Алтын көпір – әдеби байланыс

Ақбота ҚУАТОВА
«Ана тілі»

Алматыдағы ҚР Ұлттық кітапханасында Қытайдың қазіргі қаламгерлерінің классикалық шығармаларының қазақ тіліндегі нұсқасының тұсаукесер рәсімі өтті. Туындылар «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ҚХР «Ұлттар Баспасы» мен ҚР «Ан Арыс» баспасының біріккен жобасы негізінде аударылып, ұсынылған. 

Атап айтқанда, Дүкен Мәсімханұлының тәржімалауымен Қытайдың аса көрнекті классик жазушысы Мао Дунның «Түн» романы мен Ба Цзиннің «Әулет» романы, Қалбан Ынтыханұлының аударуымен Лао Шенің «Түйе Шияңзы» романы, Шень Цуңвэннің «Шалғайдағы Шаһар» повесі қазақ оқырманына жол тартты. Тұсаукесер рәсімін ҚХР-дің Қазақстандағы елшілігінің Алматы қаласы бойынша бас консулы Чжан Вэй, Қытайдағы «Ұлттар баспасының» басшысы Пиао Ионгри, Қытай елшілігінің мәдениет бойынша атташесі Ван Цинпин, Алматы қаласы Мәдениет басқармасының басшысы Нұрлан Сыдықов, белгілі жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Бексұлтан Нұржекеев орындады.
Шараны жүргізген ақын, «Ан Арыс» баспасының басшысы Нұрлан Оразалин қазақ-қытай халықтарының байланысы тереңде жатқанын тілге тиек ете келе, саяси кеңістікте, экономикалық-рухани байланыста екі ел арасындағы ынтымақтастықты атап өтті. Оның айтуынша, ҚРХ «Ұлттар баспасы» мен ҚР «Ан Арыс» баспасының бірлескен жобалары әлі де жалғасын таба бермек. Нұрлан Мырқасымұлы өз сөзінде: «Мұндай аудармалар 50-60 жылдары да болды. Бірақ ол проза мен қазіргі прозаның арасы бөлектеу. Қазіргі талап та бөлек. Қытай әдебиеті қазіргі таңда өрістеу, даму кезеңін бастан кешіп жатқан әдебиет» деді.
Аталған жоба негізінде біршама жобалар жарық көрген. Оның ішінде қазақ, қытай тілдері ғана емес, француз, ағылшын авторларының шығармалары аударылып жатыр. Шараға арнайы қатысқан ҚХР Қазақстандағы елшілігінің Алматы қаласындағы Бас консулы Чжан Вэй қытай елі әлемнің классикалық әдеби шығармаларын ­аудару жұмыстарына үлкен көңіл бөліп жатқанын атап өтті. Қазіргі таңда әлемнің 50-ден астам мемлекетімен классикалық туындыларды ­аудару туралы келісімге қол қойылып, қытай авторларының шығармалары дүниежүзінің 190-нан астам мемлекеті мен аймақтарына таралған. «Қытай елінде «Мемлекет арасында қарым-қатынастағы ең бастысы халық арасындағы бауырластық пен өзара түсіністік» деген сөз бар. Қытай-қазақ қарым-қатынасының қарқынды әрі тұрақты түрде дамуы халықтарымыздың арасын­дағы өзара достық пен татулықтың болуымен тығыз байланысты. Өзара әдеби шығармалардың тәржімалануы екі ел халқы үшін бір-бірінің ұлттық тарихын, мәдениеті мен тәжірибе алмасуының бірден-бір тәсілі» деді Бас консул.
Айта кетейік, биылғы жылдың ­наурыз ­айында Қазақстан Жазушылар одағы басқармасы өкілдерінің ҚХР іссапары сәтті аяқталды. Ол сапарда да әдеби шығармаларды аудару туралы өзара пәтуаға келген болатын. Бұған дейін ҚР Тұңғыш Президенті Н.Назарбаев пен қазақтың ұлы ақыны А.Құнанбайұлының туындылары қытай тіліне аударылып, оқырманның ыстық ықыласына бөленген. Ал жоғарыда атап өткен сапар аясында жылына 10 туынды аудару туралы келісімге келген еді. Бұл туралы Бас консул Чжан Вэй былай деді: «Жылына 10 туынды аудару екі ел арасында халық әдебиеті саласындағы ынтымақтастықтың кемшіліктерінің орнын толтыру және екі мемлекеттің басшыларының гуманитарлық-ынтымақтастық жөніндегі келісімдерді жүзеге асырудағы нақты қадамдар жасау сияқты үлкен жоспарларды алға қойды».
Осындай игі бастамалардың басы-қасында жүрген азамат, ҚХР «Ұлттар Баспасының» қазақ редакциясының жетекшісі Бақытбек Тоқтасынұлы екенін де атап өткеніміз жөн. Бақытбек Тоқтасынұлы екі баспа арасындағы келісімдердің жүзеге асуына тікелей жауапты өз мойнына алған. Ал аталған баспаның төрағасы Пиао Ионгри қытайдың қазіргі заман әдебиетінің классик туындаларын қазақ оқырманы жылы қабылдайды деген үмітін жеткізді.
«Аударма – әдебиетке де, өнерге де, мемлекеттің өзіне де үлкен пайда әкелетін әрі көркем, әрі саяси байланыс» деген жазушы Бексұлтан Нұржекеев мұндай байланыстың шынында да «алтын көпір» екенін атап өтті. «Қытайдың алдыңғы қатарлы жазушыларының төрт бірдей кітабын қазақ оқырманына әкелу – қазақ-қытай халқы үшін үлкен мәдени және саяси табыс. ҚХР «Ұлттар Баспасы» менің де «Темір қақпан» деген әңгімелер-повестер жинағымды төте жазумен басып шығарды. Бұл қатынас екі елдің бірлігін арттырады. Біз көрші тұрып бір-бірімізді білмесек, тіршілігімізге араласпасақ, алыс-беріс болмаса, бұл жалған бауырлық болар еді. Сол үшін екі ел мықтап байланыс орнатуда» деді ол.
Жиын барысында екі баспаның ғана емес, екі елдің байланысы сөз болып, әдебиет пен мәдениет, өнер арқылы өзара тәжірибе алмасу мәселелері кеңінен талқыланды.

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.