Ұлттық жәдігерлер көрмесі

Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламасын іске асыру аясында Қазақстан Республикасының Мемлекеттік орталық музейінде Алматы қаласының Жетісу әкімдігімен бірлесіп ағайынды Құлменовтердің «Мұздай темір құрсанған…» атты қару-жарақ көрмесі ашылды. Көрмеге қазақтың 80-нен астам көне қару-жарағы, ежелгі жауынгерлердің сауыт-саймандары, музыкалық құралдары мен тұрмыстық бұйымдары қойылған.    

Ағайынды Махмұт, Тұрсынжан және Айтберген Құлменовтер – ежелден ел қорғаған қазақ батырла­рының қару-жарақ түрлерін қал­пына келтіруші темірші-ұсталар, «Түркі дүниесіне сіңірген еңбегі үшін» сыйлығының ­лауреаттары, Қазақстанның мәдениет қай­рат­керлері. Құлменовтер шы­ғар­ма­шылықпен ғана емес, ғылыми жұмыспен де айналысады. Олардың жетекшілігімен «Көк бөрі» респуб­ликалық ғылыми-зерттеу және қолөнер шеберханасы құрылды, онда студенттер сәндік-қолданбалы өнер бұйымдарын дайындаудың және металл өңдеудің ежелгі технологияларын жаңғырту әдістемесін зерттейді. Ағайынды ұсталар «ЭКСПО – 2017 – этноауыл», «Қазақ хандығының 550 жылдығы» және басқа көптеген мемлекеттік, ғылыми, тарихи-этнографиялық жобаларды іске асыруға белсенді қатысты. Олар «Отырар сазы», «Мұрагер», «Сазген сазы», «Адырна» фольклорлық оркестрлеріне арнап ұлттық музыкалық аспаптар, көптеген облыстық, өлкетану музейлері үшін ұлттық сәндік-қолданбалы өнер заттарын жасаған, қалпына келтірген, қайта жаңғыртқан. Ағайынды Құлменовтердің қолөнер жұмыстары республикамыздың барлық облыстық музейлерінде және шетелдік жеке коллекцияларда сақталған.
«Мұздай темір құрсанып…» атты көрмеге ағайынды ұсталардың жеке коллекциясынан алынған қару-жарақ, ежелгі жауынгерлердің сауыт-саймандары, музыкалық құралдары және басқа да тұрмыстық бұйымдары қойылды. «Қазақтың әскери өмірі, жалпы көш­пенділер тарихы терең зерттеуді қажет етеді. Бұл жекелеген адамдардың емес, үлкен институттардың, ғалымдардың жұмысы» дейді Қазақстан дизайнерлер одағының мүшесі Тұрсынжан Құлменов.
Шараның ашылу рәсімінде ­Қа­зақ­­станның еңбек сіңірген өнер қай­раткері, танымал суретші, академик Амандос Ақанаев темірші-ұсталарға Қа­зақстан мәдениеті мен өнеріне қосқан елеулі үлестері үшін «Ұлы елдің Тарандысы» атты диплом мен медальдерді табыстады. Шара барысында келушілердің назарына ежелгі артефактілердің жасалу тәсілдері жайлы деректі фильм көрсетілді. Көрме 2019 жылдың 30 сәуіріне дейін жалғасады.

Дина ИМАМБАЕВА

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.