Nur Otan партиясы үміткерін ұсынды

Елімізде 9 маусым күні өтетін Президент сайлауына байланысты үміткерлерді ұсыну шаралары бас­тау алғаны белгілі. Сейсенбі күні мемлекетіміздің Тұңғыш Президенті, Nur Otan партиясының Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен партияның кезектен тыс ХІХ съезі өтіп, съезд делегаттарының бірауыздан қолдауымен ­Президент сайлауына үміткер ретінде Қасым-Жомарт Тоқаевтың кандидатурасы ұсынылды.

Алқалы жиынды партия Төрағасының бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев ашып, жүргізіп отырды. Партияластарының алдында сөйлеген сөзінде Нұрсұлтан Назарбаев ауыр дағдарыс жағдайында басталған тәуелсіз Қазақстанды қалыптастыру жолы оңай болмағанын еске салып, осы жылдар ішінде атқарылған бірқатар маңызды шараларға тоқталып өтті. Дұрыс жүргізілген саясаттың арқасында еліміздің посткеңестік кеңістіктегі қарқынды дамып келе жатқан мемлекетке айналғанын айтты. Nur Otan партиясының Төрағасы жолдардың құ­ры­лысы мен қайта жөнделуінің зор нәтиже­лерін атап өтіп, Тәуелсіздік жыл­дарын­дағы қазақ­стан­дықтардың табысы­ның өсіміне тоқталды.
– Қасым-Жомарт Тоқаев менімен бірге тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бастап қызметтің түрлі саласында жұмыс істеді. Ол – ұзақ жылдар Сыртқы істер министрлігіне жетекшілік етіп, Қазақстанның сыртқы саясатын бірге қалыптастыруға атсалысқандардың бірі. Оның дипломатиялық дәрежесі шетелде жоғары бағаланады. Қасым-Жомарт Тоқаевтың БҰҰ Бас хатшысының орынбасары болғанын және тәжірибелі мемлекет саясаткері екенін жақсы білесіздер, – деді Қазақстанның Тұңғыш Президенті.
Сондай-ақ республикалық қоғамдық сайлау штабының жұмысын үйлестіруді тапсырып, азаматтардың барлық санатымен жұмыс жүргізудің қажеттілігіне назар аударды. Сонымен қатар қазіргі жағдайда тұрақты дамып, өсіп-өркендеу үшін халықтың бірлігі бекем болуы және барша қазақстандықтардың бірлесе күш-жұмылдыруы қажет екенін атап өтті.
Қасым-Жомарт Тоқаев өзіне зор сенім артып, Nur Otan партиясы атынан Қазақстан Президенттігіне үміткер етіп ұсынған Нұрсұлтан Назарбаевқа шын жүректен алғыс айтты.
– Мемлекетіміздің негізін қалаған ұлы тұлғаның маған артқан жауапкершілік жүгін бүкіл болмысыммен сезінемін! Сондықтан сенімге серт беріп, үлкен үміттің үдесінен шығу үшін бар қажыр-қайратымды жұмсаймын. Партия Төрағасы, Елбасы 19 наурыз күні өзінің тарихи Үндеуінде: «Тәуелсіз Қазақстанымызды, ортақ Отанымызды, мәңгілік елімізді сақтай біліңдер» деді! Әрбір қазақстандықтың жүрегіне жол тапқан бұл сөздер менің де бойтұмардай бұлжымас ұстанымым болады. Қазіргі аумалы-төкпелі заманда құбыламыздан жаңылмау үшін біздің бағытымыз айқын! Байтақ елімізді бекемдеп, болашағымыздың бағдарын бекітіп берген Елбасы аманаты бізді биік белестерге жетелейді. Кешегіні ұмытпай, келешекті ұлықтау – киелі Тә-уелсіздік алдындағы басты парызымыз! – деді.
Қ.Тоқаев сайлауда жеңіске жеткен жағ­дайда Тұңғыш Президенттің стратегиялық жолын, атап айтқанда, әлеуметтік саясатын, Бес институттық реформасын,«100 нақты қадам» Ұлт жоспарын және өзге де ауқымды бастамаларын жалғастыруды өзіне парыз санайтынын атап көрсетті.
Сөзінің соңында ол тарихтың жаңа тарауын бастаған Қазақстан тағы бір маңызды кезеңнің алдында тұрғанын айта келіп, «Осындай аса жауапты сәтте Елбасының сенімі, партияның қолдауы маған ерекше күш-қуат береді! Мен дәстүр сабақтастығын сақтай отырып, игілік және әділет жолын ту етіп, қарқынды дамуды жалғастыруға бар күшімді саламын!» деді.
Жиын барысында мемлекет және қоғам қайраткері Әділ Ахметов, Қазақстанның Еңбек ері Жақсылық Үшкемпіров, Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев, Мәжіліс депутаты Ирина Аронова, Ұлттық кәсіпкерлер палатасының басқарма төрағасы ­Абылай Мырзахметов, «Айқын» газетінің бас редакторы Нұртөре Жүсіп сөз сөйледі.

Дәуіржан ТӨЛЕБАЕВ
«Ана тілі»

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.