ТЕЛЕДИДАР САЯСАТЫ: БҮГІН ЖӘНЕ ЕРТЕҢ

Жуырда ҚР Ұлттық кітапханасында «Қазақ газеттері» ЖШС-нің жанынан құрылған «Наркескен» интеллектуалдық-пікірсайыс клубының кезекті отырысы өтті. Бұл жолғы әңгіме «Телеақпараттық саясат: бүгіні мен ертеңі» атты тақырып аясында өрбіді. Клуб отырысына еліміздің теле-радио саласында қызмет етіп жүрген тәжірибелі мамандар, тележурналистер, сондай-ақ бұл мәселеге бейжай қарай алмайтын қоғам қайраткерлері, ғалымдар қатысты. Кез келген мемлекеттің теле-ақпараттық саясаты сол елдің қоғамдық өмірінде, жалпы алдағы келешегін айқындауда үлкен рөл атқаратыны белгілі. Бұқаралық сипатқа ие отандық теле-радио саласына, эфир арқылы көрсетіліп, таратылып жүрген бағдарламалар мен олардың сапасына, тілі мен мазмұнына қатысты туындайтын түрлі сауалдар аз емес. Осы ретте дөңгелек үстелге қатысқан тележурналистер – Нұртілеу Иманғалиұлы, Ғалия Әженова, Қасым Аманжол, Гүлмира Әбіқай, Бақыт Жағыпарұлы, әдебиеттанушы ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессор Айгүл Ісмақова және т.б. мамандар тақырыпқа байланысты өз ойларын ортаға салды. ­Отырыс­ты Есенгүл Кәпқызы жүргізді.

ЖУРНАЛИСТИКА – ҚОҒАМДЫҚ ИНСТИТУТ РЕТІНДЕ ҚАЛЫПТАСА АЛДЫ МА?

Есенгүл КӘПҚЫЗЫ, модератор:
– Өздеріңізге белгілі, осы жолғы біздің талқылайтын тақырыбымыз – теле-ақпараттық саясат, оның бүгіні мен ертеңі. Соның ішінде тек қана ақпараттық саясат емес, телевизияның тілі, ақпараттың бағыт-бағдары, телеконтент, т.б. мәселелер. Бұл қазір бүкіл қоғамды алаңдатып отырған ауқымды мәселе. Неге? Өйткені мемлекеттің ақпараттық саясаты – демократияның бет-бейнесі деп айтамыз. Соңғы кезде телеарналарда ойын-сауық бағдарламалардың, түрлі шоулардың көбейіп кеткені рас. Бірақ бір өкінштісі, осындай шоулардың көрермені көп, рейтингілері де жоғары болып тұр. Көрерменнің деңгейі соған дейін түсіп кетті. Өздеріңізге қоятын алғашқы сұрақ: Қазіргі теле-ақпараттық саясаттың бет-бейнесін сіздер қалай көресіздер? Осы қалпымызбен кете берсек, журналистика дами ма?
Қасым АМАНЖОЛ, халықаралық «Азаттық» радио­сының Қазақ­стан­дағы өкілі:
– Менің ойымша, ең басты мәселе бұл – ақпаратты жеткізу. Ал ақпараттық саясат заманына сай дамып отырады. Бір кезде радионың дәурені жүрді. Одан соң кәдімгі желілік-толқынды телеарналардың дәуірі жүрді. Одан кейін кабельдік телеарналар келді. Енді интернеттің, интернет-телеарналардың заманы келді.
Шоу-бағдарламалардың рейтингі­лері жоғары болатын себебі – жеңіл тақырыптардың көрермені қашанда көп болады. Бұл әлемнің барлық елінде солай.
Ал енді бүгінгі теле-ақпараттық саясаттың мәселелеріне келетін болсақ, әсіресе Қазақстанда журналистика саяси-қоғамдық мәселелерді қалай талқылай алып жатыр, ол азаматтық-қоғамдық институт ретінде қалыптаса алды ма? Бұл өте маңызды мәселе деп ойлаймын. Журналистиканың негізгі тапсырыс берушісі – саясат болғандықтан мұның барлығы саясатқа тікелей қатысты. Мысалы, саясат бір жақты болса, журналистика да бір жақты болады. Оның ішінде телеарна да, барлығы біржақтылық сипатқа ие көшеді.
Қазір телеарналар арасында рейтингке талас науқаны жүріп жатыр. Бірақ ол рейтингтер көбіне-көп «чернуха» сипатындағы хабарлар арқылы, яғни «өлтіріп кетті, зорлап кетті» дегендей ақпараттар негізінде жиналуда. Мен халықаралық тәуелсіз ақпарат құралының, Қазақстанда азаматтық қоғам, ашық қоғам қалыптастыру үшін қалыптасқан Батыс баспасөз құралының өкілі ретінде айтарым, бізде коммерциялық мақсат болмағандықтан, рейтинг қуалау мақсаты болмағандықтан халықтың саяси журналистикаға, саяси тақырыптағы телеөнімге деген сұранысының еселеп, күн сайын өсіп бара жатқанының куәсімін. Бүгінде «Youtube» желісі негізгі платформаға айналып бара жатыр. «Фейсубк» те солай. «ВК» деген топтар бар. Олар аздап болса да дамып жатыр. Қазір әлеуметтік желінің заманы, сол жерде бұқаралық ақпарат құра­лының телеплатформасын ашып, жақсы бағдарламалар жасауға болатынын іспен дәлелдеп келе жатырмыз. Күн сайын дерлік ақпараттық бағдарлама шығарып отырамыз.
Өкінішке қарай, Қазақстанда 30 жыл бойына журналистика тәуелсіз қоғамдық институт ретінде қарастырылмады. Жақсы журналистік мектеп қалыптасқан жоқ. Сол себепті тележурналистика өнер ретінде дамып, оның сайыпқыран өкілдері қалыптаса алмай қалды. Ондайға мүмкіндік болмады. Айту керек дүниені айта алмадық, жазу керек дүниені жаза алмадық, шығаратын дүниені шығара алмадық. Журналистика барлық уақытта насихатпен айналысты. Соның әсерінен бұл салада бәсекелестік жүрген жоқ. Бәсеке болмағаннан кейін өте қиын.
Гүлмира ӘБІҚАЙ, «КТК» телеарнасының журналисі:
– Қасымның айтқанымен келісемін, біз телевизияның нарқасқа өкілдерін дайындай алмай қалдық. Жаңа Қасым өз сөзінде тәуелсіз арнадан келгенін айтты, мен оны бұрынғы «Шынның жүзінен» келгендей көріп отырамын және солай қабылдаймын. Телевидение саласында өз бағдарламасын шын ниетпен, шынайы жүректен жүргізген жүргізушілер халықтың жадында сақталып қалады. Халық оларды іздейді, сұрайды. Саусақпен санарлық болса да, елімізде ондай жүргізушілер бар. Мысалы, Нұртілеу Иман­ғалиұлы «Еуразия-1» арнасында заң хабарын жүргізіп жүр. Ел ол хабарды Нұртілеу Иманғалиұлы жүргізеннен кейін көреді, өйткені ол кісіні таниды, біледі. Басқа біреу жүргізсе, оның дәл бүгінгідей рейтингісі болмас еді.
Тағы бір айтарым, біздің телевизия саласында саяси-сараптамалық бағдарлама жоқ. Апталық бағдарламалар бар. Әлбетте, ол әлі солай келе жатыр. Кейде «WhatsApp» желісі арқылы тарап, халық көріп қойған дүниелер апталық бағдарламаның тақырыбына арқау болып жатады. Бұл – халыққа қызық емес болуы мүмкін. Бар болғаны осындай тақырыптарға белгілі бір лауазымды тұлғалардың пікірлері қосылып, апталықта көрсетіледі. Бірақ ол сараптамалық емес, апталық бағдарлама. Ал қазақ тілінде сараптамалық бағдарлама жоқ. Көкейімізде мынаны жасасақ деген ой тұрады, бірақ оны біз істей алмаймыз. Себебі бәріне түсінікті ғой деп ойлаймын. Егер біз журналистиканы шын мәнінде қоғамның келбеті, қоғамның айнасы ретінде қалыптастырғымыз келсе, ең бірінші журналистер – өзіміз тату болуымыз керек. Осы дөңгелек үстелге шақырту алған кейбір журналистердің бүгінгі жиынға келмей қалуынан-ақ олардың журналистикаға деген көзқарасын білуге болады. Сын болса, оған өздерінің қарсы аргументін айтуы керек. Мен нақты мынадай жұмыс жасадым дегендей… Қазір бәрінің көзі ашық, көкірегі ояу. Дұрыс болмаса, дұрыс емес деп сын-пікірлерін жазатын көрермен көп. Қазақ журналистерінің уатсаптағы тобына қосылдым. Ал осыны әрі қарай дамытып, журналистер арасындағы өзара бірлікті, ынтымақты күшейтетін болсақ үлкен күшке айналар еді. Шынтуайтына келгенде, журналистика өзімізден басталады ғой. Біз бір-бірімізді танимыз, көрген жерде сәлеміміз түзу, бірақ арамызда бірлігімізді көрсететін, мысалы «мынаны неге айтпаймыз, мына мәселені неге көтермейміз, бұл жағдайды осылай талқылайық, қажет болса бойкот жариялайық» дейтіндей ұсыныстар, бастамалар жоқ.
Телеарналардағы тіл мәселесіне келетін болсақ, ол, өкінішке қарай, осы бағытымен кететін сияқты. Дүмбілез тілге айналып барады. Облыстардағы телеарналар не көрсетіп жатыр, не айтып жатыр екен деп зер салып қарап жүремін. Сол арналарда айтылып жүрген жергілікті, аймақтық диалект-сөздер республикалық арналардағы жаңалықтардың мәтіндеріне де еніп, диктордың сөзімен таралып кетіп жатады.
Ғалия ӘЖЕНОВА:
– Мені толғандыратын мәселе – журналистикадағы екі әлем. Қазақтілді және орыстілді әлем. Кейде айтады, неге орыс-қазақ болып бөлінеді деп. Сырттан келіп ешкім бөліп жатқан жоқ қой. Мысалы, қоғам үшін маңызды мәселені айтпасақ – бөлінгеніміз. Орысшамен салыстырғанда қазақ тілді журналистика әлсіз, анау-мынау деген сияқты әңгімелер көп айтылады. Оның барлығы ақыр аяғында өзіміздің үндемей қалуымыздан туындайды. Қоғамда резонанс тудырған мәселелер айтылмай қалып жатады. Соны бас редакторлар, олардың орынбасарлары аталған мәселе туралы шағын хабар түрінде болса да жария етсе, оны ешкім байқамас та еді. Есесіне оқырманның оң бағасын алар еді. Содан кейін бір түсініксіз мәселе – журналистердің әлі күнге дейін мәртебесінің жоқтығы. «Біз қайда қараймыз, апай?» деп маған жас журналистер хабарласады. «Біздер не бюджеттік мекемелердің арасында жоқпыз, не бизнестің арасында жоқпыз, біз кімбіз?» дейді. Мұғалімнің де статусы бар «мұғалім» деген, ал журналистің статусы жоқ. Үйі жоқ, үй алуға кезекке де тұра алмайды. Жалақысы қалай есептелетіні белгісіз. Осындай мәселелер аз емес.

ТЕЛЕДИДАР – ЖЕКЕ МҮДДЕЛЕРДІҢ АЛАҢЫ БОЛМАУЫ КЕРЕК

Нұртілеу ИМАНҒАЛИҰЛЫ, тележурналист:
– Бұл жерде әңгіме көп. Мысалы, мен теледидар мамандарын екі топқа бөлемін. Телевидениенің өсіп-өркендеуіне біліп-білмей үлес қосқан журналистика бар. Телевидениенің мүмкіндіктерін өзінің жеке мүддесіне пайдаланған журналистика бар. Мұндайлар көп. Неге деген сұраққа жауап жоқ. Менің пайымдауымша, 61 жылдық тарихы бар телевидение ғылыми тұрғыдан зерттелмей, оның мәселелері ғылыми айналымға түспей, белгілі бір ғылыми дәлелдер жасалмай, телевидениенің проблемасы таусылмайды. Қазіргі телевидение саласында Қасым Аманжол сияқты жігіттер жүрсе, телевидениеге кез келген адам келіп, ойына келгенін жасайды деп ойламаймын.
Мәселе шеберлікке келіп тіреледі. Мысалы, Ресейдің телебағдар­лама­ларының көбі Бастыстың көшірмелері. Бірақ олар шеберліктің арқасында оны орыстың өзінің хабары, төл бағдарламасы етіп жібереді. Димаш алғаш рет Қытайдың сахнасын бағындырып елге оралғанда, Ресейдің 5-6 арнасы бір-біріне ұқсамайтын 5 түрлі хабар жасады. Соның бірі – Орталық телеарна. Олар Димаштың болмысын бар қырынан ашты. Тіпті дауысының ерекшелігін бір құрылғылар арқылы талдап берді. Ал біз болсақ «Димаш талантты әнші», «Бұл – Құдай берген бала» деп құр тамсанудан аса алған жоқпыз. Бізде маман жоқ екен! Димаштың әншілік дарынын талдап беретін музыка маманы да жоқ екен!
Менің түсінігімде, телевидение ол тек журналистика ғана болмауы керек. Оны биік өнер деңгейіне көтеретін адамдар пайда болғанда біраз мәселе күн тәртібінен өзінен өзі түсіп қалады. Бүгінде Қазақстанның 27 жоғары оқу орны журналистерді дайындайды екен. Соған қарамастан тележурналистер, телережиссерлар, телемамандар жоқ. Біз журналистика факультетін 50 адам бітірдік. 10 жылдың ішінде 50-дің 40-ы ел танитын журналиске айналды. Соның ішінде телевидениеде жүрген мен секілділерді емес, Қайнар Олжай, Дидахмет Әшімханұлы сияқты жазатын журналистерді елдің бәрі таныды. Бұл жерде айтайын дегенім, кадр мәселесі маңызды әрі ол үлкен дүние.
Теле-ақпараттық саясат жөнінде айтар болсақ, біз шындықты қаймықпай бетке айтатын мәдениетті қалыптастырғанда мәселе Үкіметті немесе билікті сынауда емес, ғылыми деңгейдегі, қазақтың баяғы салт-дәстүріндегі, мәдениеттің биік деңгейіндегі шындықты айта алатын шамаға жеткенде, осы жерде айтылып отырған көп проблема күн тәртібінен түсіп қалады. Ол да, сен де, мен де өтірік айтамыз. Өтірікті былай қойып, айтып отырған өтірікті біліп отырып, соған өтірік сенетін дәрежеге жеттік. Міне, мәселе қайда.
Осыдан біраз жыл бұрын мені журналистика факультетіне мұғалімдік жұмысқа шақырды. Бір-екі сабақтан кейін барғым келмей қалды. Студенттердің маған қойған сұрақтарына қарным ашты. Кілең «Қалай танымал болдыңыз? Қанша костюміңіз бар?» деген сауалдар. Біздің кезіміздегі қойылатын сауалдармен салыстырып отырып: «Жауап беруге қиын сұрақтар екен» дедім. Мен бүгінде мамандығыма байланысты қуаныштар мен өкініштердің басын қосатын жасқа келдім ғой деп ойлаймын. Жастар танымал болмай-ақ қойсын. Бірақ мықты маман болса екен. Менің ұстанымым осы. Бізде маман жоқ! Көбі мені мықты дейді. Келісе алмас едім. Тәжірибем шығар, мінезім шығар, аға буыннан алған тәлімім шығар. Мен маман емеспін. Журналистика, менің түсінігімде, қоғамды өзгертпейді. Бірақ қоғамды өзгертетін ­проблемаларды, мәселелерді көтере алады. Бізде қазір бүкіл телевидениеде, әсіресе қазақ телевидениесінде «шоу» деген жанрдан басқа жанр жоқ. Журналистиканың 7-8 жанрын қамтып, көрерменге сапалы бағдарлама ұсынып отырған жалғыз Алматы облыстық «Жетісу» деген арна бар.
Бір нәрсенің басын ашып алуымыз керек, телеөнімді тек телевидение жасайды. Басқасы жасай алмайды. Телеарнада істеу үшін тым болмағанда технологиядан хабарың болуы керек. Технология саған, сенің идеяңа жұмыс жасағанда ғана сен тележурналиссің. Егер жоғарыда айтқанымдай, телевидение шын мәнінде өнер деңгейіне көтерілсе, бүгінгі әлеуметтік желі оның қолына су құя алмас еді.
Қасым Аманжол: – Әлеуметтік желі – құрал ғой. Менің ойымша, әлеуметтік желі бәрібір дәстүрлі телевидениені жеңеді. Ең бастысы, ақпарат жеткізу ғой. Ол өнерді сол әлеуметтік желіде жасаймыз. Ресейде Дудь деген жүргізуші бар. Мен Познерді емес, Дудьті көрем. Познер маған ескі ­заман сияқты болып көрінеді. Дудь болашақ сияқты көрінеді. Бұл орайда айтайын дегенім, біз Қазақстанда интервьюер тудыра алған жоқпыз.
Риза ИСАЕВА:
– Бізде телеөнімдердің сапасы нашар болатын себебі, қазақтілді медианалитиктер жоқ. Көбі орыстілді болған соң, олар үшін қазақтың өнері бар ма, күйі бар ма, беймәлім әлем. Сондықтан олар көрерменге өтеді-ау деген жанрларды сала береді. Ол жанрлардың ішінде не бар, бұл жағы маңызды емес. Ең бастысы – сандық көрсеткіш. Праймтаймға «Жайдарманды» қою керек пе, «Жайдарманды» қояды. Телевидениенің тағы бір ақсаған себебі, оның астанаға көшірілуі болды деп есептеймін. Мықты мамандар Алматыда қалып қалды. Ол да сапаға тікелей әсер етті. Мұны дайындалған хабарлардан, оның тілінен көріп, байқауға болады. Жалпы журналистерді – өз ісіне берілгендер мен нан табудың жолында жүрген журналистер деп екіге бөліп қарастыруға болады. Бізде екінші топта жүргендер көбірек. Түн бойы отырып сценарий жазады, аударма жасайды, таңертең сюжет жасауға барады…осылай жүргенде шала-шарпы дайындалған дүниелер пайда болады. Қазіргі тілдегі кем­шіліктердің де орын алуы содан. Егер бізде қазақтілді медиамамандар көбейетін болса, сапа тұрғысынан көп нәрсе өзгеретін шығар.
Қасым Аманжол: – Қоғам қандай, біз қандай ұрпақ тәрбиелеп жатырмыз, сондай журналист болады. Қазіргілер: «Айтатын боламыз, көрсететін боламыз» деп сөйлейді. Телеарна тілін сауатсыздық жайлады. Жазатын адамдар телеарналарға келмейді. Мен баяғы Шерхан Мұртаза сияқты бұл салаға жазушылықтан келгендерді айтпай-ақ қояйын. Бүгінде Қайнар Олжайдың деңгейіндегі тілді терең меңгерген адамдар жоқ. Ең бір өкініштісі, мәтін жаза алмайтын адамдар телеарналардағы тілшілердің мәтінін тексеріп отыр. Тілді білмейтін адамдарды тәрбиеледік. Тіліміз қазір тіл емес.
Гүлмира Әбіқай: – Былтыр күзде UIB университетінің шақыруымен, ­журналистика бөлімінің студенттеріне шеберлік дәрісін оқыдым. Сөйлестік, сонда байқағаным, бәрінің мақсаты бір – эфирден көріну. Эфирден әдемі болып көрінсе, әдемі көлікті тізгіндесе дегендей… Ал жаңалықтарға барып, хабар дайындауға құлшынып тұрғандары жоқ. Өзіміз кезінде «КТК»-ның жаңалықтар қызметінде істедік. Журналистік қызметтің қиыншылықтарын да көрдік. Қазіргілер мұндай ауыр еңбекке барғысы келмейді. Тек ойын-сауық журналистикасына барсақ дейді. Ойлары сол ғана. Мен оларға «ойын-сауық журналистикасы» дейтін журналистиканың жоқ екенін айттым. Нағыз «сойқан» осындай студенттер оқу бітіріп, журналистикаға келгенде ­бастала ма деп қорқамын. Олардың жанында бүгінгі айтып жүрген кемшіліктеріміз түк болмай қалатын шығар. «Супер жұлдыздар» сонда пайда болады. Оларды бидай мен астықтың, киім-кешектердің қымбаттағаны еш қызықтырмайды. Тек ойын-сауық бағдарламаларын жүргізсе болды. Соған қарап қарным ашты…

ҚОҢЫР ҮННЕН  АЙЫРЫЛЫП ҚАЛДЫҚ

Бақыт Жағыпарұлы: Жарықтық, Әнуарбек Байжанбаев Сауық Жақанова апайға: «Әй, Сауық, мына хабардың бір әрпін қисатпай жеткіздік пе, жеткізе алмадық па?» деп айтады екен. Әңгіме осы әріптен шығады. Жаңа Ғалия әпке: «Тіл тазалығын, бәлкім, мектептен бастармыз» деп жақсы айтты. Мен сіздерге мынадай жағдай айтайын: Осыдан екі жыл бұрын бес жастағы қызымды балабақшаға бердім. Екі айға жетпей шығарып алдым. Себебі сол балабақшаға барып жүрген уақытта қызым «ң» деген әріпті айтпайтын күйге түсті. Өзім түпкілікті айналысып жүріп, жеті ай дегенде әрең айтқыздым… Осыдан біраз уақыт бұрын бір кешке барғанымызда жүргізушінің, өзі танымал тұлға, әріптерді дұрыс дыбыстамайтынын көріп таңғалдық. Осындай адамдар ертең радио мен телеарнадан хабар жүргізеді. Ал телеарна мен радио көрермен мен тыңдарманға ерекше әсер етеді. Мысалы, Нұртілеу аға мен Қасым хабар жүргізгенде солардың эфирде өзін ұстауына, сөйлеу мәнеріне, тіпті киім киісіне еліктеген ұрпақ өсті. Ал қазір телевидениеге келіп жатқан қыз-жігіттерді тыңдаңызшы, сөйлеу мәнері табиғи емес. Біз қазақтың қоңыр үнінен айырылып қалдық. Радиодан тәжірибеден өтуге келген жастардың көбі монтажды, хабар жасау, сауалнама алу жолдарын үйренеді де: «Енді телеарнаға қалай жұмысқа тұруға болады?» деп сұрайды. Неге? Себебі бірден танымал болғысы келеді. Білесіздер, Қазақстандағы электронды бұқаралық ақпарат құралдарының атасы – радио. Кешегі Абдолла Сүлейменов, Бақберген Табылдиев ағалар да радиодан шыңдалып, телеарнаға барды. Ал біз сол кісілерден қалған мектепті бұзып алдық. Кезінде қаншама әріптесіміз қысқартуға ұшырағанда ортадағы буын үзілді. Өзім соның куәсімін. Мысалы, кешегі Ж­олымбет Кейкелов, Дүйсенбек Қанатбаевтар пышақ кескендей қысқартуға кеткен кезде орнына кімдер келді? Тәжірибеден өтіп жүрген, радионы менсінбейтін адамдар жұмысқа тұрды. Одан кейінгі сан түрлі саяси дүрбелеңдердің кезінде де сондай жағдай болды. Нұртілеу ағаның: «Қасымдар кетіп қалды» деп отырғаны – сол уақыт. Сондай өкілдер келді де біздің радио мен телеарнаға қожа бола бастады. Осының зардабын бүгін біз көріп отырмыз. Сол себепті радионың да, телеарнаның да мектебін қайта қалыптастыру керек. Біздің телеарна мен мемлекеттік радионың ақсап отырған бір мәселесі – осы.
Екіншіден, Риза дұрыс айтты, біздің радио 2012 жылы Астанаға көшті. Қазір сол жақтан эфирге шығып жатқан балалардың кемшілігін түзетемін деп жаман атты болдым, шыны керек. Көбі дұрыс сөйлемейді, әріптерді дұрыс айтпайды. Мәселе қағазға қарап, судыратып оқуда емес. ­Мысалы, менің ойымша, радиожурналистің қолында сүзгіден өткен, бас редактор қол қойған сценарийі болуы керек. Оған қоса ол импровизация жасай алатын ұшқыр ойлы болуы шарт. Ал бізде ондай нәрсе жоқ. Әсіресе радиода. Баяғыда бір басшы: «Сен неге сағат жетідегі эфирге жетіге он минут қалғанда келіп, хабар жүргізе салмайсың?» деп еді. Ал сондай деңгейдегі адамдар басшы болса, оның қарамағындағы журналист қайда барады? Осының барлығы біздің эфирдегі тілімізді, мәдениетімізді бүлдіреді.
Журналистердің әлеуметтік мәселесін айтып отырсыздар ғой. Жасырудың қажеті жоқ, саяси науқандарда журналистер мемлекеттік қызметкер бола қаламыз, ал саяси науқан өтіп кеткеннен кейін түкке де керегіміз жоқ. Мысалы, мемлекеттің жеңілдетілген ипотекалық бағдарламасымен біздің әріптестер үй ала алмайды. Сеніңіз-сенбеңіз, 2012 жылы Астанаға көшіп барған журналистер әлі үйлі бола алмай жүр. Одан бері жеті жыл өтті. Осыған адам сене ме? Ал үйі жоқ, күйі жоқ адам қалай дұрыс эфир жасай алады? Эфир дұрыс жасалмаса, кө­рермен де, тыңдарман да тарта алмайсыз. Мысалы, телевидениеде сіздің бет-бейнеңіз, сөзіңіз, киіміңіз, қимылыңыз көрерменді тар­тады, радионы тыңдап келе жатқан адам­ға үн, дауыс, сценарий де солай әсер етеді.
Нұртілеу Иманғалиұлы: Қазір телеар­наның бәрі «айтатын боламыз», «хабарлайтын боламыз» деп сөйлейді…
Қасым Аманжол: Бүкіл қазақ радиосы солай сөйлейді…
Нұртілеу Иманғалиұлы: Мұнымен ғылым айналысуы керек. Егер мектептің өзін ғылым арқылы қалыптастырмасақ, осы көргеніміз көрген болады да тұрады. Бұған ғылым өзінің сөзін айтып, тұжырымын жасауы керек.
Қасым Аманжол: Сіздердің буын ғылымсыз-ақ әлдеқайда таза сөйледі ғой…
Бақыт Жағыпарұлы: Мәселе мынада. Біздің радио Астана және Алматы студиясы болып бөлінеді. Мен Алматы студиясы үшін жауап беремін. Ал Астанадағы эфирді сол жақтағы басшылары өздері тексереді, қарайды. Бізде осындай көзге көрінбейтін шекаралар бар. Ұжым екіге бөлінген соң, сол жақтағы басшылармен келіспей қалатын тұстарымыз болады. «Қазақ радиосы» мен «Шалқарға» «ЖұлдызФМ» болу шарт емес. Ұлттық арна мәселесінде де солай. Ең бірінші тілді түзеу керек.
Гүлмира Әбіқай: Радиода тек тіл емес, сөйлеу мәнері де өзгеріп кеткен. Жүргізу­шілер орыс, ағылшын радиожүргізушілеріне еліктейтін сынды.
Бақыт Жағыпарұлы: Осы үрдіс телеарнаға да келді ғой. Біздің бір әріптесіміз бар, соның «ң» мен «с» әріптерін дұрыс сөйлей алмайтын хабарын көріп-көріп, қаншама баланың тілі бұзылды. Ол туралы жазылды-айтылды. Қысқасы, солардың бәріне тыйым салып, экраннан аластату керек.
Айгүл Ісмақова: Радионың таңертеңгі бағдарламасы бар. Жүргізуші жігіттері қазақша сөйлемейді. «Ң», «л», «с» деген әріптерді айтпайды. Шоу жасағандарына өздері мәз болып отырады…
Бақыт Жағыпарұлы: Біз қазір аптаның бес күнін екіге бөліп алдық. Сейсенбі, бей­сенбі күндері Қазақ радиосының таңғы эфирі Алматыдан, қалған үш күнде Аста­надан шығады. Жұма күні «Шалқар» радио­сының эфирі Алматыдан шығады. Осы күндері радионы тыңдап, өзіңіз салыстырып көріңіз…
Қасым Аманжол: Осы «Қазақ­стан» телерадиокорпорациясында тіл тазалығы, дұрыс сөйлеу бойынша тренерлер бар ма?
Бақыт Жағыпарұлы: Астанада былтыр құрылған, бірақ жұмысы тоқтап қалды.
Айгүл Ісмақова: «КТК» арнасында орыстілді сараптамалық бағдарлама бар. Со­ның жүргізушісі хабарын жоғарыдан сөйлеп отырғандай өктем мәнермен жүргізеді.
Қасым Аманжол: Жалпы батыс жур­­налистикасында кіжініп сөйлеуге тыйым салынады. Адам эмоциясын ояту мақ­сатында солай сөйлеу манипуляция болып саналады.
Айгүл Ісмақова: «КТК» арнасы бұрын жақсы еді. Қазір біртүрлі шоуларға бет бұрып барады. Ол да ауитория жинау үшін керек шығар. Бірақ телевидениені тек шал мен кемпір ғана көрмейді ғой. 15-20 минуттық болса да, қазақ тілінде сараптамалық бағдарлама керек сияқты.
Гүлмира Әбіқай: «Аптап» деген бағдар­лама бар, көресіз бе?
Айгүл Ісмақова: Оны көремін. Содан басқа ештеңе жоқ. «КТК»-ның абыройын сол жігіт жалғыз өзі көтеріп тұр. Сосын жұрт «31 арнаны» қарайды. Олар ақпаратты қысқа да нұсқа, нақты береді.
Қасым Аманжол: Рейтинг бойынша «Еуразия» арнасы бірінші орында…
Бақыт Жағыпарұлы: Рейтинг демекші, ол да кейде өтірік жасалады…
Нұртілеу Иманғалиұлы: Қазіргі жасалып отырған рейтинг өтірік. Оны жасап отырғандар ақша табудың жолын біздің басшыларға басқаша түсіндіріп қойған, болды. Басқа ештеңе жоқ. Мен телерадиокорпорацияны басқарып отырған кезде рейтингті өзім жасадым. Нәтижесі жер мен көктей.
Айгүл Ісмақова: Иә, олар рейтингті қолдан жасайды. Қарайған ел «31 арнаны» қарайды. Бұл менің сол арнаға бүйрегім бұрылғандықтан емес, шынында солай. Олар шындық қалай бар, солай айтады. Қасым «мемлекеттік арналар шындықты айта алмайды» деп айтып отыр ғой. Бірақ «31 арна» ретін табады. Көріп қалған сияқты, сығалап тұрған сияқты қылып болсын айтып береді. Осындай амалдарын табу керек. Нұртілеу, «30 қойын дәптерім бар» деп отырсыз ғой. Соларды кітап қылып шығарыңыз. Студенттер, қызметте жүрген журналистер оқысын. Мысалы, біздің Әдебиет және өнер институтында «Өнер, телевидение, кино» деген бөлім бар. Бірақ ішінде бірде-бір тележурналист маманы жоқ. Бізге ешкім келмейді. Өйткені еңбекақысы 30 мың теңгеден басталады. Кәсіби маман сабақ бермеген соң, жастар Сәуле Жанпейісованы танымайды. Сондықтан да сараптамалық бағдарламаларды шетке ысырып тастады да, телевидениені құдалық сияқты шоуға толтырып жіберді. Қазір адамдар Google-ден оқып алады да, өзін білімдімін деп ойлайды. Интернеттен ақпарат алу мен оның меңгеру екеуі екі түрлі нәрсе ғой. Бұл университетті кеше бітірген журналиске де қатысты. Д­ипломы бардың бәрі білімді емес. Ресейдің телевидениесін қарасаң, бәрі орнында. ­Шоулары бар, бірақ ол мемлекеттік, ұлттық мүддені қорғап тұр. Қай бағдарламасын қарасаң да, «Біз ұлы орыс халқымыз» деп отырады. Ал бізде ондай жоқ.
Гүлмира Әбіқай: Біздің телешоулар саяси бір оқиғаны мәселе етіп көтерсе, сол күні оның рейтингі төмендейді де, басшылық журналиске ескерту береді. Қазір біз Қасымды эфирге қайта шығарып, саяси бағдарлама жасайықшы. Ары кетсе миллион адам ғана көруі мүмкін. Ал сіз айтып отырған құдалық сияқты бағдарлама қазақ телевизиясының тарихында болмаған 4.6, 4.8 деген рейтинг жинап отыр.
Нұртілеу Иманғалиұлы: Сол рейтингті шынымен алды дегенге сенесіз бе? Оны қолдан жасап отыр.
Есенгүл Кәпқызы: Сауатты көрермен, сауатты оқырманды тәрбиелеу өзіміздің қолымызда сияқты. 2000 жылдардың басында «Еркін сөз», «Дода» сияқты рейтингі жоғары бағдарламалар болды. Жұрт соларды көретін. Ал қазір көрерменді сондай жеңіл дүниеге өзіміз бейімдеп алдық.
Қасым Аманжол: Нұрсұлтан ­Назарбаев өкілеттігін тоқтататыны ­туралы мәлімдеме жасаған күні түнделетіп Серікболсын Әбілдин мен Дос Көшімді шақырып, Youtube желісінде эфир жасадым. «Назарбаев не себепті кетті? Енді не болады?» деген сияқты мәселені сөз еттік. Соның көрермені қазір миллионға жақындады. Ал бізде ерекше студия жоқ. Навальныйдың студиясы сияқты. Жақында журналистика соған өтеді. Енді тележурналистикада ғажайып студиялар жасаудың қажеті болмайды. Контент мағыналы болса, адамдар көреді. Соған көзім жетті.
Айгүл Ісмақова: Сіздер оны темірдің қызған кезінде бердіңіздер. Бәрі уақытына байланысты ғой. Ал басқа арналар оны беру үшін жаңалықтар топтамасы шығатын уақытты күтеді.
Қасым Аманжол: Біз адамдарды ұстап әкетіп жатқан кезде сол жерге барамыз да, полициядан не үшін әкетіп бара жатқанын сұраймыз. Сол үшін де көрермен жинай алдық. Қазір көрермен «Азаттыққа» ауып барады. Ал басқа арналар енесі мен келінінің ұрысқанынан рейтинг жасағысы келеді. Ал біз батыс журналистикасының эталоны ретінде оқ пен оттың ортасына бірінші болып барамыз, бірінші болып сол жерден тікелей эфир көрсетеміз.

ҰЛТТЫҚ БАҒДАРЛАМАЛАР  КЕРЕК

Айгүл Ісмақова: Қазір телевидениеде Америкада оқып келген, CNN, BBC арналарынан тәжірибеден өткен жастар қызмет етеді. Бірақ олар қазақша сөйлемейді. Ал қазақша сөйлей алмайтын бала қазақ телевидениесінде қалай жұмыс істейді? Сондықтан да олар Алтынбек Сәрсенбаев түгілі, билік басындағылардан басқа ешкімді танымайды. Астанамен шектеліп, тек ­саяси өмірге қызығып, соны ғана айтып жүрген тележурналистер қазаққа осы ғана жеткілікті деп ойлайды. Ал сонда тастанды балалардың тағдыры туралы кім айтады? Қыздардың тәрбиесі туралы ше? Қазақтың қыздары қазір эфирде бір-бірінің шашын жұлады. Бұл қыздар ертең ене болғанда қазақтың күйі не болады? Түсінемін, телевидение, радио – бәрі саясиланбай тұрмайды. Ақшасын төлегендердің талабын орындайды. Бірақ соның ішінен өздерің ұлттық құндылықтарға құрылған бір бағдарлама шығарып отыруларың керек. Әйтпесе біз қазақ болудан қалып бара жатырмыз. Осыған журналистік қырағылық керек сіздерге.
Гүлмира Әбіқай: Мен сізге қанша айтамын, қазір талап, сұраныс сондай. Мысалы, Бауыржан атамыздың келінімен ұлттық тәрбие, орамал салу туралы хабар жасасам, оны ешкім көрмейді. Ал көкірегін ашып суретке түскен қыз туралы сюжетті 3-5 миллион адам қарайды. «Масқара» деп бетін шымшыған ене де, «Арсыз, ұятсыз» деп аттандаған еркек те, «Ол кім екен?» деп қызығушылық танытқан жеңге де көреді. Көрермен сондай. Әйтпесе, біздің салмақты жоба жасағымыз келмей жүр дейсіз бе? Мысалы, менің кітап туралы жоба бастағым келеді. Бірақ көрерменге ол қызық емес…
Ғалия Әженова: 1995 жылы жаңа Конституция қабылданған кезде біз телемарафон жасадық. Ол 24 сағатқа созылды. Сол кезде халық күн демей, түн демей эфирге ағылды. 2002 жылы тура сондай марафонды қайталадық. Тақырыбы заңнама болды. Салық Зиманов сынды керемет адамдар қатысты. Халық телевидениеге үздіксіз ағылды. Эфирге қоңырау шалды… Айтайын дегенім, Айгүл апай, сіз сұрағыңызды бұл мәселені шешпейтін адамға қойып отырсыз. Оны жоғарыда отырған адамдарға айту керек. Ал мен айтып отырғандай марафондар жасалса, халық көрер еді. Әңгіме тек қана саяси ерікте. Саяси ерік болса, мына жерде отырған жігіттердің бәрі сол хабарларды жасауға дайын.
Айгүл Ісмақова: Иә, сізбен келісемін. Бірақ сіз Смағұл Садуақасұлының Совет өкіметі кезінде Сталиннің алдында жасаған баяндамаларын оқып көріңізші. Қазақтың керегін еш жасқанбай айтқан. Өткір сөзді айтуға ешқашан жағдай жасалмайды. Қасым «Азаттыққа» неге барды? Себебі мемлекеттік арнада істей алмады. Айтқысы келгенін айта алмады…
Қасым Аманжол: Осы таңғы шай ішіп отырып, сұхбаттасатын бағдарлама қай арнада? Мәдениетті адам таңғы шайға көп болса жұмыртқа, бір-екі тілім нан жеп, шай немесе кофе ішуі мүмкін. Бірақ мына бағдарламада олай емес. Аста-төк дастарқан жайып, ет асады. Бұл дегеніңіз хабарды қорлау ғой. Біз тіпті таңғы шайда қандай мәзір қою мәдениетін түсінбейтін халыққа айналыппыз. Таңғы хабардағы аста-төк дастарқан – нағыз кедейліктің көрінісі.
Тағы бір мемлекеттік арнадағы бағдар­ламада журналист қазақтың танымал композиторының үйіне барып, оның жиһазы туралы хабар жасады. Мына жақта қазақ жарты тілім нанға зар болып, жылап-еңіреп жатқан кезде жаңағы ағамыз, миллион теңге айлық алатын депутат, үйіндегі әр жиһазды қайдан, қалай, қанша миллион теңгеге алғанын айтып тұр. Сол арнаны басқарып отырған адамда да түйсік жоқ. Бұл – халықты бір-біріне жеккөрінішті етіп, жаулығын ояту, барып тұрған мәдениетсіздік, эфир саясатының өте қате жасалуы.
Риза Исаева: Бағанадан бері біз көрер­мендер туралы айтып жатырмыз. Бірде әлеуметтік желідегі парақшамда «Телевидениеде танымдық бағдарлама бар ма?» деген сауал тастадым. Жұрттың көбі «Парасат майданы» деп жазып жіберіпті. Танымдық бағдарлама мен «Парасат майданы» екеуі – екі бөлек дүние. Яғни біз көрерменді жоғалтып бара жатырмыз. Неге? Өйткені біз көрерменнің кім екенін білмейміз. Ал рейтинг өтірік жасалатыны рас. Сондықтан оған қатты мән берудің қажеті жоқ. Оның ойыншық екенін дәлелдеуіміз керек.
Есенгүл Кәпқызы: 1995-2005 жылдар аралығында эфир қалай өзгергені туралы зерттеу жасалған. Аталған уақытта жергілікті және республикалық телеарналарда саяси, экономикалық, рухани бағдарламалар басым болған. 2005 жылдан кейін телеви­дениенің бейнесі өзгере бастаған. Ойын-сауық бағдарламалары көбейген. 2015 жылдан кейін бұл бағдарламаларға өте көп көңіл бөлінген. Рейтинг жинайтын нысанға айналған. Бұл халықтың талғамын саналы түрде өзгерту деген сөз.
Қасым Аманжол: Ақша ғой бәрі…
Есенгүл Кәпқызы: Бір жағынан, иә, ақша табудың жолы. Екінші жағынан халықты саяси мәселелерге араластырмаудың да жолдары. Бізге қоғамда болып жатқан мәселелерді талқылағаннан гөрі бір әншінің қанша мың долларға киім алғаны маңызды болып кетті. Зейнетақы қорымыздағы ақшаның Әзербайжанның банкісіне кетіп қалғандығы маңызды емес те, бір әншінің махаббат мәселесі маңызды. Біреу жалаңаштанса, бір-бірімен соттасса немесе біреудің киімі дұрыс болмаса соны журналистер үлкен проблемаға айналдырып жібереді. Шетелде жеке адамның ісінде ешкімнің шаруасы жоқ. Жалаңаштана ма, жоқ киініп жүре ме – ол оның жеке мәселесі. Олар, керісінше, қоғамдық мәселеге қатты көңіл аударады. Ал біз халықтың көңілін сол қоғамдық мәселеден жеке мәселеге аударып отырмыз. Бір әнші қожалар туралы бірдеңе айтты екен деп, қаншама талқыға салдық. Сол арқылы қоғамның көңілін ұсақ-түйекке аударып жібердік те, өзіміз ұмытылып қалдық. Сондықтан біз көрерменді не оқырманды өзіміз тәрбиелеуіміз керек. Ол үшін сауатты бағдарламалар керек.

Дайындаған
Дәуіржан ТӨЛЕБАЕВ,
Әсел САРҚЫТ

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.