ЖОЛСЕЙІТТІҢ МҰРАСЫ МӘҢГІЛІК ЖАҢҒЫРАДЫ

Әр адамның өмірі өзінше бір тарих екені белгілі. Ол қарапайым болуы да, күрделі түрленуі де мүмкін. Міне, біз қаламымызға арқау етіп отырған Жолсейіт Есбайұлы – сан салалы өмір соқпақтарымен жүріп, өзіндік биік белестерді де бағындырған жан.
Ол 1928 жылы 1 қаңтарда Алматы облысы Жамбыл ауданы бұрынғы Төңірекқұршын, қазіргі Саурық батыр ауылында дүниеге келді. Ертедегі үлкендердің естелік әңгімелеріне қарағанда әкесі Есбай осы өңірдегі беделді тұлғалардың бірі болған. Көзін көрген қариялардың айтуы бойынша, ел ішіндегі көп мәселелер ол кісісіз шешілмейді екен. Бұл сөзіміздің дәлелі ретінде Екей ішіндегі кіші әйелден тараған үш бұтақ – Әлти, Қосай, Баянай руларындағы ең беделді кісілер –«Үш жақсының» бірі ретінде Есбай әкейдің айтқан кесімді пікіріне жүгінгені айтылады.

Отызыншы жылдары «асыра сілтеуші­ліктің» бұл өңірді айналып өтуі, 1931-32 жылдары ашаршылық нәубетінен ауыл тұрғындарын мүмкіндігінше аз шығынмен алып қалуы Есбай секілді ел қамын ойлайтын азаматтардың арқасы дейді білетіндер. Алатаудың күнгейіндегі қырғыз туғандардың ішіндегі ең бай, беделді адамына күйеу бала болған Есбай НКВД-ның қуғынына ұшыраған біраз азаматтарды тау асырып жіберіп, аман сақтап қалады.Бұдан кейінгі зұлмат ашаршылық кезінде де қоржындап бергі жаққа тары-бидай тасып, біраз жұртты ажал тырнағынан арашалап қалғанын інісі Ахмет көзіне жас ала отырып әңгімелейтін. Қырғыздың Тоқпақ жақтағы қайын атасы Данияр артель, кейіннен колхоз басқарған төраға болыпты. Күйеубаласы келгенде мүмкіндігінше қолын бос қайтармайды екен. Нәтижесінде әкелген тұқымдық тарыны сеуіп, отыз екінші жылғы ашаршылықтан аман-есен қалдық деп айтып отыратын, жарықтық. Шешесі Әсел әжеміз дүниеге Әпсейіт, Нұрсейіт, Жолсейіт, Тоқсейіт, Құлсейіт атты ұлдарды дүниеге әкелген. Құлсейіт сәби кезінде ауырып, шетінеп кеткен екен. Енді қыз тапсам деп жүріп құрсақ көтеріпті. Сол арманы орындалып, дүниеге қыз әкеледі. Бірақ толғағы ауыр болады да жолдасы түспей қалып, 1941 жылы қайтыс болады, қызы да шетінеп кетеді. Нұрсейіт баласы болашағынан мол үміт күттірген білімді әрі белсенді комсомол болған екен, соғыстың алғашқы күндері-ақ өзі сұранып майданға аттанады. Ленинград майданында соғысып, 1943 жылы хабар-ошарсыз кетеді. Үлкен ұлы Әпсейіт алдымен орыс-фин соғысына қатысады. Кейіннен неміс басқыншыларына қарсы айқасып, ауыр жараланып елге оралады.
Ал Жолсейіт болса соғыс басталғанда он үштегі жас бала, өз қатарлары секілді тылдағы ауыр жұмысқа тартылады. Көктемде арайланып таң білінгеннен бас­тап ымырт қараңғылығына дейін өгізбен жер жыртады. Жазда шөп шабу, оны жинау, күз болғанда бидай бастыру, астықты өгіз арбамен мықшыңдап орталыққа тасу – колхоздың жұмысы біте ме, әйтеуір бітпейтін бір тірлік. Өзінің естелік әңгімелеріне қарағанда ала қыстай шөп тарту, тұқым бастырумен титықтап шыққан арық өгіздердің күн ұзын соқаны сүйреуге дәрмені зорға жететін. Онда да арқасын қайыстырған қамшының күшімен жетеді. «Өгіздеріміздің сауыры қамшымен сабалай бергеннен соң қызыл ала қан, арқасы шоқпыт-шоқпыт жауыр болатын. Ертеден кешке дейін өгіз үстінде жұлынып, «цоп, цобелей» дей бергеннен тамағымыз жыртыла ауырып, дойыр қамшы қарымызды талдырып, біз де әбден титықтайтынбыз. Таңдайымыз кеуіп, қарнымыз ашып, қамшы сілтеуге әліміз құрып, бас айналып, көз қарауытып, сүрініп құлауға айналғанда ат ойнатып, бишігін шиырып Бектұрған бригадир келеді. Одан жаман қорқушы едік, бала, қыз демей сабай жөнелуші еді. Бір күні тары көжені ішіп алғаннан соң демалып алайық деп мая сабанның ішіне кіріп қисая кетсек, ұйықтап кетіппіз». «Мен ұрлық қылған кезде ай жарық бопты» дегеннің кері келіп, ұйықтап жатқан Тұрғанқұл екеуінің үстінен бригадир Бектұрған түседі. Содан Жолсейіт екеуін айдалған егістік үстінде қуалап жүріп сабайды ғой. «Аяңызшы, енді бұлай істемейміз» деп, шырылдап шыңғырса да қарамайды. Осы оқиғадан кейін Тұрғанқұл: «Соғыс бітсін, екеуміз Алматыға барып соттың оқуына түсеміз. Сен прокурор, мен сот болып, Бектұрғанның неге соғысқа бармағанын анықтаймыз, сөйтіп, түрмеге жабамыз» деп Жолсейіт екеуі сөз байласады. Осылайша екеуі арман қуалап 1947 жылы Алматыға келіп, КазГУ-дың заң факультетіне құжаттарын тапсырады. Осы кезде КазПИ-де оқып жүрген жақын ағалары Молдақасым Халықов кездесіп қалып, Жолсейітке: «Сот болып қайтесің, өкіметтің тапсырмасын орындаймын деп, ақ-қарасын анықтамай біреуді соттайсың. Оның бала-шағасының көз жасына қаласың. Қарғыс арқалағанша алғыс арқала, одан да мұғалім бол» деп ақылын айтады. Ол кез Сталиннің ­заманы ғой, көп әділетсіздіктерді көрген, ойына түйген Молдақасым ағасы інісін осылайша райынан қайтарып, құжаттарын қайта алғызып, филология факультетіне өткіздіртеді. Осылайша Жолсейіт Есбайұлы тіл-әдебиет факультетінің студенті атанып шыға келеді. Бала күнінен ертек, жыр-дастан, шежірелерді ауыл қарияларынан тыңдап, жаттап өскен, өзі домбыра, мондолин шертіп, ән шырқайтын жас жігіт университет қабырғасында жүріп қоғамдық жұмыстарға белсене араласады, ғылыми зерттеу жұмыстарымен де айналысады. Өзінің зеректігі, байсалды мінезі, тартымды келбетімен Ұлы жазушы Мұхтар Әуезовтің көзіне түседі. Ұлы Ұстазының басшылығымен «Кенесары-Наурызбай көтерілісі қазақ әдебиетінде» тақырыбындағы зерттеуін диплом жұмысы ретінде қорғамаққа бел буады.Тіпті сәтті қорғалған жағдайда кандидаттық диссертацияға жалғастырмақшы болады.Себебі бұл көтеріліс туралы елуінші жылдары тек белгілі тарихшы Ермұхан Бекмахановтың аты шулы «Қазақстан – ХІХ ғасырдың 20-40 жылдарында» монографиясында зерттелген болатын. Дипломдық жұмыс жазылып біткен кезде ­Бекмаханов тұтқындалып, ақыры сот үкімімен 25 жылға Сібірге жер аударылады. Бұл Сталиндік репрессияның үшінші толқыны «буржуазиялық ұлтшылдық» атауымен 1950 жылы «Правда» газетінде басылған «За марксистское освещение вопросов истории Казахстана» атты мақаладан басталған болатын. Енді М.Әуезовтің басына да қара бұлт үйіріледі. Жолсейіт Есбайұлының бір естелігінде бұл күрделі күндер жөнінде былай дейді.«Бір күні М.Әуезов мені оңаша шақыртып, дайын болған дипломдық жұмысты түгел қолжазбасымен, бұл зерттеу туралы кафедраның ғылыми кеңесі хаттамаларын қоса өртетіп жіберді. Маған тез арада Иса Байзақовтың «Құралай сұлу» поэмасы туралы диплом жұмысын жазуға кеңес берді. Артынан өзі де ­Бекмаханов секілді қуғындалып, Ленинград университетіне ауысуға мәжбүр болды. Бұл 1952 жылы болған оқиға еді…»
Ұстазы басқа қалаға ауысқаннан соң Жолсейіт Есбайұлы дипломын алып ауылға қайтады. Туған ауылы ол кезде Кагонович деп аталатын, аудандық білім бөлімі оны осы ауылдағы жетіжылдық мектепке оқу меңгерушісі етіп тағайындайды. Кейіннен 1961 жылы сырқаттанып министрлер кеңесінің ауруханасында емделіп жатқан ұлы ұстазы М.Әуезовтің көңілін сұрап барады. Ауруханадан шыққан соң әрі оқырмандарымен жүздесіп, шығармашылығы туралы әңгіме-дүкен құруға, әрі сахараның таза ауасымен тыныстап, бағлан қозының етін жеп демалып қайту үшін ауылға шақырады. Ұлылардың ұлылығы олардың қарапайымдылығында емес пе, уақыт тауып 27 мамыр күні қасына зерттеуші ғалымдар Есмағамбет ­Ысмайылов, Ғайса Сармурзиндарды ертіп, жолбасшы жас аспирант Сұлтанғали ­Садырбаев болып, сол кезде ХХ партсъезд ауылына (қазіргі Саурық батыр ауылы) барады. Ауыл еңбеккерлерімен емен-жарқын сөйлесіп, бір күн қонаға қалып ертесіне түс ауа Алматыға жүріп кетеді. Бұл сапар туралы Е.Ысмайылов «Біздің Мұхтар» деген жинақта «Биіктей бергің келеді» мақаласында әңгімелесе, фольк­лоршы ғалым Сұлтанғали Садырбаев «Мұқаңның жүрген жері – Гүлстан» атты мақаласында («Ақиқат» журналы,№8-9, 2005 жыл) жазады. Қарап отырсақ, бұл сапар Ұлы жазушының соңғы бойжазуы екен. Бір айдан кейін 27 маусымда Мәскеу қаласының емханасындағы операция төсегінде М.Әуезовтің демі үзіледі…
Ал 1952 жылы ауыл мектебіне меңгерушілікке тағайындалған Жолсейіт Есбайұлы осы уақытқа дейін Үшқоңыр жайлауында танысып, айлы түндерде ақсүйекті бірге ойнап жүрген, қырғыздың Қоңыр жайлауындағы қалыңдығы Жұмабикені қолына бақ құсы етіп қондырады.Қалыңдығының ата-анасының қарсы болғанына қарамастан, 15 жігітті ертіп барып алып келуі махаббатына беріктігін, табандылығын, күрескерлігін көрсетеді.
Отау құрып, жұмысына алаңсыз кіріскен Жолсейіт Есбайұлы туған ауылын мәдени орталыққа айналдыруды мақсат етеді. Алдымен, 1959 жылы көрнекті жазушы Сәбит Мұқановты ауылға шақырып оқырмандарымен жүздестіреді. 1961 жылы Ұлы жазушы Мұхтар Әуезов, 1969 жылы Ғабиден Мұстафин Жолсейіттің шақыруын құп алып, мектепте болып қайтты. 1970 жылдары жазушылар Зейнолла Қабдолов, Сафуан Шаймерденов, атақты суретші Әбілхан Қастеев, сондай-ақ М.Әуезов академиялық драма театрының Қ.Қармысов, З.Шәріпова, Т.Жайлыбеков, М.Өтебаев сынды актерлерімен шығармашылық кездесулер ұйымдастырды. 1967 жылы мектеп сегізжылдық болып қайта құрылғаннан кейін Одақта алғашқылардың бірі боп бастауыш сыныптарды эксперименттік, жалпы білім беруді кабинеттік жүйеге көшіруді қолға алады. Бұл тәжірибесі респуб­ликада қолдау тауып, 1972 жылы Минскіде өткен Бүкілодақтық педагогикалық оқуда іс-тәжірибесі таратылды. Жұмысқа ­деген іскерлігі мен тиянақтылығы елеусіз, ескерусіз қалған жоқ. «Еңбектегі ерлігі үшін», медалін, «Қазақ ССР Оқу ісінің үздігі», «Бүкілодақтық педагогикалық оқудың лауреаты» төсбелгілерімен марапатталды. 1979 жылы қайтыс болғанға дейін Бірлік сегіз жылдық мектебінің директоры қызметінде болады.
Бірақ осы жылдар аралығында жұмыста жемісті болған Жолсейіт Есбайұлы жеке өмірінде талай сынақты басынан кешіреді. Қазақ жігітіне тұрмысқа шығуына басында қарсы болған ата-анасы кейін де реніштерін білдіріп жүреді. Соған қарамастан Жұмабике апамыз Жолсейіт Есбайұлына есті жар бола біледі. Осы адал махаббат пен сыйластықтарының нәтижесінде шаңырақтарында 2 ұл, 2 қыз дүниеге келеді. Алайда кейін Жұмабике апамыздың әкесі өмірден озған соң, Жолсейіт Есбайұлы іссапармен алыс жолға кеткенде Жұмабике апамыздың анасы келіп, «менің сенен басқа ұлым да, қызым да жоқ өле қалсам сен мені көмуің керек» деп алып кетеді. Бұл жөнінде бізбен әңгімелескенде Жұмабике апамыз төмендегіше еске алды.
– Анам сонда менің тағдырымды емес, өзінің жалғыз қалғанын ғана ойлаған сияқты. Біздің заманның адамдары сондай жуас болғанбыз ба, мен де анама қарсы келмей, еріп жүре беріппін. Бірақ артымыздан Жолсейіт алып кетем деп келді. Анамыз айтқанынан қайтпайтын адам еді. «Сен еркексің, қазағыңнан және бір қыз ал да өмір сүре бер» деп мен үшін рұқсатты да беріп тастады. Болмаған соң қайтты. Алайда ол демалыстарда, жазғы еңбек демалысында екеумізге шипажайға жолдама алып келіп тұрды. Кейін мен үйлен деп қайталап айтқан соң 2 жыл жүріп барып осы өңірдің қызы Ақылханды алды. Оны мен мұғалім болып жүргенде сырттай білетінмін. Атына заты сай ақылды, адамгершілігі мол жан болатын. Үйленгеннен кейін біраз уақыттан соң мені балалармен қонаққа шақырыпты. Содан бастап араласып, сыйласып кеттік. Балаларды Жолсейіт Алматыда оқытты. Ұл, қызымыз бір үйдің баласындай болып өсті. Әлі күнге солай, соған мен тәубе етемін.
Міне, Жолсейіт Есбайұлының отба­сы­­лық өмірі осындай күрделігімен ерек­шеленеді. Екі отбасын да сақтай білуімен парасат биігінен көрінеді. Осында тағдырлы тұлға туралы кезінде замандастары да пайым­ды пікрлерін айтқан екен. Оның бірі курстасы Қазақстанның халық жазушысы, ҚР Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты ­Сафуан Шаймерденов: «Ол Кеңес заманының солақай саясаты тұсында-ақ ана тіліміздің өркен жайып, ұлттық дәстү­рі­міздің заманға лайық арнасын ­табуына бар болмысымен еңбек сіңірген патриоты десек қателеспейміз» деп жоғары баға берген.
Ал тағы бір курстасы, Қазақстанның Халық жазушысы, ҚР Ұлттық ғылым акаде­миясының академигі, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Зейнолла Қабдолов: «Өмір көшіне іліккен күнінен бастап өсіп-өнген өлкесіне, туған халқына деген сүйіспеншілікпен қарыз арқалаған Жолсейіт өз парызын орындады. Әнші, домбырашы, әдебиетші, ұлағатты ұстаз өз ауылдастары қадір тұтқан шын мәніндегі Ағартушы еді» деген пікір қалдырды.
Халықаралық Жамбыл сыйлығының иегері, атақты ақын Есенқұл Жақыпбек өз ұстазына «Жолсейіт» атты өшпес өлең арнап, «Классиктердің барлығын мойындатқан, Мұғалімнің Жолсейіт классигі» деп баға беріп кеткен. Себебі Жолсейіт Есбайұлы осы өңірде екі мектеп салдырып, туған ауылын мәдениет ордасына айналдырып, жастарды өнер, білімге баулып, ауылына жолдың салынуына да М.Әуезов арқылы қол жеткзген. Сол жолдың екі жағалауына тал ектіріп, оны бау, бақшаға айналдырады. Бүгінде «Жолсейіт бағы» аталатын көрікті жер ел игілігіне айналып, Жолсейіт есімін халық жадында жаңғыртып тұр.
Кейін 1979 жылы ауырып қайтыс болған соң інісі Тоқсейіт «ат тұяғын тай басар» дегендей, сол Бірлік сегізжылдық мектебінде ағасынан кейін он жылдай абыроймен мектеп басқарып, зейнеткерлік демалысқа шығады. Жеңгелері Жұмабике және Ақылханмен бірге артында қалған балаларының оқып, жетілуіне атсалысады. Ал Жолсейіт Есбайұлының кіндігінен тараған 5 ұл, 5 қыздан немере-шөберелері қамқор әке, ардақты ата, аяулы ана есімдерін мәңгілікке естерінде сақтап, олардың рухына тағызым етері анық. Жолсейт Есбайұлының ағартушылық, азаматтық жолдары ел жадында мәңгілік жаңғырады.

Нұрболат Абайұлы,
журналист

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.