Жәкен ОМАРОВ, әнші-композитор: ШӘМШІ ҚАЛДАЯҚОВТАН БАТА АЛҒАМ…

– Қоғамдық марапаттар жөнін­дегі республикалық кеңес «Қазақ өне­рінің қайраткері» медалін кеудеңізге тағыпты, құтты болсын, қандайда бір марапатқа лайық азаматсыз, әрдайым еңбегіңіздің жемісін көріңіз.
– Рақмет, айналайын, жақсылық жұғысты болсын.
– Әңгімемізді шығармашылы­ғыңыз­дан бастасақ. Сізді айтыскер ақын, термеші, сазгер ретінде білеміз. Қандай жаңалықтарыңыз бар?
– Осы күні мақамшы болып алдым. Ескі сөз, насихат-термелерге есім кетіп, жақсы сөз тапсам жаным рақатқа батып қалады. Қожа Ахмет Ясауи бабаның біраз хикметтерін мақамға салып жатырмын. Әлішер Науаиден бәйіттер әдемі әуендерге түсіп жатыр. Түрікменнің шайыры Мақтымқұлының мәснәуилерін ­аударып, қазаққа жақындатып жатқан ­жайым бар. Қазақтың дұрыс ұрпақ тәрбиесі мен дұрыс отбасы идеологиясын жүйелі түрде терме үлгісімен концепциялап кеткен Майлықожа бабамыздың «Ата-ананың қадірін» мақамға салып, елдің біраз ықыласына бөленгенімді білесіздер, сол тақы­рыптың жалғасы «пісіп тұрған» дүниелер – «Аға мен інінің қадірі», «Ағайынның қадірі», «Ұл мен қыздың қадірі», «Қатынның қадірі» деген цикл дайын. Әндерім толғауға, жырларым термеге, әуендер мақамға толысып елуге адымдап бара жатқан жайым бар, Аллаға Шүкір, бас аман, ел тыныш болсын, «алғаным» абы­рой болсын, «берерім» көп елге, бәрі сәтімен.
– Сіздің «Мәуліт жырын» қазақша шығарғаныңыздан да хабардармыз. Оған не түрткі болды?
– Қазақтың байтақ даласы, жалпақ Мәуеренахр, жалпы Орта Азияға «Алла – бір, Құран – хақ, Мұхаммед-Мұстафа (с.ғ.с.) хадистері – тура жол» деп тараған ислам дініміздің дұрыс және жүйелі тарауында, әуелі Алла, сосын Мәуліт жырларының (Мұхаммед пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) өмірі мен өнегесі туралы) рөлі өте зор. Ясауи, Йүгінеки, Бақырғани, түрікте Жүніс Әмре, беріде Майлықожа, Шәді төре, Мәшһүр Жүсіптей үлкен ғалымдардың Мәуліт жырлары заманында өз миссиясын дұрыс атқарды. Кеңес Одағы кезінде бұл дәстүр өз формасынан айрылды, өкінішке қарай. Тәуелсіздік алғалы Мәуліт айын тойлау жақсы дәстүрге айналғанымен, негізгі материал – Мәуліт жыры қысқаша араб тілінде ғана айтылып, оны азы ұғып, көбі түсінбей, жаттанды қалып, жаттанды күйге түсіп, тіпті ауыр да болса айтайын, ащы да болса, шындық, осы бір маңызды дүние мағынасыз мәнге айналып бара жатыр еді… Былтырғы Мәуліт айынан біраз уақыт бұрын маған ҚМБД қызметкерлері осы Мәуліт жырын қазақша жырлау туралы ұсыныс айтты… Алғашында «бұл қалай болады, асығыс емес пе?» деген күдік ойлармен жүрсем де, тақырыппен біраз танысқан соң, Алла қолдап тыңнан шабыт келді, қасиетті тақырыпқа қалам жүрді. Не керек, түгел болмаса да «алғашқы қысымдар» Мәуліт айында дайын болып, халыққа үлкен сахна арқылы жетті, шүкір! Алла берерінен танбасын! Тың дүниені ел тез қабылдап, бір айдың көлемінде бірталай жерде Мәуліт жырын қазақша айту нәсіп болды, тыңдаушы риза. Құдай қуат берсе, діни басқарма ғалымдары мен қызметкерлерінің ұсынысымен жырды аяғына дейін тамамдап, оны аудио және кітап түрінде тарату жоспарда бар. Осы ретте «жақсының жақсылығын айтайын, нұры тасысын», «Жастар» телеарнасы ұсынысымен қазақтың белгілі азаматы Амангелді қажының «Нұр-Қазақстан» қажылық компаниясымен журналистер мен операторларды қоса ертіп, Умра қажылық сапарда осы Мәуліт жырына бейне материалдар түсіріп қайттық. Алла бұйыртса, тың дүниені алдағы уақытта халық көретін болар, бәрі сәтімен болсын. Сөйтіп, еліміздің «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында осындай үлкен рухани жұмыстар жасалынып жатқанын айта кетеміз.
– «Рухани жаңғыру» деп қалдыңыз, осы бағдарламаның аясында атқарылып жатқан шараларға көңіліңіз тола ма?
– Ел болған соң, елдің іші – кеніш. Елбасының бұл бағдарламасы талай дүниені судың бетіне шығарып жатқанын сіздер, журналистер қауымы, күнде айтып жатырсыздар. Ол қуанарлық жағдай емес пе? Мысалы, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Нұр Отан» партиясы жетекшілерінің ұйымдастыруымен біз, қазақтың ұлттық дәстүрлі ән-күй аймақтық мектептері өкілдері болып, Қызылорданың гөй-гөйін жырау Алмас Алматов айтып, Арқаның ән дәстүрін – Ерлан Рысқали, Гүлмира Сарина, Жетісудың әндерін Шолпан Дәржанова, белгілі күйші – Батыржан Мықтыбаев және мен оңтүстік термелерін таратып Қазақстанның барлық облыстарын аралап, «Ұлы Даланың көне сарындары» деген концерттік бағдарлама қойып жүрміз. Осы күнге дейін жеті облысты аралап қайттық. Тыңдарман қай жерге барсақ та жылы қарсы алып жатыр. Барлық концертімізде зал лық толы болды. Халық әр өнерпазды үш-төрт ән айтқызбай жібермейді. Екі сағатқа жоспарлаған концерт кейде үш жарым, төрт сағатқа дейін созылған кездер бар. «Ел табиғи дауыс, дәстүрлі өнерге шөлдеп қалған екен, сағынып қалған екен» деген ойға қаласыз, «ел тыңдамайды емес, біз жеткізбей жүр екенбіз ғой» деген пікір туындап жатыр.

– Елімізде Жаратушыны дәріптеуге арналған Иллаһи жанрды алып келгендердің алғашқысысыз. Бұған Ыстамбұлда оқыған жылдарыңыз себеп болды ма?
– Біздің елде алғаш «Аллаһу Әкбар!» деп, «Азия дауысында» ән айтқан Ақжол қажы Мейірбеков, содан кейін Жәкен Омаров болса керек. Бұған дейін берген сұхбаттарымда айтып жүрмін, мен Ыстамбұл қаласын­дағы қазақ диаспорасы құрған «Қожа Ахмет Яссауи білім және парасат қоры» ұйымдастырған Құран курсында оқыдым. Осы курста қапқаз, татар, қарашай, авар сынды ұлт өкілдерімен бірге – ұзын саны 150 шәкірт білім алдық. Аталған барлық ұлттың өз тілінде діни әндері – Алланы мадақтайтын, Пайғамбарымызды (с.ғ.с.) ұлықтайтын, қадір-қасиетін арттыратын, елге жеткізетін, жүрегіне сіңіретін діни Илләһи жырлары бар екен. Бізде жоқ. Бір тыңдадық, он тыңдадық, намыстана бастадық. Бір күні сонда оқып жүрген қазақ жігіттері маған ұсыныс білдірді: «Жәкен, айтыс­кер ақын, сазгер емессің бе, сен де бір Илләһи шығарып бер бізге» деді. Өзім де ойымды дайындап жүргенмін. Азын-аулақ алған білімімізбен дәріс алған ұстаздарымызбен ақылдаса отырып, бірінші «Зікір-Улла» Илләһиін жаздым. Бұған дейін діни іс-шараларда тосылып қалатын болсақ, осы ән шыққаннан кейін күш алдық. Кәдімгідей делебеміз қозып, аруақтанып, арқаланып, қазақ елінің де Илләһиі бар екенін көрсетіп айта бастадық, кейін басқа ұлттар да айтып кетті «Зікір-Улланы». Қазақстанға келген соң да ұйымдастырылған Құран жарысы, Мәуліт кештерінде орындап халықтың ықыласына бөленіп кетті бұл шығармам, шүкір!
– Діни бағыттағы әндерді халық қалай қабылдайды? Мұны сұрап отырған себебім, қазір дін десе күмәнмен, Ислам десе үркіп қарайтын адамдар бар…
– Діни тақырыптағы ән-жыр қазақта әуел бастан бар. Біздікі тек үзілгенді жалғау. «Зікір-Улла», «Нұр-Улла», «Хикмет-Улла», «Аманат», «Қазақия» – Илләһи ән-жырлар, міне, Мәуліт жыры қосылды, талай тақырып, тың дүниелер халықтың алдына шығуға әзір. Бұл өз туындыларым, менен де басқа авторлар жетерлік қазір. Халық керек болған соң, тыңдайды, қабыл алады, тек ұсынылған шығармаларға сауат керек, білім керек, білсең, терең білу лазым. Шығармагер шығарған т­уындысына мынадай ақпараты ағылған жаһандану заманында жауаптырақ қараса деймін. Ал ислам дініне кедергі, қисық жол пайғамбарымыз (с.ғ.с.) заманынан, саңлақ саһабалар уақытында да болған. Алла тура жолынан адастырмасын, ұрпағымызды өз бағытынан адастырмасын…
– Жоғарыда өзіңіз айтып өткен «Ата-ананың қадірі» термесінде: «Ал, әкенің қадірін ұл мен қыз, Тірі де кезде білсейші-ай» деген жолдар бар. Қазіргі ата-ана мен бала арасындағы қарым-қатынас туралы ойыңыз қандай? «Ата-ана институтын бұзып алдық» деген де пікірлер айтылып жатады. Онымен келісесіз бе?
– Көпке топы­рақ шаша салуға болмас. Осы «Ата-ананың қадірін» айтып отырған кезде өзімнің де, тыңдарманның да көзіне жас келіп, көңілі босап қалады. Ата-анасының асты-үстіне түсіп, бүкіл жағдайын жасап отырған ұл-қыздарды көп көріп жүрміз. Ол адамдардың ата-анасы да тегін емес. Ұл-қыздарына дұрыс тәрбие бере білген. Ал енді ел болғаннан кейін неше түрлі тағдырлар, сан ­алуан жағдайлар бар. Қарттар үйінде ­анда-санда концерт беріп тұрамыз. Сол кезде қариялардың көпшілігі қазақтар екенін көргенде ойланып қаласың. Лайым, мұсылман баласы ата-анасына дұрыс қараса дейсің. Ата-ана институтын бұзған кешегі дінсіз дәуір – Кеңес дәуірі ғой, асқа арам су араласқан дәуір. Мәуліт жырының орнына Қызыл партия жыры айтылған дәуір. Үйленген жастарға ақ бата берудің орнына «горька» айтылып, сүндетке салақ қараған дәуір. Ол дәуірдің сарқыншағы әлі бар, қазір той-томалақты «халал той», «халал емес той» деп баттитып жүрміз ғой. Бір-екі стақаннан соң бас қутыңдап, кәрі қайсы, жас қайсы ажырата алмай, «асқа бата беріңіз, ата» десе, «ал, не айтамыз, алып қойыңдар» деп шатып жүріп, балаға өкпе айтамыз. Тоқтам керек. Қазақ той-жиынды ішіп-жеуге емес, өнегелі тәрбиеге, рухани сусындауға арнаған, соған оралуымыз керек. Майлықожадай ақындарымыздың ұлылығы болар, «Жұмақ ананың аяғының астында», «Алланың ризалығын білгің келсе, ата-анаңның қас-қабағына қара» деген аят пен хадисті тәпсірлеп, қадап-қадап жеткізген. Біздің міндетіміз осындай дүниелерді халыққа жиірек жеткізіп, мәдени, рухани айналымға түсіру.
– Бата туралы айтып қалдыңыз. Алтайдың Кербұғысы Оралхан Бөкейдің «Қазіргі ұрпақ батасыз, батасыз болған соң, бәтуасыз лағып бара ма, қалай?» дегені бар екен. Сіз қалай ойлайсыз? Қазіргі ұрпақ ата-анасынан, үлкендерден бата алып жүр ме?
– «Баталы ұл арымас, батасыз құл жарымас», «Атасы өлсе де, батасы өлмейді» дейді ғой. Үлкендерден, жақсылардан, үлгілі адамдардан бата алу дәстүрімізде бар. Ертең сол бата өзіңе, өзіңнен кейінгі ұрпағыңа дариды. Баталы ұрпақ артыңнан қалар үлкен аманат емес пе? Ас адал болса – ниет таза, көңіл ақ болса – «бәтуасыздық» біздің ұлтқа тән емес… Жамандықтан Құдай сақтасын…
– Сіз кімдерден бата алдыңыз?
– Мен үлкен аталарымнан, жаны жайсаң жәкелерімнен, ишан тұқым молдалардан алдым батаны. Ақын болып сахнаға көтерілген соң ұстазым Қаныбек Сарыбаевтың батасын алдым. Ол кісі арнайы апарып, ақпа ақын Көпбай Омаровтан бата сұратты. Үлкен бір жиында Шәмші Қалдаяқовтан бата алдым, шалдардан алдым батаны, Түркияда дәріс берген асылзада ұстаздарымнан алдым ақ бата, қарилардан алдым, хафиздардан бата сұраймын жүрген жерімде, ел араласам, сол елдің баталысын қалт жібермеуге тырысамын, шүкір!
– Кішкене шегініс жасасақ. Бүгінде көпшілік жігіттердің әнұранына айналған «Біздің елдің жігіттері» әнінің шығу тарихы тағдырлы деп естиміз. Соны өз аузыңыздан естісек…
– «Біздің елдің жігіттерінің» әңгімесі бітпейді, өйткені ол – шын жігіттерге арналған туынды. Әннің сөзін жазған Есенқұл Жақыпбеков ағамыз Алматы облысы Жамбыл ауданында дүниеге келген. Ағамыздың шәкірт-бауырлары Ермек Жұматаев, Ақан Әбдуәлиев деген жігіттер – қазір елге танымал үлкен өнер адамдары. Осы үш ақын қайсыбір айтыстарға барған кезде осы елдің аты мәшһүр Қаныбек батыр бастаған қырық жігіті сол үш ақынның бүкіл жағдайын жасап, бірге жүргенін көрдік. Сүйсінесің бе, сүйсінбейсің бе? Қырық жігіттің ешқайсысы тегін емес. Атбегі дейсіз бе, палуан дейсіз бе, жомарт, мәрт, батыр… Осы жігіттердің ынтымағын, бірлігін Қажымұқан атамыздың айтысына барған кезде көзіммен көрдім. Одан кейін 1993 жылы, қателеспесем, мамыр айында Өзбекстан, Қырғызстан, Қазақстан президенттері кездесіп, үш биге үлкен ас берді. Осы жиында үлкен бәйге болып, жаңағы қырық жігіт Көгершін деген тұлпарды қосты. Көгершін бәйгеден оқ бойы озып келіп, сол кезде жүлдеге сый қылып автокөлік енді-енді беріле бастаған кез, Елбасымыз тұлпардың иесіне кілтті өзі табыстады. Осының қуанышы, осының буымен Ұзынағашқа келдік. Қонақ болдық. Батыр жігіттермен, ақын жігіттермен етене араластығымыз осы кезде басталды. Қазіргі көрермен Есенқұлды сахнада айтысқан сары ақын деп қана көрді. Ал мен Ес-ағаның әлгі абыройы дардай, ақжүрек, апайтөс жігіттерді жинап алып, көсемдік қып айтқан төрелі әңгімелеріне талай куә болдым. Оның шежірелігі, абыздығы сол кезде көрінген маған. Осындай отырыстарда оның Қарасайдан бас­тап, Сұраншы, Саурық, Мұса батыр, Қайназар, Сарыбай, оның бер жағында Сүйінбай абыз, Жамбыл атамыз ­туралы айтқандарын тыңдайтынбыз, тыңдағаның сол, сол кісілердің заманына тап қылғандай айтушы еді әңгімені, жарықтық. Әлгі қырық мәрт, қырық жігіт сол ақындар мен батырлардың осы замандағы көшірмесі сияқты сезінуші еді өздерін. Мінекей, осының бәрі менің жүрегіме, көкірек көзіме сыйса керек, «Әй, Ес-аға, сіздің елдің жігіттері-ай, бір елдің жігіттері болса, сіздің елдің жігіттеріндей-ақ болсын» деп ағымнан жарылған болсам керек, «Әй, Жәкен, сенің «Сіздің елдің жігіттері» дегенің жақсы сөз екен, өлеңге, әнге айналатын сөз екен, сен әнін шығар, мен сөзін жазам» деп, сөзі де, әні де бас-аяғы жарты сағаттың көлемінде, Есенқұл ағамыздың есігінің алдында, күншуақта шыққан дүние еді. Міне, содан бері отыз жылға жуық уақыт өтті, ән ескірген жоқ, жаңғырған үстіне жаңғырып келеді. Бұл ән сол шыққан сәтінен бастап шырқалып кете берді. Неге? Себебі бұл әнде біздің жігіттігіміз, ерлігіміз, өрлігіміз, адамгершілік, ­намыс, ар, ұжданшылдық деген рух жатыр. Тек сол ғасырдағы жігіттерді емес, небір текті бабаларымыздың тағдырын да қамтыған туынды. Бұл – аз сөзге көп мағына сыйдырып жіберген Есенқұл ағамыздың шеберлігі, көрегендігі. Мен қасында отырып әнін шығардым. Сол үшін сол он тоғыз жасым маған қымбат.
Қырықтан жасым асқанда сол баяғы мәрт жігіттердің ортасындағы күй қайта оралды, Атырауда. Ән жалғасын тапты, «Аққұрдастарым Атыраудағы» деген ән келді дүниеге:
– Исақаң ірі, Махамбет іні,
«Елім!» деп жүрген ерлердің пірі.
Нән қарттарымның құйттай лебізін
Тұмар ғып таққан біріне-бірі, – деп. Бізге ұстаздарымыз бір шумақ өлеңге бір романның жүгін сыйдыруды үйреткен. Шүкір Аллаға, бұл қазақта жігіттер бар нарқасқа. Сол намысты жігіттердің рухын асқақтату үшін талай туынды келеді, әлі…
– Біздің елдің жігіттері қазір қандай? Абай атамыз «Алла өзгермес, адамзат күнде өзгерер» деп айтпақшы, заманмен бірге адамдар да өзгерген жоқ па?
– Айттым ғой, біздің жігіттеріміз әлі де өз биігінде. Кез келген нәрсенің позитивтік емес, негативтік жағын көбірек қамтып кеттік те, сәл қит етсе, «осындай болып барамызға» беріліп жүрміз. Жақсыны көбірек насихаттау керек.
– Онда жақсы қасиеттерді атап-атап айтайықшы. Кемшіліктерін тізіп айтамыз ғой…
– Мына заман – білімнің заманы. Батыр болу деген, қолыңа шоқпар алып, жауға шабу ғана емес. «Білекті – бірді, білімді мыңды жығады» деген бекер сөз емес. Өзі ақылды, білімді, шешен жігіт батыр болады ғой. Ондай тұлғалар бар. Оларды кейінгілерге кездестіріп, сұхбаттастырып, үлгі етіп отыру керек. Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар жігіттер сонда өздерін көрсете бастайды. Біздің елдің жігіттерін жерге ұра бермей, мақтап, қолпаштап, жеткен жетістігін дәріптеп отырсақ жарасар.
– Түсінікті. Бекжан Тұрыстың ұлы Мағжанмен ойнайтын «Ұлым, саған айтам» қойылымында Бекжан ағаның: «Мың қазақтың ішінен қазақ іздеп жүрмін» дейтіні бар. Бүгінгінің қазағы бұрынғы болмысынан ажырап бара жатқанын тілге тиек етеді. Сіздің айналаңызда нағыз қазақтар бар ма?
– Бекжан: «Қазақ іздеп жүрмін» десе, Сабыр Адай ағамыз: «Әр қазақ – менің жалғызым» деп жүр. Бұл сөздің де мән-мағынасы өте терең. Кез келген тұлға, кез келген замандасымыз өзінің ұл-қызына осы ұғымды мейлінше сіңірсе екен. Себебі сіз бен біздің ұрпағымыз – осы ұлттың болашағы. Барлық жауап­кер­шілікті саяси тұлғаларға немесе ел алдында жүрген азаматтарға артып қой­май, әр қазақ шамасы келгенінше өзінің ұл-қызын тәрбиелеуге күш салса екен деймін. Ар жағын бір Құдай өзі реттейді.
– Жаһандану деп отырмыз ғой, оның өнерге тиігізіп жатқан әсері зор. Телевизияны шоу басып кетті. Өнер жұлдыздарының көбі «шоу» жасаумен әлек. Соның нәтижесінде саф өнеріміз көлеңкеде қалып жатқан сыңайлы. Мұндай үдеріске қарсы тұрар қауқар бар ма?
– Өнер адамы да – пенде ғой. Оның тамақ ішуі керек, оның да нәпсісі бар. Оның да атақты болғысы, мол табыс тапқысы келеді, ол түсінікті, дегенмен, өнер адамы ел алдында жүрген соң, халықты тәрбиелейтін миссиясы болған соң, барлығына ыждағаттылықпен, жауапкершілікпен қарауы тиіс. Әр іс-қимылының обал-сауабын ескеруі тиіс. Алла саған елден ерек, артық өнер берді ме, оның есебін беретініңді де ұмытпа. Желідегі қанша адамның назарын өзіңе аударғанмен таласпай, сонша назар, сонша уақыт, сонша ниеттің есебін беретініңді уайымдасаң, өзі де түсінікті шығар…
– Егер сізге телевизияның тізгінін берсе, саясатын қалай жасайтын едіңіз?
– Маған тізгінді берсе де, бермесе де, алдыма қойған мақсатымды орындап жатырмын. Мақсатым – көсемсіп, көлгірсіп, жұртқа ақыл айту емес. Мақсатым – бар білгенімді, атадан алған тәрбиемді, Құдайдан келген қасиеттерімді кейінгі ұрпағыма сіңіріп кету. Ән жазсам да, өлең толғасам да, тер­леп терме айтсам да ойлағаным – осы.
– «Ана тілінің» дәстүрлі сауалы: қазақ тілінің бүгінгі мәртебесі туралы ойыңыз қандай?
– Қорқатын ештеңе жоқ, қазақ тілінің мәртебесі «Құдайға шүкір!» дейтін жағдайда. Осыны шұбарламай, таза күйінде сақтап қалсақ болды. Тілсіз халықтың болашағы жоқ, ол белгілі. Бірақ қазақ тілінің сақталуына, мәртебесінің жоғарылауына жоғарыда отырған адамдар да мүдделі болуға тиіс. Олар қазақша сөйлеп, өздері үлгі болса болды, онда бүкіл ел тілін білуге ұмтылады.
Баяғыда екі билеуші болыпты. Екеуі де бір медресені бірге бітірген екен. Кейін біреуі Бұхараның, екіншісі Хиуаның басшысы болыпты. Бұхара билеушісінің атағы ел-жұртқа жайылып кеткен. Өтіп жатқан керуен де, келіп-кетіп жатқан қонақ та соны, оның ақылдылығын, мәртебесін, елге сіңген еңбегін айтады. Ал Хиуада отырған билеуші мұның сырын түсінбейді. Сөйтіп, ол бір күні досына хат жазып: «Екеуіміз бір медреседе оқыдық. Алғанымыз бір білім, оқығанымыз бір кітап еді ғой. Бірақ сенің абыройың неге мұнша асқақтап бара жатыр?» деп сұрапты. Сонда Бұхараның басшысы: «Бір жігіт бар, халыққа еткен қызметін міндет қылады. Екінші жігіт бар, халыққа еткен қызметін міндетім деп біледі. Мен соның екіншісімін» депті. Халыққа еткен қызметіңді Алланың саған берген міндеті деп атқарсаң, ол баянды болады. Міндетіміздің бірі – Құдайдың мөлдіретіп берген тілін кейінгі ұрпаққа мөлдіретіп қалдырамыз десек, бәрі жақсы болады.
– Әңгімеңізге рақмет!

Әңгімелескен
Әсел САРҚЫТ
«Ана тілі»

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.