«БОЗМҰНАРДАН» «БЕГЗАТ СӨЗГЕ» ДЕЙІН…

Әсел САРҚЫТ
«Ана тілі»

Қазақстан Жазушылар одағында белгілі жазушы Жәди Шәкенұлының алты бірдей кітабының тұсауы кесілді. Бұл кеште жазушының «Бозмұнар» романы, «Алтай алыптары», «Оспан батыр және Шығыс Түркістан мәселелері» атты зерттеу еңбектері, «Қытай қазақтарының әдебиеті» атты әдеби сын-зерттеулері, «Бегзат сөз» атты кітаптары оқырманға жол тартты. Сонымен бірге оқырмандар сұранысы бойынша «Қаралы көш» кітабы Ахмет Байтұрсынұлы үлгісіндегі төте жазумен қайта жарық көрді. 

Тұсаукесер рәсімін Жазушылар одағы басқармасы төрағасының орынбасары, ақын ­Бауыржан Жақып жүргізді. «Жұлдыз» журналының бас редакторы, ақын Ғалым Жайлыбай, жазушы Жанат Ахмади, әдебиеттанушы Темірхан Тебегенов, этнограф Болат ­Бопай, «Ер Жәнібек» халықаралық қорының президенті Жеңіс Түркия, Оспан батырдың немересі Өркен Нәбиұлы кітаптардың тұсауын кесіп, жылы лебізін білдірді.
– Жәди Шәкенұлы шығарма­шылығы арқылы қазақ тарихының, бізге, Қазақстан оқырмандарына, беймәлім тұстарын ашып көрсетіп келеді. Сондай-ақ Шығыс Түр­кістан, Шыңжаң қазақтарының әдеби сөздік қорындағы терең мағыналы сөздерді көбесін сөкпей сақтап, оқырманға жетікізді. Бүгінгі әдеби айналымға еніп отырған романдарында да осы қазақ сөзінің қаймағы бұзылмаған бұрынғы ата-бабалық үлкен оралымдарын қолданумен ерекшеленеді, – деді Т.Тебегенов.
Ал Жәди Шәкенұлы болса, Қытайдағы бес миллион қазақтың әдебиетін, мәдениетін, руханиятын атамекенге жеткізу үлкен жүк екенін айтты.
– Біз сол жүкті жеңілдетуге қарлығаштың қанатымен су сепкендей аз да болса үлес қос­қымыз келді. Мысалы, Оспан батырдың 120 жылдығына орай жарық көрген «Оспан батыр және Шығыс Түркістан мә­селелері» деген еңбегімде Шың­жаңда болған үлкен-үлкен күрестер туралы, сондағы Оспан ба­тырдың қайраткерлігі жөнінде баяндауға тырыстым. Ал «Қытай қазақтарының әдебиеті» кітабымда арғы беттегі ағайынның жоғалуға таяу қалған әдеби мәселесі сөз болады. Елбасымыз «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында: «Төл тарихын білетін, бағалайтын және мақтан ететін халықтың болашағы зор болады деп сенемін. Өткенін мақтан тұтып, бүгінін нақты бағалай білу және болашаққа оң көзқарас таныту – еліміздің табысты болуының кепілі дегеніміз осы» деп айтады. Сол тұрғыдан келгенде тарихымызды, төл мұра­тымызды ұрпақтың санасына тереңдей сіңіру осы буынның борышы деп есептейтін болсақ, шеттен келген қаламгер ағайын сол мақсатта шама-шарқынша еңбек етіп жатыр, – деді ол.
Айта кетейік, қаламгер Жәди Шәкенұлы 1967 жылы Қытай аумағына қарасты Өр Алтайда дүниеге келген. 1997 жылы Атажұртқа оралған соң «Шалқар», «Қазақ әдебиеті», «Жас қазақ үні» газеттерінде жауапты қызметтер атқара жүріп, «Бір уыс сәуле» прозалық, «Жүрек неге жылайды» әңгімелер жинағы, балалар әдебиеті тақырыбында «Ақ балапан», «Арманшыл бала» кітаптары жарық көрді. Ал елінің азаттығы үшін арпалысқан Елісхан туралы «Қаралы көш» романы түркі тіліне аударылған.

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.