Арық емес, қатумын

Ертеде Қаракесек пен Қыпшақ ру­ларының арасында бір дау болады. Дауға қаракесек Қаз дауысты Қазыбек келіпті.
Амандасып болған соң Қыпшақ биі: «Арғынның биі, сөйле!» – депті. Сонда Қазыбек:
Арық емес, қатумын,
Қара жерден татумын.
Көшершілік кезде түйе азады,
Жетімдік көрсе, қыз азады.
Елі жаугершілік болса,
Тағында хан азады,
Табындағы би азады, – депті.

Алған жарың жақсы болса

Қаз дауысты Қазыбек ел аралап жүріп, бір үйге түсіпті. Ерінің үйде жоғына қарамастан, әйелі қонақтарды жақсы күтіпті. Сонда Қазыбек: «Әйелі мұндай, мұның ері қандай екен?» – деп тамашалап, жүре қоймай отырғанда, үйіне ері келеді. Қараса, ері ұя беріктеу ғана адам екен, Қазыбек әзілдеп, жолдастарына қарап, былай депті:
Жарандар, бұл сөзімнің мәнісі бар,
Мәнсіздің мәндіменен не ісі бар?
Құданың құдіретіне қарап тұрсам,
Жапалақ үйрек алған бір ісі бар.
Сонда әйел Қазыбектің сөзіне түсініп қалып:
Биеке, ол сөзіңнің мәнісі бар,
Мәнсіздің мәндіменен көп ісі бар.
Жапалақ ілген құсын місе тұтпай,
Әлде де қоңыр қаздан дәмесі бар, –
депті.
Сонда Қазыбек әйелге риза болып:
Балаң жаман болса –
Көрінгеннің мазағы емес пе?!
Атың жаман болса –
Шыбын жанның азабы емес пе?!
Қатын жаман болса –
Бұл жалғанның тозағы емес пе?!
Туған балаң жақсы болса –
Тән мен жанның шырағы емес пе?!
Мінген атың жақсы болса –
Бұл дүниенің пырағы емес пе?!
Алған жарың жақсы болса –
Жиғаның мен мейманыңның тұрағы
емес пе?! – депті.

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.