынан таудың тапжылмас табандылығы мен даланың таусылмас дарқандығы түгел табылатын. ­Тауда туғанмен далаға ғашық боп өскен. Сол сезім оны оқу бітірісімен асқарлы Алатау баурайына байыздатпай, бір қиырдағы Торғай даласына алып барды. Онда ол бір орысы болмаса да, жоғарыдағылардың әмірімен орысша, қазақша шығатын аудандық газетте қызмет істеп, екі тілде еркін жазатын дәрежеге жетті.
Торғайда біраз жыл жемісті еңбек етіп, қазақ баспасөзінің қара шаңы­рағы – «СҚ»-ға, яғни қазіргі «Егемен Қазақстанға» қарымды қаламгер, қабыр­ғалы қайраткер боп келіп, белді де беделді бір бөлімнің меңгерушілігіне бекітілді. Соның алдында ғана басты басылымға орынбасар болып, сенім артар серік іздеп, алакөңіл болып жүргенде көктен тілесе де қолға түспес әріптес табыла кетті. Бұ­рын астаналық облыстық «Жетісу» газе­тінде істегенімде аттай қалап қыз­метке өзім алғызған әріптесіммен шұр­қы­рай көріскенбіз. Содан бастап газет сын­ды тозбас бір терінің пұшпағын бірге илестік.
Жалпы Бекболат екеуміз бір шаңырақ­тың астында білек біріктіріп, тілек ұластырып жиырма жылдан астам еңбек еткен екенбіз. Біздің арақатына­сымыз басшы мен бағынышты емес, әмсе аға мен інінің арасындағыдай болды. Қысылғанда кеңесшім, қиналғанда көмекшім болды ол. Басылымның өзекті мәселелері, көтерер тақырыптары жайын­да көбіне сонымен ақылдасушы едім. Тіпті өз жазғандарымды да соны ала отырып оқып, баспаханаға содан соң ғана жіберетінмін. Содан ба екен, екеуміздің жазу мәнеріміз де, ой өрнегіміз де кейде бір-біріне ұқсап та кеткен.
Асылы ол іске адал, сөзге берік азамат болатын. Сонысы үшін оған мен өзіміздей сендім, інімдей жақсы көрдім. Оны өз атымен атамай, еркелетіп көбінесе «Бекай» деуші едім. Өзі де былтыр сыйлаған соңғы кітабына «Өзіңіздің Бекайыңыз» деп жазыпты.
Бақұл бол, Бекай! Иманың жолдас болсын!

Сарбас Ақтаев

Төрелік сөз айта алатын

Бекболат Әдетов коммунистік партияның үстемдік құрған уағында өмір сүрген, идеологиясына қанық, соған қарамастан қазақ халқының ұлттық дәстүрін, ұлттық ой-мақсатын жақсы білген адам еді. Бұл кісі білімдарлығымен қоса, ұлтының жөргектен сіңген қасиетті ұғымдарын өзімен бірге алып жүрді. Алла Тағаланың жазуы, дәмі таусылды деге­німізбен, қазақ тілінің құдіретін жүре­гімен сезініп, дүңшелерге әрдайым шала бүлініп, төрелік сөз айта алатын ұлы азамат еді.
Ол орыс тілін өте жақсы меңгерген, аудармашылық жағынан үздіктер қатарында жүретін. Орысшаға аударғанда қазақ тілінің ерекшелігіне баса мән беріп, ұлттық бояуын жоғалтпай, ана тілімізде сөйлете алатын шеберлігі бар еді. Бұл өте сирек кездесетін жағдай.
Бірде газет шығып жатқан күні, түнгі сағат үште Парижден Олжас Сүлей­менов хабарласып, Қонаев туралы мақаласына бір азатжол қосу керек екенін айтты. Қазір нақты қай сөз екенін ұмытыңқырап тұрмын, біздің түсінігімізге келе қоймайтын күрделі сөз тіркесін түн ішінде Бекболат Әдетовті оятып, телефон арқылы аударттық. Ертесінде түркі дүниесінің білгірі Олжас Сүлейменовтің өзі таңғалып, кім аударғанын сұрады. Сондай аудар­машылық қасиеті бар адам өзін насихаттау­ды ұната қоймайтын. Соншама білімін, кісілігін, адамгершілігін ешқашан біреуге бұлдамайтын. Сондай ерекше адамнан айрылдық. Уақыт солай болды. Ол кісінің бойындағы барлық үлгі өзге­лерімізге жұғысты болсын деп тілеймін.

Жұмабай Шаштайұлы

Руханият әлемі ойсырап қалды

Бекболат Әбүйірұлы қазақ сөз өнерінің, ұлттық журналистика­ның талантты, талғамды, тағылымды тұлғасы еді. Ол бес байлықты толық меңгерген әмбебап азамат болатын: Сөз байлығы. Қазақ сөзінің барша ажары мен базарын, сыры мен сымбатын, құны мен қымбатын таңдайына татып бағалаған баxадүр еді. Өнер байлығы. Ұлтымыздың ұлы қазынасы ән өнерін барынша терең, нәзік әрі сәні мен мәнін жан-жақты ашатын қасиеті бар еді. Өзі де домбыра шертіп xалық әндерін орындайтын. Ұстаздық ұлағаты. Жеріне тартып жатсынбай жақсы қаламгерлерді бауырына баса баулыды, үлгі көрсетті, үзеңгі жолдас етті. Салт-дәстүрді сақтау байлығы. Бұл тұрғыда Абайдың: «Ақсақалдар айтпады деп жүрмесін» деген сөзін бойтұмар етіп ұстанды. Мінез байлығы. Адамның ең ұлы байлығын тал бойына толық сіңірген тұлға болатын.
Бекеңнің қазасы руxаният әлемінің ортасын ойсыратып кеткен қаза. Жатқан жері жарық, иманы жолдас болсын! Жайың жайлы болсын, жайсаң аға, жарқын ұстаз.

Өтеген ОРАЛБАЙҰЛЫ

Сабырлы қалпынан танбайтын

Бекболат ағамен «Социалистік Қазақстанда» бірге қызмет істеген шуақты, сәулелі күндеріміз еске түсіп отырғаны. Ешқашан көкірегін кермейтін, сабырлы, қарапайым қалпынан айнымай, әзіл-қалжыңға келгенде аттың басын жіберіп, айналасын күлкіге қарық етіп, думанға бөлейтін. Әсіресе сол жылдары әңгіме айтса ауыздарынан алтын ақтарылатын, тауып айтқан сөздері, қалжыңдары бір қаралық әзілдері жарасқан қатарластары Ақселеу, Қойшығара, Совет, Тәжібай, Дәрібай ағалар редакцияның сәнін келтіріп, көрік беретін еді. Ағаның ұжымда беделінің жоғары болғаны ғой, басшылар да, әріптестері де ол кісімен санасатын әрі сауаттылығын, кәсібилігін, кәнігі аудармашылығын мойындайтын. Бірақ қазақ журналистикасының тарихында өз орны бар Бекболат ағаның сол мүмкіндігі, таланты кезінде бағалана қоймағаны өкінішті-ақ.
Мені еркелетіп «СҚ-ның қара қызы, даланың дара қызы» деуші еді. Өзіміз де зейнетке шығып, әже болсақ та, алдымыздағы ағаларымыздың біртін­деп келместің кемесіне мініп кете баруы, бағамызға жетіп, еркелететін үлкенде­ріміздің сирей түсуі көңілге қаяу түсіреді.
Зады, өлімнің өзі емес, үрейі күшті деп жатушы еді. Аға сол өлімді де, үрейді де сабырмен қарсы алды. Өзін алақанына салып күтіп, шығармашылық адамның жанын түсініп, жағдайын жасап, әрі жазған сызғанын компьютерге басып, реттеп көмекшісі, хатшысы болған Нүрипа әпкемізді өлікті жөнелтудің де оңайға түспейтінін ойлап: «Қорықпа жаным, бәрінің барып жатқан жері ғой. Барайын. Аурудан да шаршадым. Саған да, балаларға да ризамын. Одан да қолыңа қалам ал, кімге хабар бересің, сүйегіме кім түседі, қаралы жиынды кім басқарады – соны жазып ал» деп, құдды өзінің осыдан бір жыл бұрын өткен сексен жас тойына дайындалғандай бәрін ретімен айтады. Бұл да ағатайымыздың соңғы демі үзілгенше сол адами, сабырлы қалпынан айнымаған ақылын, парасатын білдірсе керек.
Иә, аға Сізді аты өшкір жаман ауру шаршатты. Қинады. Енді мәңгілік үйіңізге барып демалыңыз. Жер бесігіңіз жұмсақ болсын… Пейіште нұрыңыз шалқысын…

Гүлзейнеп СӘДІРҚЫЗЫ

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.