Әбсаттар Дербісәлі, Р.Б.Сүлейменов атындағы Шығыстану институтының директоры, профессор: ШАҒАТАЙ ТІЛІ – БҮКІЛ ТҮРКІ ХАЛҚЫНЫҢ ӘДЕБИ ТІЛІ

– Қазақ даласынан шыққан, жоғалдыға саналған, ғасыр парақтарының арасында қалып қойған бабаларымыздың мол мұрасының жоқшысы, іздеушісі болып жүрсіз. Сұхбатымызды сіздің осы саладағы ізденісіңіз туралы бастасақ… 200-ге жуық ғалымның өмірбаяны мен мұрасын анықтадыңыз. Олардың еңбектері қалай табылды? Осы ізденіс аясында Азия, Араб елдерін шарлап, сонау Испанияға да табаныңыз тиген екен…
– 1977 жылы Мәскеудегі Шығыстану институтының аспирантурасын бітіріп келгеннен кейін Алматыдағы М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтында ғылыми қызметкер болдым. Бірде ҚазМУ-дың ректоры Өмірбек ­Жолдасбеков ағамыз шақырды. 1975 жылы Үкімет республикамызда араб тілін оқыту туралы арнайы қаулы қабылдаған екен. Өмірбек Арысланұлы сол қаулыны орындау үшін мамандар іздестірген. Содан мен қызметке шақырылдым. Әуелде академик З.Қабдоловтың кафедрасына оқытушы болып қабылдандым. Журналистика, филология факультеттеріне «Ежелгі әдебиет тарихы» пәнінен сабақ бердім. Пәннің Ислам өркениеті мен мәдениетіне, ежелгі мәдени, ғылыми, әдеби мұрамызға байланысты бағдарламасын әзірледім. Қазақ даласынан шыққан ғалымдар туралы материалдар іздей бастадым. Сол жылдары менен дәріс алғандар қатарында осы күнгі көрнекті мемлекет, ғылым және қоғам қайраткерлері, жазушы, журналистер Мұхтар Құл-Мұхаммед, Жансейіт Түймебаев, Самат Ибраим, Темір Құсайын, Ақбала Аякеева, Нұрғали Ораз секілді талантты азаматтар болғанын да айта кетейін.
Кейін филология факультетінің жанынан Араб тілі мен әдебиеті бөлімін аштым. Оған осы факультеттің қазақ тілі мен әдебиет бөліміне жаңадан түскен 50 студенттің 12-сін таңдап алдым. Сөйтіп, араб тілін оқыта бастадым. Кандидаттық және докторлық диссертацияларым да араб әдебиетімен байланысты еді.
Қазақ даласында көп қалалар болған. Олар: Отырар, Сайрам, Түркістан, Сау­ран, Сығанақ, Жент, Өзгенд, Құлан, Меркі, Баласағұн, Қаялық… Қазақ жерінің ілім, білім қуған перзенттері өз есімдеріне өздері туып-өскен аталмыш қала аттарын қосып жазып отырған. Олар әл-Фараби, әл-Женди, ас-Сайрами, ас-Сығнақи, әл-Йасауи, ат-Түркістани және т.б. Сөйтіп, қай елге барсам да осы атты есімдерге ерекше назар аудара бастадым. Тунис Араб республикасында аз-Зайтуна атты ежелгі университет бар. Сондағы Араб әдебиеті институтының қолжазба қорынан да көп материалдар таптым. Елге алып келдім. Бізді Кеңес дәуірінде: «Сендердің тарихтарың жоқ. Көздеріңді Октябрь революциясы ашқан» деп оқытты емес пе? Оны айтасыз, қазақ әдебиетін зерттеп жүрген сол кездегі ғалымдардың бірқатары да: «Жазба әдебиетіміз Абайдан басталады» деген ұстанымда болды. Кейін оны озық ойлы әдебиетші ғалымдар жоққа шығарды. Қазір Жамбыл облысы әкімдігінің ұсынысымен Тараздан шыққан ғалымдар туралы «Араб дереккөздеріндегі Тараз және Таразилер» атты монография дайындап жатырмын. Сонда Х-ХХІ ғ. өмір сүрген елуден астам Тараз өлкесі ғалымдарының өмірі мен еңбектері ­баяндалады. Соның ішінде өмір тарихы өте қызық кісілер де бар.
– Мысалы?
– Дін қызметінде жүрген жылдары жыл сайын Каирге Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) туған күні – Мәуліт мейрамына шақыратын. Бірде мені Каир әуежайынан осы елдегі Қазақстанның елшісі Асқар Мусинов күтіп алды. Қазақстан мүфтиінің Каирге келу құрметіне байланысты елшілікте қабылдау өткізетінін және онда маған арналған тосынсыйы да бар екенін ескертті. Кешке елшілікке келдім. Асқар ұзын бойлы, ат жақты қарт кісіні қолтықтап ертіп кірді. Мен арабшалап хал-жағдайын сұрай бастап едім, «Қарағым, қазақша айта бер. Ана тілімді ұмытқан жоқпын» деді ол. Сөйтсем ол Каир университетінің профессоры Насрулла ат-Тарази деген ғалым ағамыз екен. 1922 жылы Таразда туған. Жеті жасар кезінде әкесі Әбу Насыр Мүбашшир ат-Тарази Кеңес өкіметінің қудалауына түсуіне байланысты, қамаудан шыққан соң, жалғыз ұлы Насрулланы ертіп, елден қашып, соңыра Ауғанстаннан бір-ақ шыққан. Кейін Пәкістанда тұрыпты. Ақырында Каирге қоныс аударған. 1977 жылы Әбу Насыр Мүбашшир ақсақал дүниеден өткен. Ал ұлы Насрулла Ауғанстанда орта мектепті тамамдаған соң Кабул университетінің парсы тілі мен әдебиеті бөлімін бітіріпті. Сол ағамыз елшіліктегі ұшырасуда маған өтініш айтты: «Әкем туған жері Таразды бір көруді армандап өтті, бірақ оның реті келмеді. Арманына ол жете алмады. Енді кеш болмаса, Таразды мен көрсем деймін. Сол жағынан көмектесе аласыз ба?» деді. Уәде бердім. Сондай-ақ орта ғасырда Тараздан шыққан ғұлама ғалым Һибатулла ат-Тарази (1272-1333) туралы әңгімеледі. Ол ХІV ғасырда Каирдегі Сұлтан Бейбарыс медресесінің меңгерушісі болыпты. Реті келсе соның мұрасын зерттесеңіз деді. Мен ағамызға келесі жылы тағы да Каирге келгенде Таразға алып кететінімді айттым. Келесі жылы Мәуліт мейрамында тағы келгенімде уәдемді орындау үшін елшіден Насрулла ақсақалдың құжаттарын реттеуді айттым. Елші Насрулла ағамыздың о дүниелік болғанын айтып өкінішін білдірді. Кейін бұл кісінің аталмыш аманатын орындау үшін Һибатулла ат-Тарази туралы іздене бастадым. Ақыры Һибатулланың қолжазбаларын Америкадағы Принстон университетінен таптым.
– Ол кісінің қолжазбасы сонау Америкаға қалай тап болған?
– Қолжазба Ыстанбұлдан сатып алынуы мүмкін. Ыстанбұлда Сүлеймания деген атақты кітапхана бар. Мен 2014 жылы сонда арнайы барғанымда 37 мың беттік қолжазба алып келдім.
2000 жылдардың ортасында Президент – Елбасы Н.Ә.Назарбаевпен Тараздағы облыстық жаңа мешіттің ашылу салтанатында болдым. Сол мешітке Һибатулла ат-Таразидің есімін бердік. Іздегенің табылған сайын адамда ерекше бір құштарлық, аса бір қызығушылық пайда болады екен. Қазақ жерінің 200-ден астам ғалымдарының бірі әрі бірегей де осылай табылған еді.
– Мұхам­мед Хайдар Дулатидің өмірі мен шығармашылығын зерттеу үшін Сирия, Пәкістан, Үндістан елде­ріне арнайы бірнеше рет барыпсыз. Тіпті ғалымның зиратын ­тауып, құлпы­тасындағы эпитафиясын тәпсір­ледіңіз. Сол туралы айтып беріңізші. Бұл кез келген зерт­теушінің де, іздеушінің де үлесіне тие бер­мейтін сирек құбылыс қой. Зиратты тапқан кезде қандай сезімде болдыңыз?
– Мұхаммед Хайдар Дулати – қазақ даласынан шыққан үлкен ғалым. Оның жазба мұрасын Жәңгір хан мен Шоқан Уәлиханов ұшыратқан. Оқушы кезімізде бізге Жәңгір ханды қатыгез адам деп оқытты. Сөйтсек ол хан ғана емес, үлкен зиялы да екен. Қазан университетінің құрметті профессоры болыпты. Ол М.Х.Дулатидің «Тарихи-Рашидиінің» бір нұсқасын бірқатар қолжазбаларымен қатар Қазан университетіне сый етіпті. Сол дүниені Шоқан Санкт-Петербургтегі Азия музейінен кездестірген. Ал Шоқанды көп зерттеген кім? Ол – академик Әлкей Марғұлан. Мен мектеп бітіретін жылдары «Орта Азия мен Қазақстанның ұлы ғалымдары» атты кітап шықты. Соның бір тарауы М.Х.Дулатиге арналған. Жас болсам да, М.Х.Дулати есімде қалды. Кейінірек те сол кісінің жүріп өткен жолын, артында қалған мұрасын зерттеу ісі әрдайым есімнен шыққан емес. Бірде оның Қашқарияда жерленгені туралы мәліметке тап болдым. М.Х.Дулати жездесі Саидхан екеуі 1514 жылы сол өлкеде Қашғар хандығын құрған. Қашғардың оңтүстігінде Хотан, Тибет жақта Жаркент атты қала бар. Ол Қашғар хандығының астанасы болған. М.Х.Дулати сол жерде тұрған. КазМУ-де проректор кезімде біз Үрімжі университеттерімен ынтымақтастық жайлы келісімшарт жасадық. Содан бірде Қашғарға жолым түсті. Жаркентке де бардым. Өкінішке қарай, М.Х. Дулатидің зираты жайлы мағлұмат жай сөз болып шықты. М.Х.Дулати бұл жақта жерленбеген екен. Бірақ Жаркентте 17-18 жыл тұрғаны рас. Сөйтіп, іздегенім табылмады.
Кейін 1997 жылы сәуірде мені ҚР-ның Сыртқы істер министрі Қасым-Жомарт Тоқаев Сауд Арабиясына елшілігімізге кеңесшісі етіп жіберді. Сол жақта 3 жылдан астам қызмет еттім. 1999 жылы М.Х.Дулатидың туғанына 500 жыл мерзімі жақындап келе жатты. Сол себепті Қ.Тоқаевқа хат жазып, Кашмирге баруға рұқсат сұрадым. Сөйтіп, Үндістанға келдім. Бірақ Үнді ғалымдары: «Мұхаммед Хайдардың Кашмирде тұрғаны, елбасы болғаны рас, алайда ол бұл жақта жерленбеген. Бармай-ақ қойсаңыз болады» деді. Соған қарамастан барайын деп шештім.
Сринагарда мені Кашмир университе­тінің бір оқытушысы қарсы алды. Ол да шығыстанушы, арабтанушы екен. Екеуіміз Сұлтандар зиратына бардық. Бірақ М.Х.Дулатидың зираты көзге түспеді. Қатты өкіндім. Бір зират жанында отыр едік, сол жердегі кесенеге жөндеу жұмыстарын жасап жүрген бір азамат не іздеп жүргенімізді сұрады. Жайымызды білген соң, зираттағы биік ағаш түбінен іздеуге кеңес берді. Бардық. Өзіммен бірге қағаз, қалам, фото, видеоаппарат секілді керек-жарақтарды ала барғанмын. Әлгі кісі айтқан жерде бетіне бір қарыс топырақ тұрып қалған құлпытас көзге түсті. Тазалай бастап едім, жазулар көріне бастады. Онда «Бұл бақилық Мырза Мұхаммед Хайдар Дулати» деген жазулар жетектей жөнелді. Жүрегім дүрсілдеп қоя берді. Құлпытас бетінде оның өмірбаяны жазылған эпитафиясы бар екен. Оны суретке, видеоға түсіріп, құлпытастағы жазуды дәптеріме көшірдім. Делиге келген соң Қ.Тоқаевқа ғалымның зираты табылғаны жөнінде жеделхат жібердік. 2000 жылы Президент қабылдады. Ол кісіге біреулер М.Х.Дулатидің «қазаққа қатысы жоқ» деген екен. Шоқан Уәлиханов секілді мен де оның қазаққа тікелей қатысы барлығын дәлелдеп бердім.
М.Х.Дулати – Бабырдың (1483-1530) бөлесі. Ташкентте Төле бидің мавзолейі бар. Соның жанында тағы бір кесене тұр. Ол Жетісудың билеушісі Жүніс хандікі. Жүніс хан – М.Х.Дулати мен Бабырдың нағашы атасы. Оның үш қызы болған. Екінші қызынан – Бабыр, үшінші қызынан М.Х.Дулати туған. Бұл туралы «Бабыр намеде» жазылған. М.Х.Дулатиден екі еңбек қалған. Бірі парсы тіліндегі «Тарихи-Рашиди», екіншісі – шағатай тіліндегі «Жаһан наме» атты поэма. Шағатай тілін кейбіреулер ежелгі өзбек тілі деп жүр. Олай емес. Шағатай тілі – бүкіл түркі халқының әдеби тілі.
– Сіз М.Х.Дулатидың осы «Жаһан наме» поэмасын шағатай тілінен ана тілімізге тәржімалаған екенсіз…
– Ахмед Заки Уәлиди Тоған деген башқұрт халқының көрнекті мемлекет қайраткері әрі ғалымы болған. Ол Тұрар Рысқұлов, Мұстафа Шоқайлармен бірге азаттық үшін күрескен азамат. Сол үшін Кеңес өкіметінің қудалауына түскен. Сол кісі 1937 жылы Берлин кітапханасынан осы поэманың қолжазбасын көріп қалады. Бірақ поэмада авторы жазылмаған екен. Ахмед Заки Уәлиди поэманың Мұхаммед Хайдар Дулатидікі екенін дәлелдеп, неміс тілінде арнайы мақала жазыпты. Дегенмен, Берлин кітапханасының қолжазба қорындағы бұл асыл мұраға қол жеткізу оңайға соқпады. Кітапханаға хат жазсам, қолжазбаны тек Германия азаматына беретінін айтыпты. Осы мәселе туралы бірде журналистика факультетінің деканы, марқұм Т.Қожекеевке айтып едім, ол бұрын ҚазМУ-да қызмет еткен, соңыра Германияға көшіп кеткен Мюнхен университетінің профессоры Лидия Клетцель ханымды есіне түсірді. Ақырында сол ханымның көмегімен қолжазба қазақ еліне оралды. Жоғарыда Қашғарияға сапарым туралы айттым ғой. Сол жақтан да осы поэманың бір нұсқасын тапқан едім. Екеуін салыстыра, толықтыра отырып, қазақ тіліне аударып шықтым. Бұған біраз жыл кетті.
– Әбу Насыр әл-Фарабидің бұрын бізге белгілі болмаған 10 трактатын Испаниядағы Эскуриал кітапханасынан тапқан екенсіз. Жалпы түркі тектес ғалымның мұраларын ол жақтан іздеуге не себеп болды? Қазыналы көмбенің ол жақта бар екенін алдын ала білдіңіз бе?
– Әбу Насыр әл-Фарабимен (870-950) «таныстығым» Мәскеуде шығыстану институтында оқып жүргенде басталды. Бірде институт директоры, академик Б.Ғ.Гафуров шақырды. Амандасқан соң: «Ана тіліңіз қай тіл? Орыс тілі ме, жоқ қазақ тілі ме?» деп сұрады. «Қазақ тілі» дедім. Сөйтсем ол кісіге қазақ тілін білетін адам керек екен. «А.Машанов, А.Көбесов деген ғалымдар әл-Фараби туралы қазақ тілінде кітаптарын жіберіпті, мен қазақша білмеймін. Маған сол екі кітапты оқып, реферат жазып бересіз бе?» деді ол. Жазып бердім. Қатты риза болды. Сыйлық ретінде бір айлық шәкіртақы тағайындады. Б.Ғ.Гафуров менің диссертациямның тақырыбы Марокко әдебиетіне қатысты екенін естіген болатын. Кейін ол Марокко Корольдігінің астанасы Рабат университетінде оқуға бір орын келгенде, мені сонда жіберді. Сөйтіп Мароккоға аттанып кеттім. Ол жақтан қазақ даласынан шыққан ғалымдар туралы жазба деректер табыла бастады. Әсіресе елге Әбу Насыр әл-Фарабиге байланысты бірқатар аса құнды материалдар алып келдім. Оны студенттерге оқыған дәрістерімде пайдаландым.
Кейін басқа да елдерге іс-сапармен барғанымда да Әбу Насыр әл-Фараби және сондай-ақ қазақ даласының сонау дана перзенттері есімнен шыққан емес. 2013 жылы мен Сүлейменов атындағы Шығыстану институтына директор болып тағайындалдым. 2014 жылы ­Елбасы ұсынған ғылыми жобаны іске асыру үшін ғалымдар әртүрлі елдерге іс-сапарға жіберіле бастады. Мен араб тілінің маманы болғандықтан Испанияның Эскуриал қаласындағы кітапхананы таңдадым. Эскуриал кітапханасы 1537 жылы ашылған. Ол жерде біздің Орта Азияға қатысты да жазба мұралар болуы мүмкін деген ойда болдым. Испанияны арабтар 711 жылы жаулап алған. Содан 1492 жылға дейін олардың Андалусия деген аймағында мұсылман мемлекеті болды… Эскуриал кітапханасының директоры Хосе Луис мырза көмектесетіні жайлы бірден айта қоймады. Кітапханада Біріккен Араб әмірлігінен келген ғалыммен таныстым. Ол маған көмектесу жайлы директорға өтініш жасады. Әлгі ғалым екеуміз арабша сөйлесіп, танысып, түрлі ғылым салалары жайлы пікір алыстық. Директор уәдесін орындап менің ізденістеріме көмектесті. Керек қолжазбаларды берді. Арасынан Әбу Насыр әл-Фарабидің 10 трактаты шықты. Оның біреуі бұзау терісіне жазылған екен. Сондай-ақ Эскуриал кітапханасынан Сайрамнан шыққан 3 ғалымның еңбектерін ұшыраттым. Осылай ұзақ жылдардан бері қазақ жерінің ғалым перзенттерін іздеуді, зерттеуді еш доғарған емеспін. Келесі жылы Әбу Насыр әл-Фарабидің туғанына 1150 жыл толады. Қазақстан оны үлкен салтанатпен ЮНЕСКО шеңберінде атап өтуге дайындықты бастап кетті.
– Бір сұхбатыңызда «Қазір бізде әл-Фарабилердің саны – 30-ға, Шауғари-Йасауи-Түркістанилердің саны 20-ға жетті. Әлі танылмаған, ғылыми айналымға енбеген Түркістанилер, Найманилер, Жалайырилер, Қыпшақилер жетіп артылады» дедіңіз. Осыған тоқталып өтесіз бе? Олар кімдер? Ұлттық ғылыми айналымда алар орны қандай?
– Күні бүгінге дейін қазақ тарихында ортағасырлық төрт-ақ ғалымның аты аталып жүрді. Олар: Әбу Насыр әл-Фараби, Жүсіп Баласағұни, Махмұт Қашғари, Қожа Ахмет Йасауи. Әдетте басқалар ­туралы айтылмайды. Қазақстан осы уақытқа дейін Фарабтан шыққан жалғыз Әбу ­Насыр әл-Фарабиді ғана біліп келді. Мен Отырардан шыққан 30 әл-Фарабилерді таптым. Қайдан табылды? Араб, парсы елдерінен. Фараб ғалымдарының ішіндегі ең атақтысы, әрине Әбу Насыр әл-Фараби. Ол химик, математик, физик, әдебиетші, тілші, философ, музыка саласының да білгірі. Ал фарабтық қалған 29 ойшыл ғалымдар бір ғылым саласына ғана қалам тербеген. Мысалы, Әбу Ибраһим Исхақ әл-Фараби (? – 961) тіл маманының өкілі.
Ал Йасауилерді қалай таптыңыз дейсіз ғой? Менің бір қызық «әдетім» бар. Қай елге барсам да кітапханасына кірмей кетпеймін. Үндістанға барған сапар­ларымның бірінде Кашмир кітапхана­сының қолжазбалар қорынан он шақты Йасауилерді ұшыраттым.
Жалпы қазақ даласынан шыққан ғалымдар өздерін екі түрлі текпен жазып отырған. Біреулер туған жерлерінің есімдерін, мысалы, әл-Фараби, ат-Түркістани, ас-Сығанақи, әл-Баласағұни және т.б. Екінші бір топ ру-тайпаларымен аталған. Мысалы: ­Наймани, Жалайыри, Дулати, Қыпшақи, Адайи, Қоңратли, ­Кердери. Мәселен, Қадырғали ­Жалайыриден басқа да бірнеше ­Жалайырилер бар. Мұхаммед Захир ад-дин Бабырдың «Бабыр намасында», Дулатидің «Тарихи-Рашидиінде» ­Хасан Әли ­Жалайыри деген зиялы аталады. Бабыр: «Ол жақсы ақын еді. Маған өлең арнады. Менің сарайымда тұрды» десе, Мұхаммед ­Хайдар аталмыш еңбегінде Хасан Әлидің өлеңінен үзінді де келтірген. Бұл кісіден поэма да қалған екен. 2018 жылы қыста Санкт-Петербургте ежелгі Азия музейі – бүгінгі шығыс қолжазбалар институтының 200 жылдық тойы өтті. Мен сонда шақырылдым. Өкінішке қарай, сол институттың кітапханасын аралауға уақыт болмады. Бірақ Хасан Әли Жалайыридің қолжазбасы сонда екенін білем. Қол тисе тағы бірде барармын деген ой жұбаныш.
– Ақсақ Темірдің қолхатын қалай таптыңыз? Хат несімен құнды?
– Жоғарыда 1977 жылы ҚазМУ-ға қызметке шақырылдым дедім ғой. 1978 жылы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының Қазақстанда құрылтайы өтетін болды. Қонақтар Түркістан қаласына баруды жоспарласа керек. Ол кезде Өзбекәлі Жәнібеков Мәдениет министрінің орынбасары болатын. Сол кісі Қожа Ахмет Йасауи кесенесіндегі жазуларды аударатын маман іздеп, менімен хабарласты. Екі ай бойы екеуміз Түркістанда қоян-қолтық жұмыс істедік. Өзбекәлі аға жөндеу жұмыстарын басқарды, мен жазуларды зерделедім. Сол кезде Өзбекәлі ағамыз өзінде Қожа Ахмет Йасауидің мавзолейін қалай сақтау керектігі жайлы жазылған Ақсақ Темірдің қолхаты бар екенін айтты. Соны да аударуымды өтінді. Қолжазба мен аударма қазір сол мавзолейде тұр. Кесене жанында жерасты моншасы да бар екен. Моншаға түсу жайлы шағатай тілінде жазылған ереже де бар екен. Оны да аудардым. Ақсақ Темірге қатысты мұрамен осылай танысқан едім.
– Еліміздегі арабтану ғылымының негізін салдыңыз. Арабистика саласы бойынша еліміздің тұңғыш ғылым докторы, тұңғыш профессоры, тұңғыш академигі ретінде бұл саланың қазіргі жай-күйін, даму бағытын қалай бағалайсыз?
– Филология факультетінің жанынан 1977 жылы Араб тілі мен әдебиеті бөлімін ашқан соң, 1984 жылы Шығыс филологиясының кафедрасын аштым, 1989 жылы Өзбекәлі Жәнібековтың көмегімен шығыстану факультетін, оларға қажет оқулықтар жазуды да ұйымдастырдым. Факультет араб, парсы, урду, түрік, жапон, һинди және кәріс тілі мен әдебиеті секілді 7 бөлімнен тұрады. Қазақстан тәуелсіздік алған кезде мен дайындаған шәкірттердің бірқатары елші болып тағайындалды. Өзім де дипломатиялық қызметке тартылдым. Бүгінде Шығыстану факультетінің аяқ алысы жақсы. Жақында ғана Каир университетінен ҚазҰУ-дың бөлімшесі ашылды.
– 2000-2013 жылдар аралығында еліміздің Бас мүфтиі болдыңыз. Бұл кезеңге де соқпай кетуге болмас. Сіз ҚМДБ-ны басқарып отырған шақта еліміздегі діни ахуал қандай болған еді?
– 2000 жылы дипломатиялық қызметте жүргенде Президент аппаратына шақырылдым. Бардым. Руханият саласымен айналысатын бір азамат: «Елімізде діни мәселелер күрделеніп барады. Сіз Меккеде, Сауд арабиясында қызметтесіз ғой. Діни мәселелерді де білесіз. Елімізде діни проблемаларды қалай реттеуге болады, сол туралы ойыңыз қандай?» деп сұрады. Бұл істі ең әуелі кадр мәселесінен бастау керек екенін айттым. Дін саласы бойынша шет елде кадр дайындаудың жөні жоқ. Діни мамандарды өзіміз дайындауымыз керек. Себебі мектепті жаңа бітірген баланы шетелге оқуға жібергенде, олардың басқа ағым жетегінде кетпесіне кім кепіл? Сол себепті діни оқу орнын өзімізден ашуды, бүкіл имамдарды аттестациядан өткізуді ұсындым. Бұл сәске кезінде болған әңгіме еді. Түстен кейін «Сізді Президент Н.Ә.Назарбаев шақырып жатыр» деген хабар түсті. Келдім. Нұрағаң айтқан ұсыныстарым жайлы толығырақ әңгімелеуді айтты. Тыңдап болған соң: «Айтқандарыңыздың бәрін өзіңіз орындаңыз. Екі-үш күннен кейін Қазақстан мұсылмандарының құрылтайы болады, мүфти қайта сайланады» деді. Мен әуелгіде дін адамы емес екенімді айтып, бас тартып едім. Бірақ соңынан Елбасының уәждеріне тоқтап, әрі сөзін де, өзін де сыйлағандықтан келісім бердім. Құрылтай мені Бас мүфти етіп сайлады. Қызметті имамдарды аттестациядан өткізуді бастадым. Имамдардың білімін жетілдіретін Ислам институтын аштым. Олардың киім формасын ретке келтірдім. Нұр-Мүбарак Египет ислам мәдениеті  университетін ұйымдастырдым. Қажылық істерді ретке келтірдім. Медреселер аштым. 2000 жылы елімізде 1000-ға жуық мешіт болса, соның 284-і ғана Діни басқарма құзырында еді. 2013 жылы ғылыми қызметке ауысқанда елімізде 2500-ден астам мешіт болды. Алматыда 2000 жылы 2-3 қана мешіт болса, 2013 жылы 40-тан астам мешіт жұмыс істеді. Сонымен, жылдар жылжып өтіп жатты. Діни қызметім көңілден шыққан болуы керек, мұсылмандар құрылтайы мені тағы да бірнеше рет қайта сайлады. Кезекті құрылтай кезінде мұсылман бауырларымызға ғылыми-педагогикалық қызметке оралу ойымен мүфтилікті тапсыратынымды айттым. Сөйтіп, 2013 жылы Шығыстану институтына директор болып келдім.
– «Ана тілінің» дәстүрлі сауалы: қазақ тілінің бүгінгі мәртебесі, қоғамдағы орны ­туралы ойыңыз қандай? Ғылым қазақ тілінде сөйледі деп сеніммен айта аламыз ба?
– Біздің кезімізде орыс тілін білмейтіндердің болашағы жоқ деген пікір үстем болды емес пе?! Одан бері қаншама жыл өтті. Қазақстан тәуелсіздік алды. Қазақ тілінің жағдайы қазір тіпті басқаша. Қазақ тіліне деген құрмет өсе түсуде. Басқа ұлттар да қазақ тілін оқи бастады. Білгісі келетіндердің де қатары өсіп келетінін көріп отырмыз. Кезінде жұрт «Қазақстанда бүкіл ісқағаз қазақ тілінде жүретін бір-ақ мекеме бар. Ол – Діни басқарма» дейтін. Себебі мен бүкіл істі қазақша, мемлекеттік тілде жүргіздім. Тіпті қазақ тілінде жазылмаған хаттар Діни басқармада қабылданбайтын.
Бірде Франциядан делегация келді. Аудармашысы қазақ қызы екен. Бірақ француздардың айтқанын маған ол орысша аудара бастады. Содан мен «Сіздердің айтқандарыңызды түсінбедім» дедім. «Қалай? Сіз қазақ емессіз бе?» деді олар. «Қазақпын». «Ал тәржімалаушы қай тілге аударып отыр?» деді олар. «Орысшаға». «Сіз сонда орысша білмейсіз бе?». «Білемін, бірақ менің қызметім қазақ тілін білуді, соны құрметтеуді талап етеді» дедім. Содан әлгі делегация ертеңінде қазақ тілін білетін аудармашы алып келді. Одан кейін де қаншама делегация келеді. Бәрін ана тілімізде қабылдап отырдым. Міне, осылай істеу керек сияқты. АҚШ сенаторларымен де әңгіме қазақ тіліне өтті. Әрбір мекеме басшысы ана тілін құрметтесе, тіліміз одан сайын өркенін жая түседі. Құдайға шүкір, қазақ тілінің болашағы зор деп ойлаймын. Кейде бауырларымыз неге бәрі бірден бола салмайды деп жататын сияқты. Әбден қатып, сіресіп қалған нәрсені алдымен жібіту керек. Сабыр керек. Біраз жылдан кейін бәрі орнына келеді. Қазақ тілінің Қазақстандағы болашағы зор. Бұл ақиқат.
– Әңгімеңізге рақмет!

Әңгімелескен
Әсел САРҚЫТ
«Ана тілі»

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.