ТҮҢІЛМЕСКЕ ТІРЕКТІ ТІЛ ӘЛЕУЕТІНЕН ІЗДЕСЕК…

Мақала авторы – Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, құрмет тұтар қаламгеріміз Бексұлтан Нұржекеұлы «Түңілмеске тілек бар ма?» деп, баршамызға сұрау тастап, өзінің ойтолғағында жүрген, бүгінгі әліпби, емле мәселесін ақтарыла айтқан екен. Ана тұстан, мына тұстан батыра айтқан жерлері де жоқ емес. Олай айтпаса, ойды ой қозғаушы ма еді?

Автордың адресаты ­А.Бай­тұр­сынұлы атындағы Тіл ­бі­лімі институтының директоры, профессор Е.З.Қажыбек болға­ны­мен, қалам ұшынан шыққан сөз тілұстағандар­дың, тіл ұстарт­қан­дардың баршасына қатысты екен. Сондық­тан кө­терген мәселеге, айтылған жайтқа, ри­торикалық сұ­рауға адресат өзі жауабын айтқан болатын. Дегенмен, біз де қарап отырмай, өз дегенімізше үн қосайық дедік. ­Сонымен, хош дей отырып, ойтолғақта айтылғанның бәрі болмаса да, бірер мәселесі жөнінде әр тұстан болса да айтарымызды қысқа қайырып айтсақ дедік.
Бірінші. «Дәстүрлі мәдениетімізге сіңісті болған әліппе терминін ­сауат ашу деп өзгерте салудың өзі – сауатсыздық» деп автордың ашына айтқан сөзін қоштамасқа әддіміз жоқ. Өйткені әліппе шәкірттің қолына ұстаған тұңғыш кітабы қара танытқан, қадір тұтатын құралы ғой. Мектеп өмірінде әліппенің соңғы бетін жабуды әліппемен қоштасу демей ме? Тәрбиелік мәні бар бұндай дәстүрді «сауат ашумен» қоштасу демек пе? Үйреншікті әліппемізге бұрынғы атауын қайтару орынды болар. Шәкірт есінде мектеп кезеңі алғашқы қоңырау, алғашқы ұстаз, алғашқы кітап, әліппемен қоштасу, соңғы қоңырау дегендермен есте қалмай ма?
Екінші. Елбасымыз бағдар беріп, бағыт көрсеткен үштілділікті, әрине, бәріміз де қолдаймыз. Өйткені жаңа технологиядағы әлемдік ақпараттың көшбасшысы ағылшын тілі екені белгілі. Сондықтан ағылшын тілін үйренуді жеделдете қолға алу өзекті мәселеге айналып отыр. Заман ағымы сондай. Алайда үштілділік бағдарламасын жүзеге асыруда қи­ғаштықтар орын алып бара жатқан жоқ па деген күдігімізді де жасыра алмаймыз. Бес-алты жасар баланың тілдік санасында ана тілінің құрылым жүйесі жеткілікті орнықпай жатып, шет тілін үйрету мен оқытудың нәтижесі қалай болмақ? Бұл тұста да ойымыз бөтен емес.
Ақиқатында, бір жағынан, тіл субъектіде өмір сүреді. Субъекті деп отырғанымыз – халық, ұлт, мына Сіз бен Біз.Екінші жағынан, жаңағы субъектілердің өзі тілде өмір сүреді. Мысалы, анамның тілі менде өмір сүреді, мен анамның тілінде өмір сүремін. Мен бұл жерде сөз ойнатып отырған жоқпын. Ал бес-алты жастан ағылшын тілінде сайрап өскен бала қай тілдің субъектісі? Әрине, ағылшын тілінің. Олай болса субъектінің санасында бес-алты жастан орнығып қалатын тіл де­­ – ағылшын тілі. Азды-көпті ана тілін білгенімен, жүре келе ондай тілдік тұлғаның санасынан ұлтымыздың құндылықтары жоғалады.
Бұл айтылғандарды білетін де, түсінетін де, жаны ауыратын, ара-тұра болса да жанайқайын білдіріп дабыл қағып жүретін білімдар жандар, өзіңіздей танымал тұлғалар жоқ емес, бар. Бары бар-ау, бірақ жалғыз-жарым дауыс қанша жерге жетер дейміз.
Ал жаңағы айтылған ұлттық құнды­лықтар, Тұңғыш Президентіміз – ­Елбасымыз айтқандай, дәстүріміздің, мәдениетіміздің коды. Әсіресе ана тіліміздің лексика-фразеологиялық, паремиологиялық қорындағы мәдени тілдік бірліктер – ұлтымыздың әлеуеті аса жоғары рухани құндылықтары.
Қазақтардың дәстүрлі мәдениеті материалдық игілікті жоққа шығар­майды. Қайта ерінбей еңбек ет, мех­натына, бейнетіне, маша­қаты­на­шыда, сонда көрген мехнатың – дәулет, машақатың – рақат, бейнетің зейнет болып қайтады дейді.

Осындағы тілдік кодты ашсақ, мате­риалдық дүниеліктер ұлттың рухындағы жо­марттық, адалдық, қайырымдылық, бауыр­малдылық, т.б. құндылықтармен үйлесім тапса, игілікке айналады. Ұлттың өзіне тән дәстүрлі мәдениетіндегі ағайын­гершілік, жасы үлкенді қадір тұту, ақсақалдық, кішіпейілділік, ұжымшылдық, т.б. құндылықтар ана сүтімен баланың бойына сіңеді. Ондай бала ана тілінің базасында шет тілін меңгеруге тиіс.
Үшінші. Қаламгер ағамыз махаббат, ләззат, іззет тәрізділерді махабат, ләзат, ізет түрінде орфографиялауды жөн деп біледі. Тілімізде қосар әріппен жазылатын бұдан басқа да күллі, әдді, мүдде тәрізді біралуан, бірақ саны шектеулі «жабық» жүйедегі сөздер бар. Бұлар – ескі қазақ жазба тіліне (XVI-XX ғғ. басы) төсеніш болған ортаазиялық түркі жазба тіл дағдысынан келе жатқан, ескінің көзі. Бұлайша жазу қазіргі қазақ жазуында ғана емес, өзбек, ноғай, татар, қырғыз жазба тілінде кездеседі: түрік, өзбек, қарақалпақ, қырғыз тілінде де қосармен жазылады. Бұндай сөздерді дағды бойынша жазуды жөн көреміз. Сөйлеуде әлгідей сөздерді қосарлап айту ұшыраса бермейді. Бірақ көтеріңкі стильмен нәшіне келтіріп айтатын жайттар ән әуендерінде, сахна тілінде кездеседі. Мысалы, ұлы жазушы М.Әуезов «махаббат сөзін құлақты аймалайтындай етіп айту керек» деген екен.Оны бір кездері Әбіш Кекілбай ағамыздың естелігінен ұшыратқан сияқты едім.
Төртінші. Сөздің ұшар басында қысаң ы, і дауыстыларын білдіретін ы, і әріптерінің жазылу/жазылмауы, бұрынғыға көз жіберсек, өткен жүзжыл­дықтың 60-шы жылдарына дейінгі кезеңде жазу тәжірибесінде кездесетін елеулі қиындықтардың бірі болатын. Мысалы: ылақ/лақ, ырас/рас, ылақтыр/лақтыр, ілек/лек, ілес/лес, ілгек/лгек, ілеген/леген, т.б. Мектеп өміріндегі жазу-сызуда, баспа өнімдерін шығаруда бұл қиындық орфографиялық сөздік, анықтағыштар арқылы бірте-бірте реттеле түсті. Л, р-ден кейін, ашық а, ә біршама ашық е-лермен келетін тұста лақ, лас, лайық, лай, рас, рақым, ләззат, ләйлек; лебіз, лезде, рәміз, ресми, реңді деп жазылуы а, ә, е дауыстыларының билігінде. Ал аталмыш жартылай дауыссыздардан соң қысаң езулік немесе дауыссыз келетін орындарды ілгек, ілмек,іліндір, лықа, ілкімді, ірі қара, іріктеу деп жазу орнықты.
Бұл ережені, алайда, Сіз білмейді деп айтып отырған жоқпын. Басқа білмесе де, редакторлық қала­мыңыздан талай-талай кітап, журнал шыққан Өзіңіз жақсы білесіз. Алайда ойыңызда «неге олай?», «неге бұлай емес?» деген күмән мен күдік жүретінін де түсінеміз.
Бірақ көңілде (дәлірек айтқанда, санада) ұялап қалған күдік-күмәнді сейілте алмасақ та, осы мәселеде тағы бір уәжді айтуға тұра келіп отыр.
Ереже біршама тұрақталғанға дейін ылақ/лақ, ырас/рас, ылайық/лайық, т.б. сөздер әрі-сәрі жазылып келді. Дегенмен, лақтату, лақтау, растату, лайықсыз тәрізді сөздер қосымшамен түрленген тұста қысаңдар көмескі­леніп, көбіне сөз басында ы, і әріп­терінсіз жазу басымырақ болды.Рақымет, лашын, лебіз сөздері де осылай жазыла бастады. Өйткені әрі қысаң, әрі әсірекелте дауыстылар (ы, і, ұ, ү) сөздердің буын саны артып, екпін соңғы буынға ойысқан сайын естілімі дүдамалдана түседі. Сонымен қатар бұндайда мағына ажыратуға септігі тие бермейтін әсірекелте дауыстыларды белгілемеуді тілдің ішкі әлеуеті мүмкіндік беріп отырған жазудағы ықшамдылық үрдісімен байланысты деуге болады.
Тілдегі ықшамдалу үрдісі – жазу-сызу (әліпби, емле, емле сөздігі) деңгейінде де болатын құбылыс. А.Байтұрсынұлы төте жазуда 9 дауысты (а, ә, о, ө, ұ, ү, ы, і, е), 19 дауыс­сызды, яғни 28 дыбысты 24 әріппен беретін әліпби түзді. Бұл дыбыс санынан әріп саны кем түсетін қайталамасы (аналогы) жоқ ең таңдаулы әліпби болды. Дыбыстың санынан әліпбидегі әріп санының кем болуы ­­– тілдің жазу-сызу деңгейіндегі ықшамдылық, жинақылық әлеуетімен байланысты.
Өткен тәжірбиені еске алсақ, ерінбейімді и дауыссызын қосар әріппен ыи, іи; дәл осы сияқты қысаң әрі әсіре келте еріндік ұ,ү мен жарты дауысты еріндік у дауыссыздарын ұу, үу түрінде қосарлап жазу немесе и, у түрінде дара әріппен жазу емленің ең қиыны болды. 20-50 жылдары көптеген сөз бірде қыйын, сыйыр, бірде қиын,сиыр болып әртүрлі жазылып келеді. 1957 жылғы Негізгі Ережеден кейін тұрақталып, қазіргі кезде бірізді жазылатын болды.
Бесінші. Қазіргі кирилше әліп­бидегі 42 әріптен бес-алтауы ғана қысқартылыпты деп, жаңа латынша әліпбиімізді қомсына бермейік дегім келеді. Қысқартылған бес-алтауы ғана емес, 9 әріп: ё, й, ц, щ, ь, ъ, э, ю, я және кирилшеде х, һ әріп­терінің гра­фикалық жүктемесі толық ашылмаған болатын. Қазіргі латыншада х әрпі алынбай, һ-ның енгізілуі де құптарлық. Өйткені х таңбасының дыбыстық мәні мен шарттылығы тым көп. Бұл айтылған 9-10 әріптің басы артық, қазақ жазуы үшін қызметі (графикалық жүктемесі) жоқ екені әуел бастан белгілі болатын. Жалғыз қазақ әліпбиі емес, СССР-дегі өзге де туыстас түркі және иран текті халықтардың мысалы, тәжік әліпбиінде де осы 9 немесе 8 әріп қаздай тізіліп тұр. Бұл «тоғызды» идеологиялық күштің қысымымен сырттан сыналап кіргізілгені де баршамызға аян. Осы аталған әріптерсіз де қазақтар жазуын жазып, оқуын оқи беретіні күмәнсіз еді.
Ал қазіргі латынша қазақ әліпбиі­нің басы артық тоғыздардан арылуы жазу реформасындағы шешуші оң қадамның бірі деп бағалаған жөн болар.
Мүмкіншілік – мүмкіндік, қадірменді – қадірмен, сөйткендіктен – сөйткенмен, бүйткендіктен – бүйткеннен, дұрыс екендігін – дұрыс екенін тәрізді сөздердің жазылуына келгенде редактор қаламы ықшам тұрпатқа мән беріп жатса, тіл әлеуетінің ықшамдылық, жинақылық қасиетіне сай келер еді.
Қайсыбірімізде «бір-екі әріпте тұрған не бар?». Бірер әріпті үнем көргеннен «не ұтамыз?» деген ой да болады. Әңгіме тілдің өзі мүмкіндік беріп отырған әлеуетін ескерусіз қалдырмауда болып отыр. Бұл әлеует – тіліміздің орташа мөлшердегі, мысалы үш буыннан асып кетпеуіне мүмкіндік беріп, реттейтін механизм. Бұндай сөздердің саны аз емес. Әңгіме әріп санында ғана емес, олардың қолдану, қайталану жиілігінде. Күнделікті шығып жатқан газеттер, жарық көріп жатқан журнал, кітаптар, жарқыл-жұрқыл жарнамалар… қысқасы, мәселенің түптөркіні ақпараттар тасқыны заманында жазба каналдағы сөздің графикалық ықшамдылығы қолданысқа оңтайлы болуы дегенге саяды.
Ырақат деп жазуды дұрыс-ақ дегеннің өзінде, оқушыларымыздың дұрыстықтан ауытқып, рақат жазуға итермелеп отырған нәрсе – тілдің ішкі әлеуетіндегі ықшам­дылық емес пе? Бұл жағын да ойлансақ.
Басқаларды айтпағанның өзінде ғалым, жазушылардың жұртшылыққа белгілі Рымғали Нұрғалиев, Рза Қонақова, Рахметолла Райымқұлов, Қ.Рысбергенова сынды т.б. танымал есімдердің Ыры-, ырый-, ыра- болмай, осы күйде жазылуының арғы себебі тілдің ықшамдылық әлеуетінің объективтенуі емес пе? Бір тұста жалғамалық үрдісі жүрсе, екінші бір тұста ықшамдылық үрдісінің қоса жүруі тілдің ішкі әлеуетімен байланысты.
Бұндай құбылыстарды зерттеу, зерделеу барысында тек өз ғылыми ортамызда бір-бірімізге ғана айтумен шектеліп жүргеніміз рас, ал жалпақ жұртшылыққа кеңінен түсіндірмей жүрген кемшілігіміз де бар.Лингводидактикалық мазмұндағы көпшілікқолды құралдар жоқтың қасы деуге болады.
Алтыншы. Әсіресе ­жазу-сызу, әліпби, емле ережелері сияқты жал­пыхалықтық сипаттағы мәселе­лерге келгенде әрқилы пікірлер, пікіралуандығы болатыны түсінікті жайт. Олардың қайсыбірі пікірталас барысында тиянақ тауып жатса, қайсыбірі сындарлы сөз, дәлел мен уәжге тоқталмастан, әдейі қаузаған сайын өрши түсіп жатады.
Бұл жерде айтайық деп отырға­нымыз «қосар» ма?, «дара» ма? деген мәселе. Таластың басы жиырма-отызыншы жылдары басталып, аяғы 1957 жылғы емле ережесінен кейін тиянақ тапқан болатын. Бұрын сұу/су, тұу/ту, кійм/киім, қыйын/қиын болып әрі-сәрі жазылып жүрген сөздер 1957 жылғы Ережеден кейін бір ізге түсті. Алпыс екі жылдан күні бүгінге дейін баспа беттерінде, мектеп өмірінде осыдан қате кетіп жатса, дабыл қағылып, шу көтерілер еді. Бірақ тиянақ тапқан талас әліпби ­ауыстырумен байланысты «қосар» ма?, «дара» ма? дейтін мәселе қайта сөз бола бастады. Ғылыми орта болған соң, көтерілген мәселе бәрімізді де ойландыратыны белгілі. Институтта өткен ғылыми кеңес, теориялық семинарда пікір білдіруге, ереженің балама жобасын, баяндама жасауымызға бәріміздің де мүмкіндігіміз болды. Институт директоры Е.Қажыбек ешкімге, ешқайсымызға тосқауыл қойған жоқ. Пікірталаста, пікір алысу да мәнді өтпеді деп айта алмаймыз.
Пікір алысуда, алдымен А.Байтұрсынұлы кезіндегі төте жазуында қиын, тиын, ит, киім деп те, қыйын, тыйын, иіт, кійім деп те жазылғаны айтылды. Бара-бара бұл мәселе 1920-1930 жылдары қызу пікірталасқа, аяғы дауға айналған. Қосармен жазудың «жоқшысы» қоғам қайраткері Елдес Омарұлы болса, дарамен жазудың «жоқшысы» педагог ғалым, жазушы Жүсіпбек Аймауытов болды. Қарама-қарсы пікірлерді саралай келіп, оларды екі форматқа түсірдік. Біріншісі – а) Елдес Омарұлынікі, екіншісі – ә) Жүсіпбек Аймауытұлынікі. Біз бұл жерде сөздің жеке басын да, олардың қосымшалармен түрленімін де екі форматқа салып байқадық. Мыңдаған, он мыңдаған сөз екі, үш таңбаға дейін ұзарады. (Кесте)
Ж.Аймауытов педтехникумда оқы­тушы болып жүрген кезінде өзінің көзбен көріп, басынан өткен тәжірибесі жөнінде былай деген: «Мен педтехникум бітіретін жігіттерге бас­тауыш мектепте қыс бойы тәжірибе сабағын бергізіп келемін. Сон­дағы менің көзім жеткені: бір қыс оқып, хат таныған ең зерек деген балалар «у» мен «и»-ды дұрыс жаза алмайды. Олар сұу, асұу, тұу, татұу, биле, ине, бие, сила… деп жазады.
Бірінші кластың ең тәуір оқитын балаларына жазғызып көрдім. Мысал үшін Егем Алданазарұлы деген баланың жазғанын оқып көрсетейін: табу, тұу, ине, бие, биле. Бұлар білмеген соң, емлеге ең жетік деген осы кластың тағы бір Жайық Жанәліұлы деген балаға жазғыздым. Оның жазғаны: сұу,асыу, табыу, татыу, тұу, біие, ине, иә, биие, сила. Бұл «ұу»-ларды дұрыс жазғанмен, «и»-ге келгенде біресе жалғыз и, біресе ы+и жазып шатастырады. «Сұу»-да «ұ» жазып, «асыу»-да «ы» жазған себебін сұрағанымда, «ы» естіледі деп айтады. Сондықтан жаздым, – дейді. Міне, үш жыл оқыған бала әбден көзі қанғандықтан, мұғалімнің сөзіне нанғандықтан, «ұу»-дың жазуын әрең біліп, «и»-дің жазуын біле алмай отыр. Бұларды оқытқан – дыбыс әдісіне жетік, тәжірбиелі мұғалім. Ол ол ма? Үш жыл оқыған бала түгілі, 8 жыл оқып, педтеқникумды бітіріп, ертең өзі оқытқалы отырған, оқытып жүрген жігіттердің өзі «сыйыр»-ға неше «ы» жазылатынына әлі күнге дауласады».

Түбір сөздің мағыналық, дыбыс­тық ауанына қарай сөзжасамдық қосымшалар, жұрнақ, жалғаулармен түрленуін агглютинация (жалғама­лылық) заңдылығы деп аталатынын Өзіңіз атын атап, түсін түстеген қадірмен ұстаздарымыздан білдік. Сол үйренгенімізді әрі қарай пайымдасақ, жалғамалылық барша түркі, оның ішінде, қазақ тілінің ғасырлар бойы қалыптасқан жұмыс істеу механизмі (тетігі) екен.
Біз осы үрдіс бойынша сөз ұзындығы жағынан ұзара береді деп түсіндік. Профессор К.Аханов сту­денттік аудиторияда түбірді «па­равозға», қосымшаларды «вагонға» ба­лап, түсіндіретін де, оған құлақтан­ды­рылма­ғандықтарыңыздың салдарынан деген мысал келтіретін…..
Алайда тілдің «ұзару» үрдісіне қарама-қарсы үрдіс бар екенін кейінірек біле бастадық. Ол үрдіс ресми линвистикада үнемдеу заңдылығы деп аталады. Осы екі үрдіс арқылы қазақ сөзінің орташа ұзындығы негізінен үш буынды болып, реттеліп отырады. Зерттеулерімізде, көбіне тіл табиғатының жалғамалық жағына көңіл бөлінді де, үнемделу, ықшамдалу жағына айтарлықтай назар аударылмады.
Тілдегі үнемдеу (экономия) заң­дылығы сайып келгенде, жинақылық, ықшамдылық дегенге саяды. Жазбаша сөздің мобильділігі жинақы, ықшам болу сапасына, ең алдымен, тоқсан ауыз сөзді тобықтай түйінге сыйдырып беретін мақал-мәтелдерден бас­талатынын халық таныған қаламгер ретінде Өзіңіз жақсы білесіз.
Ықшамдылық – тіл құрылымы­ның барлық деңгейінде кездесетін үрдіс. Мысалы, синтаксистік деңгейдегі бұл жыл/биыл, бұл күн/бүгін, алып бер/әпер, алып кел/әкел болып ықшам нұсқаның пайда болуы жинақылықпен байланысты. Өзіңізді куәға тартсам, диқаншы, бағбаншы, мергенші, аспазшы, шаштаразшы, мердігерші, аттестациялау, механизациялау, комбайнерші, т.б. ықшамдалып, диқан, бағбан, мерген, аспаз, шаштараз, мердігер, аттес­таттау, механикаландыру, комбайншы болғанын тәжірибелі баспагер, редактор ретінде қаламыңыздың лексикалық деңгейдегі ықшам нұсқаға артықшылық берге­нінен де бейхабар емеспіз. Бұны Сіз біл­генмен, былайғы жұрт біле бер­мейді-ау дегендіктен айтып отырмын.
Енді дыбыстық (фонетикалық) дең­гейдегі жүздеген сөздің ықшамдалу үрдісіне бірер мысал келтіруге де тура келіп отыр: ойын сөзіне қосымша жалғағанда ойына емес, ойна; тасы (ның) тасықын болмай тасқын, ұрлық-тың ұрылық болмай, ұрлық болуы, жиын-ның жиыналыс емес, жиналыс болуы осы айтылған ықшамдылықпен байланысты дегіміз келеді. Бұндай дыбыстық жақтан ықшамдалған сөздер ықшамдылық (экономия) үрдісі бойынша осылайша орфографияланып жүр. Мағынаға тигізер шарпуы жоқ бұндай сөздердің «түбір» сақтау ұстанымы бойынша жазылмайтыны белгілі.
Жазу-сызудың жинақы, ықшам болып, үнемділік ұстанымына сай келуі өз алдына. Бұл жерде жаңа латынға үйретушілер мен үйренушілердің көретін қиындығы 20-50-шы жылдар аралығындағы тас өткел тайғақ кешуге қайта түсіп, мәдени жұртшылықтың, мыңдаған, сан мың мектеп оқушылары мен студент жастардың беті қайтып қалмасына кім кепіл?
Психолог-педагогтардың айтуынша, шұбыртпа жазуға әдеттегіден көп энергия жұмсалып, оқуда да, жазуда да автоматизм төмендейтін көрінеді.
Құрметті Бексұлтан аға, мақалаңызда йағный деп жазылған екен. Бәлкім ыйағыный шығар? Байқаусыз жазылған ба? Әлде әдейі осылай жаздыңыз ба? Ол жағын білмедім. Институт сөзін іністіитут деп сындырып жазыпсыз, бірақ дұрысы іністійтүут емес пе? Сіздің мақалаңызбен айдар ашқан «Ана тілі» газетімізге үн қосқан титулды ғалымдардың бірі дара әріпті таратыпжазу керектігін айта келіп, қыру сөзін қырыу, кіру сөзін кіріу деп жазғанды жөн көріпті. Ал дара әріпті (у-ды) таратып жазудың із өкшесіне түсіп жүрген доктор, профессор ағамыз бұлай жазу «абсурд», өйткені езулік пен еріндік қатар дыбысталмайды, дұрысы қырұу, кірүу дейді. Міне, осыдан тағы да талас өрби береді.
Тұңғыш Президентіміз – Елбасымыз бекіткен әліпбидің құрамына w («вау»-ды) кіргізем деп жар(ғақ) құлағы жастыққа тимей жүрген сол ағамыз әріптесінің институт сөзін institwt, футболды fwtbol, ресурс терминін reswrs деп жазғанын мүлде теріске шығаратыны белгілі. Өйткені әліпби түзуші ғалымның жүйесі бойын­ша w әрпі графикалық контекст бойынша тек дауыстылардан кейін келеді: taw, suw, т.б.
Бұл арада қате көрсетіп, көзге шұқиын деп отырған мен жоқ. Тиянақ тапқан жазу-сызу нормаларын әрсаққа бұра тартсақ, 20-50 жылдар аралығындағы бастан өткерген «тас өткел, тайғақ кешуге» қайта түсіп, одан қайта шығу қиынның қиыны болар. Әңгіме тек қиындықта емес. Менің айтпағым, жазу-сызудағы тіл әлеуетінің өзі ықшамдылық, оңтайлылық, жинақылық тәрізді қасиеттерге мүмкіндік беріп отыр.
«Түңілмеске тірек бар ма?» деп, баршамызға сұрау тастадыңыз. Тірек бар екен. Қазақ тіліне құлдық ұра қара жұмыстарын істей жүріп, сол тіректі мен тілдің ішкі әлеуетінен іздедім. Тілдің ішкі әлеуеті – оның өміршеңдігі. Әлеуеті мықты тіл – өміршең тіл. Оны ақиық алғыр ақынымыз Мұқағали Мақатаев бәрімізден бұрын сезіп те, біліп те айтқан екен:
Ал екінші бақытым – тілім менің,
Тас жүректі тіліммен тілімдедім.
Кей-кейде дүниеден түңілсем де,
Қасиетті тілімнен түңілмедім.

Нұргелді Уәли,
филология ғылымының
докторы, профессор

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

4 Пікір

  1. Арайлан

    нақты, дәлелдермен берілген,міне, ғалым

  2. Нұсқа

    Aa — a
    Bb — б
    Cc — ч
    Dd — д
    Ee — е
    Ff — ф
    Gg — г
    Hh — х,һ
    Iı — и,ый,ій
    Jj — ж
    Kk — к
    Ll — л
    Mm — м
    Nn — н
    Oo — о
    Pp — п
    Qq — қ
    Rr — р
    Ss — с
    Tt — т
    Uu — у,ұў,үў
    Vv — в
    Ww — ў
    Yy — ы
    Zz — з
    Ää — ә
    Ǵǵ — ғ
    İi — і
    Ńń — ң
    Öö — ө
    Śś — ш
    Úú — ұ
    Üü — ү
    Ýý — й

  3. Нұсқа

    Maqala avtory – Qazaqstan Respublıkasy Memlekettik sılyǵynyń lawreaty, qúrmet tutar qalamgerimiz Beksúltan Núrjekeúly «Tüńilmeske tirek bar ma?» dep, barśamyzǵa súraw tastap, öziniń oýtolǵaǵynda jürgen, bügingi älipbı, emle mäselesin aqtaryla aýtqan eken. Ana tústan, myna tústan batyra aýtqan jerleri de joq emes. Olaý aýtpasa, oýdy oý qozǵawśy ma edi?

  4. Нұсқа

    Uu — таңбасы қос дыбысты дифтонгтар: ұў,үў және кірме сөздердегі дауысты у дыбыстарын білдіреді.

    Iı — таңбасы қос дыбысты дифтонгтар: ый,ій және кірме сөздердегі дауысты и дыбыстарын білдіреді.

    Сонда қазақ жазуында у мен и дыбыстары дауысты және дауыссыз боп бөлек таңбаланады:
    Uu — у (дауысты)
    Ww — ў (дауыссыз)
    Iı — и (дауысты)
    Ýý — й (дауыссыз)

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.