ШЕТЕЛДЕН ЖЕЛАЯҚТАРДЫ ӘКЕЛГЕНШЕ… немесе Алматы марафонынан кейін туған түйткілдер

Алматыда Орталық Азиядағы ең ауқымды спорттық шара өтті. «Бірінші болу – батылдық» корпоративтік қоры, «World Class Almaty» фитнес-клубы және Академик Ш.Есенов атындағы ғылыми-білім беру қоры ұйымдастырған «Алматы марафоны» өзге елдерден келген қатысушылардың саны бойынша рекорд орнатты. Спорттық шараға Ресей, Өзбекстан, Қытай, Канада, Швеция мен Кения елдерінен келген спортшылар қатысты.

Дәстүрге сай бірінші болып балалар сынға түсті. 10-14 жастағы мыңға жуық жас атлет ең жүйрік атағына таласты. Ұлдар арасынан ­Доминик Боловинцев, ал қыздар арасынан Рима Гранкина жеңімпаз атанды.
Республика алаңында Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек пен «Алматы мара­фонының» негізін қалаушы және Ғалымжан Есенов марафон (42 шақырым) және жартылай марафон (21 шақырым), сонымен бірге командалық Экиден эстафетасын ашты. Мұндай командалардың саны биыл 113-ке жетті, бұл да бір рекорд болып отыр. Негізгі (42 шақырым) қашықтыққа Ташкент қаласы­нан келген Зикрилло Маматкулов 2:28:34 нәти­жесімен абсолютті жеңімпаз атанды. Ал қыздар арасынан Мәскеу қаласынан келген Александра Каланова ең үздік нәтиже көрсетті (2:42:44).
«Алматы марафоны» бірінші жылдан бас­тап алдына қайырымдылық мақсаттарын қойып келеді. Биыл сөрелік жарнадан түскен қаражаттың бір бөлігі балаларға арналған үш мекемеде спорттық алаңдарды тұрғызуға жұмсалмақ.
Алматыда өткен марафон жарысына қарап баға беретін болсақ, әлі де болса көптеген шешілмеген түйткілдерді байқауға болады. Мәселен, шындығына келгенде Алматы қаласы халықаралық деңгейде марафон өткізуге лайықты емес. Өйткені алып шаһардың жолы әрқилы. Лондон, Париж, Берлин, Нью-Йоркте өтетін марафондық жарыстарға қарап отырсаңыз, жолдың теп-тегіс екендігін көруге болады. Ұзақ қашықтықтағы бәсекеде спортшылар жақсы нәтиже көрсету үшін бұл сайыс стадиондай тегіс трассада өтуі тиіс. Екіншіден, теңіз деңгейінен бірнеше метр жоғары тұрған Алматы марафоны спортшылар үшін психологиялық соққы болары белгілі. Бірақ, ең негізгісі, спорт падишасы болып саналатын жеңіл атлетика спорты әлемдік деңгейде дамыған деп айта алмаймыз.
Былтыр Қазақстан жеңіл атлетикасына 100 жыл толды. Бір ғасырлық тарихы бар бұл спорттың тамыры тереңде деуге болады. Жанкүйерлер мен мамандар жеңіл атлетиканы «спорт падишасы» деп бекер айтпаса керек. Өйткені Олимпиада ойындарында жеңіл атлетикадан 151 медаль (соның ішінде 47-сі алтын) жиынтығы сарапқа салынады. Екіншіден, жеңіл атлетика бүкіл спорттың бастауы болғандықтан, спорт падишасы деп аталуы тегіннен-тегін емес.
Тарихқа үңілер болсақ, жеңіл атлетикадан әлем чемпионаты 1983 жылдан бері үздіксіз ұйымдастырылып келеді. Бұдан 36 жыл бұрын Финляндия астанасы Хельсинкиде тұсауы кесілген жарыста 153 мемлекеттен 1355 үміткер қатысып, 41 жүлде жиынтығы үшін таласты. Бұл бәсекеде Кеңес Одағы құрамында 4х100 эстафеталық сайыста өнер көрсеткен қарағандылық желаяқ Владимир Муравьев қола медальді иеленді.
1987 жылы Италия астанасы Римде өткен жарыста жерлесіміз Владимир Муравьев эстафеталық сайыста күміс медальді еншіледі. Сонымен қатар марафоншы Зоя Иванова күміс алса, үш қарғып секіруде Олег Сакиркин қолаға қол созды. 1991 жылғы Жапония астанасы Токиода өткен байрақты бәсекеде АҚШ-тан кейін КСРО құрамасы (9+9+11) екінші орынға жайғасты. Бірақ Кеңес сапынан сынға түсіп жүлдегер атанған отандастарымыз болмады. Содан кейін Кеңес Одағы тарады. Бұдан басқа жеңіл атлетиканың федерациясы болып саналатын IAAF әлем біріншілігі әрбір 4 жыл сайын емес, 2 жыл сайын өтетін болып шешті. 1993 жылы Германияның Штутгарт қаласында өткен додада Григорий Егоров күміс медальді еншіледі.
1995 жылы Швецияның Гетеборгтегі бірін­шілікте 100 метрге кедергілер арқылы жүгірген Ольга Шишигина күміс жүлдемен күптелді. 1997 жылы Грекия астанасы Афинадағы 6-шы және 1999 жылы Испанияның Севилья шаһарында өткен бәсекеде атлеттеріміз елге жүлдесіз оралды. 2001 жылы Канаданың Эдмонт қаласындағы жарыста Алматыда туып-өскен желаяғымыз Ольга Шишигина 110 метрге кедергілермен жүгіру сайысында қола жүлдеге қол жеткізді. Сол ару қызымыз 2000 жылғы Сидней Олимпиа­дасында аяқ астынан жолы болып алтыннан алқа тағынған.
2003 жылы Францияның астанасы Париж қаласының түбіндегі Сен-Денидегі байрақты бәсекеде Дмитрий Карпов онсайыстан ІІІ орынды еншіледі. Бұл жетістігін ол Жапонияның Осака қаласындағы додада да қайталады.

Тұздық
Марат БАЛТАБАЕВ,
ардагерлер арасында Азияның жеті дүркін чемпионы:
– Жеңіл атлетика – өте қиын спорттың бірі. Көптеген проблемалар бар. Жалғыз Алматы, Астана, Қарағанды қалаларында ғана емес, басқа шаһарлар мен ауылдарда жеңіл атлетиканың спорттық манеждері мен алаңдарын жөндеуге болады ғой. Тіпті, ауылда стадион жоқтың қасы. Бар стадионның өзі тозған. Ауыл баласы не қала баласы деп бөлмей, көптеген жастарды ыңғайға қарап тәрбиелеу ісі жетіспей тұр. Өзім алыс қашықтықта жүгіремін. Ал спринтерлік қашықтықта әлемдік деңгейге сай дәрежеде өнер көрсететін жас спортшыларды көрмеппін. «Болашағы бар» деп үкілеп жүрген жастарымыз ішкі біріншілікте топ жарғанымен, халықаралық жарыстарға барғанда әріптестерінің шаңына да ілесе алмай қалады. Жалпы, жеңіл атлетикаға ғана емес, спорт саласына үлкен реформа керек. Әтпесе, күн санап артқа кетіп
барамыз…

Оның алдында Д.Карпов 2004 жылы ­Афиныда алауы тұтанған Олимпиада ойындарын ІІІ орынмен қорытындылады. 2011 жылы Оңтүстік Кореяның Тэгу шаһарындағы біріншілікте үш қарғып секіруде Ольга Рыпакова күміс медаль алды. Сонымен қатар ол 2015 жылы Қытай астанасы Бейжіңдегі 15-ші және 2017 жылы Ұлыбритания астанасы Лондондағы 16-шы біріншілікте сәтті өнер көрсетіп қола жүлделерді олжалады. Сонымен қатар 2012 жылы Лондон Олимпиадасында чемпион атанды. Ал 2005 жылы Финляндия астанасы Хельсинкідегі 10-шы, 2009 жылы Германия астанасы Берлиндегі 12-ші және 2013 жылғы Ресей астанасы Мәскеудегі 14-ші әлем чемпионатында жеңіл атлеттеріміздің бағы мен бабы қатар келмей, жүлдесіз қалды.
Биыл жеңіл атлетикадан ХVІІ әлем бірін­шілігі Катар астанасы Дохада күзде өтпек. Бұл бәсекеде келесі жылы Жапония астанасы Токиода өтетін XXXII Жазғы Олимпиадаға қатысу үшін лицензиялар сарапқа салынбақ. Аталмыш жарысқа жеңіл атлеттеріміз дайын ба? Жалпы жеңіл атлетиканың әлем біріншілігінде Тәуелсіз ел болып қатысқан Қазақстан спортшылары алтын жүлдеге неге қол жеткізе алмай келеді деген орынды сұрақ туындайтыны ақиқат.
Қазақстан Республикасының 2025 жылға дейінгі дене шынықтыруды және спортты халықаралық дәрежеге сай дамыту бойынша көптеген игі істер атқарылып жатқаны жасырын емес. Мәселен, таяуда Кенияның 5 спортшысы Қазақстан азаматтығын қабылдады. Құрама сапына екі ер және үш әйел алынды. Шедраке Коэче (1999 жылы туған) және Кенете Ротиче (1990). Ал әйелдерден – Норе Джируте (1995), Каролине Кипкируи (1994) және Дэйзи Джепкемей (1996). Желден жүйрік желаяқтар Шығыс Қазақстан облысы үшін сынға түспек.
Мамандар кениялық спортшылар еліміздің жеңіл атлетика спортының дамуына үлесін қосатынына сенімді. Дегенмен, қара құрлықтан көк қағазға өзге елдің қосалқы құрамда отырған жүйріктерін алу қажет пе, жоқ па деген сұрақпен қоса, жергілікті спортшыларымызда неге шеберлік жетіспейді деген көкейкесті сұрақ алдымыздан шығады да тұрады.
Қазақтың қайратты ұлдары тек жекпе-жек өнеріне ғана бейім емес еді. Ғ.Қосанов, Ә.Тұяқов, С.Исамбаев, Ә.Байтықов, ­Е.Жам­былов, Б.Күреңкеев… санамалай берсек, шыға береді. Десек те, қазіргі таңда жеңіл атлетика қарыштап дамып кеткен. Бұрынғы Ғ.Қосанов пен Ә.Тұяқовтың көрсеткіштерімен қазіргі кезде жеңіл атлетиканың әлем біріншілігі немесе олимпиада ойындарында жүлдеге ілігуіңіз екіталай. Тіпті бұндай нәтижемен финалдық кезеңге де өте алмайсыз. Осыдан барып, Тәуелсіздік алғаннан кейін заман талабына ілесіп, жүйріктерімізді неге шығара алмадық деген алаңдаушылық жоқ емес.
Қазіргі күні көптеген аудан-ауылдарда ат жарыс, көкпар, қазақ күресі, теңге ілу, қыз қуу сияқты спорт түрлерінен жарыстар ұйымдастырылып жүр. Ұлттық спортымызды ұлықтаған, әрине, дұрыс. Оған қарсылығымыз жоқ. Дегенмен, әрбір аудан-ауылдың, облыстың спорт басшылары Олимпиада бағдарламасына кірген спорт түрлерін де дамытуға күш салулары керек. Қазір көптеген ауылдарда спорт мектептері тапшы. Солардың ішінен спортқа бейімі бар жастарды іріктеп алып, облыс орталықтарына әкеліп, оларды тегін тамақтандырып, жататын орынмен қамтамасыз етсек, қаншама ауыл балалары үлкен спортқа қадам басар еді. Мәселен, жеңіл атлетика спортын алайық. Жеңіл атлетикада тек қана жүгіру емес, ядро серпу, найза мен балға лақтыру сияқты спорт түрлері бар. Ауыл баласы найза немесе ядро лақтыруға шебер келеді. Кішкентайынан бір-бірімен тас атысып ойнап өскен балалардың ішінде салмағы жеті келіден сәл ғана асатын болат шарды 20 метрден әрі асыратын ауыл баласы жоқ дегенге кім сенеді? Ауылда таңның атысы, күннің батысы қара жұмыс істеп, шымыр боп өскен балаға әлгі ядроның немесе найза лақтырудың техникалық әдіс-тәсілін үйретіп жіберсең болды емес пе?! Бұл спорт түрін ауылда дамыту да онша қымбатқа түспейді. Бір ауылға екі ядро мен екі найза жетіп жатыр. Ең бастысы, осы спорттың тәсілін жетік білетін маман болса болғаны. Ертеңгі күні Олимпиада ойындарында еліміздің спортшылары ядро мен найза лақтырудан, одан қалса балға лақтырудан чемпион атанып жатса, бұл дегеніміз елімізге мәртебе емес пе?! Әлемдік спорт тарихын ақтарар болсақ, найза лақтырудан, ядро серпуден қазақ жастарына үлгі-өнеге болатын көптеген спортшыларды мысалға алуға болады.
Қазіргі таңда қазақ жастарының жеңіл атлетикаға аз да болса тартылғаны қуантады. Алайда алыс қашықтыққа, яғни марафонға ден салып жүрген қаракөз жастарымыздың да шеберлігі жетіспейді. Қаракөздеріміз сонымен қатар тек алыс қашықтыққа ғана емес, қысқа немесе орташа қашықтыққа да бағын неге сынамасқа?! Ал алыс қашықтықтардың біріне жататын 5 немесе 10 шақырым бойынша жүгіретін стайерлердің орны мүлдем босап тұр. Сонымен, қазақ жастарының жеңіл атлетикаға қырын қарауына байланысты көптеген себептерге үңілейік. Біріншіден, қазақ қонақжай халық. Көп уақытын досын, туысқандарын күтуге өткізеді. Пайдасы жоқ басқосу көп. Ал кез келген спорт үнемі тер төгуді қажет етеді. Сосын психологиялық әсер. Көп ата-ана баласының күрес, бокс, жекпе-жекпен айналысқанын қалайды. Жеңіл атлетика деген спортқа менсінбей қарайды. Мәселен, талантты боксшы 2-3 жылдың ішінде спорт шебері атанса, ал желаяқ спорт шеберлігіне жету үшін бірнеше жыл бойы еңбектенуі қажет. Жеңіл атлетика бүкіл спорттың бастауы десек, бұған менсінбей қараған адам басқа спорттан да мақұрым қалары анық. Менің замандастарым көбіне үйде ұялы телефон, гаджет, компьютердегі интернетке кіріп, ән тыңдап, видео-роликтерді айналдырып көрумен өмірін өткізуде. Жастар дұрыс тамақтанбайды. Ұлттық сусынымыз қымыз, шұбат, айран ішудің орнына шетелдің тез пісетін тамағына әуес. Одан қалса машинадан түскіміз келмейді. Жаяу жүруге қырын қарайды. Ал қазақтан спорттық жүрістен әлемдік дәрежеге сай спорт шебері қашан шығары белгісіз?! Одан қалса көптеген спорт түрінде қазақ мамандары жоқ. Сондықтан осы спорт түрлеріне қазақ мамандарын көбірек тартқанымыз абзал.
Жеңіл атлетикада жоғары жетістікке жету қиынның қиыны. Ол командалық спорт секілді жақсы деңгейге шығармауы мүмкін. Тек жүзден жүйріктер ғана суырылып ел намысын ірі додаларда қорғайды. Десе де, бала жеңіл атлетикаға қызығып, осы спортпен «ауырса» бетінен қақпаған дұрыс.


Қазір жеңіл атлетикадан жұмыр жерге әмірін жүргізіп тұрған – Ямайка мен Кения. Екі құрлықта орналасқан, әлеметтік жағдайы мүшкіл қос ел бір-біріне ұқсамайды. Тіпті жеңіл атлетика түрлері де кереғар. Ал осы жеңіл атлетикада олар осы нәтижеге қалай жетті? Аса күрделі ештеңесі жоқ, қарапайым. Құлшынған жастарға жаттығу алаңдары мен жүгіру трассаларын жан-жақты жасақтаған және дәстүрлі мектеп қалыптасқан. Бармақ басты, көз қысты «жүйе» атымен жоқ. Кім жүйрік, сол топ жарады. Көзін тырнап ашан бала алғашқы адымын жаяу жарыстан бастайды. Мектептегі жарыстарда қысқа қашықтықтағы сайыстар жиі өткізіледі. Тіпті әрбір мектеп, аула балаларының өз жүйріктері бар. Бұл елдің жастары өзгеге емес, бала күнінен Усейн Болт немесе Бриджит Фостер-Хилтон сынды желаяқтарға еліктеп өседі. Мектеп оқушыларының спорттық мансабы жеңіл атлетиканың «Чампс» жарысынан басталады. Бұл ғасырлық тарихы бар спорттық шара ел астанасы Кингстондағы 35 мың адамдық стадионда өтеді. Бұл кез келген қара домалаққа қуат бермей ме? Ал біз спорт саласында миллиардтаған қаржы төгіп, сырттан легионер тасып әлек болып жүрміз… Сонда да нәтиже шамалы. Бір ғана Усейн Болттың үш олимпиадада алған алтын медалінің санынан біздің Тәуелсіздік дәуірінде алған алтынымыз зорға асады…
Қалай дегенде де, қазақ жастарына ойланатын кез жетті.

P.S. 

Түнеу күні Тараз шаһарында «Жамбыл менің жай атым, Халық менің шын атым» деген аламан айтыс өтті. Сол айтыста бүгінгі спорттағы кері кетушілік те сөз болды. Мәселен, қазынаның қаржысына қара құрлықтан спортшы сатып алған ақжағалыларға бағыттап: «Шетелден желаяқтарды әкелгенше, алаяқтарды әкелгін қашып кеткен…» деген айтыскер ақын Шұғайып Сезімханның жанайқайына қалың көрермен неге ұзақ қол соқты?.. Ойландыңыз ба?

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.