ТАРИХТАН – ТАҒЫЛЫМ, ТҰЛҒАДАН – ТӘЛІМ…

Жуырда Елордада Қазақстан және Ресей мұсылмандары діни басқармаларының ұйымдастыруымен «Рухани Жібек жолы. Ислам және жастар: қазіргі заман сын-қатерлері» атты IV Халықаралық ғылыми-діни конференция өтті.
Конференция жұмысына ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев, Ресей мұсылмандары діни басқармасы және Ресей мүфтилер кеңесінің төрағасы, мүфти, шейх Равиль Гайнутдин, Өзбекстан мүфтиі Усмонхон Алимов, Қытай Ислам қауымдастығының төрағасы Хасан Фа Мин, Қырғызстан мүфтиі Мақсатбек қажы Тоқтомушев, Моңғолия мүфтиі Батырбек Хадыс, Финляндиядағы Ислам орталығының төрағасы Голтен Бедретдин ханым, т.б. дін қайраткерлері, діни саладағы мемлекеттік органның басшылары, зиялы қауым өкілдері қатысты.

Жастар жылы аясында өткен конференция мақсаты – өскелең ұрпақты деструктивті ағымның ықпалынан сақтандыру, оларға дұрыс діни ақпарат жеткізу, діни экстремизм мен терроризмді алдын алу мақсатында Еуразия және Орталық Азия елдері дін қайраткерлерінің күшін біріктіру, тәжірибе алмасу, «Рухани жаңғыру» идеясын насихаттау, жаһандық діни мәселелерді шешуде жаңа әдіс-тәсілдерді ұсыну, ұлтаралық, конфессияаралық диалогты нығайту, т.б. Халықаралық шараның ашылуында баяндама жасап, ойларымды ортаға салдым, ұсыныс-пікірлерімді білдірдім. Айтылған пікірлерімді оқырман назарына ұсынуды жөн көрдім.
Қарт тарихтың қатпарларын парақтар болсақ, қазіргі қазақ топырағы мен Орта Азияға Ислам дінінің таралуы сонау VI-VIII ғасырларда басталғанына куә боламыз.
Халқымыз хақ дінді қабылдап қана қойған жоқ! Түркілердің ішінен көптеген дін ғұламалары шыға бастады. Әл-Фарабилер мен Баласағұнилерді, әс-Сығанақилар мен Кердерилерді, күллі түркі халқының рухани ұстазы саналатын Қожа Ахмет Ясауиді айрықша атап өтуге тиістіміз. Ежелгі Мәуреннахр – Исламның таралу аймағы болумен қатар, асыл дініміздің даму, өркендеу орталығына айналды.
Мың жылдық тарихы бар, Ұлы даланы мекендеп келе жатқан жұртымыз орта ғасырларда әлемдік қарым-қатынастан да шет қалмады. Еуропа және Азия елдерімен Жібек жолы арқылы сауда жасады. Сол замандарда өркениеттен қол үзбей, тегі мен тарихын, мәдениеті мен әдебиетін жаңғыртты. Ұлы Жібек жолының көп бөлігі Орта Азия мен Қазақстан жерінде орналасуы халқымыздың мәдениетін, рухани мұрасын байыта түсті. Бұл құбылыс Қазақ топырағында жазу, сәулет, қол өнерінің дамуына оң әсер етті. Осынау оң үдеріс байырғы бабаларымыздың интеллектуалдық өміріне өзгеріс әкелді. Алысты жақын етіп, Орта Азия мен Еуропаны байланыстырған сауда жолының бойында тарихи мешіттер мен кесенелер бой көтерді.
Отырықшылық мәдениет қалыптасты. Осы кезеңде пайда болған Отырар, қазіргі Түркістан, Сауран, Сайрам, Тараз, т.б. қалалар сауда жолы болып қалмастан, дүниежүзі өркениетін тоғыстырып, адамзат қоғамының дамуына өшпес үлес қосты. Көшпелі мәдениет пен отырықшы өркениеттің өзара байланысы түркі жұртының құндылықтары мен мұрасын байыта түсті. Ұлы Жібек жолы тек сауда мен экономиканың, өркениет пен мәдениеттің орталығы ғана емес, түрлі діндердің таралу аймағы болғаны тарихтан белгілі. Осы ретте ата дініміздің Жібек жолы бойындағы көптеген қалаларда терең тарала бастағанын айрықша атап өткім келеді.
Тіпті тарихи деректерде Ислам дінінің будда, христиан діндерін, зороастризмді ығыстырып, ысырып, қанатын кеңге жайғаны айтылады. 853 жылы Тараз бен Мерке шаһарында өзге діннің (христианның) ғибадатханасы (шіркеуі) мешітке айналғаны жайлы сенімді мәліметтер кездеседі.
Тарихи қалаларда үлкен мешіттердің салыну себептері Ислам дінін ұстанатын халық санының көбеюімен түсіндіріледі. Біз, дін қызметкерлері, тарихшы-ғалымдар, зиялы қауым өкілдері тарихымыздың осынау сәулелі сәттерін ұрпаққа жан-жақты насихаттай бергеніміз абзал.
Өткенсіз болашақ жоқ. Біз өткеннен өнеге алған халық­пыз. «Рухани Жібек жолы. Ислам және жастар: қазіргі ­заман сын-қатерлері» атты IV Халықаралық ғылыми-діни конференцияда әріптестеріме Ұлы Жібек жолы елдерінің рухани картасын жасауды ұсындым. Рухани карта өскелең ұрпақтың тарих пен руханият саласына қатысты сұрақтарына жауап беретін бейнебір бағдаршам, шамшырақ болуы тиіс деп есептеймін. Тарихынан тағылым алған, ал тарихи тұлғалардан тәлім көрген ұрпақ діні мен дәстүрін үйлестіріп, өнегелі өмір сабақтастығын қалыптастырмақ. Бұл бастама тарихшы ғалымдар мен дін ғұламаларының Жібек жолы тарихын ғибраттың көзімен қайта зерттеуін қажет етеді. Бұл жұмысты жүйелі жүзеге асыру үшін Жібек жолы елдерінің Діни басқармалары арасында «Дін және өркениет» жобасын қолға алудың маңызы үлкен екенін айрықша атап өттім. Аталған жобалар мен ұсыныстарды талқылау үшін арнайы бірлескен жұмыс тобын құруды ұсындым.
Расында, біз қай салаға жауапты тұлғалар болсақ та тәуелсіз Қазақ елінің болашағы, бірлігі мен игілігі жолында бірігіп, тізе қосып, ұлы мақсаттарды жүзеге асыруымыз керек. Алла Тағала Құран Кәрімнің «Әли-Имран» сүресінде: «Сендердің араларыңда (адамдарды) жақсылыққа бастайтын, ізгілікке бұйырып, жамандықтан шектейтін бір қауым болсын. Міне, бақытқа кенелетіндер солар» деп баяндайды.
Алла Тағала баршамызды адамзатты жақсылыққа үндеп, Құдайға құл, пайғамбарға лайықты үмбет болуды, ортақ мақсаттарымызға бірге жетуді нәсіп еткей! Әумин!

Серікбай қажы ОРАЗ,
Қазақстан Мұсылмандары
діни басқармасының төрағасы,
Бас мүфти

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.