Ғылымдағы ғибратты жол

Әрбір оқу орнының жетістігі – шәкірттерге беріліп жатқан сапалы біліммен өлшенері хақ. Бұл ретте ұлағатты ұстаздардың еселі еңбегін де назарсыз қалдыруға болмас. Мәселен, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті әлемдегі ең үздік 800 университеттің арасында 220 орынға ие болып, QS «World University Rankings» халықаралық рейтингісінде тағы 16-орынға көтерілгені еліміз үшін қуанышты жайт болса, бұл да аталған оқу орнында қызмет етіп жүрген ғалымдар мен ұстаздар қауымы еңбегінің көрсеткіші екені сөзсіз. 

Химия ғылымының докторы, профессор Айман ­Шалдыбаева жөнінде сөз қозғайтын болсақ, ең алдымен, осындай дәрежеге тынымсыз ізденісінің, талап­шылдығының арқасында қол жеткізгенін айтар едік. Ол жемісті еңбек жолында ғалым ретінде қалыптасудың көптеген сатыларынан өтті. 1967 жылы С.М.Киров атындағы ҚазМУ-дың аспирантурасын тамамдаған соң, химиядан кандидаттық, одан кейін докторлық диссертацияларын қорғады. Химия дейтін күрделі саланы біліктілікпен меңгеріп, 1998 жылы профессор дәрежесі берілді. Ұзақ жылдар бойы ҚазҰУ-дың химия факультетінің бірқатар ­кафедраларында инженер, аға ғылыми қызметкер, доцент ретінде қызмет етті.
«Оқу – инемен құдық қазған­дай» деп халқымыз тегін айтпаса керек. Демек, ғылым мен білім жолында шығармашылық жетістіктерге жете жүріп, басшылық қызметті атқару да адамға көп жауапкершілік жүктейтіні белгілі. А.Шалдыбаеваның әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дан бөлек Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетінде кафедра мең­герушісі болып қызмет етіп келгені де тұлғаның біліктілігіне деген зор сенім деп айтуға болады. 2002 жылдың қыркүйек айынан қара шаңырақ – ҚазҰУ-на оралып, аналитикалық, коллоидтық химия және сирек элементтер технологиясы кафедрасының профессоры болып қызметін жалғастырды.
Жоғарғы білімді педагог арнайы курстар бойынша қазақ және орыс тілдерінде дәріс оқып, зертханалық жұмыстар жүргізді. ­Бакалавриатта «аналитикалық химия» жалпы курсы бойынша дәріс оқып, зерханалық сабақтар өткізді. Ал докторантурада бірнеше элективті пәндерден дәріс және тәжірибелік жұмыстар өткізді. 10-нан астам оқу-әдістемелік құралдарын жазды. Әрбір ғалымның байлығы – оның төл туындылары, қолынан шыққан еңбектері екені айтпасақ та түсінікті. Бұл орайда А.Шалдыбаеваның 120-дан астам ғылыми-әдістемелік мақалалары республикалық және халықаралық басылым беттерінде жарық көріп, әріптестері тарапынан лайықты бағасын алды. Ғалымның жетекшілігімен шәкірттері кандидаттық диссертацияларын сәтті қорғады. Аталған жұмыстар әр жылдары ҚазКСР Ғылым академиясының, ҚазКСР Ұлттық академиясының жоспарларына енген бағдарлама­ларға сәйкес орындалды. 2006-2008 жылдары 14 ғылыми-зерттеу жұмыстары жарық көрді, 2005-2008 жылдары оның жетекшілік етуімен 2 кандидаттық диссертация қорғалды.
Бүгінде мерейлі жетпіс жасқа толып отырған Айман Мағзұмқызының бойына ана сүтімен, әке қанымен берілген тектілік, қарапайымдылық, адамгершілік тәрізді қасиеттер молынан ұшырасады. Замандастары, әріптестері арасында сыйлы, шәкірттері үшін ардақты тұлға.

А.МҰСАБЕКОВА,
Л.КҮДРЕЕВА

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.