Хоккейшілер жарап тұр

Елордадағы «Барыс Арена» мұз айдынында шайбалы хоккейден «А» тобының бірінші дивизионы арасында әлем чемпионаты мәресіне жетті. Бірінші топта ел құрамасы Словения, Литва, Оңтүстік Корея, Беларусь және Венгрия құрамаларымен бір топта сынға түсті.
Әлем чемпионатында Қазақстан намысын 23 хоккейшілер қорғады. Андрей Скабелка жаттықтыратын құраманың басым көпшілігі, яғни 16 ойыншы «Барыстан» алынды.

Бірінші турда ел құрамасы Словенияға қарсы мұз айдынында жолықты. Матчтың бірінші кезеңінде Қазақстан хоккейшілері қарсылас құрама қақпасына үш шайба соғып үлгерді. Алдымен 3-минутта Никита ­Михайлис мергендік танытса, одан кейін ­9-минутта ­Антон Некряч есепті үстемелей түсті. Ал ­16-минутта Никита Михайлис тағы бір соғылған шайбаның иесі атанды. Екінші кезеңде Словения құрамасы шабуылға көбірек шықты. Нәтижесінде олар тарапынан екі шайба соғылды. Бұл кезеңде Қазақстан хоккейшілері қарсыластар қақпасынан саңылау таба алмады. Үшінші кезең екі құрама тарапынан шабуыл­мен ерекшеленді. Словения хоккейшілері қазақстандықтардың қақпасының маңында жиі бой көрсетіп жатты. Дегенмен, шайба соғылған жоқ. Қазақстан Словенияны 3:2 есебімен жеңді.
Төртінші турда ел құрамасы тарихи жеңіске қол жеткізді. Олай дейтініміз азулы Беларусь құрамасын біздің хоккейшілеріміз бұған дейін ешқашан жеңбеген еді. Екі құрама аталмыш топтағы мықтылар қатарында саналған болатын. Қазақстан хоккейшілері алдымен Словенияны 3:2 есебімен жеңіске жетсе, одан кейін Литваны 3:1 есебімен жеңді. Беларусь құрамасы да барлық қарсыласынан басым түсті. Екі құрама бұған дейін 11 мәрте кездескен болатын. Оның бірде-бірінде біздің хоккейшілер жеңіске жете алған жоқ. Сондықтан жеңіс Қазақстан құрамасына бұйырса, ол тарихи ойын саналатыны сөзсіз еді. Матч барысында хокейші жігіттер алғашқы болып есеп ашты. Оны Никита Михайлис 6-минутта шебер орындады. Одан кейін 16-минутта Талғат Жайлауов мергендік танытты. Бірінші кезеңді қазақстандық хоккейшілер 2:0 есебімен жеңіспен аяқтады. Дегенмен, Беларусь құрамасы тарапынан 27-минутта Артем Демков және 45-минутта Никита ­Феоктистов шайба соғып, таразы басын теңестіріп кетті. Матч соңына дейін 2:2 есебі сақталып тұрды. Сондықтан кездесу овертаймға ұласты. Овертаймда хоккейшілеріміз жеңіс шайбасын соқты. Осылайша, Қазақстан құрамасы тарихи жеңіске жетті. Сондай-ақ алдағы жылы үздіктер ойнайтын А дивизионында бақ сынауға мүмкіндік алды. Естеріңізге сала кетелік, ҚР құрамасы аталмыш дивизионда соңғы рет 2016 жылы ойнаған болатын. Тағы бір жолдама Беларусь құрамасына бұйырды.
Бесінші турда Қазақстан құрамасы В­енгриямен кездесті. Бұл матч ел құрамасы үшін аса жауапты емес, жолдастық ойын ретінде саналған еді. Себебі ұтылсақ да өз дивизионымыздан шығатынымыз айдан анық еді. Алайда жергілікті көрермендерді ұялтпауға тырысқан хокейшілеріміз мажарларды ұтуға ниеті бар екендігін танытты. Бұл кездесуде Вен­грия біздің құрамаға тегеурінді қарсылық көрсетті. Нәтижесінде бірінші кезеңде екі құ­рама да бір-бірінің қақпасынан саңылау таба алған жоқ. Ал екінші кезеңнің 23-минутында қа­зақ­стандық Никита Михайлис мергендік танытты.
Бұдан кейін Венгрия сапынан Иштфан Шофрон ойынның 45-минутында есеп айырмасын қысқартты. Ал 57-минутта қазақстандық Евгений Рымарев гол соқты. Осылайша біздің құрама Әлем чемпионатының бірінші дивизионының А тобындағы барлық ойында жеңіске жетті. Өз тобында бірінші орын алды. Екінші орын Беларусь құрамасына бұйырды. Дегенмен, беларусь жігіттері соңғы матчта Оңтүстік Корея құрамасынан 1:4 есебімен жеңіліп қалды. Ал Словения Латвияны 9:0 есебімен ойсырата жеңді. Алғашқы екі орын алған Қазақстан мен Беларусь құрамалары алдағы жылы үздіктер сынға түсетін ­А дивизио­нына жолдама алды.

Нұрлан ҚҰМАР

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.