«ОТАН ҮШІН ОТҚА ТҮС, КҮЙМЕЙСІҢ»

Тоқтар ӘУБӘКІРОВ,
Кеңес Одағының Батыры,
Халық қаһарманы

«Отан үшін отқа түс, күймейсің» деген Баукеңнің, Бауыржан Момышұлының қанатты сөзі шын мәнінде Нүркен Әбдіровтей Батыр ағамызға арналған. Отқа оранып, жалын шарпып, зеңгір көктен сорғалап келіп жауын жастана ерлікпен қаза тапқан сәтін әскери ұшқыш ретінде көз алдыма елестетіп, бүкіл сана-сезіміммен, жұлын жүйкеммен түйсіне аламын.
Кездейсоқтық демейін, Алланың алқауы болар, Нүркен ағамызбен жерлеспін. Қасиетті Қарқаралыда қанат қомдап, қияға қарап өсіппіз. Батыр ағамыз ата-анасымен отызыншы жылдары Қарқаралыдай жер жаннатынан Қарағандыға көшіпті. Еңбекқор болыпты. Балғын кезінен әкесімен бірге шахтада көмір қазған. Сол жылдары ашылған Қарағанды аэроклубында оқып, ұшқыш атанған. Осы аэроклубта мен де сонау Темір­таудан жаяулап келіп оқыған едім. Нүркен ағамызды оқытқан осы аэроклубтың бастығы Г.Якимовтың «Пике в бессмертие» деректі повесінде Батыр ағамыз туралы жан-жақты, нақты деректермен жақсы жазылған. Нүркен ағамыз небәрі 23 жасында қыршын кеткен. Жай өлім емес, жасын өлім.

Батырлық бізге шыпылдап тұрған қаннан, тепсе темір үзетін тектіліктен дарыған. Ержүрек ағаларымыз туралы әкемізден, анамыздан естіп өстік. Одан қалды, батырлар жырларын оқып, садақ сайлап, қылыш қайрап, шыбықты тұлпардай мініп, бала күннен ел қорғауға ереуіл ат ерттеппіз. Батырлық – байлық емес. Атам қазақ айтқан: «Жүрек жұтқан», «Жүрегінің түгі бар». Бәрі – жүректе.
Нүркен ағатайым Орынбор авиация училищесін бітірген бетте жан алып, жан берген, кескілескен Сталинград шайқасына ИЛ ұшағын тізгіндеп барған. Қарқаралының қара баласына сол сойқан соғыста әлемдегі ең үздік шүйлігіп келіп бомбалайтын ИЛ штурмовигін берген. Осы саланың маманы болған соң ­айтайын. Өзім МиГ авиаконструкторлар бюросында әскери ұшақтарды сынақтан өткізіп жүргенде конструкторлардың маңдай тері, ақыл-ойы қандай екеніне көзім жеткен. Әскери ұшақ атылған оқты дарытпауға, бір сөзбен айтқанда, атқан оқтай, шапқан аттай болуы керек. Фашис­тер «ұшатын танк», «қара тажал» деп үрейлері ұшатын осы ИЛ-ді Нүркен ағатайым тақымына басып, ұршықтай үйіріпті. Батыр небәрі 16 рет жауға шапқан. Г.Якимовтің жазуынша, командирі Красночубенконың ресми мәліметі бойынша жаудың 12 танкісін, 28 автомашинасын, үш ДЗОТ-ын, үш зенит батареясын, 50 әскерін жойып жіберген. Ақырғы жантәсілім берерінде фашистердің 6 танкісін, екі зенит зеңбіреген өзімен бірге жер жастандырған. Ерлік пе – ерлік!
Сол кездегі Яковлев, Лавочкин, Туполев, Ильюшин сынды конструкторлардың ақыл-ойы мен дара шешімдеріне бас шайқайсың. ИЛ ұшағының бауыры брондалған. «Ұшатын танк» атанып жүргені содан. Нүркен ағаларымыздың зенит зеңбіректерінен сескенбей шүйлігіп, төбеден төніп келіп, жауын жайпап өтетіні осыдан. Ұшаққа маңдай тері, көз майы сіңген Ильюшиндей конструктордың шешіміне разысың.
Бұл ұшақты 1939 жылы алғаш сынақтан өткізген аты әлемге әйгілі В.Коккинаки. Қос зеңбі­рекпен, екі пулеметпен, авиабомбамен, «Катюшаның» снарядымен жарақ­танған ұшақ шын мәнінде, сол дәуірде әлемдегі ең үздік соғыс техникасы саналған. Нүркен ұшағының моторына жау снаряды тиіп, жанып жерге түскені белгілі.
Менің 60 жылдық мерейтойыма ­Совет Одағының екі мәрте Батыры Талғат ­Бигелдинов ағатайым арнайы келді. Сөз сөйледі. Жасы келсе де нағыз батырдай жүрді, сөз саптады, шашбауымды көтерді. Мерейтойым болған соң, мақтау, марапат, бүкіл елдің ауаны маған ауды. Сонда айтқанмын: «Мен бейбіт заманның Батырымын, нағыз Батыр Талғат ағамыз» деп. Шын мәнінде Нүркен, Талғат ағаларым ұрысқа кіргенде төбелерінен «Мессер-шмит» оқ боратады, төменнен зенит зеңбіректері төпелеп атады. Нағыз қантөгіс. Мұны әскери ұшқыш болған соң еске алып отырмын. Ерлік жасауды еріккеннің ермегі көрмеу керек. Жау шебіне барып, аман қайтудың өзі ерлік. Ал Нүркен ағамыздың каһармандығы шындығында елге – мұра, ұрпаққа – ұран болатын қазаққа ғана тән құбылыс.
Қазақ – негізі ғажап халықпыз. Жапон камикадзелеріне таңғаламыз. Жөні бар. Екінші дүниежүзілік соғыста үшінші рейх талқандалған. Бауыржан, Нүркен, Талғат, Рахымжан, Мартбек ағаларымыздың аттары аңызға айналған шақ, әрине. Сол тұста Жапония императоры Хирохито Америка тастаған атом бомбасынан шошып, жеңілгенін мойындайды. Сонда өзі теңіз ұшқышы, вице-адмирал Матомэ Угаки айтыпты: «Император тізе бүксе де, жапон халқы жеңілмейді» деп. Нүркен ағамыздай кілең қыршын 20 камикадзесін сапқа тізіп «Өліспей беріспейміз» депті. ­«Жауымызды жастана жан тапсырамыз» депті. Әскери бұйрық емес. Бұл – жалын атқан азаматтық, отаншылдық, жаужүректілердің әмірі еді. Нүркен ағамыз да әскери бұйрықты емес, батыр бабаларының әмірін орындаған. Қабанбай, Бөгенбай, Батыр Баян, Кенесарының бауыры Наурыз­бай­лардай жауына қаймықпай жалғыз шапқан. Көк түріктердің көкжал­дарының соңғы сарқыты емес Нүркен ағамыз. Өзім сүйіп оқитын Мағжан ақын мен Қасым ақындар мұны ұрпаққа аманаттаған. Мағжан «Мен жастарға сенемін» десе, Қасым қасқайып тұрып «Ей, тәкәппар дүние, маған да бір қарашы, мен де қазақтың баласы» деген.
Г.Якимов жазады: «– Саша, прощай! Ну, гады…
Навстречу летела земля. «Черная смерть», как гигантский снаряд, молнией приближалась к фашистким танкам.
Удар, страшный взрыв! Все… Конец…
Когда же пришел Указ о посмертном присвоении Нуркену Абдирову звания Героя Советского Союза, Багжан долго-долго молча смотрела на лист бумаги. Потом она тихо сказала:
– Я же знала, я говорила… Мой Нуркен будет жить всегда».
Бағжан анамыз Нүркендей ұлының басына бейбіт заманда барған. Сонда батырға топырақ бұйырған Боково станицасы әлемге әйгілі жазушы, Нобель сыйлығының лауреаты М.Шолоховтың туған жері Вешенский станицасына көрші екен. М.Шолохов Нүркеннің анасын қонаққа шақырып, Құдайындай күтіпті. Бұл – Нүркендей батыр ұлды өмірге әкелген қазақтың ұлы анасына деген құрметі. Бұл – Ұлы дала ұландарына, мың өліп, мың тірілген (Жұбан Молдағалиев) «Мен» дейтін қазақ халқына бас игені.
Қаз дауысты Қазыбек атам айтқан: «Біз қазақ деген мал баққан елміз, Бірақ ешкімге соқтықпай, жай жатқан елміз. Елі­мізден құт-береке қашпасын деп, Жеріміздің шетін жау баспасын деп, Найзаға үкі таққан елміз! Ешбір дұшпан басынбаған елміз, Басымыздан сөз асырмаған елміз! Досымызды сақтай білген елміз, Асқақтаған хан болса, Хан ордасын таптай білген елміз! Атадан ұл туса, құл боламын деп тумайды, Ұл мен қызды қаматып отыра алмайтын елміз! Сен қалмақ та, біз – қазақ, Қарпысқалы келгенбіз. Сен темір де біз – көмір, Еріткелі келгенбіз. Екі еліктің лағын Теліткелі келгенбіз. Қазақ-қалмақ баласы, Табысқалы келгенбіз. Танымайтын жат елге, Танысқалы келген­біз. Танысуға келмесең, Шабысқалы келгенбіз. Сен – қабылан да, біз – арыстан, Алысқалы келгенбіз. Жаңа үйреткен жас тұлпар, Жарысқалы келгенбіз, Тұтқыр сары желімбіз – Жабысқалы келгенбіз, Берсең, жөндеп бітімді айт, Не тұрысатын жеріңді айт!»…
Нүркен Әбдіровтің 100 жылдық мерейтойы бір Қарқаралының, бір Қарағандының тақиясына тар болады. Бөліп жармай Қазақ елі ортақ тойлайтын, хас Батырдың тойы.
Жүректерді мүк баспасын. Көк түркі­лер­ден тамыр тартатын ержүрек ұлдарымыз бен қыздарымыз Нүркен ағамыздай түкті жүректі болсын.

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.