Өзбекстанда Қазақстан жылы ашылды

Дәуіржан ТӨЛЕБАЕВ
«Ана тілі»

Жуырда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев көршілес Өзбекстан еліне ресми ­сапармен барды. Сапар аясында екі мемлекет арасындағы стратегиялық әріптестікті нығайтуға байланыс­ты келіссөздер жасалып, бірқатар құжаттарға қол қойылды.
Ресми қарсы алу рәсімінен кейін мемлекеттер басшылары шағын құрамда келіссөздер жүргізді. Мемлекет басшысы жылы қарсы алып, қонақжайлық көрсеткені үшін Шавкат Мирзиёевке ризашылық білдіріп, осы мемлекеттік сапардың маңыздылығын атап өтті.

– Тұңғыш Президентіміз – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев мықты әрі үй­лесімді екіжақты қатынастарды қалыптас­тыруға зор үлес қосты. Сіздер де екі мемлекеттің көш­басшылары ретінде Қазақстан мен Өзбекстан арысындағы ынтымақтастықты биік деңгейге көтердіңіздер, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Қасым-Жомарт Кемелұлы өз сөзінде екі ел арасындағы байланыстар сабақтастығы мен жоғары қарқынын сақтауға баса мән бере отырып, әрі қарай дамуына барлық мүмкіндікті жасайтынын тілге тиек етті. Қос мемлекеттік ортақ тарихи тағдыр, туыстас тіліміз, дініміз бен мәдени құндылықтарымыз біріктіретінін атап өтті.
Сонымен қатар Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёевке Өзбекстандағы Қазақстан жылын өткізуге мүмкіндік туғызғаны үшін алғыс айтып, бұл шараның екі мемлекет халқын жақындастыру тұрғысынан алғанда аса маңызды екеніне тоқталды.
Шавкат Мирзиёев болса, Қасым-Жомарт Тоқаевты Қазақстан Президенті қызметіне кірісуімен құттықтап, мемлекеттік сапармен келгені үшін ризашылығын білдірді.
– Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың рөлін ерекше атап өткім келеді. Сол кісінің арқасында өзара қарым-қатынастарымыздың жоғары деңгейге көтерілуіне қол жеткіздік. Сіз де министр, Премьер-министр, Сенат төрағасы қызметтерін атқарған кезіңізде екі ел байланыс­тарын жақсартуға септігіңізді тигіздіңіз, – деді Шавкат Мирзиёев.
Сапар аясында қос ел басшылары кеңей­тілген құрамда кездесіп, күн тәртібіндегі маңыз­ды мәселелерді сөз етті. Келіссөздер барысында тараптар құқық қорғау органдары, арнайы қызмет және қорғаныс ведомстволары бойынша қауіпсіздік пен тұрақтылықты, тығыз ықпалдастықты қамтамасыз ету, жолаушы­лар және жүк тасымалдау ісін, өзара сауда және өнеркәсіп кооперациясын жандандыру мәселелерін талқылады. БҰҰ, Ислам ынтымақтастық ұйымы және Аралды құтқару халықаралық қоры аясындағы мүдделері мен ұстанымдары сәйкес келетінін айтты.
Келіссөздер қорытындысы бойынша БАҚ өкілдері үшін өткізген брифингте Қ.Тоқаев пен Ш.Мирзиёев мемлекеттер арасындағы қарым-қатынастардың нығаюы мен дамуы жолындағы Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев рөлі, екі елдің сауда-экономикалық ынтымақтастығы, 2020 жылдың соңына қарай өзара тауар айналымын 5 миллиард долларға дейін жеткізу, бірлескен жеңіл автомобиль, жүк көлігі және басқа техникаларды құрау бағытындағы жұмыстарды жалғастыру, Қазақстан мен Өзбекстан шекарасында халықаралық сауда-экономикалық ынтымақтастық орталығын құру, отын және су-энергетика саласындағы өзара іс-қимыл, экспорт-импорттық, транзиттік тасымал саласындағы ынтымақтастық, мәдени-гуманитарлық және жастар байланысын кеңейту мәселелері айтылды.
Шавкат Мирзиёев өз сөзінде Қасым-Жомарт Тоқаевпен ашық әрі толық өзара түсіністік рухында өткен келіссөздерге жоғары баға берді. Сапар барысында қол жеткізілген уағдаластықтарды іске асыру үшін Жол картасы бекітілетінін айтты.
– Қазақстан мен Өзбекстан қарым-қаты­настарын нығайтуға және жан-жақты ынты­мақтастықты кеңейтуге елеулі үлес қосқаны үшін қазақ халқының біртуар перзенті, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы, менің ағам, құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевқа алғыс айтқым келеді. Қазақстанның мемлекеттігін нығайтудағы, берік азаматтық қоғам қалыптастырудағы, заманауи және бәсекеге қабілетті ­экономика құрудағы, халықаралық аренадағы ел беделін арттырудағы зор жетістіктер оның есімімен тікелей байланыс­ты, – деді Өзбекстан Президенті.
Мемлекеттік сапар қорытындысы бойынша бірқатар құжаттарға қол қойылды. Олардың қатарында екі ел басшыларының бірлескен мәлімдемесі, Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Өзбекстан Республикасының Үкіметі арасындағы Еңбек қызметі және еңбекші көшіп-қонушылардың құқықтарын қорғау туралы келісім; Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Өзбекстан Республикасының Үкіметі арасындағы Заңсыз көші-қонмен күрес бойынша ынтымақтастық туралы келісім; Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі мен Өзбекстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі арасындағы 2019-2020 жылдарға арналған ынтымақтастық бағ­дарламасы және өзге де стратегиялық сипаттағы мемлекетаралық құжаттар бар.
Өзбекстандағы Қазақстан жылының ашылу рәсімі басталар алдында мемлекеттер басшылары Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласының негізгі мазмұнын ашуға арналған «Ұлы дала мұрасы» атты көрмені аралады.
Көрмеге Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінің қорындағы еліміздің ежелгі өнер туындылары, соның ішінде Есік қаласынан табылған Алтын адам, Берел қорғандарынан табылған аттар мен ат әбзелдерінің қалпына келтірілген нұсқалары, «Тақсай Ханшайымы», «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мә­дени қорық-музейінің бірегей экспонаттары қойылған.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев салтанатты рәсімде сөз сөйлеп, Шавкат ­Мирзиёевке және өзбек халқына жылы қарсы алып, ­қо­нақжайлық көрсеткені үшін ризашылығын білдірді. «Бізді тіліміздің бірлігі, дініміз, ортақ тарихымыз бен біртұтас тағдырымыз біріктіреді. Халықтарымыз – Орталық Азиядағы ежелгі әрі ұлы өркениеттің мұрагері. Біз дәстүрімізді, бабаларымыздың құндылықтары мен мәдени-тарихи мұраларын сақтап қалдық. Сонымен қатар көптеген қиын сынақтарды бастан өткердік» дей келе, Ұлы Абайдың қазақтарға бауырлас өзбек халқының еңбекқорлығын, қайырымды істері мен қарапайымдылығын үлгі етіп, үйренуге шақырғанын айтып, Өзбекстан басшылығына қазақ мәдениетін қолдағаны үшін ризашылығын білдірді.
Сонымен қатар Қазақстандағы өзбек диас­порасын қолдау шараларына жеке тоқталды. Елімізде өмір сүріп жатқан өзбек халқының рухани, әлеуметтік қажеттіліктерін толық қанағаттандыру үшін жан-жақты шаралар жасал­ғанын айтты. Қазақстанның барлық дерлік өңірінде өзбек этномәдени орталықтары ашыл­ғанына және тағы басқа іс-шаралар барысына тоқталды. Сөзінің соңында ата-бабала­рымыз мұра етіп қалдырған қазақ-өзбек халық­тарының достығы мен бірлігін сақтау қазіргі ұрпақтың ортақ парызы екенін атап өтіп, Өзбек­стандағы Қазақстан жылын ашық деп жариялады.
Салтанатты рәсім Әлібек Дінішев, Айман Мұсаходжаева, Медет Шотабаев, Нұрлан Бекмұхамбетов, Димаш Құдайбергенов, Мария Мудряк сынды Қазақстан өнерінің қайрат­керлері мен сахна шеберлері, шығарма­шылық ұжымдарының қатысуымен өткен гала-концертпен қорытындыланды.
Өзбекстандық көрермендер назарына М.Төлебаевтың «Біржан-Сара» опера­сынан үзінді, «Astana Ballet» театрының хорео­гра­фиялық композициясы, «Салтанат» ҚР мемлекеттік би ансамблінің, К.Кужамьяров атындағы Мемлекеттік республикалық ака­демия­лық ұйғыр театрының және Мемле­кет­тік республикалық академиялық корей театрының орындауындағы қойылымдар ұсынылды.

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.