Қайран,Қаратай…

Жаратқан ие өлшеп берген өмірде тағдырдың маңдайға жазғанын көріп, қоғам қамы, халқының болашағы үшін айшықты да өнегелі ғұмыр кешкен, ерен еңбегі ел есінде сақталып, өшпес із қалдырған тұлғалардың бірі кешегі өткен қайран Қарекең, Қаратай Тұрысовтың бақиға озғанына біраз жылдың жүзі болды. Таяуда осынау көрнекті мемлекет және қоғам қайраткерінің 85 жасқа толған мерейтойы шынайы құрмет, ыстық ықылас, ел-жұрт боп еске алудың биік дәрежедегі көрініс-белгісі болғанын ерекше қанағат сезіммен атап кетуді парыз санаймыз.

Қарекең… дегенде былайғы жұрт «қай Қарекең» демей-ақ, кәдімгі Қаратай Тұрысов екенін бірден білетін» (С.Әбдірахманов) азаматтың қадір-қасиеті уақыт керуенінде биіктеген үстіне биіктеп, жарқын бейнесі нұрлана түсуде. Бір айта кететін нәрсе, Кеңестік дәуірде өмір есігін ашып, қиындықпен жетілген Қарекең тектестердің тағдыры өз қатарластары, замандастарымен ортақ, егіздің сыңарындай ұқсас екені. Бұған бір ғана Шерағаң, Шерхан Мұртазаның жазбаларындағы айғақ-деректердің өзі-ақ жетіп жатыр десе болғандай. Қарағыз: Жамбыл қаласындағы жалғыз қазақ орта мек­теп-интернат, аш-жалаңаш, жетіс­пеу­шілік. Соған қарамай, оқуға деген ынта-жігер, ықылас, құштарлық, сенім. Мәс­кеудің жоғары оқу орындарында білім алу, туған елге оралу. Ал олар туған елге оралғанда…
Қандай жағдайға тап болды, не көрді, не білді? Оншақты облыста тың игеру қазаны қайнап жатқан. Қазақ саны (тағы да) сиреген. Қазақ тіліндегі балабақша, мектеп, мәдени мекеме, газет-журналдар жабылып, астана аты бар Алматының өзінде ұлттық басылымдар (көбі) аудармаға айналған… Бірақ…
Бірақ олар (Мәскеуде оқып келгендер) жасыған жоқ, сынған жоқ. Қажыр-қайрат, қайсарлық, жастық жалын неге жол берсін ондайға?! Одақ орталығында шыңдалды емес пе? Туған елге кірпіш боп қалануға бел буды. Біразы тың игерілген аймақтарға аттанды… Әлқиссаны сол өңірлерден бастады… Екеуі де…
Аз-кем шегініс. 1957 жылы Ташкентте пединститут бітіріп, онан соң сол облыстың Піскент ауданындағы қазақ-өзбек аралас орта мектепте орыс тілі мен әдебиетінің мұғалімі боп бір жыл жұмыс істеген кезде (оған дейін де) Қазақстандағы ұлттық жағдай, Алматыдан жаздырып алатын газеттерден бірінші кезекте басшылықтағы қазақтардың аты-жөнін қарайтынмын. Ол деген мардымсыз, жоққа тән. Рес­публика басшылығы өзінше. Орталық партия комитетінің бірінші, екінші ­секретары бірдей өзге ұлттан болған соң не қайыр. Және бұл ­ойымды өзім ғана біліп, айналаға таба болмауды ескеріп, құпия ұстаймын. Өзгелердің жұмысы қанша деп те қараймын бір жағы. Сөйтсем, мұным бекершілік екен. Бірге жүріп, бірге тұратын қызметтес қазақтар мен өзбектер, екі-үш татар мұғалімдер пәлен демегенмен, еңбек пәнінен сабақ беретін Гургенидзе деген грузин мен физкультура пәнінің мұғалімі Цой дейтін кәріс Қазақстан жағдайына менен де жіті назар аударып, мысықтілеу сөздер айтатынын аңғарып қала беретін боп жүрдім. Әдейі естісін дей ме, Цой деген сабаз «алда Қазақстанды қазақ елі демейді, Қазақстан еңбекшілері» дейтін болады десе, Гургенидзе одан да қатты кетіп, «қазақтардың күні бітті, көріп жүрген шығарсың, билікте кімдерің бар» дейтінді шығарды ашықтан-ашық. Және екеуі де мұндай лепірмесін басқа емес, маған қарата, мен бар жерде көкітеді. «Сап-сап! Сабыр!» деймін. Мән бермеген боламын…
Кезінде (аттестат алатында) қол жетпеген Алматыға ендігі қайтсем де баруым керек дейтін ішкі есебім болушы еді, сондықтан оқу жылы бітісімен есеп айырысқан бойда ешкімге (тіпті жолыма қарап отырған ауылдағы әке-шешеме де) ештеңе деместен, бірден сонда тарттым. Алматыға табаным тиісімен әуелі құдай, онан соң, әлдебір болмашы қабілет пе, кім білсін, екі аптаға жетер-жетпесте «Лениншіл жас» газетіне қабылданып, тілші боп шыға келдім. Сөйтіп, бір жыл қызметтес болған мұғалімдер үш айлық жазғы демалыста жүрсе, мен жазған дүние­лер «Лениншіл жаста» да, өзге басылымдарда да жарияланып, қас пен көздің арасында бұған дейін бейтаныс, өзге ортаның мүшесіне айналғаныма өзім де нанар-нанбасымды білмей, әрі таңданып та жүрдім. Бірақ ақиқат солай, одан аса алмайсың.
Осынау жай-жапсарды, құй сен, құй сенбе, қадірменді Қарекең, Қаратай Тұрысовқа тікелей болмаса да, қатысы барлықтан (тұжырымдап) ауызға алып отырмыз. Бүге-шігесі алда. Сонымен…
Аңсап келген Алматы шағын, «мәуелеген ағаштан торқа жамылған» (Н.Байғанин), таза, оқтау түзу көшелерінің екі жағында сылдырап су ағып жататын сұлу, әсем қала екен. Тұрғындар түгелге жуық бөтен ұлт өкілдері, қазақ 3-4 пайыз. Осы күнде қайда барсаң қазақ көретініңдей, онда қайда барма, сірескен өзге ұлт. Сені ешкім елеп-ескермейді, бар-жоғың наны пәтір. Еститінің дөрекі, боқтық сөз, келемеж, кекету, кемсіту. Біз сырттай тамсанып, табынып келген санау­лы белгілі тұлғалардың кішірейе сөйлеп, өздерін төменшіктетіп ұстайтындарын талай көрдік. Өзбектердің ұлтжандылығына қанық, солардың ортасынан келген маған бұлар түрпідей тиіп, іш қазандай қайнайды. Бірақ көндік, «ләббай тақсырлап», тыныш, мәдениетті, тәртіпті жүруді үйрендік (үйренбей көр). Әйтсе де…
Мәскеудегі Хрущевтің дәл қасымызда жүргендей сезілетін өктемдік, басынуына бейімделу қиынның қиыны еді. Өзге облыстарды былай қойғанда, оңтүстіктегі қатар жатқан төрт-бес облыстың бірінші басшылары мен республикалық деңгейдегі басшылардың дені түгелдей өзге ұлт өкілдері екеніне қарсы ешкім ештеңе демейтін, дей алмайтын.
Міне, осындай кездерде әлгі Піскент ауданындағы орта мектепте бірге жұмыс істеген грузин мен кәрістің қазақты қатардан шығарып сөйлейтін сөздері еске түсетін. Еріксіз. Не дері бар, олар шын­дықты айтатын.
Август айының ортасына таман ­республикада тың астығын жинау басталды. Газет қызметкерлері тың игерген об­лыстарға командировкаға жіберіледі. Маған бұйырғаны – Қостанай облысы. Сондағы үлкен элеватор бар Тобыл стансасы, Орджоникидзе, Семиозер, Камышин аудандарында жер қайысқан тың игерушілер. Бәрінде де басшылар өзге ұлт өкілдері. Бұл қазақ жері-ау, солардың атамекені, құрметпен қарайық деу түстеріне кірмейді. Оның үстіне, сан жағынан аз қазақтың бар-жоғы білінер-білінбес. Бір айдан кейін командировкадан оралып, осы жөнінде бірден редакция­мен бір ғимаратта орналасқан Қазақстан Комсомолы Орталық Комитетінің бірінші секретары Сағындық Кенжебаевқа кіріп баяндадым. Қостанай облыстық комсомол комитетінің секретары Баймағамбетоваға да айтқан болатынмын. Менікі бір қайран бола ма деген далбаса, жалған үміт, әрине. Олардың қолынан не келсін. Сағындық Кенжебаевтың (екі-үш жылдан кейін) осы тақылеттес мәселелерді Мәскеуде ашық түрде айтқаны үшін қызметтен кеткені белгілі.
Ал, енді бұлардың Қарекеңе қатысы қанша, тәптіштейтін не бар деймісіз? Жо-жоқ, тәптіштеген ештеңе жоқ, айтсақ, тың игеру басталған жылдарда санаға ұялап, бөтен (өзбек) елде жүрсек те, туған жер тағдырына алаңдау себебіміз, мұғалім боп істеген бірінші жылдың өзінде бірі кәріс, бірі грузин әріптестердің қазақты табалағандай боп сөйлейтіндеріне байланысты бұлқыныс, іштей күйзелетінімізді, ұлттық кадрларды тәрбиелеу, өсіру не, қайта барларының қатары селдіреп, найшасы пәстігін айттық. Оған қоса, өз басым дәм бұйырып, Алматыда қызметке ілігіп, тың игеріліп жатқан жерлерге табан тигендегі көрген-білген, сезген-түйгеннен алған су жаңа әсерлердің (бәрі емес) кей парасын айттық. Қайталады деме, мені үнемі мазалап, жан дүниемді жегідей жейтін ұлттық кадр мәселесі болатын. 1958 жылғы жаздың басында Алматыға келген бойда ғылымның әр саласында қанша ғалым қазақ барын зерделеп жүруім де соның көрінісі-тін. Болар-болмас, толар-толмастың ар жақ, бер жағы. Анық есімде жоқ, медицина бойынша профессор қазақ саны төртеу екен (Қарынбаев, Қарақұлов, Бердібаев, Ыдырысов, қателессек құдай кешірер). Батыс, шығыс, орталық облыстарды айтпағанда, оңтүстік аталатын қатар жатқан төрт облыстың басшы-қосшылары түгелге жуық өзге ұлттан екені қайбір жетіскендік еді дейсің?! Міне, осылай шытынап, ширығып, пұшайман боп жүретін шақтарда бірлі-жарым атқа мінген қазақтардың өзін не аты-жөнін көру, есту, білу күтпеген жаңалық, үлкен мәртебе-тін. Әлде Целиноград, әлде Қарағанды облысының біріне қарайтын Қаражал қаласының басшысы қазақ екенін газеттерден біліп, масаттанғанымызды айт. Ол кім десең – Қаратай Тұрысов. Қаражал қалалық партия комитетінің бірінші секретары. О-һо! Иншалла! Тәуба!
Әрине, ол шақтардағы Қарекең жайлы білетініміз (білгеніміз) осы ғана болатын. Қазақ па? Бітті. Демек, тегін адам емес. Тіпті де тегін емесін жылдар өте келе білдік, біле түстік. Жоғарыда тың игерудің тек мол астық өндіру емес, тұтас бір халықтың тағдырына, әсіресе рухани болмысына тигізген әсеріне орай толғаныс ретінде ауызға алған жағдаяттардың бізден гөрі оған етене таныс, ыстық-суықты да сол шақтардағы замандас, қатарластарымен бірге көріп, бірге өткізгені былай да түсінікті екені даусыз. Енді Қарекең дегенде, ешкім қай Қарекең демей, Қаратай Тұрысов екенін бірден білетін сол азамат жөнінде біз де азын-аулақ көңілде тоқылып, көкейде сақталған базбір өзіндік пайым-көзқарасымызды ортаға салсақ дейміз. Оған алғышарттар жоқ емес. Діттейтініміз…
Біртіндеп биіктен-биікке өрлеген жоғары лауазымды қызмет бабымен қоса, ысылып, шыңдалған кәсіби жетілу, адамгершілік, әділдік, тазалық, қабілет, мәдениет, өнерге іңкәрлік, кісілік, мызғымас ұстаным, өзге де қадір-қа­сиет­тері. Бұлар жөнінде «Аңыз адам» журналының тұтас бір санында көз көрген бірқауым үзеңгілес серіктері, қоғам және мемлекет қайраткерлері мен ет жақындары айтқан, жазған естеліктерінің көкейге қонып, көңілден шығатынын айту, өзгелерге жеткізу. Онан соң, Қарекеңмен жылы қарым-қатынаста болып, бірге қызмет істеп, бір жүріп, бір тұрған келестік азаматты біз де білетінбіз. Ол Социалистік Еңбек Ері Байбек Ермековтің кенже ұлы Сапар Ермеков болатын. Өзінен үлкен екі ағасы елден ұзамай, Сапар алғашында Алматыда әлдебір жерде тәуір қызмет атқаратын. Өз басым көзін көріп, сәлемдесіп жүретін әкесі Байбек Ермеков 1960 жылдардың басында өмірден озды. Ол кезде тұрмыс қораш, жұтаңдау. «Әкемнің тазалығы сонша, қайтыс болғанда соятын қой да болмай, ел-жұрттың арқасында соңғы сапарға аттандырғанбыз» дейтін Сапар. Білімді, алғыр, еті тірі Сапардың Қарекеңмен қалай танысып, оның қарауындағы ­жауапты қызметке қалай барғанын біз де сұрамаппыз, ол да айтқан емес-тін. Бар білетініміз – Сапар Қарекең басқаратын Қазақ кәсіподақтар кеңесінде істеді. Ақкөңіл, ашық, ағалап, елпілдеп тұратын. Басқаратын саласы Орталық партия комитетінің Іс басқару бөлімінен артық болмаса, титтей де кем емес, курорт, демалыс аймақтары, жеңіл машина, өзге де материалдық игіліктер қолында болған Іс басқару бөлімі. Солай екен деп асып-тасқан Сапар тағы жоқ. Өзімізде бола тұра кейде көлік сұрасақ, сөзге келмей жібереді. Сапар жайлы сәл тәптіштеп айтып отырған себебіміз, бірінші Қайрекеңнің көңілінен шыға қызмет еткені болса, екінші, оның жұмыс істеу тәсілі, әділдігі, кісілік, көптің көңілінен шыға білетін басшы екенін айтатыны, дәріптейтіні. Ресми қызметі көмекші емес, Іс басқарушы бол­ғандықтан, Қарекеңнің семьясымен аралас-құраластығы жайлы айта алмаймыз. Бәлкім, Қарекеңнің үй ішімен де барыс-келісі болған шығар. Бұл жайлы бір білсе, Қарекеңнің қара шаңырағын ұстап отырған аса қадірлі Әскеркүл жеңгеміз білер (деп ойлаймыз).
Қайран Сапардың да ғұмыры қысқалау болды. Арамыздан кеткеніне оншақты жылдан асты. Ұзақ ауырып, елде жатты, топырақ туған жерден бұйырды. Оны Қаре­кеңнің сенімді серігі, қолғанаты бол­ғаны үшін де еске алып отырмыз. Рухы шат болсын!
Жанашыр жігіттердің арқасында Қарекеңмен өмірінің соңғы жылдарында танысып, бетпе-бет жүздесіп, етене жақын, сыйлас інілерінің бірі, көрнекті ғалым Жақсыбай Қасымбековпен бірге қызық-шыжықтарына ортақтастық. Әсіресе күтпеген қайғыға ұшыраған кез­­дерде көппен бірге қасында болдық, медет тіледік… Өмірден өткенде қабіріне топырақ салдық.
Сөз соңында, былайғы жұртқа белгі­сіздеу тағы да бір-екі жайды ортаға салу орынды көрінеді.
Қарекең жөнінде о бастан көбірек айтып, көбірек жазған Шерағаң, Шерхан Мұртазаның жөні бөлек (дедік). Онан соң өткен ғасырдағы 1958 жылы Қазақ университетіне аспирантураға түсіп, кейіннен Орталық партия комитетінде бөлім меңгерушісінің орынбасары, Оқу министрінің орынбасары, Талдықорғанда ректор, Қазақ университетінде проректор, басқа да жауапты қызметтер атқарған марқұм Лениншіл Рүстемов Қарекеңмен қалай танысқаны, іскерлігі жайлы әңгімелеп, өссек өзімізше өстік, артық сөздің қажеті жоқ, ішінде сақта деп пысықтайтын. Белгілі жазушы Тұтқабай Иманбеков те: «Қарекеңмен жолығып тұрамын, әдебиетті терең түсінеді, жаңа романыма пікір жазуға қолы тимей жүр, сен жөнінде айттым, әне таныстырам, міне таныстырам» деп жүргенде, ойламаған жерден қайтыс боп, үлгермеді.
Тұтқабай дүние салғанда Қарекең елімізден тыс жерде жүргендіктен бе екен, соңғы сапарға шығарып салуға қатыса алмады (қателессек, кешірім бізден), Лениншіл Рүстемов қаза болғанда үйіне барып көңіл айтты. Тұтқабай екеуміз күтіп алып, машинасына шығарып салғанда, «апырай, Лениншілге обал болды-ау, алпыс жас деген не, жас кетті ғой» деп күрсінгені есте.
Орталық партия комитетінің ­секретары, Қазақстан Кәсіподақтар кеңесінің төрағасы, Министрлер Кеңесі төрағасының орынбасары, Бүкілодақтық Кәсіподақ (ВЦСПС) Орталық Кеңесінің хатшысы, басқа да жоғары лауазымды қызметтер атқаратын жұмысбасты адаммен алда-жалда етене танысып, әмпей-жәмпей бола қалайын деген ниет болмаса да, Лениншіл мен Тұтқабайдың ықыластарына орай реті кеп жатса, жолығып, қолын алармын деуден ас­паға­ным рас. 1981-1984 жылдарда оған мүмкіндік те болды. Өйткені жоғарыда айтылғандай, Қарекең төрағалық еткен сол кездерде Келес ауданының тумасы, марқұм Сапар Ермеков Қазақ КСР Кәсіподақтар кеңесінде іс басқарушы болды. Обалы не, Сапар Қарекеңе жолықтырайын деп талай рет ықылас танытқан-ды.
Қайталады демеңіз, таяуда Астана қала­сында Қарекеңнің туғанына 85 жыл толғаны аталып өтті. Соған орай, «Аңыз адам» журналы тұтас нөмір арнап, бір топ қоғам қайраткерлері мен ет жақын­дарының естелік, ізгі тілектері жария­ланғанын да жоғарыда ауызға алдық. Солардың ішінде Қарекеңнің жар қосағы Әскеркүл Жамбылқызының сұхбатын тебіренбей оқу мүмкін емес. Қарекеңнің кім болғанын, адами болмысын сол сұхбаттағы Әскеркүлдің бір сұраққа қайырған жауабынан да білуге болатындай. Соны келтірейік те, нүкте қояйық.
Сұрақ: – Балаңызды өлтірген қылмыс­керлер табылды ма?
Жауап: – Бір бала ұсталды деп хабар келгенде, үйге сол кездегі Ішкі істер министрі Қайырбек Сүлейменовті шақырып: «Жала жауып бір кінәсізді қанқақсатпақсыңдар ма? Ол баламен өзім жолығам. Менің боздағаным аздай, енді тағы бір баланың әкесін боздатайын дедіңдер ме?» деп, сол баланың өзімен жолыққанда оған жала жабылғандығы анық болды. Табылды деп сүйінші сұрап келгендер алдай алмады, тумысынан психолог болды ғой ол.
Ойлаңызшы! Осындай ірілік екінің бірінің қолынан келе ме? Ірілік дедік-ау. «Менің қайғым бір емес, жүз әкеге жететін қайғы… мұндай қайғыны ешкімге тілемеймін» дейтін бекзат тұлғаның сөзі емес пе ол деген!?
Қайран Қареке! Көзің тіріде етене жақын, ерен сырмінез болмасақ та, бірді-екілі жүздескенде көз тоқтата қарап, бірді-екілі тілдесуге жазған (оған да шүкір), аруағыңа тәу етуші тілекшіңнің қасірет лебізін қабыл ал!
Рухың шат болсын!

Зәкір АСАБАЕВ,
Қазақстан Жазушылар
одағының мүшесі,
ҚР Мәдениет қайраткері,
«Құрмет» орденінің иегері

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.