Жосықсыз жаза (әңгіме)

Дәнеш Ахметұлы

Бұл бір Алатаудың ақ бас шыңдарын соқыр тұман тұмшалап, көгілдір көлдер көкірегін қақ айыра күрсінген, сайын сахараны аждаһаның лебіндей суық ызғар жайлаған, қанқұйлы, зұлмат жылдар еді.
Бұл екі көзің бір-біріне жау болған, адалың арам, ағың қара делінген, діліңді таптап, дініңді тұншықтырған, адалдық атаулыны аяққа таптаған, жазықсыз жандар қаралы қасіретін көрінген төбенің баурайы, жол жиегі, тіпті көрінген жерге шашылып қалған саудыраған ақ сөңке сүйегімен жазған сталиндік қарғыс атқыр қысылтаяң шақ еді.
Жаз болып, тамылжыған шілде күні, шықпаған шырылдаған шегіртке үні дерліктей, қырық күн шілденің аптапты, ыстық күндерінің бірі. Салманның жоны – Сұңқар тауының орта шеніндегі шүйгін жайлаулардың бірінен саналады. Қазір сол биік дөңес, жазаң алапта қоралы қой үйір-үйір, топ–топ болып, үйездеп жатыр. Әр-әр жерден қозы маңырайды, мазасыз көк текешік бақылдайды.
Қоралы қойдың үйездегені қойшы үшін табылмайтын жан рақаты. Жасы отыздарға енді таяп қалған қаршыға көз, қоңқақ, қыр мұрынды, сұлу жүзді, қағылез жас жігіт қолындағы көп ұсталғандықтан сырты ақжаңқаланып, өңі тая бастаған ырғай таяғына сүйеніп, жан-жағына жәутеңдеген жетім көзбен мұңая қарап аз тұрды да, артынша сол тұрған жеріне сылқ етіп отыра кетті. Енді тіптен ешқайда қарамауға тырысқан. Басын тұғжитып, төмен салды, екі қолын қос тізесінің үстіне көлденең қойды да, маңдайын тіреп, мүсәпір күйге түсті. Бұл оның былайша, тіптен анықтап айтқанда күнделікті әдеті еді. Мал баққанына қаншама мезгіл өтсе де, осы бір машығынан айықпай–ақ қойды. Сырт көзбен қарағанда малшы секілді сезілгенімен, шынында сол малдың шетінде ербиіп жүрген, шарасыз бейшара сықылды.
Ойлап қарса, Әлібек үшін сайранды шақтардың бәрі өтіп кеткен секілді.

Ол кезде бәрі де басқаша еді ғой. Несін айтасың, жаз шыға күллі дүние тіптен құлпырып жайнап кететін. Төрт түлік мал сай-салаға тебіндеп, қаптап жатушы еді. Сай-сайдың етегі қаз қатар тігілген ақ шаңқан үйлерге толып, манабы мен малшысы араласып, тірлік атаулы қыз-қыз қайнайтын. Ұзынынан ұзақ желі тартылып, құлын байланатын. Ақ боз үйдің босағасында күрпілдеп саба пісілетін. Есіктің алдындағы мама ағашқа аттар байланып, күміс ердің маңдайы күнге шағылысып, жарқ-жұрқ ететін. Ары да бері атқа мініп сабылған адам, құлынды бие, тайға мініп, ел аралаған тойшылардың да қарасы үзілмейтін. Екі күннің бірінде той болып, көкпар тартылып, атшабыс ойын­дары болып жататын. Жайлау желікті, ел көңілді еді. Енді соның бірі де жоқ. Бұрындары адамдар бірін-бірі көре қалса қол бұлғап, шақырушы еді. Жағдай сұрасып, ағынан жарыла сыр ақтаратын. Екі-екіден әңгіме құрып, ішін сілкіп алатын. Қонаққа шақыру да өз-өзінен жол тауып, жалғаса беретін. Енді соның бәрінің қарасы өшкен. Бәрі де баяғыға керісінше болып жатқан адам түсінбестей күңгірт, мылқау тірлік. Ендігінің адамдары бірін-бірі көрмеуге, қарамауға тырысады. Алыстан біреу келе жатса, бұл кім болды екен дегендей бойын үрей билейді. Ал екі-үш адамның қарасы көрінсе, жау келе жатқандай шошиды.
Сол күні түс ауа ауылға қызыл жаға­лылар қаптады да кетті. Бірінің артынан бірі келіп, үйме-жүйме болып ошарылды. Екпіндері қатты, түстері суық. Ештеңені аяп, елер сыңайы байқалмайды. Алдынан шығып, әй дейтін біреу болсайшы. Әумесір топ тіптен еліріп кеткен. Сол әумесір топтың ішінде күні бүгінге дейін нәпақасын осы босағадан тауып, мал бағып, қойын құрттап, айранын ұрттап жүрген кейбір малшылар да бар. Олар да қанқұйлы топқа қосылып, байлаудан босанған иттей арсалаң қағады. Келген қызыл жағалылар әуелі әкесін ұстады. Осыдан жарты жылға жетпес бұрын түн ішінде атасын ұстап әкетіп еді. Ендігі кезек баласына келіпті. Екі қолын байлап, шеткерек жалғыз тұрған жаман жаппаға қамады. Жарықтық ертесі қолын байлап, бас киімін теріс кигізіп, алдына салып айдап бара жатса да қыңбады.
– Бұл да бір дәурен, – деген өзін қау­малағандарға айбар шеге қарап,– шыдамасқа амал жоқ. Ит үреді, керуен көшеді, одан кейін бәрі де тып-тыныш болады.
Әлібек дәл қазір ойлап қараса, бұл оның әкесін соңғы рет көруі екен…
Не керек, қызыл жағалылар қара­пайым ауылды қызыл иттей талады. Мал талапайға түсті. Қора қаңырап бос қалды. Бала-шаға, қатын-қалаш ұлардай шулады. Сол түні ит біткен іші солықтап, ұзақ-ұзақ ұлыды.
Осы көрініс Әлібектің көз алдында өшпес суреттей болып, мәңгіге қалып қойып еді. Міне, қазір де қоралы қой арғы атасы Салманның атымен аталатын жайлауда үйездеп жатыр. Келеңсіз жайттарды ойлай-ойлай ақылы алжысқандай болған малшы бір жағына қарай бүйірлей жығылып, ұйықтап та кетіп еді.
Малшы ауылына ай сайын санақ жүреді. Белсенділер мал басын түгендейді. Қазір де ауылдық партия ұйымының хатшысы Елеу мен қой фермасының бастығы бөспе Өкен қатардағы қойшы ауылын аралап, енді Салманның жонына қарай ат басын бұрып еді. Сай бойындағы мөлдіреп аққан шағын суды кешіп өтіп, биік белестің қапталындағы кер жолмен қиялап, өрлеп келе жатқан.
– Қазір баратын жеріміз Салманның жотасы, жолығатын шопанымыз Әлібек деп аталады, – деді ел ішінде мылжың, көп сөзділігімен Өкен бөспе аталып кеткен ферма бастығы, – оның атын бұрын естіппе едіңіз?
Партия ұйымының хатшысы иығын көтерді. Білмеймін дегені.
– Әрине, сіз білмейсіз, – деді ферма меңгерушісі оның сөзін іліп әкетіп,– сіздің білетін де жөніңіз жоқ. Олай болатыны сіз бұл арға жаңадан келдіңіз. Жаңа келген адам бәрін біле бермейді. Ол былай, – деді де көсілте сөйлеп кетті, – бұлар өзі сонау арғы атасынан байлық арылмаған нағыз шынжыр балақ, шұбар төстің өзі. Біздің аталарымыз, ғұмыр бойын­да солардың жалшылығында болған. Біз, балалар, ұсақ малын баққанбыз… Енді міне, қарашы, мен атқа мініп, ферма болып жүрмін. Ал кешегі байдың баласы анау дөңнің үстінде қой бағып жүр. Міне, партияның, ұлы Лениннің, күн көсем Сталиннің жақсылығы деген осы. Осындай үкіметтен кей-кейде айналып өлгің келеді. Адамдардың бәрін бір шыбықпен айдады, бәрі теңесті деген осы.
– Рас, рас, – деп оның сөзін партия хатшысы қоштап қойды.
– Өзгертетін, түзететін нәрселер әлі көп, – деп Өкен бөспе тағы езеурей сөйледі, – мысалы мына жайлау Салманның атымен аталады. Мен бұған еш келіспеймін және үзілді-кесілді қарсымын.
– Ұлы Сталин оны да ойластырып жатқан болар, – деді хатшы, – әлі де талай нәрсе өзгереді.
– Өзгереді, – деді ферма бастығы, – ұлы көсем «Тап жауларының атын құртайық» деген кітабында, – деп оның ондай шығармасы болмаса да өтірікті бөсіп жіберген, – осыларға қарсы көп мәселе­лерді айтады. Мысалы Салман деген атауларды тарихтан сызып тастау керек дегенді алға тартады. Әне, өзгерді деген сол. Ал Маркс, – деп енді тіпті қисынсыз әңгімеге көшкен, – «Капитал» деген кітап жазды. Капитал деген мал деген сөз. Маркс осы еңбегінде төрт түлік мал жайында жазады. Кітаптың бірінші томы қой мен ешкі, екінші томы сиыр, үшіншісі жылқы, төртіншісі түйе туралы жазылған. Кей-кей жерінде қодас, доңыз, тіпті есектер турасында да айтып кетеді.
– Шіркін, солар не деген көреген адам, – деді хатшы өзінің шын сүйсінгенін жасыра алмай, – осыдан пәлен жыл бұрын недеген сөздер айтқан десеңші. Тіпті түп аталарымыздың маймыл екенін де дәлелдеп берді…
Әңгіме осы араға келгенде қос салт атты Салманның жонына да көтеріліп еді. Дөңге шыға бере аттан дік-дік етіп, жылдам түсіп, қос жиренді қалмақша байлап, қоралы қойға қарай жүрген. Әйткенмен бұлар іздеген малшы көзге түсе қоймаған.
– Әне, – деді ферма бастығы алақанын жайып, – қалың қой шыжыған ыстықта үйездеп жатыр. Өзі болса жоқ. Бәлкім көлеңкеге кіріп алып, ұйқыны соғып жатқан болар.
Екеуі ақтылы қойдың бас жағына келіп, селтиіп тұрып қалып еді. Ақтылы қой болса, сол баяғы солықтаған қалпынан жаңылар емес. Аракідік қозы маңырайды. Әудем жерден бақылдаған теке, маңыраған лақтың дауысы естіледі.
– Байқайсыз ба? – деді ферма бастығы тышқан көздері сығырайып, мал ішін тінте қарап, – маңыраған қозы мен лақтың дауысын құлағыңыз шалған болар.
Партия хатшысы бас изеген.
– Иә, естіп тұрмын.
– Естісеңіз бұдан не түсінуге болады жолдас партия ұйымының хатшысы, – деді ферма бастығы.
– Е, не айтары бар, мал болғаннан кейін қозы-лақ жүретін шығар.
– Олай емес, – деді ферма бастығы, – мұның арт жағында бір зұлымдық жатыр.
– Ол не нәрсе тағы.
– Оны арамза туған төл деп атайды. Мұндай әдісті кім көрінген істей бермейді және кім көрінгеннің қолынан да келмейді.
– Сонда мұны кімдер істейді?
– Мұны тек Салманның ұрпағы секілді байдың сілімтіктері ғана істейді.
– Сонымен не демексіз ферма бастығы?
– Арамза төл деп осыны атайды… Үйездеген мал санауға оңай болады. Осы малдарды санасақ деймін.
– Қойшысы болмаса да санай береміз бе?
– Иә, санай береміз. Бұл оның әкесінің не Салманнан мұраға қалған мал емес. Бұл Кеңес үкіметінің малы. Оны сені мен мен секілді азматтардың санауға, бақылауға алуға қақысы бар.
– Жарайды, дегенің болсын, санасақ саналық.
Бұлар әуелі жалғыз түп шетеннің түбінде тұрған аздаған ешкі малының есебін шығарды. Содан кейін шетте тұрған екі-үш қойдың басын қолмен, күштеп ешкіге қарай бұрды. Солықтап, ішін соғып тұрған қойлар болса, сол басын жерден алмаған қалпы топты ешкіге қарай бүлкектей жөнелген. Осылайша, әр-әр жерде топ-топ болып, үйірілген қалың қой шетінен жырылып, бірден шұбап, саналып та болып еді. Ферма бастығы да, хатшы да қағаз-қаламдарын ыңғайлап, мал санын қағаз бетіне қондырып жатты.
Осы кезде ұйқысынан оянған Әлібек те таяп қалып еді. Бірінші тіл қатқан ферма бастығы болды.
– Иә, Салманның ұрпағы, ұйқың қанды ма? – деді.
Дауысы кекесінге толып, құбылып шықты.
– Жолдас бастықтар, – деді Әлібек күле тіл қатып, – мал өстіп үйездегенде біздің де азғана мызғып алатын әдетіміз бар. Оны айыпқа санамассыздар деп ойлаймын.
– Жарайды, – деді ферма бастығы қолын бір сілтеп, – ол жағын сөз етпелік. Осы сенің отарыңда неше бас арамза туған қозы-лақ бар?
– Оны менсіз де санап жазып алыпсыздар. Енді несіне сұрап тұрсың, – деп Әлібек те дүрсе қоя берген.
– Неге сондай істерге барасыздар, – деді хатшы қабағын түйіп, – бұл дегеніңіз қылмыс қой. Қоғам малын жасырын ұрлау деген осы болады.
– Олай емес, – деді малшы, – әсте олай емес. Кей малдың күйі бұрын келеді, ол ерте қозылайды. Ал кей малдың күйі кеш келеді, ондай мал кешігіп барып төлдейді. Ал кей малдар мүлдем күйсіз келеді. Ондай мал төл бермейді. Бұл сол кешігіп барып, туған малдың төлі. Жолдас бастық, – деді енді хатшыға шүйліге қарап, – мал иесіз, жер киесіз болмайды. Ит те болса иесімен деген. Бұл малдың иесі жақсы болайын, жаман болайын, тіпті жау болайын мен. Ал сіздер менің ұлықсатымсыз неге малды санап, есепке аласыздар. Мені оятып, қатарға қоссаңыздар болмас па еді. Мен сіздерді түсінбей тұрмын.
– Жолдас хатшы, – деді ферма бастығы, – бізде тап жаулары әлі жойылмаған. Голешекиннің саясаты дұрыс деп ойлаймын. Ал біз қазір сол тап жауларының құйыршығымен сөйлесіп тұрмыз.
– Тіліңді тарт, – деді Әлібек қаны қарайып, – тіліңді тарта сөйле. Тап жаулары деген әлдеқашан жойылған. Ол біздің атамызбен, әкемізбен бірге кеткен. Кеңес орнағалы да он бес жылдан асты. Сен көп сандырақтай берме.
– Мен сандырақтап тұрғам жоқ. Мен шындықты айтып тұрмын.
–Жоқ, сен аузыңа келгенді оттап, тіліңді шайнап тұрсың.
– Мына ескіліктің сілімтігі қалай-қалай сайрайды, ә.
– Мен емес, – деді Әлібек, – сайрап тұрған сен. Осы тұрған малдың санын түгел жазып алдыңыздар-ау деп ойлаймын. Солай ма, хатшы жолдас?
– Солай, – деді хатшы, – тегіс жазып алдық.
– Ендеше, – деді Әлібек, – осы тұрған малдың иесі қазіргі сәттен бастап мен емес, сен екеуің. Малдарыңа ие болыңдар. Мен өлкелік партия ұйымына, қала берді Сталин жолдастың өзіне барамын.
– Қой, қой, қойшы жолдас, – деді хатшы, – қоғам малын тастап кетпес болар.
– Мен иесіз қалдырып бара жатқаным жоқ. Малдың иесі біреу емес, бақандай екі коммунист. Ал мен кеттім.
Әлібек осыны айтып, таяғын беліне көлденең ұстап, малдан алыстап бара жатыр еді. Екі бастық аз аңырып тұрып, істің насырға шапқанын сезе қойып артынан тұра жүгірген. Екеуі екі жағына шығып, қалбақ қақты…
– Сталинге барам дейсің бе, бармасаң да болады.
– Әрине, ол кісі қабылдайды, ал одан кейін не болатынын көз алдыңа елестетіп көр..
– Дұрыс айтасың, сен жүр деп өтініш айтсаң, Стекеңнің осында, дәлірек айтқанда Салманның жонына келе салуы да ғажап емес.
– Тым мейірбан адам ғой өзі…
– Жақсы, айтқаныңның бәрі дұрыс, ендеше сол арамза туған қозы-лақтың бәрін сен өзің ал.
– Міне, қағаздан өшіріп те тастадым. Тек Сталинге бармай-ақ қой және бұл мәселені ешкімге де айта көрме.
– Сөйтсең ғана сен ұтасың.
Екі коммунистің сөзін бірталай тың­даған Әлібек амалсыздан кері шегінген. «Қайда барсаң Қорқыттың көрі» деген іштей бір тоқтамға келген ол, – қайда барсаң істейтінің Кеңестің шаруасы. Одан тіпті де қашып құтыла алмайсың. Және малды иесіз тастаған да не жақсы­лық дейсің. Бір пәлеге ұрынып қалып жүрмейін»
Екі бастық оны екі жағынан демегендей болып, қоралы қойға қайта алып келген…
Осыдан арада ай жарымдай уақыт өткенде Әлібектің отарына қасқыр шапты. Күндіз үйездеп, дөң басында бөлініп қалған жалпы саны жүзге жуық қойдың бей-берекеті шықты. Көбін қасқыр тамақтады, кейбірінің санын ойып, иығын жұлып, ит жемі етті. Үрей буған он шақты қой қалың ағашқа кіріп, жан сауғалады. Бұның бәрі сол шақта түнде болған оқиға еді. Ертесі Салманның жотасының үсті ұсақ малдың өлексесі мен қаптаған тазқара, құмайға толды. Ертеңгі шайын ішіп, отардағы малды санап, жүздеген малдың жоқ екеніне көзі жеткен малшы дөң басындағы айналып ұшып жүрген тазқара мен құмайды көріп, бір сұмдықтың болғанын біліп, жағасын ұстаған. Қатты шошып, тіксініп қалып еді…
Әлібек шопандық жұмыспен қош айтысты. Ендігі тағдырының не боларын білмей, басы мәңгіріп, ойы ойран, ақылы айран болды. Әйтеуір бір сұмдықтың болары анық еді. Малшы байғұс оны анық сезетін. Ақыры сол күткені де болған. Бол­ғанда оңдырмай, жай оғындай жайпап түсті. Түн ортасында қара түсті машина келді де Әлібекті айдап әкетті. Ол енді халық жауы еді. Ісқағаздарының алғашқы нұс­қасы партия ұйымының хатшысы, қой фер­ма­сының бастығы бөспе Өкен және бір жандайшаптың пікір айтуымен толтырылыпты…
***
Айналасы ет пісірімдей уақыт өткенде Әлібекті аудан орталығына да жеткізіп еді. Төбесі жабық қара машина, немесе сол заманның тілімен айтқанда «қара құзғын» терезесінің бәріне темір тор ұсталған, еңселі ақ үйдің алдына келіп тоқтаған. Сарт етіп есік ашылды.
…Келген жендет Әлібекті шақырып әкетті. Ол енді бастықтың бөлмесінде тұр еді. Маңдайы жарқыраған, мұртын таңқита қырып тастаған, орақ мұрынды, беті жып-жылтыр бастық бұған бір қарады да, алдындағы қағазға үңілді.
– Салманов Әлібек Мұқаұлы деген сен бе? – деді.
Жігіт сөзге келді.
– Иә, мен боламын.
– Мұның беті неге қан, – деді бастық енді ертіп келген қызметкерге қарап, – әлде сабағансыңдар ма?
– Жоқ жолдас бастық, – деді ертіп келген жігіт, – бұл өзі бірдемеге соқтықса керек. Ерсарин деген жігіттің қасына түнеп шыққан.
– Е, – деді бастық қасын керіп, – солай де. Ол Ерсары байдың ұрпағы, бұл Сал­манның ұрпағы, бәлкім, көкжал қас­қырдың қос бөлтірігі тар қапаста орынға таласып, қырқысқан болар. Сөйттіңдер ме, – деді енді бұған қарап, – қайсыларың жеңдіңдер?
– Ондай ештеме болған жоқ, – деді жігіт момақанси сөйлеп.
– Бұлар, – деді бастық енді өңін суыққа салып, – шынында да, көкжалдың қанды ауыз бөлтіріктері. Бұларды аластамай қоғам тазармайды. Екіншіден – бұның екеуі де халықаралық қылмыскерлер. Атап айтқанда Ерсарин Кенже Германияның тыңшысы болса, Салманов Әлібек жапон шпионы. Демек, екеуінің де көксегені, мүддесі бір. Ол Кеңес өкіметін іштен шалып, керегесін сындырып, шаңырағын ортасына түсіру. Алып кетіңдер, тиісті орган айналыссын.
Әлібек сол шыққаннан келесі бөлменің алдына келген. Бұлар жеткен бойда сарт етіп есік ашылды. Бет-аузы қан-қан болған, соққыға жығылған біреуді сүйреп әкетіп бара жатты. Жігіттің іші солқ ете түсті.
– Жолдас тергеуші, – деді ертіп келген жігіт өз ісін баяндап, – бұл жапон шпионы Салманов Әлібек деген болады. Тергеуші орыс еді. Ол қағаздарды аз аударыстырып қарады да, келген қызметкерге кете бер деп, иегімен есікті нұсқады. Қызметкер шығып кетті.
– Ал кең даланың бұлбұлы, сайра енді, – деді тергеуші мұрты тікірейіп, – тек қана шындықты айтатын бол. Сонымен, жапон­дарға қызмет еткеніңе қанша жыл болды?
– Мен, – деді бұл қазақша міңгірлеп, – орыс жоқ, жапон жоқ.
–Ей, оттама, – деді тергеуші көзі шатынап, – жапон шпионы болғанды білесің, оларға тыңшылық жасағанды білесің. Ал орысша неге жоқ болады.
Жігіт әлгі сөзін тағы қайталады.
– Мен қазақ, орыс жоқ, жапон жоқ.
Тергеуші оның орыс тілін білмеймін дегеніне сене қоймап еді. Тағы біраз сұрақтар қойып, одан еш жауап ала алмаған тергеуші енді таяққа жалынған… Ол қанша уақыт өткенін білмейді, көзін ашса, баяғы орнында сұлап жатыр екен. Денесі қозғалтпайды. Сәл қимылдаса болды, сырқырап ауырып, шыбын жанын көзіне көрсетті. Таңдайы кеуіп, аузы кебір тартты. Су ішкісі келеді-ақ, бірақ су қайда?
Азапты қинаулар жалғаса түсті. Тергеудің екінші күні қазақ заңгерінің алдында өтті. Ерні зыпылдаған, сырдаң жігіт екен. Ештеңені елемейтіні, жақтырмайтыны сырт қимылынан анық сезілгендей еді. Әлібекке ә дегеннен қыртысы сүймей, суық қарады.
– Жігітім, – деді жігітке түйіле қарап, – кеше орыс тергеушісіне мардымды жауап бермепсің. Орыс тілін білмеймін депсің. Жапонмен де еш қатысым жоқ дегенді айтыпсың. Менің саған айтарым мынау – көкала қойдай болып, күнде таяқ жегенше шындықты мойында. Жарай ма?
– Жарайды, – деді жігіт.
– Е, міне, ақылыңа енді келдің. Онда былай, жапондарға қызмет еткеніңе неше жыл болды?
Жігіт қапелімде не айтарын білмей тосылып қалған. Расында не десін.
– Аға, – деді жігіт мейлінше ұғынықты етіп сөйлеуге тырысып, – сіз маған шын­дықты айт деп отырсыз ғой. Менде не шындық болсын Ал айт десеңіз айтайын.
– Жасырма, айта бер. Сонда ғана қылмысың жеңілдейді.
– Айтса былай, мен жапон шпионы дегеннің не екенін түсінбеймін. Әйтеуір, жер бетінде сондай мемлекеттің бар екенін, орталығы Токио қаласы екенін білемін. Өзге ештемені білмеймін. Тірлігімде тірі жапонды көрсем көзім шықсын. Жалғыз ауыз сөзін білмек түгіл, естісем құлағым керең болсын. Ауылдан ұзап та шыққан жан емеспін. Керек десе, Алматы қаласын өз көзіммен бір рет көрмеппін.
– Сонда саған тағылған айып жала демексің ғой.
– Дұрыс айтасыз, аға, оның бәрі қып-қызыл жала. Мен ақпын. Сол үшін мені бостандыққа шығаруыңызды өтінем.
– Бостандық дейсің бе, сен сол бостан­дықты енді бұдан былай түсіңде көретін боласың. Сен қатал жазаланасың. Олай болатыны, сен жапон шпионысың.
– Аға, – деп жігіт жаңағы сөзін тағы қай­талады, – мен өмірімде жапонды көрмесем, бір ауыз сөзін білмесем, қалай жапон шпионы боламын. Ойлап қараңызшы өзіңіз, тегі шпион болу үшін де сауаттылық, біліктілік керек шығар.
– Сен өйтіп құйрығыңды бұлғаңдатпа, – деді тергеуші әлденеге шарасыздық танытып, басын шайқап, – ел сені бекерге жапон шпионы деп атаған жоқ. Демек, бір шикілік бар. Сен соны жасырмай айт.
– Сонда мен не айтпақпын.
– Жапондармен қалай кездестің, нендей мәліметтер бердің. Олармен қосылып, не істемек болдыңдар. Соның бәрін теп– тегіс айт.
– Аға, – деді жігіт, – сіз мені жақсы түсініңіз. Мен сізге бар айтарымды айтып болдым. Одан өзге айтарым жоқ.
– Сен, – деп тергеуші үстелді жұды­ры­ғымен қойып қалды, – мені аға деуші болма, мен сенің ағаң емеспін. Екіншіден, сен шпиондық істеріңді жасырмай айт.
– Айтарым жоқ.
– Айтасың, біз сені әлі бозторғайдай сайратамыз.
– Қылмысым да жоқ, айтарым да жоқ.
– Ендеше өз обалың өзіңе, екі қара көзіңе. Қызметкер, – деп белгісіз біреуді шақырды. Белгісіз біреу де келген.
– Мынаны, – деді жігітті көрсетіп, – алып кетіңдер. Сазайын тартқызыңдар. Айтқызу шараларының бәрін қолданыңдар. Уат, так, солай болсын.
Бұл азаптаудың күштілігі сонша, жаппай азаптаудан есінен танып, сұлап түскен сорлы, талып жатқан жерінен зорға есін жиып, әрең-әрең көзін ашқан. Тек кірпігі ғана қимылдап қалып еді. Тек өзінің тірі екенін ғана зорға пайымдаған. Соққының күштілігі сонша, келесі тергеуге аяғынан тік басып, өздігінен жүруге шамасы жоқ сорлыны екі адам екі жағынан тері сүйрегендей сүйреп әкелген.
– Қалай, – деді баяғы қазақ тергеушісі миығынан күліп, – жақсы жатып, жай тұрған боларсың. Енді айтатын шығарсың.
– Ал сұраңыз, – деді Әлібек өлімді жан азабынан жақсы көрген хал танытып, – тергеуші сұраңызшы, мен бәрін де айтамын.
– Міне, бұл жақсы, – деп тергеуші марқайып қалды, – сонда сен жапон ­шпионы болдың ғой.
– Иә, мен жапон шпионы болдым.
– Міне, жақсы. Сонда сендер сталиндік кеңес үкіметін құртпақ болдыңдар ғой.
– Иә, біз солай етпек болдық.
– Қалай байламға келдіңдер?
– Кеңес үкіметін құлатпақ болдық.
– Халық жауы екенің рас қой.
– Рас.
– Ленин, Сталин партиясына қас дұшпаны екеніңді мойындайсың ғой.
– Әлбетте мойындаймын.
– Жақсы. Сол жапон шпиондарымен қай жерде кездесіп тұрдыңдар?
– Жазда Салманның жотасында, қыста Ажырық түбекте кездесіп тұрдық.
– Олар сан жағынан қалай, көп пе, жоқ әлде аз ба?
– Әрқилы, кейде көп кісі болып келеді, кейде жалғыз жарыммен келеді.
– Қалай тілдесесіңдер?
– Мен, өкінішке қарай, жапонша біл­меймін, ал жапонның бәрі қазақшаға судай ғой. Шетінен сайрап тұр.
– Қалай көтеріліс жасаудың жолы жасалды ғой.
– Әлбетте, бәрі де жасалған.
– Көтеріліс қашан болмақшы еді?
– Осы биыл қыста болмақ болып белгі­ленген.
– Сен оттап жатырсың ә?
– Иә, мен шынында да оттап жатырмын. Өзіңіз ғой, жоқ нәрсені айт деп жанымды қоймаған. Сіз айт дедіңіз, мен айттым.
– Айтқаныңның бәрі өтірік, жалған, – деп тергеуші орнынан тұрып, жер теп­кі­леді, – сен аузыңа келгенді сандалып тұрсың. Әдейі бұра тартып, қисық айттың. Ал шындықты әлі айтатын боласың.
– Айтам, – деді Әлібек тергеушіге тайсалмай тура қарап, – сіз сұраңыз, мен айтуға дайынмын.
– Көмекші,– деді тергеуші есікті жұлқи ашып, – мынаны алып кетіңдер. Ол мені мазақ етіп тұр. Сазайын беріңдер. Тезінен қалыпқа салыңдар. Еш аяушылық болмасын.
Қинау жаңа қырынан жалғаса түскен.Тергеушінің айтқаны еш мүлтіксіз орындалып жатты. Әлібек көресені молынан-ақ көрді. Таяқ тимеген, соққы көрмеген жері қалмады. Әр қинаудан соң есінен танып, талып қалатын сорлыны жатын бөлмесіне сүйреп әкелу дағдыға айналған. Апта көлемінде еш жауаптасу болмады. Оның есесіне азаптау молыға түскен. Атпалдай азамат айналдырған жарты айға не толар, не толмас уақыттың ішінде ине жұтқан иттей имиіп, азып, қуыс қурайдай болып қалған. Тек бақырайған көзіне қарап қана бір кездегі Әлібек екенін танығандай еді.
Кезекті тергеу тағы да сол қазақ тергеу­шісінің алдында өткен.
– Ақылыңа кірдің бе? – деді салған жерден.
– Кірдім, – деді жігіт.
– Онанда сен маған мынаны айтшы, – деді енді мәймөңкелей сөйлеп, – сендер осы шынында да тап жаулары емес шығарсыңдар.
– Әрине, емеспіз, – деді жігіт, – өзіңіз ойлап көріңізші, біз қайтып тап жауы боламыз. Осында өстік, оқыдық, Ленин мектебінде білім алдық. Содан үй болып, үкімет жұмысына араластық. Біз қалайша жау боламыз.
– Жөн, жөн. Олай болса, жапон шпионы деген де бос сөз болғаны ғой.
– Әлбетте бос сөз.Тірі жапонды көр­меген, оның бір ауыз сөзін түсінбеген адам қайтып шпион болады?
– Дұрыс, онда неғып, қоғамның малын қасқырға қырғыздың?
– Бұл жөн сөз, – деді жігіт, – енді мұны мойындауға болады. Ол менің қателігім. Мен өз ісіме салақ қарадым. Соның салдарынан қой бөлініп, қыр басында қалып қойды. Сол үшін мен айыптымын.
– Дұрыс, олай болса, сен мынаны айтшы, сен неге ферма бастығы мен партия ұйымының басшысына қарсы шығасың. Неге колхоз малын тастап, айдалаға қаштың?
– Оны да мен өз қателігім деп есеп­теймін. Сол үшін де мен жаза тартуға дайынмын.
– Дұрыс, екі қылмысыңды мойындадың, ал үшіншісінен ат тоныңды аулақ ұстап отырсың. Ойлаймын, осы сен шынында да шпион шығарсың. Соны да бір тарқатып айтып берші. Бұл өзі қандай әңгіме?
– Оны айттым ғой, – деді жігіт қитығы ұстап, – егер мені солай деп ойласаңыз, әлбетте мен жапон шпионымын.
– Кеңес үкіметін құлатпақ болдыңдар ғой.
– Иә, құлатпақ болдық.
– Жапондарға тыңшы болдың ғой?
– Болдым, болғанда қандай.
– Халық жауы екеніңді мойындайсың ғой.
– Мойындаймын.
– Осы сен неге жалған сөзді мойын­дайсың?
– Жан азабын тартуға енді шамам жоқ. Әйтеуір, жұмыр басты пендеге бір өлім ғой. Жалғанды шын деп мойындап, тәнімді қорламай тыныш тірлік еткім келді. Сол үшін де мен неге болмасын көнуге бел байладым.
– Қой, сенімен енді тәжікелесудің еш қажеті жоқ. Енді тек үкімді ғана күт.
– Келістім…
Әлібекке «халық жауы» деген айып тағылды. Сонымен қоса «жапон шпионы» деген жала да қоса таңылды. Алланың алдында да, адамның алдында да еш күнәсі жоқ, қоғамға да, басқаға да қылдай қиянат жасамаған есіл ер бекерден бекер пәлен жылды арқалап, жосықсыз жазаланып, ауылдан ұзап, алысқа, ит арқасы қиянға, қара жердің қарғысы тиген Магаданға айдалып кете барды…

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.