ШАҒБАН ШАРАПАТЫ

Әсет АТАШЕВ,
Алматы қаласы
«Орбита-3» мешітінің
Бас имамы

Қазір қасиетті шағбан айы. Бұл – берекеті мол айлардың бірі. «Көптеген жақсылықтардың бастауы» деген мағынаға ие «шағбан» сөзімен аталған қасиетті ай ережеп айының бітуінен хабар беріп, рамазанның жақындағанын сүйіншілейді. Сүйікті пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) ережептен кейін шағбан айына өте-мөте көңіл бөлген.
Ардақты елші: «Алла Тағалам, ережеп пен шағбан айларын берекелі ете гөр. Бізді рамазанға аман-есен жеткіз» деген дұғасын жиі айтатын. Бұл айдағы сауабы көп құлшылықтың бірі – ауыз бекітіп, нәпіл ораза ұстау. Алла елшісі шағбан айының көбін оразамен өткізетін. Осы ретте мынадай хадис еске түседі: «Сауапты амалдардан шамаларың жететінін жасаңдар. Өйткені сендер жалықпасаңдар болғаны, Алла сендерге ешқашан жалыққандай сыңай танытпайды. Алла Тағала қабыл алатын ең жақсы амал – аз болса да үзбей істелген іс».
Бірде саңлақ сахабалардың бірі Усама (оған Алла разы болсын) шағбан айында көп ораза ұстауының сырын білу үшін: «Уа, Алланың елшісі, дәл шағбан айында жиі ораза ұстағаныңыздай, басқа айда мұншалықты ораза ұстағаныңызды көрмедім» деп сұрағанда, ол: «Шағбан – адамдардың басым көпшілігінің рамазан мен ережеп айларының ортасында мән бермей кететін айы. Бұл айда амалдар Алла Тағаланың құзырына көтеріледі. Мен де амалдарымның ораза ұстаған кезімде Алланың құзырына көтерілгенін қалаймын» деп жауап берген екен.
Алайда шағбан айының оразасын шамасы жеткендер ғана тұтқаны абзал. Егер шағбан айында үздіксіз ораза тұтып, рамазан айындағы парыз оразаға шамасы келмей қалуынан сезіктенген адам болса, ол адамға шағбан айында ораза тұтудың қажеті жоқ. Өйткені шағбан айындағы ерікті оразадан рамазан айындағы парыз ораза маңызды…
Алла Елшісінен «Рамазаннан кейін қандай ораза маңызды?» деп сұрағанда, ол: «Рамазанға құрмет ретінде шағбан айында ұсталған ораза» деді. «Қай садақа абзал?» дегенде: «Рамазан айында берілген садақа» деп жауап берген». Хадистерге жүгінсек, пайғамбарымыз шағбан айында парыз намаздарымен қатар, нәпіл ғибадаттарын көбейтіп, Алланың көркем есімдерін мадақтап, шүкіршілігін арттырып, кедей-кепшікке садақа берген. Сахабалар да бұл айда құлшылыққа жаңаша құлшыныспен кірісетін. Нәпіл құлшылықтарына көңіл бөліп, жалбарына кешірім тілеп, жоқ-жітікке қарасатын. Жетім, жесір, жалғызбасты кісілерге көмектесіп, қарттардың көңілін аулайтын.
Сондай-ақ бұл айдың ерекшелігінің бірі – пайғамбарымызға көп салауат айту. Себебі, хадисте: «Ережеп – Алланың айы, шағбан – менің айым, рамазан – үмбетімнің айы» деп, ережеп айында кәлиманы, шағбанда салауатты, рамазанда Құранды көп оқу керектігі жөнінде ескерткен еді.
Шағбан айында сауаптар еселеніп қана қоймай, күнәлардың кешірілуі мен дұға-тілектердің қабыл болу мүмкіндігі молая түседі.
Қасиетті шағбан айындағы ізгі амалдың бірі – дұға. Дұға – ғибадат. Алла Тағала жасаған әрбір дұға үшін сұраушының мұқтаждығын өтеп қана қоймай, сауап та жазады. Тіпті сұраған нәрсесі қол жетімсіз болса да, ол адам жасаған дұғасы үшін сауаптан құр қалмайды. Сонымен қатар дұға барлық ғибадаттың өзегі болып табылатын Алла мен адамның байланысын арттырады.
Адам баласы Алланың рақымынан құр қалмас үшін әрдайым дұғада болғаны ләзім. Алла тағала Құранда «Бақара» сүресінің 186-аятында: (Мұхаммед Ғ.С.) егер құлдарым, Мен туралы сенен сұраса: «Өте жақынмын, қашан Менен тілесе, тілеушінің тілегін қабыл етемін. Ендеше олар да әмірімді қабыл етсін. Және Маған сенсін. Әрине тура жол тапқан болар еді» деген.
Әлемдерге рақмет етіп жіберілген пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Алла Тағаланың алдында дұғадан қадірлі еш нәрсе жоқ» деп дұға етудің дінімізде маңызды екенін атап кетті. Басқа бір сөзінде: «Дұғаның өзі ғибадат» деді де, Құрандағы «Ғафыр» сүресінің 60-шы аятын оқыды. Ол аятта: «Менен тілеңдер, тілектеріңе жауап беремін» деп айтылған.
Осы тұста дұға жасаушы адамдарды екіге бөлсек болады. Біріншісі – өзінің жақындарына, туыстарына, жолдас жораларына, ниеттес адамдарына дұға жасауы. Мұндай дұға жасаушы адамға періштелер дұғасына ­жауап қайтарып, өздеріне де сол жақсылықтарды тілейді. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Мұсылманның бауырының сыртынан жасаған дұғасы қабыл болады және уәкіл қылынғын періште тұрып «әмин, сағанда сондай болсын»» деп сүйіншілеген. Ал періштелердің дұғасы тез қабыл ­болады.
Ал екінші топтағы дұға етушілер – тек өздерінің көңіліне жақын келген адамдарға ғана емес, сонымен қатар өзіне зиян тигізген, жаманшылық ойлаған және өзін ренжіткен адамдарға да жақсылықпен жарылқау тілейді. Бұл – адамилық үлкен қасиет. Алла Тағала да ондай пенденің қандай да бір тілегін тікелей өз құдіретімен қабыл етеді.
Адамзатқа берілген ең ұлы нығмет әрі үлкен мүмкіндік – адамның саналы өмірі. Бұл қас-қағым сәтте сағымдай болып өте шығатын өмірдегі ақылдылықтың ең биік шыңы – пенденің Алла Тағаламен байланысын үзбеуі. Себебі әрбір пенде бақытты да баянды өмір сүргісі келетіні ақиқат.
Алла Тағала қасиетті шағбан айында жасаған ізгі амалдарымызды, дұға-тілектерімізді қабыл етіп, рамазан айына аман-есен жетуді нәсіп еткей! Еліміз аман, жұртымыз тыныш, тәуелсіздігіміз баянды болғай! Әмин!

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.