Парасат

Өткенге көз салсақ, қазақ журналис­тикасының тарихы тұтас қамтылып зерт­теліп келді. Енді жекелеген қаламгерлердің шы­ғармашылығының тереңіне бойлап, солардың қаламынан шыққан туынды­лардың шеберлік зерін айқындау, талдау, таразылау бүгінгі күннің сұранысы екені дау туғызбайды.
Жалпы қазақ әдебиетінің тарихында публицистикалық шығармаларымен оқырман ықыласына бөленген, өзіндік суреткерлік қолтаңбасымен есте қалған қаламгерлер саны аз емес. 20-30 жылдар журналистикасында М.Әуезов, Ж.Аймауытов, С.Сейфуллин, Б.Майлин, І.Жансүгіров, С.Ерубаев, С.Қожанов, С.Садуақасов, тағы басқа қаламгерлердің жазған дүниелері журналистиканың алтын қорына қосылды. Бұл туындылар кейінгі толқын қаламгерлерге публицистік шеберліктің айнымас үлгісіндей жарқырап тұра беретіндігі сөзсіз.
Ал енді осындай үлгілі публицистикалық туындыларды дүниеге келтірген құнарлы орта қазақ журналистикасының 50-70 жылдардағы кезеңіне де әсерін тигізді. Журналистиканың қомақты жүгін арқалаған талантты, дарынды шоғыр­лардың ортасында қаламгер Кәкімжан Қазыбаевтың да аталуы заңды. Оның есімі журналист, редактор, қайраткер дейтін нақты ұғымдармен толыға түсті. Ол осындай даңққа дарыны мен тынымсыз еңбекқорлығының арқасында жетті.

Кәкімжан Қазыбаев 1929 жылы 10 мамырда Талдықорған облысы Сарқанд ауданы Бақалы ауылында дүниеге келген. Өзінің алғашқы еңбек жолын Ұлы Отан соғысының қаһарлы күндерінде есепші болудан бастайды. 1947 жылы Ақсу қазақ орта мектебін бітірген соң, Қазақ мемлекетік университетінің журналистика бөліміне оқуға түседі. Зерделі жас сабақты үздік оқу­мен бірге топ жетекшілігін қатар алып жүрді.
Университет қабырғасының үшінші жылында-ақ «Лениншіл жас» газетіне жұмысқа орналасады. Ол кезде газетте жұмыс істемек тұрмақ мақала жазу, газеттен аты-жөніңді көру кейбір жас­тар үшін арман болатын. Ал Кәкімжан болса, болашақ ұшар ұясына кірпіш боп қаланып, осы жерден журналистика атты мамандықтың әліппесін меңгереді. Сөйтіп, Кәкімжан Қазыбаевтың мамандығы бойынша алғашқы қадамдары журналистиканың ұстаханасы ретінде әлдеқашан мойындалған, республикаға белгілі жастар басылымы «Лениншіл жас» газетінен басталды. Көп кешікпей-ақ, осы басылымда ол өзінің қабілет қарымын көрсете бастады. Оның жастар өмірінен жазған ойлы мақалалары мен оралымды очерктері, көркем суреттемелері оқырман назарын өзіне аударды.
Жастар газеті атанғаны болмаса, «Лениншіл жас» – қазақ журналис­тика­сының қасиетті қара шаңырақтарының бірі. Бұған дәлел ретінде бүгінгі қазақ әдебиетінің көрнекті қайраткерлерінің көпшілігі қаламгерлік жолдарын осы газеттен бастағанын айтсақ та жеткілікті. Шығармашылығының алғашқы кезеңін аталмыш газетте өткізу Кәкімжан Қазыбаев үшін үлкен бақыт еді. Өйткені бұл басылым кеңестік идеологиялық тар шеңбер рухани әлемімізді қыспаққа алып, тынысымызды тарылтып тұрған заманның өзінде оқырман сезімін желпінтетін бірден-бір басылым болғаны рас. «Мен журналистік қызметімді «Лениншіл жастан» бастағаныма қуанамын. Өйткені мұнда жастық жалынды отқа да, суға да саласың, тыным таппай ізденуде боласың» дейтін К.Қазыбаевтың сөзінен өзгеге ұлағат боларлық өмір іздерін байқағандай боласың.
Журналист К.Қазыбаевтың «Лениншіл жаста» жарық көрген шығармаларының ішінде ерекше тоқталатынымыз – «Рейхстагқа ту тіккен қазақ» очеркі. Рейхстагқа жеңіс жалауын қадаған қазақ жігіті Рақымжан Қошқарбаев екенін бірінші болып елге таныстырған қазақ баспасөзінде Кәкімжан Қазыбаев болды. Жеңіс күнінен кейін арада біраз жыл өтсе де коммуналды шаруашылық мекемесінде жұмысшы болып жүрген Рақымжанды ел таныды. Бұрын жау ордасының төбесіне жеңіс жалауын желбіреткен Егоров пен Кантария деп миымызға әбден сіңірген ел үшін бұл үлкен жаңалық еді. Ол қалыптасып қалған пікірге уәж айтып, өзіндік ойды ортаға салудың қиын кезеңі. Тырнақ астынан кір іздеп, тарпа бас салатын ­заманда бұлайша ой айту – батылдық қана емес, батырлық та. К.Қазыбаев оны бұрын басылған дерек құжаттарымен тапжылтпай дәлелдеп берді. Бұл жайында Кәкімжан: «Сонда Рақаң: «1945 жылдың мамыр айынан кейінгі 13 жылдан соң іздеп келген де, газетке жазып шығарған да бірінші қазақ журналисі өзіңсің» деп қатты толқығаны есімде» деп жазады.
Журналист Кәкімжан Қазыбаев шап­шаң, өнімді жазады. Оның әріптес­терінің естелігінен «қолжазба­сының өзінде шимай-шатпақ бола бермейтін, ой ырқына ерік беріп қиналмай, еркін де жеңіл жазатындығын, сондықтан да қолжазбалары оқуға да оңай, таза» келетіндігін байқаймыз. Біз бұл пікірдің дұрыстығына публицистің отбасылық мұрағатында сақталған қолжазбаларын оқу барысында көз жеткіздік. Екішіден, сөйлемдері көп шұбалаңқы емес, қысқа орамды, айтар ойын созбалақтатпай, әсіре қызыл сөзге бой алдырмай, нақпа-нақ көңілге қонымды өріледі. Сөйлемдері тілге үйлесімді, аз сөзбен көп ойды білдіреді.
Үшіншіден, К.Қазыбаев туындылары таптаурын болған ескі сүрлеу, оқырманды мезі ететін жадағай, жайдақ пәлсафаларды қаужамай, соны соқпақтарға сілем тартып, өзекті де өрелі мәселелердің жалына жармасуды нысана тұтты. Сондықтан оның қаламынан туған мақала, очерк, репортаж болсын оқырманды жалықтырмайтын, тілге жеңіл, көкейге қонымды, тартымды шығады.
Осынау шығармашылық машығы мен шеберлігі қаламгер Қазыбаевтың жаңалық атаулыны, жақсы атаулыны тез аңдағыш, ізденгіш нағыз кәнігі, шебер журналиске тән сезімталдық, сергектік, әмбебаптық қасиетінен тамыр тартып жатады. Оның тақырып таңдамайтынын, газеттің ешбір жанрын өгейсу дегенді білмейтіндігін, тілінен майы тамған очеркті, теориялық-саяси насихаттық мақаланы, фельетонды да жаза беретіндігінен аңғаруға болады. Әмбебап білгірлігі мен іскерлігі жазуға, аудармаға, макет жасауға ұста әрі қаламы ұшқыр, мінезі бай, ұйымдастыру жұмысына бекем кемел қасиеттері оның айналасына сүйкімді, беделді болуына, биік тұғырға көтерілуіне кепіл болды. Енді редактор Кәкімжан Қазыбаев несімен ерекшеленеді. Осыған тоқталайық.
Қазақ баспасөзінің тарихында бұрынғы «Қазақстан коммунисі» қазіргі «Ақиқат» журналының алатын орны ерекше. Ол – ел басынан кешірген дүрбелең мен сергелдеңнің, қуаныш пен қайғы араласқан аласапыран ғасырдың куәсі.
«Ақиқат» журналы – ел тарихының шежіресі. Тіпті сол тарих белестері оның өзгерген аттарынан-ақ көрініп тұр. «Қызыл Қазақстан», «Ауыл коммунисі», «Коммунист», «Қазақстан коммунисі», «Ақиқат» болып бес рет өзгерген.
«Ақиқат» журналының ерекшелігі қазақ баспасөзі майталмандарының ғажайып мектебі болғандығында. Алғаш жарық көргеннен бастап, оның басы-қасында ұлы күрескер, қаламгер, қайраткер жандардың болуы – осының дәлелі. Атап айтар болсақ, журналға басшылық еткен А.Асылбеков, Е.Алдоңғаров, Н.Құлжанова, Ж.Садуақасов, журналға белсеніп араласып тұрған С.Сейфуллин, Ә. Байділдин, Б.Майлин, С.Мұқанов, А.Елшібеков секілді қазақтың бетке ұстар қаламгерлері өздерінің үлгілі істерімен артына мол мұра қалдырды. Басылымның «Қазақстан коммунисі» болып жарық көрген 1986-89 жылдар аралығында белгілі публицист, жазушы, қоғам қайраткері Кәкімжан Қазыбаев редактор болып қызмет атқарады.
«Қазақстан коммунисі» секілді қазақ баспасөзінің қара шаңырағына басшылық жасау қаламы жүйрік, ойы ұшқыр, журналистің шеберлігін ғана емес, қоғамдық және саяси қайраткерлікті де талап етеді. Осы талап биігінен көріне алған Кәкімжан Қазыбаев өзінің өмірлік тәжірибесін, білім мен ақыл-парасатын ұйымшыл ұжым қалыптастыруға, басы­лымның мазмұнын байытып, тақырыбын кеңейтуге, теориялық-танымдық дәре­жесін көтеруге жұмсады. Басылымда ғылыми тұрғыдан ой топшылай білетін, қаламы қарымды, ізденгіш Ә.Ахметов, Б.Баймаханов, О.Батырбеков, Т.Қызықбаев, Қ.Сұлтанов, Т.Ыдырысов, Б.Төлепбаев, Ж.Аупбаев секілді публицистер қызмет ете бастады. «Мақаланы автордың атақ-даңқына қарап бағалама, оқырманға, халыққа берген пайдасына қарап бағала» деген жалтақсыз творчестволық жұмыс стилі қалыптасты. Осының бәрі егемендіктің елең-алаң шағы алдында, өліара кезеңде бой көрсеткен теориялық және саяси журналдағы қасаңдық атты қамалдың сеңін бұзды. Журналистердің мойнына масыл болып мініп алған кейбір айғайшыл басшылар мен ғалымдардың алақол шығармаларына батыл тосқауыл қойылды. Ол басқарған редакциялық ұжым тек партия мен коммунистік идеологияның насихатшысы ғана емес, қайта құруға байланысты барлық мәселелерге үн қосып отырды. Журнал бетінде экология, жер, малшылардың еңбегі мен тұрмысы, табиғи ресурстарды ұтымды пайдалану, өнер, еңбек тақырыбына арналған проблемалық мақалалар жарық көрді.
Журналист ретінде К.Қазыбаев­ты ерекшеліп көрсететін шығар­ма­шылық дара қасиеттер қандай дегенде, алдымен оның тақырып табудағы талғампаздығы бірден көзге түседі. Әрине, қай журналист болса да оқырманын елең еткізер, оның ойына ой қосып, санасына сәуле түсіретін қиял қанатын қақтыратын дүниелер жазуды армандайды. Алайда бұл – таңдаулылардың ғана пешенесіне жазылатын бақыт. Дегенмен, Кәкімжан Қазыбаев қол жеткен биігін журналистің жалықпай ізденуінің, инемен құдық қазғандай тер төгуінің жемісі деп білеміз. Ол елең еткізер жаңалықтар мен тосын деректерді жинап, соның егжей-тегжейін зерттей жүрген. Өзін толғандырған тақырып туралы дерек қана жинап қоймай, шикілі-пісілі күйінде ұсынуға асықпай, кезеңі келгенде толыққанды кемел ­туындылар беруді дағды етіп алған. Міне, К.Қазыбаев жазған дүниелерде тереңдік пен парасаттылықтың, дәйектіліктің лебі есіп тұратыны сондықтан. Осындай ұлағатты қасиетті жас журналис­терге өнеге ету әбден орынды.
Заманның ыңғайы қанша өзгергенімен, саясат қанша құбылғанымен, бар болмысын сынын бұзбай сақтап қалатын белгілі бір рухани құндылықтар болады. Он ойланып, тоғыз толғанып, толымды дүние туғызған қаламгер шығармашылығын да сол санатқа жатқызған жөн. Осы тұрғыдан келгенде, белгілі жазушы, қарымды журналист, қоғам қайраткері Кәкімжан Қазыбаевтың публицистика саласында тындырған еңбектерінің мән-маңызын атап көрсетуге тұрарлық дер едік.
Әрине, өз дәуірінің перзенті Кәкімжан Қазыбаевтың жазған дүниелері сол кездегі тіршілік тынысынан, заман ағымынан тыс қалды дей алмаймыз. Басқалар секілді оның шығармашылығы да қоғамда үстемдік еткен идеология аясында өніп-өрістеді. Бірақ саясат сарынына ілескеннің өзінде қабілет-қарымы, табиғи таланты көзге ұрып тұратын шеберлер болады. Бірқатар басылымдарда табан аудармай ұзақ жыл қызмет істеген Кәкімжан Қазыбаев та солардың санатынан еді. «Журналист болып қалыптасуға қажетті шарттардың бойына жинақталуымен оның өмірге көзқарасының жетілуіне қарай журналистің өзіндік дербестігі, творчестволық даралығы қалыптасады» дейді публицистика теориясын зерт­теуші Е.П.Прохоров. Осы ретте танымал публицистің очерктері мен мақала­ларындағы ақпарат ұсыну үрдісінің өзіндік ерекшеліктері бар екенін айта кету керек. Ол бүгінгі буынның журналистерін де қызықтыруға тиіс. Себебі К.Қазыбаев әрдайым тың деректер табуға ұмтылады. Сол деректерді өте мәдениетті түрде оқырман санасына ұғынықты етіп жеткізе біледі. Егер ол мәліметтердің табылуына белгілі бір кісілердің қатысы болса, олардың есімін атай кетуді тағы ұмытпайды.
Журналист К.Қазыбаевтың шығар­маларын бүгінгі көзқараспен салмақтап-саралаған кезде оның қай кезде де адам факторын жадынан шығармағанын көреміз. Қоғамдағы өзгерістерге ықпал етерлік адами қасиеттер, адам танымы үнемі публицистің басты назарында болған. Тың деректер мен елең еткізерлік фактілердің бір қатары осы ұғымдармен тығыз байланыстырылады. Сондай-ақ ол жаңа мәліметтер ұсынғанда бұл деректердің елдік мұраттарға, ұлттық ұстанымға қаншалықты жанасатынын әрдайым қаперінде ұстайды.
Елуінші, алпысыншы, жетпісінші жыл­дардағы «Лениншіл жас», «Жетісу» газет­терінің тігінділеріне қайта үңілген адам Кәкімжан Қазыбаевтың жазған дүние­ле­ріндегі деректер мен мәліметтерді ұсыну мәдениетінің ерекшелігіне тәнті болар еді. Журналистің әуелі әртүрлі басылымдарда жарияланған, бірқатары кейін «Ақиқатқа ар серік» атты кітабына (1989 ж.) енген «Еңбек адам шырайы», «Жүрек кілтін таба білсе», «Шынығу», «Рухы күшті адам», «Болгар әсерлері», «От лаулаған жүректер» атты очерктерін талдап, саралай отырып мынадай қорытындыларға келеміз. К.Қазыбаев алдымен материалдың өзегіндегі ақпаратқа баса назар аударады. Өзге жанама мәселелер осы басты ақпаратты шынайы жеткізу үшін қосалқы қызмет атқарады. Журналист ұсынған ақпарат елді елең еткізген тың дүние болып келеді. Бұл мәлімет қалай болғанда да қазақ ұлты менталитетіне лайықталып ұсынылады. К.Қазыбаев деректері ұлттық танымды байытуға қызмет етеді. Ол қаламгердің оқырманға ақпарат ұсыну тәжірибесін таратуына септігін тигізді. ҚазТАГ-тың тарихында өткен ғасырдың сексенінші жылдарының басында К.Қазыбаевтың жетекшілігімен жүзеге асқан ақпарат беру үрдісі қалыптасқанын ешкім жоққа шығармаса керек.
Өмірде парасаттылығымен, кішіпейіл­дігімен ел есінде қалған көрнекті публи­цистің жазған шығармаларынан да ішкі мәдениетінің жоғарылығы көрінеді. Бұл, әрине, К.Қазыбаевтың қалың елге ұсынған тың деректерін айшықтай түсуге септігін тигізетіні белгілі. Осы жерде біз сәл шегініс жасап, макетші-журналист Қазыбаевтың кітап безендіру өнерін қалай меңгергеніне тоқталайық.
Кәкімжан Қазыбаев 1972-1974 жылдар аралығында Баспа, полиграфия және кітап саудасы жөніндегі комитет төрағасының орынбасары қызметін атқарады. ­Баспа қызметінде жүрген кезде, ол әрбір басылымның сапасына, маңызына көңіл аударып отырған. Ол қысқа мерзім ішінде көптеген жұмыстарды жүзеге асырды. Көптеген оқу құралдары, әдеби-мәдени басылымдар жылдам әдіспен басылып, халықтың қолына жетіп жатты. Ал К.Қазыбаев осы жұмыстардың басы-қасында жүрген жанашырлардың бірі болатын. Газет шығаруға машықтанған журналиске кітап шығару ісі газет болмай шықты. Кітап шығару өнерінің айтарлықтай өз құпиясы, өз ерекшелігі, өз сыры бар екен. Бұл жайында автор «Кітап – мәңгілік қазына» деп аталатын шығармасында егжей-тегжейлі әңгімелейді: «Әсіресе қағаз мәселесі көп уақытты алады. Бұл үлкен проблемаға айналды. Бір кітап кідіріп жатса, бір газеттің келесі айға қағазы болмаса хаттар, телеграммалар жауып кетеді» деп кітап ісінің аса жауапкершілікті қажет ететіндігін айтады.
Қазақстан жерінде кітап мәселесі үлкен проблема болатын. Қағаз өндіретін кәсіпорындар еліміздің қиыр, батыс, солтүстік шет аймақтарында ағашты өңірлерге таяу жерлерде Сыктывкар, Соликамск, Краснояр жерлерінен бір ай бұрын алынады. Бір кітапқа қажетті қағаз болмай қалса полиграфияның бүкіл кестесі бұзылады. Алайда Қазыбаев жауапкершілігі мол жұмысты біліктілігінің арқасында абыроймен атқара білді.
Күнделікті қолымыздан түспейтін кітап атты дүниенің жазылуы, басылуы, насихатталуы, оқушысын табуы – мұның бәрі сала-сала жұмыстар. Болашақ ұрпаққа, тіпті сонау ғасырларға бүгінгі күннің келбетін жеткізетін ақыл-ойдың үлкен қайнары кітап шығару өнерінде де (1972-1974 жылдар) К.Қазыбаевтың өзіндік қолтаңбасы қалды.
Кәкімжан Қазыбаевтың шабытты да, жемісті еңбектеніп, шын мәнінде ұйым­дастырушылық қабілетін, терең білімін танытқан шағы – Қазақ телеграф агент­тігінің Бас директоры болып істеген тұсы.
Аз ғана жыл ішінде ҚазТАГ респуб­ликадағы бүкіл ақпарат қызметін бір өзінде шоғырландырған іргелі идеологиялық мекемеге айналды. Бұл істе К.Қазыбаевтың ерекше үлесі барлығын айта кету керек. Ол ұжым алдындағы әрбір науқанды істің шебер ұйымдастырушысы, талапшыл басшы, тәлімгер тәрбиеші болды. Бұл жайында осы агенттікте бірге қызмет еткен журналист Нұрмұқан Оразбаев былай деді:
«Кәкең ҚазТАГ жұмысын ұйымдық жұмыстан бастады. Ұйымдық жұмыс дегенде бірден ауыстыру-түйістіру емес, бұрыннан бар құрылымдардың жұмысын ширықтырудан, белгіленген меженің орындалуын қадағалаудан бастады. Коллегия мәжілісі жүйелі түрде өтіп, жоспарлы мәселелер жан-жақты қаралып, нақты шешімдер қабылданатын».
К.Қазыбаев ең алдымен материал­дық-техникалық базаны жақсарту керек екенін түсінді. Сөйтіп, жылдамдығы бірнеше есе артық телетайптар мен магнитафондарды алдырды. Мұның өзі съезд күндерінде, жұмыстың аса қауырт кезінде игі нәти­жесін берді, газеттердің уақытында шығуын, оперативтілікті қажет етеді. Соның нәтижесінде бұрын ресми органдардан түскен қысқа-қысқа қарабайыр материалдармен шектеліп келген ҚазТАГ енді жаңалыққа негізделген талдау материалдар бере бастады.
«Аз жылдың ішінде ҚазТАГ-тың ішкі өмірі де, сыртқы көрінісі де адам танымас­тай өзгерді. ТАСС-пен де қарым қатынас түзеліп, енді жыл сайын, тоқсан сайын жүлделі орынды жеңіп алған да кездері болды. Осындай істердің басында үнемі К.Қазыбаевтың өзі жүрді. Кәкең журналист қана емес, іскер басшы және жазушы еді. Оның өмір бойғы қызметінің бәрі маған жанып жатқан өрт сияқты көрінетін. Бір ұшқын абайсызда бір жерге түссе, өртейді. Сол сияқты теріс түскен бір әріп, бір сөйлем, ауыздан шыққан бір сөз үшін орныңнан лақтырылып жатқан жылдар еді. Сондай лаулап жатқан оттың ішінде жүрсе де өзінің шығармашылығына уақыт тапты» деп еске алады белгілі журналист Ж.Ысмағұлов.
Ал кейіннен осы салада басшы­лық қызмет атқарған Амангелді Ахметәлімов: «Кәкең ауызға ілінбеген, көзге көрінбеген ҚазТАГ-ты Одаққа танытты. Ең алдымен, белгілі аудармашы жазғыш журналис­тер жамағатын ҚазТАГ-қа топтастырды. ҚазТАГ-ты шетелдік телетайп машинасымен жабдықтады. Қызметкерлер жалақысын УкраинТАГ-тың дәрежесіне жеткізді. Түнгі кезекте істейтіндер транспорттың тоқтап қалуына байланысты кеңседе қонып қалатын. Кәкең кезінде оларға машина бөліп, үйлеріне жеткізді. Он бес жыл қызмет істеп, үй ала алмай жүргендерді үйлі жасады. Сол кездің өзінде КазТАГ-тың өмірін демократияландырды. Қызметкерлермен ақылдасу, пікірімен санасу, жастарды қанаттандырып отыру Кәкеңнің дағдылы ісі еді» деп К.Қазыбаевтың тынбай ізденгіш, жаңалыққа талпынғыш, өмір тынысын дер кезінде түсінетін ерекше қасиетін тап басып көрсетеді.

Кәкімжан Қазыбаев – өз заманының көрнекті публицисі, қоғам қайраткері. Ол қазақ әдебиеті мен журналистикасы тарихында үлкен ­публицист ретінде орын алады.
Тарихи тұлғаны өз дәуірінің табиғаты мен адамы, тектілік қаны өсіреді, баптайды. Ал журналист, жазушылар өзі өмір сүрген заманына да, келер ұрпақ санасына да пәрменді ықпал етеді, пәни баласына жарығы сонау түнек тек қиырдан талмай жетер бағдаршам болады. Сондай көрнекті, публицист, журналистердің қатарынан орын алуға әбден лайық, қазақ журналистикасына өзгеше қалам тартқан, қоғам қайраткері,­ ­зиялы жан­дар­дың бірі журналист – Кәкімжан Қазыбаев.

К.Қазыбаевтың еңбегі жеміссіз болған жоқ. Бірнеше республикалық агенттіктердің ішінде КазТАГ талай рет одақтық сыйлыққа ие болды. Өзі де осы агенттіктің бірінші депутаты болды. Республика басшылары КазТАГ-пен санасып, оның іс-сөздеріне мән беріп назар аударып отырды.
«Лениншіл жас» ұжымынан ғажап қасиеттерді бойына жиып, «Жетісу» газеті редакторлығының орынбасарлығынан басталған өзіне лайық алдан күткен биік асқарларына жол тапты. Ол барған ­сайын асыл қасиеттерін одан әрі байытып, кемелденіп, небір билік тізгінін ұстады. Осындай жауапты жұмыстарда өзін ғажап ұйымдастырушы, белгілі қайраткер, лайықты жетекші ретінде танытқан ­публицист, жазушы Кәкімжан Қазыбаев кейін республика партия ұйымының аса ­жауапты ісі – идеология майданын басқарған сонау Смағұл Садуақасов, Ілияс Омаров сынды сардарлардай Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің хатшысы тізгінін қолына ұстады. Тоқырау заманы дегенмен ол кезде шығармашылық интеллигенция үшін Орталық Комитетінің маңызы зор болды. Шынын айту керек, Орталық Комитет идеологиялық салада күнделікті әрі қатаң бақылауын, әрі социалистік талабымен зиялы қауымға деген қамқорлығын жүзеге асырып отырған. Ол кезде шығармашылық һәм ғылыми ортаның кез келген мүшесіне қамқорлық жасаудың, құрмет білдірудің үлкен өнегесін ұлы азамат Д.Қонаевтың өзінен бастап төңірегі түгел көрсететін еді.
Өз кезеңінің азаматы ретінде ол болып жатқан өзгерістерді талдап, баға беруге атсалысты. Кеңес кезеңінің мемлекеттік жүйесіндегі миға қонбас шешімдерге куә бола отырып, өз қызметінде парасаттылық, қарапайымдылық, адалдық, азаматтық тәрізді адамгершілік принциптерін барынша сақтауға талпынды. Қоғам қайраткері К.Қазыбаев баяндама жасағанда, сөйлеген сөздерінде өз ойын ашық, айқын, дәл жеткізуге тырысқан. Бұл – оның ерекше қырларының бірі. Орталық Комитеттің хатшысы және бюро мүшесі қызметінде жүріп, басты назарды үш мәселеге аударды. Оның алғашқысы ұлт мәдениеті, ұлт мәселесі және рухани саланы жақсарту. Қайсыбір саяси, мәдени, әдеби жиындарда да өз ойын ашық айтып, пікірін білдіріп отырған. Қоғамдық-саяси мәселелерге қайраткерлік қабілетімен де үн қосып отырған.
Аса көрнекті ойшыл, ағартушы демократ Шоқан Уәлихановтың туғанына 150 жыл толуына байланысты КСРО Ғылым академиясының ұйымдастыруымен Бүкілодақтық ғылыми-теориялық конфе­ренция өткізілген болатын. Бұл конфе­ренцияның Одақ денгейінде ұйымдас­тырылуына белсене атсалысқан Кәкімжан Қазыбаев еді. Конференцияға Мәскеуден, Ленинград (қазіргі Санкт-Петербург) басқа да көршілес республикалардан жетекші шығыстанушы, тарихшы ғылымдар қатысады.
Конференцияның ЮНЕСКО көле­мінде өткізілуінің мәні зор еді. Бұл қазақ­тың жарық жұлдызын бүкіл әлемге таныту, оның шығармашылық ғылыми еңбегін бағалау, сол арқылы мақтану, Шоқан мұрасын, өмірі мен қызметін зерттеудің тек ғылыми ғана емес, қоғамдық, танымдық, тәрбиелік маңызы да орасан зор еді. Алайда осындай жұрт сүйсінген, рухани азық болған кеш Мәскеудегі жоғары басшылыққа ұнамаған. Әр қадамың мен сөзіңнен астар іздеп отыратын жоғарғы жақ үшін бұл кеш ұлтшылдықтың сарыны іспеттес болған.
Тойдан кейін аз күн өткенде Кәкімжан Қазыбаев Мәскеуге шақырылады. Осы жол нағыз шешуші кезең еді. Не хатшылық қызметпен қош айтысады, не Ақмола немістердің автономиясы деп жоғары жақтың сөзін сөйлейді. Алайда К.Қазыбаев бірінші жолды таңдады. Әсіресе неміс тұрғындарының мәселесіне орай Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің хатшысы К.Қазыбаев 1985 жылы 2 желтоқсанда үлкен кеңес өткізеді. Оған КОКП Орталық Комитетінің мүшесі М.К.Зимянин арнайы қатысқан еді. Осы кеңесте К.Қазыбаев Қазақстанда тұратын неміс халқының жай-күйі, тұрмыс-тіршілігіне арнайы тоқталып, оны нақты мысалдармен дәйектей сөйлейді.
Мәселен, «Қазақстанда (1985 жылы) 900 мың 207 неміс тұрады. Осы фактінің өзі олардың арасында тәрбие жұмысының жолға қойылғандығын көрсетеді.
Елімізде Ақмолада (қазіргі Астана) «Фройндшафт» газеті шығады. Ұлттық драма театр мен неміс ансамбльдері жұмыс істейді. Аптасына 5 рет қоғамдық-саяси, әдеби радиохабарламалар беріледі. Неміс кеңес жазушылары шығармаларының 3 томдық антологиясы жарық көрді. «Біздің Отан осында» атты фильм республикалық, бүкілодақтық телеэкранда үлкен табысқа жетті. Онда немістің өнер, мәдениет қайраткерлері, шаруашылық басшылары, елге еңбегі сіңген адамдар өмірі мен тұрмысы, тәжірибесі мен жетістіктері үлгі етіледі. Қазақстан Жазушылар Одағының неміс секциясы жұмыс істейді. Бірнеше мектептерде неміс тілі ана тілі ретінде өткізілетіндігін айта келе, көңіл алаңдатарлық жайттың барын жасырмайды. Ол – неміс жастарының арасында дін бұзушы жікшілдердің көбейіп бара жатқандығы. Бұл мәдени заңдылығымызға зиянын тигізеді. Басты міндет те сол – жастарды олардың ықпалында жібермеу. Неміс халқының туған тілін ұмытпай, әрі қарай дамытуына бар мүмкіндік жасалған. Алайда оны ана тілі ретінде үйренушілер саны аз. Егер олардың саны он жыл бұрын 3200 болса, қазір (1985 жыл) 20 мың. Сондай-ақ «Фройндшафт», ­«Нойес лобен» басылымдарына жазушылар азайып кетті. Міне, осы фактілердің өзі әсіресе неміс жастарының ана тіліне деген қызығушылығының аздығын байқатады. Кеңесте арнайы қаралып отырғын мәселеге орай жекеленген адамдар автономияның Паволжьеде болғанын қалайды, немістердің басым көпшілігі бұл идеяны қаламайтындықтарын айтады, – дейді. Сөйтіп, республикаға танымал тұлғаның сөзін келтіреді. Қазақстандық немістер осында орныққан, жақсы тұрамыз. ­Жастарымыз осында туып, осында өсті. Бізге автономия керек емес. Болған күнде де оған жергілікті немістер бара қояр ма екен, – деген еді. Бұл пікір осындағы көпшіліктің ойын білдірсе керек» деп бұлғақтамай өз пікірін, көзқарасын ашық білдіреді.
Алайда «Ұлт келісімі керек» деп үлкен тосқауыл қалап кеткен, өз пікірінде тұрған хатшыны жоғарғы жақ іле-шала қызметінен босатып еді. Бірақ қазақ халқының сан ғасырлар бойы қанын ағызып қорғап, терін сауылдатып жайнатқан кең байтақ жерін бөлшектеуден сақтап қалған болатын. Адамды азаматтық тұғырға көтеріп, қайраткерлік биікке өсіретін тазалық пен адалдық қана екенін қайраткер-қаламгердің халқына, ұлтына жасаған игілікті істерінен көруге болады.
Кәкімжан Қазыбаев – өз заманының көрнекті публицисі, қоғам қайраткері. Ол қазақ әдебиеті мен журналистикасы тарихында үлкен публицист ретінде орын алады.
Тарихи тұлғаны өз дәуірінің табиғаты мен адамы тектілік қаны өсіреді, баптайды. Ал журналист, жазушылар өзі өмір сүрген заманына да, келер ұрпақ санасына да пәрменді ықпал етеді, пәни баласына жарығы сонау түнек тек қиырдан талмай жетер бағдаршам болады. Сондай көрнекті, публицист, журналистердің қатарынан орын алуға әбден лайық, қазақ журналистикасына өзгеше қалам тартқан, қоғам қайраткері, зиялы жан­дар­дың бірі журналист – Кәкімжан Қазыбаев. Сондықтан да К.Қазыбаевтың шығармалары өзінің бітім-болмысы, мән-мағынасы, көркемдік сипатымен қазақ публицистикасына қосылған елеулі үлес. Бұл пікірімізге қаламгер Кәкімжан Қазыбаевтың публицистік, журналистік шеберлігі дәлел бола алады.

Зухра ЕРМАҒАНБЕТОВА

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.