Шер-дастанның шырылы

Ұлттық кітапханада Оспан батырдың 120 жылдық мерейтойы аясында Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Халықаралық «Алаш», Абай, Махамбет сыйлықтарының лауреаты Ғалым Жайлыбайдың «Сұлубайдың әні» атты кітабының тұсаукесері өтті. Оны ақын, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, М.Мақатаев атындағы сыйлықтың иегері Жүрсін Ерман жүргізді. 

Сахна төріне Қазақстанның халық жазушысы Қабдеш Жұмаділов, жазушы Марал Ысқақбай, шығыстанушы, филология ғылымының докторы Әбсаттар қажы Дербісәлі, жазушы, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Сәбит Досанов, жазушы-драматург Ахметжан Ашири, Жазушылар одағы басқармасының төрағасы Ұлықбек Есдәулет, Бостандық аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Хамит Біржанов шығып, Ғалым Жайлыбайдың шығармашылығына тоқталып, кітаптың тұсаукесер рәсімін жасады.
Шыңжаң өлкесінің Тарбағатай аймағында дүниеге келген жазушы Қабдеш Жұмаділов бала кезде «Сұлу­байдың әні», «Бүркітбайдың әні» секілді әндерді жаттап өскендерін, ол жақтағы көрген-білгендері, тарихтың сыр-шежірелері талай кітапқа арқау болғанын тілге тиек етіп, автордың осы тақырыпқа барғанына сүйсініп, разылық білдірді. «Шыңжаң тақырыбы – бәрімізге ортақ тақырып, жазу керек, шығару керек» деп талантты ақын-жазушыларды осы бағытта қалам тербеуге шақырды.
Қаламгер, «Бибі ана» қайырымдылық қорының президенті Бибігүл Иманғазина автордың шығармашылығы хақында жылы лебізін білдірсе, жазушы Сәбит Досанов «Ғалым Жайлыбай поэзиясы – қазақ әдебиетіндегі құбылыс» деп бағалады. Сондай-ақ Алматы қаласы әкімінің кеңесшісі Мамай Ахет, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Уәлихан Қалижан, жазушы Қуанышбай Құрманғалиев, «Ер Жәнібек» қоғамдық қорының президенті Жеңіс Түркия және т.б. сөз сөйлеп, ізгі тілектерін білдірді. Негізгі баяндаманы Қарағандыдан арнайы келген ақын Серік Ақсұңқарұлы жасады. «Сұлубайдың әні» әнін ақын, композитор Серік Әбіл тамылжыта орындап, жүрек қылын шертсе, Секен Тұрысбеков «Ақ жауын» күйі­мен көпшіліктің ықыласына бөленді. Ақындар өлең оқып, арқалы айтыскер ақындар арнау айтып, театрдың жас өнер­паздары шеберліктерін ортаға салды.
Автор кітаптың алғысөзінде жаңа шығармасы туралы былайша сыр бөліседі: «Қытайдағы қазақ мәселесі… Жалғыз қазақ емес, кіші ұлттар жағдайы. Екі-үш жылдың көлемі болды бізге жетіп жатқан түрлі хабарлар жаныңды жылатады, жүрегіңді сыздатады.
Тәңіртаудан Өр Алтайға дейінгі аралықтағы қандастарды анабір жылдары аралағаным бар. Арғы беттегі ағайынмен емен-жарқын сырласып, бір ақсайран күндерді бастан кешіріп едім. Сол сапар Ақыт қажының басына құран оқып, Зуқалардың басын ілген Қаракөпірді де көргем… Талай дос тапқам, сырласқам, сыйласқам.
Енді бірде Әсет Найманбайұлының ұрпағы, сот қызметкері, іні-дос Бақытбек Сыздықовпен Қызыларайдағы ­Найманбай қыстағының топырағын алып Көкқамырдағы Әсет ақын кесенесіне жеткенбіз. Ақын қабіріне жалғыз уыс топырақты қосып тұрып жанарымыздан жас парлаған.
«Сұлубайдың әні» атты шер-дастан ақынның жанайқайы, сезім шырылы деп қабылдарсыздар. Оспан батыр көтерілісіне қатысып, ажал құшқан арыс ақын Сұлубай Сапыұлының әйгілі әні сезіміңді сергелдеңге салып, жаныңды тербейді».
«Сұлубайдың әні» – шерлі шығарма. Ұлт-азаттық күрестің алдыңғы шебінде болып жау қолынан опат болған ақын, батыр Сұлубай Сапыұлының тағдыры мен артында қалған әні туралы айта отырып, сол елдегі бүгінгі қазақ жайын толғайды. Кітапқа автордың «Сұлубайдың әні» поэ­масы мен «Өр Алтай мен Тәңіртаудың арасы» атты арғы беттегі ағайындар тұратын аймақты аралағанда жазылған жырлары енген.

Бағдагүл Балаубаева
«Ана тілі»

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.