Орыстілді маман дайындауды азайту керек

Бәрімізге белгілі, тіліміздің еліміздегі үстемдігін орнықтыру оңай шаруа болмай тұр. Өйткені қазақтілділер саны аз. Орыс тілін білетіндер көп. Ал олардың санын азайту керек-ақ. Біздіңше, оны жүзеге асырудың бір жолы бар сияқты.
Біз өткен ғасырдың 90-жылдарынан бастап орыс­тілділерді қазақша сөйлетеміз деп, соған бар күш-қуа­тымызды жұмсап келдік. Біздің па­йымдауымызша, қазақ тілінің бо­лашағы – қазақ тілін өзгелерге оқы­тып-үйретуде емес, қазақша оқы­туда жатқан сияқты. Оның мә­нісі мынада. Бір қарасаң, бәрі орынды секілді. Орыстілділерге мем­лекеттік тілді оқытып-үйретіп жүр­міз. Екінші жағынан қарасаң, еткен еңбегіміздің нәтижесі шамалы болып тұр. Сосын осы орысша білім беретін түрлі деңгейлік оқу орындарындағы қазақ тілі пәні мен тіл үйрету орталықтарының мемлекеттік тілді дамытуға ық­палы қаншалықты болып жатыр екен деген ойға қалып, осы бізден басқа жұртта мұндай мәселе бар ма, жоқ па деп зерттеп-зерделесек, өзін ұлттық мемлекет санайтын және жергілікті ұлт тіліне не­гізделген мемлекеттік тілі бар дербес елдердің ешқайсысы өзіне қажетті мамандарды көрші ел тілі тұрмақ, халықаралық тіл саналып жүрген ағылшын тілінде де дайындамайды екен. Біз болсақ, Ресейдің мемлекеттік тілінде мамандар дайындап қана қоймай, содан соң оларды мемлекеттік тілімізде жұмыс істете алмай әлек болып жүрміз. Бұл аздай-ақ, енді биылдан бастап еліміздің жастарын ЖОО-да ағылшын тілінде оқытып, жоғары білімді маман етіп дайындап шығаруды қолға алғалы жатырмыз. Олардың кімге, қай тілде қызмет ететінін бір Құдайымыз білсін. Мүмкін олар білім-біліктілікті ағылшын тілінде меңгеріп, ағылшынша мүлтіксіз сайрап, бірақ мемлекеттік тілде әрең сөйлейтіндей дәрежеде бі­тіріп, маман болып шыққан кезде олардың қарауында жұмыс іс­тейтін Қазақстан азаматтары ағыл­шынтілді болып кетер. Осындайда білікті мамандар ел тұрмысы үшін керек пе, әлде шетелдіктерге қызмет ету үшін керек пе деген ой келеді екен. Шынында да, аса керек болып жатса, санаулы жастарды «Болашақ» бағдарламасымен шетелдерге жіберіп оқытуға болады ғой. Солай етіп жатқан да сияқты едік. Әрине, егер ол жақтан оралып, мамандық алып келгендер өз ана тілін ұмытып қалмай, ел тірлігі үшін қызмет етіп жатса жақсы. Бұдан шығатын қорытынды, бас­қа елдердегідей (АҚШ, Ұлыбритания, Франция, Ресей, Қытай, т.б.) өз қалтасынан ақы төлеп, шетелдерде оқимын дегендерге жол ашып, керісінше, мемлекеттік грантпен орыс, ағылшын тілінде түрлі кәсіп иелері мен жоғары білімді мамандарды шектеу керек. Сонда ғана елімізде тұрып, тіршілік еткісі келетін орыстілді отандастарымыз өз балаларының болашағын ойлап, қазақ мектептеріне бере бастайды. Бұл дегеніңіз орыс мектептерінің азаюына апарады.
Біреулер біздің бұл пікірімізбен келіспей, кәсіби орта және жоғары білімді орысша да, ағылшынша да бере беру керек және ондай білім ошақтарында қазақ тілін мемлекеттік тіл ретінде оқытып-үйретудің нәтижесі бар, оларды бітіріп, мемлекеттік тілде жұмыс істей алатындар шығып жатыр десе де, сол уәждеріне олардың арасынан мемлекеттік тілде қызмет етіп жүрген адамды көп кездестір­мей, телеарналардан қазақша сөй­леп жүрген бірен-саран өзге ұлт өкілдерін алға тартып, үлгі етер. Бұл дегеніңіз өзімізді-өзіміз алдау ғой! Оларға сол қазақшаны оқу орындарындағы қазақ тілі пәнінің керемет оқулығы, үздік оқытушысы немесе олардың жаңа технология­ға негізделген әдістемесі (методика) үйреткен жоқ, өмір үйреткен. Олардың барлығы – қазақы ортада туып-өсіп, тіл меңгергендер. Ондайлардың өзі де елімізде соншалықты көп емес. Осыдан ғой, еліміздегі басқа ұлт өкілдері мен орыстілді қандастарымыз өздерінің мемлекеттік тілден мақрұм еке­нін осы пәннің оқулығынан, әдіс­темесінен, мұғалім-оқытушы­ла­ры­нан көріп жүр. Мәселен, жуыр­да республикалық бір конференцияда үлкен бір дөкей орысша сөйлеп, орыстілділердің қазақша білмейтінін қазақ тілі пәнінің оқы­тушыларынан көріп, жазғыра сөй­леді. Шынында да, осыған мұ­ғалім-оқытушылар немесе олардың әдістемесі кінәлі ме екен? Біздің ойымызша, бұл – мүлдем қате тү­сінік. Олар әл-қадерінше өз мін­деттерін адал атқарып жүр.
Енді осы мәселеге кереғар таза қазақи ауылда туып-өскен өзі­міздің қаракөздердің орысшаны тез игеріп, сөйлеп кетулеріне не себеп, олар мектепте оқытылған орыс тілі пәні мен оның мұғалімінің арқасында орысша сөйлеп-жа­зуды үйреніп жатыр ма, әлде біз – қазақтар тіл үйренуге ерекше қабілеттіміз бе, олай болса, орыстілді қандастарымыз «өз ана тілін» неге меңгеріп кете алмай жүр? – деген сияқты сұрақтар туын­дайды. Біздіңше, мектепте қазақтілділерге орыс тілін үй­ренудің негізі қаланса да, көп жағ­дайда одан тілді жатық біліп шығып жүргендер шамалы. Олар­ды өмір үйретті, қажеттілік үйре­нуге мәжбүр етті. Бұл, әрине, қазақ мектебі оқушыларына орыс тілі немесе орыс мектебі оқушыларына қазақ тілі пәнінің пайдасы жоқ дегендік емес. Бұл пәндердің әр жеке тұлғаның қабілет-қарымына қарай берері мол екені анық. Бірақ бізге дәл қазіргі уақытта қазақ­ша аздап шүлдірлейтіндерді емес, нағыз қазақтілділердің санын арттыру маңызды болып тұр емес пе?!
Оның төте жолы – басты назарды орыстілділерге қазақ тілін оқытып-үйретуге емес, Қазақстан қоғамын қазақша оқытуға, яғни қазақ мектептері оқушыларын және орта, жоғары кәсіби білім беретін оқу орындарының қазақ бөлімі студенттерінің санын арттырып, оларға білім-ғылымды, тәлім-тәрбиені қазақша беруге баса назар аударуда жатыр.
Міне, сонда ғана қазақтілді­лер көбейеді. Бұл дегеніңіз – тілді тұтынушылардың саны артады деген сөз. Олардың саны артса, қазақ тіліндегі түрлі әдебиеттерге, газет-журналдарға, телерадио ха­барларына, ғаламтордағы қазақ­ша сайттарға, т.б. ақпа­рат көздеріне деген сұраныс кү­шейіп, олардың таралымы, ақ­па­раттары көбейеді. Қазақ ақын-жазушылары мен қазақ газет-журналдары оқырмандарға, қазақ театрлары мен телеарналары кө­рермендерге, қазақша ғаламтор оны тұтынушыларға қарық болады. Керісінше, тіл үйретуді қажет ететіндердің саны селдіреп, оларға оны қалай үйретеміз, оқулықтың сапасын, оқытушылардың білімін қайтіп жетілдіреміз деген сияқты ұшы-қиырсыз машақаттан құ­тылып, халық қаражатын нағыз ділгір жерлеріне жұмсар едік.

Бейбіт Жалелұлы,
Абай атындағы ҚазҰПУ Әдебиеттану және тіл білімі
ҒЗИ-дың ғалым хатшысы, филология ғылымдарының кандидаты

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

2 Пікір

  1. Cалтанат

    Бейбіт, көтерген мәселеңіз орынды. Мен сізбен толық келісемін, себебі сөзіңіздің жаны бар. Біз басқа ұлт өкілдерін мәжбүрлеп қазақша үйреткеннен гөрі, өзіміздің қандастарымыздың жайын ойлауымыз қажет. Ол үшін қазірден бастап қазақ тілді аудиторияға мамандық тілі, кәсіби қазақ тілі сияқты пәндерді оқытып,қазақ тілін жан-жақты, тереңдетіп үйретуге ден қоюымыз керек. Сонда осы еңбегіміздің жемісін 5 жылдан соң көріп отырмыз.

  2. Қайрат А

    Бейбіт Жалелұлының пікірімен толық келісемін. Мамандарды қазақ тілінде даярлауға басты назар аударуымыз керек. Әсіресе, жоғары білікті мамандарды. Өкінішке орай, орыстілді қандастарымыздың өзі бұған қарсы. Мәселен, еліміздегі психология ғылымы саласында қорғалып жатқан кандидаттық және докторлық диссертациялардың басым бөлігі орыс тілінде. Тіпті кез келген мамандықты алып пайыздың тұрғыда салыстырып қараңызшы. Қазақша оқығандарға мүмкіндік аз, жол жоқ.Қазақтілді байқұстар соңғы қаржысын шашып жүріп , мүйізі қарағайдай ашқарақ профессорларымызға ақша беріп , жағымпазданып, табанын жалап жүріп қана қорғай алады, ал бүкіл ТМД елдерінде қорғауға мүмкіндігі бар орыс, кәріс, еврей магистранттары мен ізденушілері еш қиналмай-ақ бір-екі үш жылда қорғай салады. Психология саласындағы әділетсіздіктен әбден түңілдік. Жұрттың бәрі оны беске біледі. «Қазақ-қазақ» деп ұрандатып жүретін бір ақсақал жастағы профессорымыз өз қызына докторлық диссертациясын қазақ тілінде емес орысша жазып беріп қорғатқанын көргенде қолды бір сілтегенбіз. Мұндағы орын алған парақорлықты министрден бастап басшылардың бәрі білсе де еш шара қолданбаған соң көбі психология ғылымын тастап кетіп жатыр.

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.