«Бақытым – балаларым, байлығым – отбасым»

Жеті баланы бауырына басып, оларға пана болып, мейірімін төгіп отырған Кәрібаевтар отбасын Жамбыл ауданында білмейтін адам кемде-кем. Қайырымдылық жасауды басты мақсат еткен Біржан мен Әлия өздерінің қос ұлына серік болсын деген ниетпен орыс, татар, шешен, украин, белорус, неміс сынды ұлт өкілдерінің перзентіне әке орнына әке, ана орнына ана болып отырған жайы бар. Біз бірнеше ұлт өкіліне қазақы тәрбие беріп, олардың бойына ұлтжандылықты сіңіріп отырған отбасы туралы сөз қозғамақпыз.

Өзгенің баласын өзектен теппей, бауырына басқан әулет жеті бүлдіршінді қатардан қалдырмай, жетілдіруді өз мойнына алған. Игі ісімен көпке үлгі болып отырған ерлі-зайыпты Қазақстандағы жетімдер үйі тәрбиеленушілер санын азайтудың жолын ойластыруда. Олардың бар ойы балалар ата-ананың аялы алақанын сезініп, үй тәрбиесін көрсе екен дейді. Кәрібаевтар отбасына қонақ болған кез келген адам балалардың бойындағы бір-біріне деген сыйластықты, мейірімділікті, қамқорлықты бірден байқайды. Ал балалары жайлы сөз қозғаған Әлияның көзінде ерекше ұшқын пайда болып, өмірге құштарлана сөйлегені бәрімізге жігер сыйлады.
– Құдай бере салған екі ұлым бар. Жолдасым екеуміз қыз баланы армандап жүретінбіз. Содан балалар үйіндегі жәудіркөздердің санын азайту мақсатында бала асырап алуға бел будық. Қыз бала аламыз деп барып, жеті баланы бауырымызға бастық. Санаулы сағатта-ақ көп балалы отбасылар қатарын толықтырдық. Бұл балалардың тағдыры осындай болғанына олар кінәлі емес. Әрқайсы бақытты, толыққанды отбасында тәрбиеленсе деп тілеймін. Балаларымның ең үлкені Иван 16 жаста. Студент. Әділхан 14, Равиль 11, Ангелина 10, Алина 10, Александра 8, Валерий 7, Жалғас 6, Денис 5 жаста. Мінездері де әртүрлі. Әр ұлт өкілдері болса да олардың жүрегінде махаббат, бауырмалдық, сыйластық бар. Әкесі екеуміз күнде олардың бірге тумаса да туғандай бауыр екенін айтудан жалықпаймыз. Олардың болашағына біз тікелей жауаптымыз. Отбасында бала көп болған сайын бір-біріне мейірімді болады деп ойлаймын. Бала ата-анасына қарап өседі, соларға қарап бой түзейді. Сондықтан ата-ана баланың алдында өзін үлгі тұтатындай қасиеттерін көрсете білуі керек. Қазақ «ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің» дейді ғой. Сол үшін Біржан екеуміз көзқуаныштарымыздың қызығушылығын ескеріп, сабақтарына көмектесіп, көбірек көңіл бөлуге тырысамыз. Ол үшін әкенің не ананың міндетті түрде үйде отыруы шарт емес. Мен де, отағасы да жұмысбасты адамдармыз. Соған қарамай оларға дұрыс тәрбие, бағыт-бағдар беруге де үлгеріп жүрміз. Ұл-қызымыз заманға сай өз-өзін алға тартып, өз бетінше әрекет жасауға үйреніп келеді, – дейді батыр ана.
Біз кейін балалардың ата-анасы табылып немесе өздері іздеп келіп жатса не істейсіздер деп сұрақ қойғанымызда олар ойланбастан: «Олар да ата-ана. Оларға осындай алтын балаларды өмірге алып келгендері үшін алғыс айтамыз. Балалар мектеп бітіріп, жоғары оқу орындарын аяқтап, бір-бір маман иесі атанып, өмірдің оңы мен солын танығанша ата-аналарына бере алмаймыз. Балаларымыздың екінші рет жүректеріне салмақ түспесе екен дейміз. Өйткені олардың өмірі үшін біз жауаптымыз. Өскен соң әке-шешелерін іздесе немесе келсе біз араласуға қарсы емеспіз» деді көпбалалы ата-ана.
Көп балалы отбасы – береке-бірліктің үйлескен жері. Адамзат тарихында есімі елге танылған тұлғалардың көпшілігі көп балалы отбасында дүниеге келген. Біз әңгіме еткен отбасында да ұлт тізгінін ұстайтын ұлықты ұл мен ел болашағына елеусіз үлес қосатын қылықты қыз өсіп келе жатқанына қуанамыз.
– Біздің байлығымыз да, барымыз да, ­нарымыз да осы балаларымыз. Біз Алланың да, адамның да алдында осылар үшін жауаптымыз. Ата-ана махаббатын, аялы алақанын сезіне алмай, өмірге өкпелі балаларды көргенде жүрегіміз ауырады. Оларға аз да болса отбасылық бақытты сезіндіру мақсатында зайыбым екеуміз үлкен қадам жасадық. Қазір балаларымыз өте тату, үлкені кішісіне қамқор. Алғашында бір-біріне үйрену үшін уақыт және психологиялық қолдау қажет болды. Олардың тез араласып, бауырмал болуы үшін біздің тарапымыздан көмек көрсетілді. Бүгінде соның жемісін бәріміз бірге көріп келеміз. Балалардың тәрбиесіне анасы екеуміз бірге көңіл бөлеміз. Әлия екеуміз не істеп, қайда жүрсек те олардың болашағына алаң­даймыз. Жаратқанның берген сыйына біз шүкірлік етеміз. Әр бала отбасында тәрбие алу үшін барлық қазақстандық өз үлесін қосса деген тілек бар, – дейді отағасы.
Бүгінде балалар сабаққа үнемі көңіл бөліп, өздерін дамытуға тырысып келеді. Олар қазақ және орыс тілдерін еркін меңгерген. Алдағы уақытта ағылшын тілін жетік біліп, түрлі байқауға қатысу жоспарларында бар. Әсіресе көркем гимнастикамен айналысатын Александраның болашағынан үлкен үміт күтуге болады. Ол кейін Селезнев атындағы хореографиялық училищеге түсіп, арманын жүзеге асырғысы келеді. Кәрібаевтар болашақта нағыз отбасылық инструментальды ансамбль құруды көздеп отыр. Ансамбль құруға отбасының толықтай әлеуеті де, мүмкіндігі де жеткілікті. Мәселен, колледжде аспаз мамандығы бойынша білім алып жатқан он алты жастағы Ваня, Ангелина мен Равиль домбырамен қазақ халық әндерін айтқанды ұнатады. Қолдары қалт етсе қазақтың қасиетті қара домбырасын қолға алып, күмбірлетіп күй, әуелетіп ән айтуға әуес. Алина мен Валерий саз-сырнайда ойнаса, Жалғас сыбызғыны, Әбілхан баянды жақсы меңгерген. Ал бес жастағы Денис те құр алақан емес. Кішкентай бүлдіршін бүгінгі таңда ән айту үйірмесінде білім алуда. Бұл отбасының әрбір мүшесі жарқын болашаққа қарай нық қадам басып келеді. Ал мұның барлығы қазақ шаңырағының туын биікке көтерген отағасы Біржан Құдайбергенұлының нәтижелі еңбегі.
Қазақстанда жетімдер үйіндегі балалардың санын азайтуды ойлаған отбасының бұл ісі құптарлық. Өйткені бала асырап алғандар жылына 150 баланы жетімдер үйіне кері қайтарады екен. Олар өздерінің бұл әрекеттерін мінез-құлықтың сай келмейтіндігімен байланыстырады. Алайда біздің кейіпкерлер бұл сыннан сүрінбей өткен. Олар бала психологиясын жан-жақты зерттеп, барлық жағдайды жасау жолында күндіз-түні еңбек етуде.
Кәрібаевтар отбасы демалыс күніне арнайы жоспар құруды әдетке айналдырған. Қыста тауға, көктемде табиғат аясына, ал жазда міндетті түрде көлге шомылуға барады. Жылына бір келетін туған күнді бұл шаңырақ мүшелері атаусыз қалдырмайды. Сағат тілі он екіні көрсеткенде тәтті тағамдарын, сыйлықтарын алып, ән айтып, би билеп құттықтауды бұлжымас дәстүрге айналдырған. Бір бала қателік жасап қойса істің дұрыс, бұрыстығы жалпы отбасылық жиналыста қаралады. Осылайша балаларының өмірлік бағыт-бағдарын түзеуді ата-анасы тікелей қолға алған.
2018 жылдың мамыр айында Кәрібаевтар отбасы «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауында облыс бойынша жоғары бағаланып, үздік әрі үлгілі әулет деп танылды. Осылайша, Кәрібаевтар аталған байқаудың ақтық додасында Алматының намысын қорғай білді. Алайда арманындағы гран-при мен шағын автобусты ұтып ала алмады. Дегенмен, олар үшін Қазақстандағы ең үздік 16 отбасының бірі атану да үлкен мәртебе еді. Себебі бұл жолда Кәрібаевтар отбасының әрбір мүшесі аянбай еңбек етіп, өз үлесін қосты.
Қашан да даладай дарқан мінездерімен төрінен қонағы арылмаған бұл отбасы – тамырын тереңге жайып келеді. Біржан Кәрібаев бастаған әулеттің өзгелерге үлгі болар тұсы көп-ақ. Әлия өзінен кейінгі келіндерге үлгі боларлық үлкен өмір мектебі сынды. Ақыл-кеңесін айтып, білгенімен бөлісіп отырады. Қазақы салт-дәстүрлерді қатаң ұстануымен, ағайынды байланыстырып, туыстық қарым-қатынасқа да зор мән беретіндігімен сыйлы. Бұл күнде үлкен әулет тұтастай ағайын-туыс, көрші-қолаңның да балтыры сыздап, басы ауырса, қол ұшын созуға даяр тұрады. Өз кезегінде қашан да темірдей тәртіп пен талапшылдықты серік қылған олар аталған істі соңына жеткізіп, ел алғысына бөленіп келеді. Өйткені өз ісі мен ұстанымы арқылы өзгелерге үлгі болып отырған отбасылар – қашан да мемлекет байлығы, ел мерейі.

Равиль Ландайс,
11 жаста, 4-сынып оқушысы, ұлты – неміс, дәстүрлі ән орындаушысы

– Мен үшін бұл өмірімдегі аса маңызды оқиға болды. Жаңа отбасына келерде қатты қобалжыдым, толқыдым. Бастапқыда қорқыныш сезімі де болды. Қанша дегенмен жаңа орта, бейтаныс жандар… Бір жағынан олардың таңдауы дәл маған түскеніне де қатты қуандым. Ал қазір мен бұл кісілердің отбасында тәрбиеленіп жатқаныма қуанамын. Себебі олар жүрегі кең, мейірімді адамдар. Бүгінгі таңда өзімді толыққанды адам сезінемін. Бауырларым, өзім қатты жақсы көретін отбасым бар. Біз бір отбасында тату-тәтті өмір сүрудеміз. Мен өзімнің сүйікті істеріммен айналысуға мүмкіндік алдым. Қазір дәстүрлі ән өнерін меңгеріп жатырмын. Домбырада ойнап, қазақтың халық әндерін айтқанды ұнатамын. Ал болашақта дәл Біржан әкем сияқты мал дәрігері болып, ата-анамның артқан үмітін ақтағым келеді. 

Еңлік КЕНЕБАЕВА
Алматы облысы

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.