Туған жеріне оралған жауынгер

Адамзат тарихындағы алапат апаттың енді қайталанбауы үшін, ана мен баланың азап шекпеуі үшін, бейбіт өмірдің қадірін білуі үшін кешегі Ұлы Отан соғысына қатысқан жауынгерлердің жорық жолдары, елге оралса еңбекке араласуы басқа да өмірдеректерін жинау арқылы жас ұрпаққа насихаттау аға ұрпақтың борышы. Біздің тарихымыз өшпес ерліктің жылнамасы, жеңімпаздықтың шежіресі. Ұлы Отан соғысында Жеңіс күнін жақындатуға үлес қосқан әрбір жауынгер мен тылдағылардың ерлік   жолдары – дара-дара кітап. Олардың үлгі-өнегелері кейінгі ұрпаққа өшпестей із қалдырды. Мұның артында біздің ұлттық арымыз бен намысымыз, имандылық иірімдері жатыр.  Қан майданнан аман-есен оралып, туыстарымен қауыша алмаған бір жауынгер туралы сөз етпекпіз. 

Алпысбай Қосдәулетов 1924 жылы Маң­ғыстаудың Форт Шевченко қаласына таяу Аташ поселкесінде балықшының отбасында дүниеге келген. Орталау мектепті бітіргеннен кейін отбасы жағдайына байланысты поселкедегі балық комбинатына жұмысшы болып қабылданады.
1942 жылдың 7 қаңтарында Шевченко аудан­дық әскери комиссариаты арқылы әскер қатарына шақырылып, 1941 жылдың тамыз айында Мәскеу қаласында жасақталған КСРО Халық Комиссарлар Ішкі істер бөлімінің 11-атқыштар дивизиясының 150-ші запастағы атқыштар полкі құрамына қатардағы атқыш болып қабылданады. Полктің негізгі қызметі – аса күрделі маңызы бар әскери нысандарды күзету. 01.1942-07.1945 жылдары осы полк құрамында Краснодардан бастап, Дондағы Ростов, Украинаның Харьков қаласы арқылы Молдавияның Кишинев қаласын фашист басқыншыларынан азат ету ұрыстарына қатысады.
Еуропаның Румыния, Чехословакия, Австрияның Вена қаласына дейін өзінің атқыштар полкі құрамында сержант әскери шенімен рота командирі ретінде барлық соғыс қимылдарына қатысқан. 320-шы Қызылтулы Суворов орденді Енакиев дивизиясының 476 дивизиясының 145-ші гвардиялық атқыштар полкіне бөлім командирі болып ауысып, Венгрияның Будапешт қаласын жаудан азат ету ұрыстарына қатысады. Осы кескілескен ұрыста сержант А.Қосдәулетов 13.04.1945 жылы басынан ауыр жараланып, әскери госпиталде емделгеннен кейін әскери қызметін жалғастырады. Дивизияның 6.08.1945 ж. №035/н бұйрығымен «Қызыл Жұлдыз» орденімен, «1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысында Германияны жеңгені үшін» (10.06.1945) медалімен марапатталған. Осы жылы полктің ерлігі үшін «145-ші гвардиялық Будапешт полкі» деген атақ беріледі.
Майдангердің жорық жолдары бойынша әскери қызметтен 1947 жылдың шілде айында ұлықсат беріле тұрса да, өзінің келісімі бойынша әскери бөлімде қызметте қалдырылып, 30 мамыр 1952 жылы біржола әскери қызметтен босатылып, 30.05.1952 жылы Жамбыл облысының Шу аудандық әскери комиссариатына келіп әскери есепке тіркелген.
Осы кезден бастап Мойынқұм ауданына қарасты «Құмөзек» колхозында автокөлік жүргізушісі болып жұмысқа орналасады. Соғыс кезінде басынан алған ауыр жарақаттың әсерінен автокөлік жүргізу қиын болғандықтан, сиыр малын бағуға тілек білдіріп, осында үйленген Аманқыз атты жолдасымен колхоздың бір табын сиырын қабылдап алады. Шаруаға бейім Аманқыз екеуінің жұмысы өрге басып, мемлекеттік тапсырмаларды өз дәрежесінде орындап, колхоз басшылығы тарапынан сан мәрте бағалы сыйлықтарға ие болады.
Майдангер А.Қосдәулетов Ұлы Жеңістің 30 жылдық мерекесін өзінің кіндік қаны тамған жерінде емес, туған елінде тойлап, 1976 жылы кездейсоқ аттан құлап қайтыс болады. «Қырық күн қырғын болса да, ажалды өледі» дегендей, өзінің туған жері Маңғыстау жерінің топырағы бұйырмай, Құмөзек қорымына қойылады. Марқұмнан ұрпақ болмаған. Өзімен бірге туған апалары Қаншайым мен Ақтайдың, әкесімен туыс немере інісі ­Рамазан Нұртілеуов бірнеше жыл іздеу салғанмен тұрғылықты жерлерінен мәлімет болмағандықтан тағдыр оларды табыстырмады. Бұл азамат та дүние салды. Жауынгердің денсаулығында соғыс кезінде бастан алған жарақаттың зардабы ма, жастайынан әкесі Қосдәулеттен, анасы Сәлимадан айырылған жетімдіктің салқыны ма, әлде туыстарына деген өкпе-назы болды ма, өзі туған жеріне оралуға құштары болмағанға ұқсайды.
Маңғыстаулық майдангердің жорық жолын, майданнан кейінгі тағдырын іздестіруде Жамбыл облысының Мойынқұм аудандық әскери комиссариатының басшысы подполковник А.Ахметовтің тікелей басшылығымен майдангер іздестірілген. Аудандық әскери комиссариат қызметкері Ғапал Әзімханұлының ерінбей, азаматтық айрықша еңбегінің арқасында Алпысбай Қосдәулетов туралы біраз мәліметтер анықталды. Бұл азамат майдангердің еңбек еткен ортасына барып, жұмыстас болған қарттармен сөйлесіп, еңбек жолы, отбасы туралы, қалай, қашан бұл өңірге келгендігі, қайтыс болғандығы туралы, көнекөз қарттар арқылы сұрау салып, ауыл маңындағы зираттағы жерленген орнына дейін барып деректер жинаған. Мәліметтерді Маңғыстау облыстық мемлекеттік архивке жолдаған. Қандай еңбек ?! «Жаныңда жүр жақсы адам» деген осы!
Сәті түсіп, осы жолдардың авторы Ұлы Жеңістің 75 жылдығы қарсаңында құрастырып жатқан «Тағзым-5» ескерткіш кітапқа А.Қосдәулетов есімі енгізілді. Сонымен тағдыры белгісіз болып келген бір жауынгер туған жерге оралды.
Міне, ағайын осындай жігерлі, жүрегінде нағыз патриоттық сезім ұялаған азаматтарымыздың адал ісіне, кешегі майдангерлердің ерлік үлгілеріне бас иіп, іздеу салғанына тек ризашылығымызды білдіреміз. Қаншама із-түссіз кеткен майдангерлер туралы деректерді іздеген бауырларымыз баршылық. Туған ауылына беймәлім болып келген батыр жауынгер туралы мәлімет тапқан Мойынқұмдық азаматтарға шексіз алғысымызды жолдаймыз. Ұлы Отан соғысында ерлік көрсеткен батыр ағалардың ерлік өнегелері мәңгілік. «Ешкім де, ешқашан ұмытылмайды!».

Қойлыбай Қаражанұлы,
ҚР Халық ағарту ісінің озық қызметкері,
ҚР Журналистер одағының мүшесі

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.