Татулық пен тұрақтылық кепілі

Дәуіржан ТӨЛЕБАЕВ
«Ана тілі»

Елордадағы Бейбітшілік және келісім сарайында Қазақстанның Тұңғыш Президенті, Қазақстан халқы ассамблеясының төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев пен Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен Қазақстан халқы ассамблеясының ХХVІІ сессиясы өтті. Осы жолғы сессия жұмысына «Бейбітшілік пен келісім формуласы: жаңғыру мен бірлік» тақырыбы арқау болды. 

Алқалы жиынға еліміздің барлық өңірінен 1300 делегат келген. Сондай-ақ Ресей, Түркия, Қырғыз Республикасы, Германия елдерінен келген меймандар, сонымен қатар ассамблея ардагерлері, барлық республикалық, облыстық және аймақтық этномәдени бірлестіктердің төрағалары, Парламент депутаттары, орталық атқару органдардың басшылары, саяси партиялар мен діни бірлестіктердің, ҮЕҰ, ЖОО басшылары және шетелдердің дипломатиялық мис­сияларының өкілдері, ғылым және шығар­машылық интеллигенция, БАҚ өкілдері қатысты.
Басқосуды ашқан Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев ассамблеяның ел өміріндегі маңыздылығына жан-жақты тоқталды. Ассамблея – көпэтносты еліміздің басын біріктіретін, қоғамның пікірін тыңдайтын үлкен мінбер екенін, бүгінгі таңда құрылым еліміздегі татулық пен тұрақтылықтың ең басты кепілі болып отырғанын тілге тиек етті.
– Біз бүгін мүлде жаңа тарихи кезеңде өмір сүріп отырмыз. Елдің экономикасы, қоғам өмірі, технологиялар күрделі өзгерістерге ұшырады. Біз олардың көбін қабылдап, біразын үйренудеміз. Осы өзгерістердің арасында өзгермейтін қуатты құндылық бар. Ол – қоғамның бірлігі мен ұлтаралық келісім. Қазір ол біздің басты құндылығымызға айналған. Күнделікті өмірде біз оны байқамайтын да шығармыз, бірақ болашақта нақ осы фактор біздің бәсекелестікке төтеп бере алуымызға мүмкіндік береді, – деді Н.Назарбаев.
Бүгінгідей алмағайып заманда ел ішіндегі тұрақтылық пен береке-бірлікті сақтаудың маңызы қашанда жоғары. Ассамблея төрағасы жаһандану заманында төрткүл дүниеде, әлемдік саясатта орын алып отырған көптеген өзекті мәселелерге де кеңінен тоқталды. Бейбітшілік пен келісім құндылықтарын халықаралық қоғамдастық аренасына шығаруда қандай шаралар іске асырылғаны туралы айтқанда Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанның 2003 жылдан бері Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары съездері өткізіліп келе жатқанына, сонымен қатар БҰҰ, ЕҚЫҰ, ШЫҰ және АӨСШК аясындағы белсенді әрекеттерге екпін берді.
– Ассамблеяны мемлекеттің саяси жүйесімен астастыра отырып, біз ұлттық бірлікте өзіміздің айрықша бағытымызды таңдадық. Міне, 12 жылдан бері ол Парламент Мәжілісінде ресми өкілдікке ие. Екіншіден, этносаралық және конфессияаралық теңдіктің қуатты құқықтық базасы жасалды. Үшіншіден, этносаралық саладағы біздің мемлекетіміздің саясаты «Әралуандықтан бірлікке» қағидаты негізінде құрылды. Бұл, әсіресе тіл саясатында көрініс тапты. Қазір елімізде мемлекеттік тілде оқытатын мектептер жүйесі артып келеді. Олар қазір 4 мыңға жетіп қалды. Бұл 90-жылдармен салыстырғанда 2 есе көп. Ал қазақ тілін үйрететін орталықтар бәріне қолжетімді, – деген Елбасы «Мәміле» атты ситуациялық қазақ тілі жобасын ұсынатынын жеткізді. Сонымен бірге Нұрсұлтан Назарбаев этностар тілінде оқытатын мектептер санына тоқталды, соның ішінде өзбек, тәжік, ұйғыр және украин тілдерінде 88 мектептің бар екенін айтты.
Сөзінің соңында Тұңғыш Президент ендігі жылы ассамблеяның 25 жылдық мерейтойы болатынын атап өтті. Ал төраға сөзінің соңын «Халықтың береке-бірлігі патриотизмді және ортақ құндылықтарды дәріптеу арқылы нығая түседі. Біз әл-ауқатымызды арттырып, жұртымызды биік мақсаттарға жұмылдыру үшін берік негіз қалыптастырдық. Ассамблея әрдайым татулық пен тұрақтылықтың кепілі болып қала береді деп сенемін» деп аяқтады және қатысушыларды Қазақстан халқының бірлігі күнімен құттықтады.

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.