«Артыңда жақсы із қалсын…»

d0b1d0b0d0b9d0b6d0b0d0bd«Адам болып өмірге келдің бе – адамға лайық ісің болсын. Ата-анаңның, ел-жұртыңның үкілі үмітін ақта. Туыстарыңа, достарыңа, таныстарыңа, өзіңе ісі түскен адамға қолғабыс жаса, еліңе адал қызмет ет – әйтеуір дүниеге бекер келіп, бекер кетпе, ішіп-жеу үшін ғана жасама. Артыңда жақсы із қалсын, кейінгі ұрпақ, жұрағатың айта жүрер іс қалсын».
(Сапар Байжановтың «Өткеннен – мұрағат, өркенге – ұлағат» атты кітабынан).
«Артыңда жақсы із қалсын…» Бұл – Сапар атаның салиқалы ұстанымы, сарабдал дүниетанымы. Із деген не? Махмұд Қашқаридың ғақлиясымен түйіндесек: «Білінген із біреудің жүргенін білдіреді». Қарымды қаламгердің артында із емес-ау, тоғыз тарау тоғысқан тарам-тарам жол қалды. Ол – журналистік жол. Ол – ғалымдық жол. Ол – ұстаздық ұлағатты жол.
Сондай соқталы жолға түсуді мұрат тұтқан біз сияқты буыны бекімеген ботатірсек шәкірттер
Сапар атаның ізімен жүріп келеміз.

Сапар атаның туындыларын оқи отырып, өмірдегі ең жақын жандарыңмен сырласқандай боласың. Өз оқыр­манымен асқар тау әкедей, жақын құрбы, дос-жараныңдай сырласа алатын, жанды, жүректі тербететін ықыласы зор ырғақты күйге толы дүниеге кезігесің. Жазушылық орнын айтпағанда, адамгершілігі мен азаматтығы қазақтың әр баласына үлгі боларлық, журналистика саласында аты аңызға айналған редакторлығы – үлкен бір мектеп. Маңдайы жарқырап, маңғаздана басып, алдыңнан шыға келетіндей көрінеді… Замандастары мен әріптестері айрықша қасиеттерін бағалап, шынайы бет-бейнесін са­ғынышпен еске алады. Халқына адал ұлдың ел тағдырына қатысты тебірене толғаған дүниелерінің қай-қайсысы­нан да қазақтың дарынды ұлдарының бірі екенін аңғарасың. Телегей теңіз­дей тереңдігі мен майдан қыл суырған­дай майда мінезімен, замандастарына, әріптестеріне деген шексіз құрметі мен шығармашылық әлемі ұштасып жататынын көзі көргендердің бәрі жыраудай толғайды…
Көсемсөз серкесі – кешегі ас­қар таудай Алаш арыстарының бү­гінгі жалғасы бола білген қайрат­кер. Қаламгерлік қолтаңбасы өзіндік өр­негімен дара. Қазақ журна­лис­тикасының әрбір буынын жеке-жеке бағалайтын болсақ, сол кеңіс­тіктегі алар бағасы да өзгелерден өзгеше. Жүрегі қазағым деп соққан сегіз қырлы, бір сырлы Сапар ата бейнелеу өнерін де жан дүниесімен жіті түсінген.
Сапар Байжановты жақсы білетін жақындары, қоян-қолтық араласқан замандастары мен шәкірттері «жүре­гін ән тербеген жаны сұлу жан еді» дейді. Өмір бойы спортпен шұ­ғылданған. Бір басында адамға тән жақсы қасиеттер тоғысқанын биші­лік, әншілік қырларын көзі көрген­дер тамсана айтады. Болмысынан қарапайым, әріптестерінің арасында өзін басшы ретінде еш уақытта биік ұстамаған, қызметтестер арасында кіші­пейілділігімен, кеңпейілділігімен сыйлы болған. Сондай-ақ жаны сұлу ағамыздың жүрегін ылғи ән тербеп, жыр толғап жүрсе керек. Қолы қалт еткенде музыка әлеміне де терең бойлап, тебіреніп кетеді екен.
Танымдық, тағылымдық жағынан мәні зор еңбектерінде оқырманы­на ой салатын, айқын болашаққа жетелейтін айрықша сарыны бар жан еді. Жаны жаз, көңілі көктем, жүзінен ізгіліктің лебі ескен қаламгердің сырбаздығына тәнті болмасқа лаж да жоқ секілді. Асқар тау алыстаған са­йын биіктей беретініндей, уақыт өте келе көзі тірісінде байқай алмаған асыл қасиеттері жарқырай түсетіні шүбәсіз. Өлшеулі ғұмырында халқы­на барын берген еңбек иесі. Ұдайы жетекшілік қызметтер атқарған, ұжы­мындағы әр қызметкеріне әке­сін­­дей қамқорлық көрсетіп, олардың әлеуметтік жағдайларына да ерекше назар аударып отырған. Әсіресе, қаламы жүйрік, қабілетті жастардан қамқорлығын аямаған. Байыпты басшының қамқорлығына бөленіп, жұмысқа тұрып, отбасын құрғандар жақсылығын жер-көкке сыйғызбай мадақтап, көпшілікке үлгі етумен келеді. Әйтсе де табиғатынан қан­шалықты мейірімді болғанымен, не нәрсенің де нақты тәртіппен жасалуын қалаған. Өйткені өмірдегі кез келген құбылыстың белгілі бір қағидаларға бағынатынын жақсы білген.
Сапар атаның азғана қырларын айтып отырмын. Ал өнімді жұмыс бітірген өнегелі атаны көзі көрген за­ман­дастары, әріптестері мен шә­кірт­тері және жан жары Күләш Бей­сенбіқызы не дейді? Құлақ тү­рейікші.

Шериаздан ЕЛЕУКЕНОВ,
ҚР Мемлекеттiк сыйлығының лауреаты, филология ғылымда­рының докторы, профессор:
– Сапекеңнің арамыздан кеткені­не оншақты жыл болды. Бірсыпыра уақыт өтсе де, өз басым сол досымды күні бүгінге дейін жоқтаймын. Соңғы қырық жыл шамасында жұбымыз жазылмай жүрді. Қазақстан коммунис­­тік партиясының Орталық Комитетін­де қызметтес болдық. Сапекең өте еңбекқор, нағыз шығармашылық­тың адамы, өзінің стилі бар болатын. Оның жазғандарын оқып отырып бұрын кездестірмеген, білмейтін сөзді ұшыратып қалатынсың. Сөздік қоры өте бай болатын. Сапекеңмен бірге жүрген өмір деген ең сайранды бір белесім екен.

Әбілфайыз ЫДЫРЫСОВ,
филология ғылымдарының докторы, профессор, ҚР Мемлекеттiк сыйлығының лауреаты, профессор:
– Сонау 1955-1958 жыл аралығын­да Сапекеңмен бірге қызметтес болдым. Сол уақытта білгенім, Сапар табиғатынан, тумысынан қарымды журналист болатын. Ол – жиырмасын­шы ғасырдағы Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатовтардың жалғасы. Сапекең стилист болатын. Жасы менен кіші болса да, өзімнен үлкен санайтынмын. Тиянақты, екі сөйлемейтін, бірдеңені қайталамайтын, ұстамды, сыпайы, тіпті киім киісі, жүріс-тұрысы да өзіне ғана тән болатын. Өзінің мәнері – баяндауышты алдына, бас­тауышты соңына шығарып сөйлей­тін. Сапекеңді журналистер арасын­да қа­лай мақтасақ та мақтауға тұра­тын азамат.

Сайраш ӘБІШҚЫЗЫ,
«Қазақстан мектебі» журналының бас редакторы, Платиналы «Тарлан» сыйлығының иегері:
– Бүгін көп жылдар биігінен қараған уақытта Сапар аға көңілде қандай әсері мен қасиетімен қалды деп ойланасың. Ең алдымен, мейірімді жүзі көз алдыма елестейді. Ол кісінің бо­йына, жанына, қанына біткен қасие­ті –жүзінен мейірім сеуіп тұратын. Адамға, үлкенге, кішіге деген құрметі ерекше есімде сақталыпты. Үлкен-кішіге құрметі бірдей адамның алды кең болады екен. Өзің жас журналист болсаң да, қаламы қалыптасқан, жасы да ел ортасына келген ағалардың өзі де басшылардың алдына барғанда ойын ірікпей айту үшін басшының алды кең болғаны жақсы ғой. Келесі бір қасиеті – ағаның мынау көпшілік ортасында өзін ұстауы ерекше әсер ететін. Қазір басшы болса, осындай болсын дегенді жиі айтқым келеді. Көпшіліктің ішінде ол кісі ән айтатын, билеп кететін, әзілдесіп, күлдіріп, ашық-жарқын көңіл-күймен отыратын. Тіпті бастық екенмін деп қарап отырмайтын. Жары Күләш апай екеуінің сүйіп билейтін биі – танго еді. Оны көрген біз де билеп кеткіміз келетін. Бірақ білмейтін­біз. Ол кісінің жүріс-тұрысының өзі – үлкенге де, кішіге де үлгі алатын мектеп. Үшінші бір қасиеті, ұжымдағы әрбір қызметкердің әкесіндей еді. Ең бірінші өзіңнің үйіңнің болуы үлкен мәселе ғой. 1974 жылдың көктемі «Социалистік Қазақстан» газетінің ұжымы үшін қала ішінде үлкен бір көш болды. Бір көктемнің ішінде жазғытұрым он екі ме екен, одан да көп-ау деймін, пәтерді бір-ақ алдық қой. Мына кереметті қараңыз, қалай алдық дейсіз ғой?! Еңбегі еліне сіңген, ұл-қыздары өскен ағаларға Орталық Комитет арқылы пәтер бөлдірді. Сол үлкен кісілердің босаған пәтерін «Социалистік Қазақстан» газетінің қызметкерлері үшін қалдырды ғой. Үлкен кісілер жаңа үйлерге көшті, біз сияқты үйсіз, күйсіз жүрген жастар босаған пәтерлерді қоныстандық. Ол шынында қуанышты кезең еді. Міне, осыған Сапар аға үндемей жүріп, ақырын ғана, «мен сөйтіп айтып жатырмын-ау» деп жар салмай-ақ реттеді. Тіпті пәтер алатынымызды сол пәтер алатын күні ғана естідік.

Жұмабек КЕНЖАЛИН,
«Қазақ газеттері» ЖШС-ның Бас директоры – Редакторлар кеңесінің төрағасы, саяси ғылымдардың кандидаты:
– Қазақ журналистикасының та­рихында өткен ғасырдың 1970-80 жылдарында бір топ қоғам қайраткер­ле­рі, журналистер, бас редакторлар­дың есімдері жарқырай көрінді. Айталық, Камал Смайылов, Сейдахмет Бердіқұлов, Шерхан Мұртаза, Сапар Байжанов сынды ағаларымыз бүгінгі ұрпақ – жас толқын журналистердің есінде әлі де сақталады. Өйткені сол кезде, партиялық үстемдіктің тұсында газет-журнал шығару, сол уақытпен үндес болу, қызыл саясаттың кезінде халықтың, елдің мұңын айта алатын­дай мәселелерді көтере білу редак­торлық шеберлікті қажет ететін. Міне, осы тұста он жылдай «Социалис­тік Қазақстан» газетінде бас редактор болған Сапар Байжановтың орны ерек. Мен 1981 жылы Қазақ ұлттық университетін тәмамдағаннан кейін, Орталық Партия Комитетінің жолдамасымен «Социалистік Қазақ­стан» газетіне келдім. Қасиетті қарашаңы­рақ «Социалистік Қазақстан» га­зе­тінің табалдырығынан аттағанда ал­ғашқы дидарласқан кісім – бас редактор Сапар Байжанов еді. Аумағы атшаптырым редактор кабинетінің төрінде Сапар аға отыр екен. Алғашқы кездескен әсер де бөлек, «Социалистік Қазақстан» газеті бас редакторының алдына бару, оның қабылдауында болу университетті жаңа бітірген жас түлек журналист үшін үлкен жеңіспен тең және жүрек толқытарлық сәт­тер еді. Ол кісінің шығармашылығын халқына, ұрпағына қалдырған өшпес, өлмес мұралар деп есептеймін.

Жанат АХМАДИ,
Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, жазушы:
– О-о-о, ол ағамыз мінезге өте бай, тұлғасына қарай мінезі қалыптасқан, алаламайтын, әсіресе, өмірсүйгіш, биік өрелі гуманист жан болатын. Асқан бір ерекшелігі, алдына келген әлдекім болсын, соны жарылқау ниетінде болушы еді. Ұнаған адамы туралы қаламын ала жүгіретін. Мен өз басым Сапекең­ді мыңның орнына бағалаймын. Мен он жылдай Сапекеңнің қарамағында Мемлекеттік мұрағатта аға ғылыми қызметкер болдым. Алғаш барғанымда Мемлекеттік мұрағатта ылғи орысша оқыған қыздар жұмыс істейді екен. Ол кезде ауылдан шыққан, қаланың қыр-сырын білмейтін, орыс тіліне шорқақ, бойдақ жігітпін. Сол уақытта тегін жататын орынға дейін өзі тауып беріп, сүйенішім болып жүрді. Кейіннен осы кісінің көмегімен отбасын құрдым. Күні бүгінге дейін әкемдей ағамды жүрегім сыздап сағынамын.

Көпен ӘМІР-БЕК,
Президент гранты мен Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, сықақшы-журналист:
– Әлем әдебиетінің классигі, Нобель сыйлығының лауреаты, әйгілі Бернард Шоудың «Журналист – бәрін білетін, бірақ бәрін шала-шарпы білетін мамандық» деген тұжырымына онша келіспеймін. Өйткені Сапар Байжанов секілді жолға түскен жорғадай журналист, зейінді де зерделі ғалым-жазушының түптен қозғаған түйінді сөздері мен шығармаларына қарап, «Әй, осы Бернард Шоу біздің Сапар ағамен бір рет сырласпады-ау. Құрығанда, бие сауым уақыт пікірлессе ғой, өйтіп айтпас еді» деп іштей ойлайтынмын. Расында да, біздің Сапекең бәрін де жақсы білетін журналист еді.
Өмірбаянына үңілсек, үшінші курс студент кезінен «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас Алаш») газетінде қатардағы тілші болып жұмысқа тұ­рып, редактордың орынбасарлығына дейін көтеріледі. «Мәдениет және тұрмыс» журналында бас редактор болып біраз жыл қызмет атқарады да, Орталық Партия Комитетіне жауапты қызметке шақырылады. Қай жағынан болса да ауқымды азамат екенін байқаған «жоғарыдағылар» Сапекеңді «Социалистік Қазақстан» (қазіргі «Егемен Қазақстан») газетіне бас редактор етіп жібереді. Міне, ол кісінің гүл ашқан шағы осы жылдар болатын. Әсіресе, жастардың басынан сипап, баулығанын білеміз. Мысалы, көп шәкірттерінің бірі, танымал журналист Қайнар Олжай, Абдолла Сүлеймен, Дәуітәлі Ме­деев студент кездерінде «Социалистік Қазақстан» газетінде өндірістік тә­жірибеден өткен. Сонда Сапекең қауырт жұмыстарын жинап қойып, әрқайсысына бір жарым сағаттай уақыт бөліп, журналистиканың қыр-сырын әңгімелейді. Сосын «Са­бақтан кешігіп қалмаңдар» деп, өзінің «Волгасымен» университетке жеткізіп тастайды екен. Ол заманда «Волгаға» міну таққа отырғанмен пара-пар еді ғой. Үш студент «Арбаға мініп-түсу таңсық емес. Шіркін-ай, Сапар Байжановтың «Волгасынан» түскенімізді ешкім көрмеді-ау!» деп масаттаныпты. Міне, қа­рапайымдылық!
Жалпы, журналистика тарихында аты қалған ағамыз көзі тірісінде жиырмаға жуық кітап жазған. Оның үшеуі – ғұламалық-ғылыми кітап. Ғұ­мырының соңғы жылдарында Қазақ КСР Министрлер Кеңесі жанындағы Бас Архив басқармасының бастығы болды. Сол жылдарда жазған «Алаш арыстары», «Абайға қатысты архивті деректер», «Қажыға барған қазақтар» деген ғылыми-зерттеу кітабының әрқайсысы – докторлық диссертация. Бірақ Сапар Байжанов арзан атақ, дәмі жоқ дәреже қуған жоқ. Алаштың абыройын ойлады.
Отызға толған шағымда «Социа­листік Қазақстанның» сол кездегі жауапты хатшысы Кеңес Юсупов «Сені Сапар Байжанов жұмысқа шақырып жатыр. Келесің бе?» деп телефон шалды. Ойландым. «Ойпырым-ай, ол кісі мені танымайды, білмейді. Кездес­кен жерде бас изеп амандасқанымыз болмаса ешқандай араласым жоқ деп таңырқадым да, «Е-е-е, менің жазған-сызғанымды оқиды екен ғой» деп қуанып, түс көргендей жақсылыққа жорыдым. Мен сол сексенінші жылдары ғылыми-көпшілік «Білім және еңбек» журналының жауапты хатшысы едім. «Кресломды» қимадым. «Ответсекретарьдан төмендеп, әдеби қызметкер болам ба?» деп онша құлық танытпадым. Сол пендешілігіме осы күнге дейін өкінемін. Сапар ағаның сапында жүрсем, кім біледі, бұдан да гөрі жинақы болар ма ем…

Күләш БЕЙСЕНБІҚЫЗЫ,
Сапар Байжановтың жары, Қазақстан Республикасына еңбек сіңірген қызметкер:
– Ол кісі барынша еңбекқор адам еді, үнемі жауапты қызметте болғандықтан қолы көп тие бермейтін. Демалыс күні бастаған шығармашылық жұмысының жал­ғасын келесі демалыста бір-ақ аяқ­тайтын. Арада ойлар үзіліп қалса да, өте қабілетті кісі, осылай жеке шы­ғармашылығын жалғастырып оты­ратын. Ал демалғанда достарының арасында ән айтып, би билеп, көңілді болуға тырысатын. Сонда мен демалып отыр ғой деп есептейтінмін. Ауылдан да туыстар келіп, көмек сұрап жататын. Егер бір жігіттің жақсы бір ойы бар мақаласын оқыса, ол қай жердің жігіті, ол кім, мінез-құлқы қандай дегенге қарамайды. Өзіндік ойы бар, қаламы жүйрік деп қамқорлық жасайтын. Үстінен жас­тарды жинап жатыр деген арыздар түсіп жатқанына қарамай, он бес облыстан жазу стилі көңілінен шыққан жігіттерді редакцияға шақырды. Мысалы, Ақселеу Сейдімбек айтатын: «Сапар Байжанов шақырғанда төрт бөлмелі үйімді тастап келдім» деп. Одан жаман болған жоқ. Алматының аясынан төрт бөлмелі үй алды, ғылымын дамытты, халқына белгілі болды.
Шығармашылық жағынан із­ден­гіш болатын. Жақсы нәрсені, адамның ойына ой салатын, көңілде қалатын эпизодтарды түртіп алатын. Үлкен кісілермен әңгімелесіп отырғанда олардың аузынан шыққан мақал-мәтелдерді дереу жазып алатын. Өзім де таңғаламын. Соншама уақыты болмай жүріп, қаншама еңбек қалдырды. Жиырма екі кітап қалдыру жанкешті жұмыс қой. Денсаулыққа әсер еткен де осы ма деп ойлаймын кейде. Мылтық атылатын киноны қарамай, тұрып кететін. Біреудің сыртынан жамандау, жағымпаздану, өтірікшілік, аярлық сияқты жағымсыз жат қылықтарды ұнатпайтын. Жан дүниесі керемет адам болатын. Адам­дарға иегінің астынан қарау деген ол кісіге жат болатын. «Әрбір адам бір-бір тұлға, әрқайсысын Алла жаратты, бәрінің де бақытты болуға құқы бар, ешкімді кемітіп, қорламау керек» деп отыратын. Қалжыңдаған күннің өзінде біреудің кеміс жерін айтып, кемсітуді құптамайтын. Әзілдің өзі көңіл көтеретін орынды болу керек деуші еді. Қарапайымдылығы сондай көшеде сүт сататын адамды көріп қал­са немесе көше сыпыратын қарапа­йым жұмысшыны көріп қалса, қолын алып, амандасып, хал-жағдайларын сұрап әңгімелесетін. Қанша жоғары қызметте жүрсе де, «мен халықтан төменмін» дейтін. Сапекең өмірден озғаннан кейін жаңағы дүңгіршекте газет сататын сатушыға дейін менен сұрайтын. Өте ықтиятты, тәртіппен жүретін. Балалардың әрқайсысына күнделік бастатып, уақыт кесте­сін құрғызып, таңертеңнен ұйықтар­ға дейін не істейтінін жазғызып қоятын. Бұл балаларды реттілікке, жауапкершілікке үйретудің бір әдісі болу керек. Кейде баланың аты бала ғой, ойнап, уақытында тындыратын шаруасын бітірмей, уақытын асырып алса, үш күндей ойнауға бармай­сың деген сияқты әдіс қолданатын. Осының әсері болу керек, балалардың дұрыс азаматтар болып өсуі. Мен ол кісіні пір тұтып сыйладым, жас айырмашылығымыз да жеті-сегіз жас болатын. Сапекеңнің өзін ұстауы, мәдениеттілігі, адамгершілігі мені де тәрбиеледі.

ТҮЙІН:

Сапар Байжановты теңізге теңесек, мен сол толқынды теңіздің жағалауына енді ғана беттеген саяхатшы сияқтымын. Егер Сапар атаны заңғар тауға баласақ, мен сол таудың шыңына қарап, етегінде тұрған альпинистпін. Сапар ата шуақты күн болса, мен оның нұрынан өн бойыма нәр ала бастаған гүл тәріздімін. Сапар атаны саялы бәйтерекке балар болсам, мен аптап ыстықта сол зәулім ағашты көлеңкелеген жолаушы тәріздімін. Сапар ата өнегелі кітап болса, мен «Әліппедегі» әріптерді енді ғана оқып, тілін сындырған бірінші сынып оқушысындаймын.

Қымбат АТАҒҰЛОВА

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.