Жаһан жанарындағы қазақ елі

d181d0b0d0bcd0bcd0b8d182-d0bad0bed0bbd0bbd0b0d0b6

Әлемге аға болатын мінез танытып, қанаты кеңге жайылып келе жатқан еліміздің бас ордасы Астанада санаулы күндерден соң ЕҚЫҰ-ның саммиті өткелі жатыр. Мұның, жаһандық деңгейдегі небір көсемдер мен шешендердің айтып жатқанындай-ақ, Қазақстанның төрағалық барысындағы жетістігі ғана емес, саяси һәм тарихи жетістігі екендігі даусыз. Ал Ыстамбұлдан кейін араға 11 жыл салып, кезекті рет әлемдік геосаяси мүдделердің сұхбаттасу алаңына айналғалы отырған Елордамыздың, қазақ түсінігімен айтқанда, «болғанынан боладысы қызық» болып тұрған тойға, дәлірегі, талай күлбілтелі мәселелер шешімін таппақ жиынға дайындығы қалай?

Рас, нендей тақырыпты бастасақ та, ең маңыздысынан бастаған дұрыс. Жалпы, бір бізде ғана емес, дүниежүзінде бұрын өткізілген, өткізіліп жатқан және болашақта өткізілмек барша саяси басқосулар­дың басты мәселесі – қауіпсіздік екені белгілі. Ал бұл жолғы жиын бұ­ған дейін Астана төрінде жоғары лауазымды қонақтардың неше атасын күтіп, әбден дағдыланған ка­уіпсіздік жүйемізге үлкен сын болға­лы тұр. Өйткені бұрын-соңды еліміз мұндай мөлшерде, мұндай ауқымда, мұншалықты жауапкершілігі зор шараны өз мойнына алған емес. Соңғы дерек­тер бойынша, 61 мемлекет Астанада өтетін ЕҚЫҰ саммитіне қатысатындықта­рын растаған болса, олардың 55-і – ЕҚЫҰ-ға мүше елдер.

Саммитке келетіндігін растаушылар арасында 29 мемлекет басшылары және де ұйымның әріптес мемлекеттерінің ішінде 3 вице-министр бар. Сонымен қатар 11 елдің үкімет басшысы, 5 вице-премьер мен 11 министр мейман болады деп күтілуде. «Сақтансаң – сақтаймын» деген де, «Жаман айтпай, жақсы жоқ» деп даналық ой түйген данышпан қазақ ұрпағы, ендеше, қарап қалмақ па? Жоқ. Құдай бетін әрмен қылсын, қандай да бір келеңсіз жағдайлардың алдын алу және сақтандыру шаралары қарастырылуда. Астана қаласының әкімі Иманғали Тасмағамбетовтің аузымен айтсақ, қазірдің өзінде қала полициясы қызметтің күшейтілген режиміне көшірілді. Олар бүгінде саммит нысандарының бәрінің схемасын жаттап, күн са­йын қауіпсіздікке қатысты қажет болуы мүмкін шараларға жаттығуда. Бүкіл қала полицейлік шолғындауға ыңғайлы болуы үшін 350 шаршыға бөлінген. Әр топ өз шаршысындағы әр бейсауат жүріске дейін қадағалап отыруға тиіс. Сондай-ақ бұл жиынға еліміздің барлық қалаларынан дайындығы ең мықты деген полицейлер шақырылған. Бір сөзбен айтқанда, қала қырағылық рухында нық тұр. Бәрі тексеріліп, миграциялық байқау күшейтілген, кіріп-шығатын стратегиялық жолдар қатаң бақылауда. Астаналықтар да күдікті жағдай байқалса, тиісті орындарға хабарлауға әзір. Өйткені алдын ала ақпараттану жұмыстары жүргізілген-ді. Сондықтан келетін қонақтар мен өткізілмек шараның қауіпсіздігіне алаңдау артық.
Ал екінші кезекте, сөз жоқ, қонақтардың ризашылығын алу екені хақ. «Келгенше қонақ ұялады, келген соң үй иесі ұялады». «Қонақ қойдан жуас, май берсең де жей береді». Бұл – айдан анық. Бірақ кеткеннен соңғы әңгімесі, еліміз туралы пікірі имидждік тұрғыдан аса маңызды. Иә, қонақтардың бәріне бірдей бес жұлдызды қонақүй әзірленді дей алмаймыз. Ұйымдастырушылардың айтуынша, саммитке іріктеліп алынған қонақүйлердің 4-і – бесжұлдызды, 7-уі – төртжұлдызды, 17-сі – үшжұлдызды, қалғандары 1 және 2-ка­те­гориялы екен. Бұлардан бөлек, қазір ірілі-ұсақты 150 қонақүй да­йындық үстінде көрінеді. «Олардың бәрінің айналасындағы кіреберіс жолдар жөнделді, автотұрақтар кеңейтілді, барлық нөмірлер ғаламтордың кабельдік жүйесіне қосылды» дейді бұл турасындағы ақпарат көздерінің бірі. Сондай-ақ тамақтану тұрғысынан да шетін іс жоқ. Оны да құзырлы орындар растап отыр. Саммит қонақтарына қызмет көрсетуге лайықты деп 37 мейманхана таңдалған және де олардағы алты жарым мың орын барлық өлшемдер бойынша астаналық мәртебеге сәйкес келеді деп бағаланды. Саммиттің негізгі іс-шаралары өтетін жеті нысанда тәулік бойына тамақтандыру ұйымдастырылатыны тағы бар. Бұл мәселелердің бәрін, беделді ақпарат көздеріне жүгінсек, Президенттің Іс басқармасы тікелей бақылауына алыпты. Қала берді, санэпидсарап орталығы қосым­ша микробиологиялық анализатор, тағам өнімдеріндегі нитраттың құрамын айқындайтын сынақ жүргізуде. Әрине, өз кезегінде ке­лушілерге ұлттық тағамдарды таныту мен қазақы қонақжайлылықты келісті көрсету де ескерілген. Бұл параметрлерді тіптен айрықша атап өтуге болады. Осы орайда, бір айта кетерлігі, ел болғасын, адам болғасын, басы ауырып, балтыры сыздайтындардың болатыны заңды. Бұл ретте жиынның өзіне 659 медицина қызметкері жұмылдырылып отыр. Қонақтар тұратын жерлерде тәулік бойы жұмыс істейтін 24 медицина пункті ұйымдастырылса, айтылмыш іске 29 қалалық, 8 республикалық, 6 жеке медицина мекемесі тартылған. Сонымен қатар тілсіз жаумен, тағы да басқа белгісіз апаттармен күрес үшін заманауи технологиялармен жабдықталған өрт сөндіру мекемелері, төтенше жағдай жөніндегі құтқарушылар сақадай сай.
Сайып келгенде, қонақ келеді, кетеді, бірақ Астанамыздың бір сілкініп, тотықұстай түрленіп қалатынын айтсайшы! Онсыз да жоғары деңгейдегі қызмет көрсету мен материалдық кешеннің жоғары стандарттардың шыңына көтеріле түсетіні – ол да өз игілігіміз. Астана әуежайын реконструкциялау, оның ұшырылым және қону әлеуетін арттыру, қаладағы жолдарды жөндеу және де құқық қорғау құрылымдарын күшейту де осы шараның аясында қызу оңғарылып жатыр. Астана әлемге ай мен күндей ортақ болуға талпынған қазақтың бас қаласы, ал бүтін дүниенің жанары сонда тігулі. Сондықтан да оған жасана берген, дами берген ләзім. Ендігі дәуірде әлемнің шешуші жаңалықтарының осы орталықтан өрбитінін ескерсек, барша Қазақстан жұртшылығының жұмылып жұдырық болып, айтулы шараға ниет көмекпен болса да қолұшын бергені азаматтық борыш болса керек.

Ерболат МАМЫРАЙХАН

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.