ЕРЛІГІ ЕРЕН БОРАН

Атырау облысындағы Көктоғай ауылының байырғы тұрғыны Мырзабай Егінбаевты бала күнінен білемін. Бір сыныпта оқып, онжылдықты бірге бітіргенбіз. Бір кездегі домаланған қара баладан ауылдың қара шалына айналғаны қашан! Қазір екеуміз де қоғамдық көлікте тегін жүретін жасқа келіппіз. Табаны күректей 75-теміз. «Уақыттың зымырап өткені-ай!» деп, қайран қаламыз. Біз соғыс балаларымыз… қырсықты қырқыншы жылдың түлегіміз ғой. Балалық шағымыз болмай, бірден есейіп, ержеттік!..
Бірде әңгіме үстінде: «Мырза-еке, нәресте күнгі алғашқы есте қалған бір естелігіңді айта аласың ба?» дедім оған. Ол көп ойланбастан:
– Орыстың классик жазушысы, Нобель сыйлығының лауреаты Буниннен оқығаным бар-ды. «Алғашқы рет айнаға қарағаным есімде. Осы мен бе әлде мен емес пе, деп таңырқадым. Бірақ ­айтайын десем, әлі тілім шықпаған кез» еді деп есіне алыпты. Ал менің есімде қалғаны: ауыл жігіттері ат үстінде, олардың үзеңгілеріне жармасып жібермей, әйелдер жылап, қайсыбірі құлап жатқаны көз алдымнан кетпейді. Кейін білдім: бұлар мына Көктоғай жолымен майданға аттанып бара жатқан біздің әкелеріміз бен ағаларымыз екен ғой… сонда әлі тілім шықпаған кезім болатын.

Бір қызығы, 1945-тің көктемі, майдың 9-ы – Жеңіс күні есімде жоқ. Біз онда Қаңбақтының бойын­да қойлы ауылдамыз, қойдың шайы­ры мен көктемгі уыздың иісі көкке көтерілген мамыражай кез-тұғын, сірә, уызға тыңқиып тойып алып, ұйықтап қалсам керек, – деп күледі Мырзабай ақсақал. – Бес жасымнан бастап, еңбекке араластым. Қойлы ауылда өстім. Қозы бақтым. Атқа мініп, шығыр тартуға көмектестім. Өсе келе әке-шешеме жәрдемші болдым. Баланың істеген ісі көрінбейді емес пе? Не істемедік тәйірі. Бала болып ойнап көрмеген екенбіз. Әке-шешем қарапайым еңбек адамдары. Әкем 45-те майданнан жарадар болып келді, бомба жарылғанда топырақ үйіндісінің астында қалғандықтан контузияға ұшыраған. Мүлдем сөйлей алмайтын еді. Төрт ағайынды болатын. Осы Қаңбақты ауыл кеңесіндегі «Қаңбақты» ұжымшарын құруға атсалысқан-ды. Үш ағайынды Егінбай, Қайыр, Есенбай бірінен соң бірі майданға аттанады.
Олардың еншілері бөлек болса да, 16 жаннан тұратын, оның 10-ы бала, барлығын соғысқа байланысты бір шаңырақтың астына жинап, бізге бас-көз болған Есенбай көкемнің ұлы Қашым ағам екен. Небәрі жеті сыныптық білімі болса да, оны ауыл басшылары «Қаңбақты» ұжымшарына есепші етіп қойған. Өзі оқуда үздік, алғыр, ат құлағында ойнайтын пысық болып өсіпті. Ауылда қалған кемпір-шалдарға соғысқа кеткен азаматтардан келген хаттарды оқып беретін сауат­ты кісі осы Қашым ғана екен.
Сүйекті ағайын сүйенісіп күнімізді көріп, ақыры Жеңіс Күніне де жетіппіз. Бірақ әкемнің үлкен ағасы Қайыр көкем бір қолы, бір аяғынан айырылып елге келгенімен, көп ұзамай жарақатының салдарынан қайтыс болды. Әкемнің екінші ағасы, Қашым ағамның әкесі Есенбай көкем майданнан оралмай, хабарсыз кетті. Несін айтайын, көресінді көрдік қой. Тек Қашым ағамның арқасында бір атадан өрбіген 16 жан өсіп-өніп кетіппіз. Біздің ата-қонысымыз осы Көктоғай ауылынан 150 шақырым жердегі бұрынғы Қаңбақты ауыл кеңесіне қарасты Байеті және Жолай атты елді мекен-ді. Онда Сүгір, Тілеп, Дәуіт аталарымыздың қыстаулары, қорымдары қалды. Мұнда елдің талай жақсы-жайсаңдары туып-өскен еді. Жылына ең кемі бір рет бала-шағамды ертіп келіп аралатып, ата қонысымызды көрсетіп қайтамын. Қаңбақтының бойындағы «Жолай» деген елді мекенде ерлігімен бүкіл қазақ елінің мақтанышына айналған Кеңес Одағының Батыры Боран ­Нысанбаев туған. Боран көкем бізге аталас ағайын болып келеді. Алғашында Мақаш атамыздың мектебінде әкеммен бірге оқыған. Кейін Қисым Едіресов салдырған мектепте оқыған дейді көзкөргендер. Әу баста бұл елді мекен Қаңбақты аумағына қарағанымен, кейінгі өзгерістерге байланысты Новобогатқа, кейін Исатай ауданына берілді. Бұл сол баяғы өзің білетін Нарын құмы. Қазір Боран көкемнің туған жерін, оқыған мектебін білетін адамдардың өзі барған сайын азайып барады. Сондықтан оның туған жеріне және оқыған мектебінің орнына «Мәдени мұра» аясында белгі қоюға ұсыныс жасағанмын, жолдың шалғайлығы, ауырлығына байланыс­ты әзірге аяқсыз қалуда.
Ол майданға Көктоғай ауылынан аттанған­дықтан, өмірбаянында осы ауылда туған деп жаңсақ жазылып кеткен. Дегенмен, ба­тырдың жүрген-тұрған жерінің бәрі де жас ұрпаққа белгі-бедерімен ой салатындай болуы тиіс. Көктоғай ауылындағы орта мектепте оқығандықтан «Боран ­Нысанбаев мектебі» деп аталынады.
Қас батырдың өлімі есте боп қайғы,
Әлі күнге ұлын Жайық жоқтайды.
Боран десе Қаңбақты жақ мұнартып,
Боран десе ағыстар да тоқтайды, – деп жырлайды батырдың жерлесі, талантты ақын Сансызбай Базарбаев.
Ал Боран көкемнің ерлікпен қаза тапқан жері Ресейдің Орлов облысы Покровск ауданының Лески деревнясы екені белгілі. Жаудың зеңбірегінен қарша бораған оқтың астында екі рет алға ұмтылғанымен, граната лақтырса да дзотты жоя алмай, үшінші ретте жақындап келіп, жау үстіне секіріп қолындағы танкке қарсы қолданылатын граната байламын жарып жібереді. Сөйтіп, сақылдаған зеңбіректің үні өшеді. Сол сәтте батальон шабуылға шығып, үш күн бойы жау қолында қалған Лески деревнясы азат етіледі. Ал зеңбірек дзотынан қазақ жігіті Боран мен 27 фашистің өлі денесі табылады. Батырдың денесі Орлов облысы ­Покровск ауданындағы Дросково селосында жерленген. Басына ақ мәрмәрдан биік етіп ескерткіш орнатылған.
Боран көкемнің ерлікпен қаза тапқан күні 1942 жылдың 6 ақпаны, небәрі 24 жаста болатын, ал 1943 жылдың 23 қыркүйегінде оған КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының Өкімімен неміс фашист басқыншыларына қарсы күресте майдан командованиесінің жауынгерлік тапсырмаларын мүлтіксіз орындағаны және сонымен бірге көрсеткен қаһармандық ерлігі үшін қызыл әскер Нысанбаев Боранға Кеңес Одағының Батыры атағы (қайтыс болған соң) берілді. Алтын жұлдыз медалі №1625 ( 23 09 43), Ленин ордені (23 09 43),1-дәрежелі Отан соғысы орденіне (19.04. 1943) де ие болды. Бұл аса маңызды құжаттың біз үшін тағы бір мәні соңғы орденге байланысты. Ол жайында бұрынғы жазбаларда кездестірген емеспіз.
«Есте қалған кез келген естелік – бұл білім» деген ғой Платон. Сондықтан да Боран көкем жайлы айтылған дүниелерге құлағым түрік жүреді. Соғыс және еңбек ардагері Темірғали Жалғасбаев өз естелігінде былай депті: «Бет қаритын аязда 1942-нің 6 қаңтар күні біз майданға аттанғанбыз. Ауылдастардан: Өтеп ­Оспанов, Тәжібай Әжіғалиев, үш ағайынды Қазбеновтар, Күзелбай Елеуов, Лұқпан Мырзағалиев, Зекен Әймешев, ­сондай-ақ Кулагино, Өрлік, Зеленый, ­Толыбай, Тума, Орпа, Бекайдар, Қаңбақты, Кетешағыл ауылдарынан да азаматтар көп болды. Есімде қалғандары: Боран Нысанбаев, Мүсілім Сейітқазиев, Бекқали Есенғалиев, Түсіпқали Иманғалиев, Отар Шөкетаев, Мектепқали Өтепов, Кенжеғали ­Алдабергенов және т.б. болған еді».
Одан әрі тауар вагонымен Бугурусланға барғанын, алғаш рет әскери даярлыққа кіріскенін, сонда Боранмен танысқанын жазады. 15 күн жаттығудан өткен соң, Боран минометшілер бөлімшесінің командирі болып тағайындалады. Осы жерден Боран бас­таған бір топ жігітті Мәскеуге аттандырады. Қызыл алаңда болып, Ленин мавзолейінің жанынан сап түзеп өтеді. Алғашқы ұрысқа түскен жері Тула облысының Плавоск ауданына қарасты «Красная звезда» кеңшарының маңы. «Минометшілер сапында Боран және мен, ақтөбелік Итембай, оралдық Ізбасаров Мүддіғали болған бізді 771-атқыштар полкінің командирі Арсентий Игнатьевич Гордиенко қабылдап алып, қорғайтын позициямызды белгілеп берді, – дейді снаряд тасушы Темірғали Жалғасбаев, – Мүддіғали көздеуші, Итембай атушы еді. Боран расчетті бірден шебер басқарды. Атқан снарядтарымыз дәл түсіп, жауды жайратып жаттық…
Боран екеуміз майданда болған 368 күнімізді аман-есен өткізіп жүрдік. Бірақ талай достарымыздан да айрылдық…»
Боран көкем өмірінің соңғы сәтіне дейінгі куәгері Темірғали ағай өз естелігін былай деп жалғастырады.
«Курск, Орел, Тула жерлерінде керзі етігіміз­дің табаны тимеген жер кемде-кем.1943 жылдың 6 ақпан күні біз ­Лески деревня­сының шығыс жағындағы ашық жалаңаш жерінен шабуыл жасадық. Деревняға таяу терең сайға түсе бергенде, бізді фашистер оқ боранының астына алды. Дереу сайға қиялап түсетін терең жолға басымызды паналап, күртік қарға тығылдық. Командиріміз сайдың артқы беткейіндегі биіктен фашистер дзоттан оқ боратып тұрғанын байқаған екен. Ол дереу минометтерді құрып, атуға дайындауды бұйырды. Боран дзот қашықтығын шамалап, «пробный выстрел» жасатты. Бірінші атқанымыз дзотқа жетпеді. Екіншісі дзотқа дәл тиді. Бірақ дзот жарылмады. Мен үшінші минаны әкелдім, ол да бұза алмады. Енді минасыз құр қол қалдық.
Артта қалған зеңбірекшілер де жетіп, дзотқа снаряд жаудырды, бірақ дзот құламады. Снаряд төбенің тас-талқанын шығарды, дзот сол қалпында қалды. Бізге Боран: «Атқыштар тобына қосылыңдар» деп бұйырды да, өзі сай бойымен еңбектеп, ілгері кетті…
Біз деревняны күшпен босаттық.
Дзоттың үні өшті, күлі көкке ұшты, бірақ дзоттың ішінде 27 немістің өлігімен бірге Боранның да өлі денесі болғанын кейін естідім.
Кеңес Одағының Батыры атағын Боран осы ерлігі үшін алды. Боран осы атаққа лайықты еді» деп естелігін аяқтапты. («Даңқты аға» М.Мұқтаров. 129-134 беттер).
Боран көкем жайлы белгілі жазушы Нәбиден ағамыз Әбуталиев 1971 жылы «Жазушы» баспасынан «Боран Нысанбаев» атты очеркін жариялады. Сонымен қатар Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, ақын Сансызбай Базарбаевтың «Боран» атты поэмасы батыр бейнесін көркемдік тұрғыдан суреттеген туындыларға жатады. Осыдан 57 жыл бұрын бізге қазақ әдебиеті пәнінен сабақ берген ұстазымыз Ғайни апай Ғабдулинаның «Отқа оранған балалық» атты кітабында Кеңес Одағының Батыры Боран Нысанбаев жайлы да материалдар топтастырылған. Мұның бәрі жастарға патриоттық тәрбие беруге ықпал етіп, оларды отансүйгіштік рухта тәрбиелеуде айтарлықтай үлгі-өнеге болары сөзсіз.
Боран көкемнің ерлігінен 21 күннен кейін атақты Александр Матросовтың ерлігі жасалды. Оның ерлігі басқыншыларға қарсы күресте шын мәніндегі айырықша үгіт-насихат құралына айналды. КСРО Қорғаныс Халық Комиссары И.В.Сталиннің: «Александр Матросов жол­дастың ұлы ерлігі Қызыл Армияның барлық жауынгерлері үшін жауынгерлік даңқ пен қаһармандықтың үлгісі болуға тиісті» деген сөзінен кейін майдан далаларындағы солдаттар мен офицерлер арасында бұл ерлік жаппай сипат алды. Уикипедияда Ұлы Отан соғысы кезінде зеңбірек амбразурасын кеудесімен жапқан жауынгерлер тізімі берілген. Бірінде – 265, екінші орысшасында 400 жауынгер делінген, шамасы бұл әлі толық мәлімет емес сияқты. Бір ақиқаты – осылардың 5-і қазақ жігіттері екенін қазіргі жастар біле ме екен… Кеудесімен амбразураны жапқандардың бәрі дерлік опат болған десек те, бірен-сараны тірі қалыпты, көбіне Кеңес Одағының Батыры атағы өлгеннен кейін берілген. Қайсыбірінің тек аты-жөні белгілі… басқадай еш мәлімет жоқ, ең бастысы – жауынгерлік міндетін адал орындаған. Ол кезде біз Кеңес Одағының құрамында болдық. Дүниежүзін жауламақ болған герман фашист-басқыншыларына қарсы қазақтар да жан аямай соғысты. Ерлік пен қаһармандықтың талай үлгісін көрсетті. Солардың бірі Кеңес Одағының батыры Боран Нысанбаевтың даңқты ерлігі жайлы тәуелсіз еліміздің жастарына үнемі айтып отырамын.

Жазып алған
Тәжібай Жанаев,
Қазақстан Жазушылар
одағының мүшесі

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.