ІІ. Әдеби тіліміз қалыптасып болды ма?

(Жалғасы, басы өткен санда)

Байынқол ҚАЛИҰЛЫ,
филология ғылымының
докторы, профессор,
Мемлекеттік сыйлықтың иегері

ЖАТ-ЖҰРТТЫҚ СӨЗДЕРДІҢ СӨЗДІККЕ АЛЫНУЫ

15 томдық «Қазақ әдеби тілінің сөзді­гінде» (ары қарай – ҚӘТС) не көп, еуро­паша (латынша, грекше, ағылшынша, не­місше, орысша, т.б.) сөздер көп. Оның І томын ашсаң болды абразив, абрикотин, абсанс, аванпорт, автаркия, автохтон, агис­пелагус, аглопорит, агронулоцитоз, аграфия, акарицид, аквамарин, акпинол, акрихин, аксельбант, алгол, алгонкин, аллонж, аллопатрия, аллотропия, аллохтон, аллювий, альбедо, альвеококоз, альгология, альмандин, альпака, альпари, альюмель, амбистома, амебиаз, амилоза, аммонал, ампелография, ­ампир, амузия, анаген, ангиома, анизотропия, анилин, анкон, анкер, аннуетант, анофелес, анто­феин, антракноз, апертура, апланат, аплит, апноэ, апаофиз, апсида, арнольд, аро­генез деген қазақ тіліне жат сөздер шыға келеді.
Дәл осындай жат-жұрттық сөздерді ә, ғ, қ, ө, ұ, ү, ы, і әріптерінен басқа кез келген әріптерден басталатын сөздердің ішінен де табуға болады. Мыс.: квадруполь, квазарлар, квалиметрия, кварктер, квершлаг, кипрегель, китч, кифара, клавесин, клавир, клеймс, клептомания, кливаж, клингер, клиранс, клиринг, клистрон, креолдар, криобионттар, криолитозона, криотрон, кроки, кромлех, кроссбар, ксено, ксилен, ксиловитрен, кулаж, куна, кутин, куэста, т.б. Қазақ тілінің сөздігін емес, шет тілдер сөздігін ашып отырған сияқты боласың.
Біз 15 томдық ҚӘТС-тегі в, г, ф, х, ц, ч, щ, э, ю, я әріптерінен басталатын жат-жұрттық сөздерді білмей отырғамыз жоқ. Оларды тізіп жазсақ, мақаламыздың тең жартысын сол алар еді. Оларды былай қоя тұрғанда, К әрпінен басталатын сөздердің ішінде КА буынынан басталатын 59 беттік, КО буынынан басталатын 94 беттік еуропаша сөздер бар екен. Екеуін қоссақ, яғни КА, КО буындары бойынша ғана түсіндірме сөздікте (ары қарай – ТС) 153 еуропаша сөз қамтылыпты. Мұндайлар 15 томдықта көп, бәрін тізіп тауыса алмайсың.
Дәл осы сияқты М әрпінен басталатын 5082 сөздің ішінде орысша (Еуропаша) 762 түбір сөз, осы түбірлерден жасалған 496 туынды сөз бар екен. Осы екеуін қоссақ, 1258 сөз болады. Бұлар М-дан басталатын 5082 сөздің 24,75 пайызын құрайды. Мұндай жат-жұрттық сөздердің шын аты – варваризмдер. Яғни айтылуы да, жазылуы да қазақ тілінің фонетикалық заңдарына сәйкес келмейтін бөтен сөздер. Біз 15 томдықта барлығы қанша жат сөздер бар екендігін арнайы санаған жоқпыз. Шамалау үшін тек А, К, М әріптерінен басталатын сөздерді ғана санап көрдік.
А әрпі бойынша Еуропа тілдерінен қазақ тіліне енген (енген емес-ау, ендірілген) түбір сөздердің саны – 695 сөз болды. Осы түбірлерден сөз тудырушы арнайы қазақша жұрнақтар арқылы жасалған аптека+шы, аренда+ла+у, асфальт+сыз, аэродинамика+лық деген туынды сөздер аз емес. Олардың саны – 430-дай. Сонда А әрпі бойынша ғана шет тілдерден енген сөздердің жалпы саны 1125 сөз болып шығады. Бұлар – А-дан басталатын барлық 6313 сөздің 17,82 пайызы.
К әрпі бойынша 15 томдықтағы орысша және қазақша тілдік бірліктердің арақатынасы да дәл осындай. Түбір сөздері бар, туынды сөздері бар, онда барлығы 1675 орысша атау сөздер алынған. Бұлар – К-ден басталатын барлық тілдік бірліктердің (7134 атау сөздің) 23,48 пайызы. М әрпінен бас­талатын орысша сөздер де ондағы барлық сөздердің 24,75 пайызын құрайды. Тілге қатысы бар, қатысы жоқ адамдардың көбі (олардың ішінде тілші ғалымдар да бар) бұл сияқты жат-жұрттық сөздерді әспеттеп, «бұлар – халықаралық сөздер, халықаралық терміндер». «Халықаралық сөздерді аударуға болмайды» деп қорғайды. Бұл – халықты алдау (адастыру). Неге Еуропа (латын, грек, т.б.) сөздері ғана халықаралық терміндер бола алады? Неге шығыс халықтары тілдерінің (қытай, жапон, қазақ, т.б.) сөздері халықаралық терміндердің қатарына іліге алмайды? Бар гәп ұлтаралық, тіларалық саясатта жатыр.
Біз жат-жұрттық сөздердің ешқайсы­сын алмау керек демейміз. Оларды да алуға болады. Бірақ бәрін емес, бастыларын, онда да халыққа кең тараған агроном, аквариум, ампер, атом, анод, аммиак, молекула, хлор деген сияқты тілімізге сіңгендерін ғана алған абзал. Атау сөз ретінде ҚӘТС-ке тенденция да, оның қазақшасы – үрдіс те, процесс те, оның қазақшасы – үдеріс те алынған. Бірақ неге екені белгісіз, процесс сөзі үрдіске сілтеніпті. Термінком үрдіс деп тенденцияның баламасы ретінде бекітіп берген жоқ па еді?!
ҚӘТС-те бір әрпі өзгеріп кеткен кампания сөзі де бар, компания сөзі де бар. Онда пагон сөзі де жүр, погон сөзі де жүр. Бір бетте минот, минөт, минут деген үш нұсқаның үшеуі де тұр. Үшеуіне де мысал берілген. Минөтті алғаннан кейін минотты алудың не қажеті бар еді?!
Костюмді кәстөмге сілтепті. Мұнысын дұрыс делік. Бірақ ҚӘТС-те кәстөм сөзі жоқ. Дәл осы сияқты поезд сөзі пойызға сілтенген. Сөздікте ол да жоқ. Адам құсап сөздікке әдіріс сөзін алған соң, оған адрес сөзін алудың еш қажеті жоқ еді?!
Сөздік жасаушы адам адрес сөзін жай ғана ала салмаған. Келсін-келмесін ол сөзді үш мағынаға бөліп, 7 мысал берген. Әсіресе екінші мағынасы миға қонбайды. Шамасы, бұл 15 томдық сөздік үшін сор болып жабысқан «қайтсек, те оның көлемін 15 томға жеткізуіміз керек» деген пендешілік пиғылдан туса керек. Варваризмдердің сыртқы тұлғасы жат болғанымен, олардың ішкі мазмұны, мән-мағынасы бізге бәлендей жат емес. Ендеше, қазақ тілінің өзінше жеке тіл екені рас болса, варвар сөздердің орнына қазақша ат қойып, айдар тағуымыз керек. Самолетті – ұшақ, вертолетті – тікұшақ деп атаған жоқпыз ба? Не бүлінді? Ешнәрсе бүлінген жоқ. Қайта тілімізге бір-екі жаңа сөз қосылып қалды. Қазақша жаңадан ат қоя алмасақ, әлгі варвар сөздерді әдіріс, әртіс, кәбіл, кәстөм, нөл, рөл, пойыз дегендер сияқты қазақша дыбысталуы (айтылуы) бойынша қабылдайық.
Қалайда қазақша сөз (термін) жасау­дың бір амалын табу керек. Бұлай өзіміз мәңгүрттенгенмен қоса, ұрпақты мәңгүрт­тендіруге болмайды. Олай етпесек, ТІЛІМІЗДІҢ азып-тозуына, құрып бітуіне жол бергеніміз берген…
15 томдыққа календарь сөзін алып, оны екі мағынаға бөліп, екеуін де күнтізбе сөзіне сілтепті. Одан әрі ай календары, араб календары, аралас календарь, григориан календары, күн календары, Мысыр календары, Юлиан календары деген тіркестер алынып, оларды да осы сөздерден басталатын күнтізбе сөзінің сөз тіркестеріне сілтенеді, әрқайсысына мы­салдар беріледі. Ал күнтізбе сөзіне бар­ған­да сөздікші тек күнтізбе сөзіне ғана анықтама беріп, өте шығады. Олай болса, календарь сөзінің тіркестерін күнтізбе сөзі­нің тіркестеріне сілтеп несіне әуре болды! Әрі-беріден кейін күнтізбе сөзі тұрғанда ка­лен­дарь сөзін ҚӘТС-ке алудың не қажеті бар еді?
Мына орысша сөздер де, олардың қазақшасы да ҚӘТС-ке алынған.
1-кесте
адрес – әдіріс
артист – әртіс
журналист – жорналшы
завод – зауыт
календарь – күнтізбе
кепка – кепке/кепкі
конфет – кәмпит
люк – үлік
майка – мәйкі
машина – мәшине
милиция – милиса
минут – минот/ минөт
ноль – нөл
номер – нөмір
процесс – үдеріс
путевка – жолдама
резина/резинка — резеңке/рәзіңке
роль – рөл
стол – үстел
судья – сот
съезд – сияз
тенденция – үрдіс
участок – учаске
ферма – перме
форма – порым
чиновник — шенеунік

ҚӘТС-те атау сөздердің орысша-қазақ­ша сыңарларының жарыстырыла қатар алынуы бұлармен ғана бітпейді. Онда январь, февраль… деген сияқты орысша ай атауларымен (март, октябрь деген екеуінен басқалары) бірге олардың қаңтар, ақпан… деген қазақша атаулары да түгел жарылыстырыла берілген. Қазақша ай атау­лары тұрғанда олардың орысша атауларын сөздікке алудың қажеті жоқ еді. Керісінше, мына сөздердің орысша сыңарлары ҚӘТС-те бар (алынған), ал олардың кестеде көрсетілген қазақша сыңарлары онда жоқ:
2-кесте
актив – әктіп
альбом – әлбөм
журнал – жұрнал/жорнал
заем – зайым
кабель – кәбіл
кило – келі
костюм – кәстөм
минут – мүйнөт
пальто – пәлте
парад – парат
поезд – пойыз
рюмка – рөмке
съезд – сиез
трактор – тірәктір
цемент – семент

Ал бұлардың орысша сыңарларынан гөрі ҚӘТС-ке қазақша сыңарларының алынғаны дұрыс болатын еді.
Стол сөзін үстел, завод сөзін зауыт деп айтуға, жазуға болатын болса, онда альбом сөзін әлбөм деп, кабель сөзін кәбіл (бұл сөзді термінком осылай бекітіп берген) деп неге айтуға, жазуға болмайды? Біздің ойымызша, әбден болады. Егер бұл сөздердің қазақша сыңарларын қалыптастырсақ, тілімізге жоғарғылардан басқа тағы он бес шақты жаңа сөз қосылған болар еді.
Мына төменгі сөздерді жазған сөздік­шілер ерлік жасап, олардың орысша сыңарларын алмай, тек қазақша сыңар­ларын ғана сөздікке кіргізіпті: бәтеңке/бәтіңке, күпәйке, ләпке, сөмке, т.б.
Біз осындай көзқарасты құптаймыз.

ФОНЕТИКАЛЫҚ НҰСҚАЛАРДЫҢ СӨЗДІКТЕ АЛЫНУЫ

Қазақ тілінде, қазақ тілінің 15 томдық ҚӘТС-те не көп, вариант сөздер көп, әсіресе фонетикалық нұсқалар көп. Бір әрпі басқаша болса болды, ондай сөздердің бәрі ҚӘТС-ке алына берілген. Бір сөздің қанша варианты болса, сөздікке олар сонша рет қайталанып алынып, әрқайсысына жеке-жеке анықтамалар беріледі, әрқайсысына екі-үштен мысалдар келтіріледі. Рас, олардың арасында біріне бірі сілтенілетіндер де жоқ емес.
Төтесінен айтар болсақ, ҚӘТС-ке сөз варианттарын алудың ешқандай ұстанымы жоқ. Олардың бәрі ешбір таңдаусыз, талғаусыз сөздікке алына берілген. Мысалы: сөздікшілер сөздікке алагеуім сөзі алынып, оны екінші мағынаға, 1 реңке бөліп, 10 мысал беріпті. Сондан кейін алагеуімде, алагеуімден сөздері алынып, бұларға да анықтама, мысал беріледі. Үш беттен соң алакеуім, алакеуімде сөздері тағы алынып, олар алагеуім, алагеуімде варианттарына сілтелініп, бұларға да мысалдар беріледі. Бұл сөздер аздық еткендей, алагөбе, алагөбең варианттары да алынып, алагөбе екі мағынаға бөлініп, 6 мысал келтіріледі, ал алагөбең екі омонимге бөлініп, әрқайсысына екі-екіден 4 мысал беріледі. Барлық мысалдың саны – 25. Шын мәнінде олардың мағыналары біреу ғана: «таң атып келе жатқан немесе кеш батып бара жатқан кез» дегенге саяды. Әдеби тілге осы фонетикалық нұсқалардың біреуін ғана таңдап алуға болмай ма?!. Осылар сияқты әзірейлі//әзірейіл//ғазырайыл//ғазырейіл нұсқалары түгел алынып, әрқайсысына үш-үштен мысал беріледі. Әрәдік//әрекідік варианттары арагідік сөзіне сілтенеді. Үшеуіне де үш-үштен мысал берілген. Осылардың әредік деген варианты екі мағынаға бөлініп, алты мысал берілген. Бәрі – 27 мысал.
Әлем-тапырақ//әлем-тапырық//әлем-тәпірік варианттарының үшеуі де сөздікке алынған. Әрқайсысына 3-4-тен мысал берілген. Нәтижесінде бұл үш сөздің көлемі жарым бетке жеткен. Осы варианттардың сөздікке алыныстарына қарағанда 15 томдықты жасаушылардың варианттарды түгін қалдырмай алуы, оларды жөнсіз мағыналарға бөлуі – бізге тек мысалды көптеп алу үшін әдейі істелген іс сияқты көрінеді де тұрады.
Сөздікке доңайбат, дөңайбат деген екі нұсқа алыныпты. Бұлардың әдеби сыңары ретінде доңайбат таңдалыпты да, оған «ызбар, сес» деген анықтама берілген. Келтірілген үш мысалдың біріншісі – М.Әуезовтен алынған. Ал халық жиі қолданатын дөңайбат сөзі ешқандай стильдік белгісіз доңайбатқа сілтеніпті. Бұған берген үш мысалдың біріншісі тағы да М.Әуезовтен алынған. Доңайбатта ешқандай сөз тіркесі жоқ. Ал дөңайбатта «дөңайбат көрсетті» деген тіркес көрсетіліп, оған екі мысал берілген. Сонда бұл екі нұсқаның қайсысы әдеби болды? Доңайбат па, дөңайбат па?
«Емін-еркін әңгімелесу, сыр айтысу, шүйіркелесу» деген мағынадағы ежіл-құжыл деген сөздің 15 томдықта ежіл-гүжіл, ежіл-ғожыл, ежіл-күжіл, ежіл-қажыл, ежіл-қожыл, ежіл-қозыл, ежіл-түжіл деген 8 нұсқасын жеке-жеке беріпті. Әрқайсысына бір-екіден мысал берілген (цитата болмай қалған ғой, әйтпесе мен білетін сөздікшілер бұл сөздердің әрқайсысына үш-төрттен мысал берер еді – Б.Қ.). Ал анықтамалары – біреу-ақ. Әдеби тілдің сөздігіне осы нұсқалардың бәрі қажет пе?
Желғабаз//желқабаз, желғабыз//желқабыз сөздерін түзуші адам бұларды жеке-жеке сөз ретінде қарастырыпты. Шындығында бұлар бір-ақ сөз. Тілімізде «желғабаз//желқабаз» деген сөз жоқ. Ол – үшінші буынына қателесіп, «а» жазылып кеткен желғабыз сөзі. Оған осы сөздерге мысал ретінде Б.Аманшиннен алынған бір ғана сөйлемде желғабыз сөзінің бірде желғабыз, бірде желқабаз болып, екі түрлі жазылуы дәлел бола алады. Оның үстіне бұл сөздерге анықтама қате берілген. Желғабазға – «ақкөңіл, ашық» деп, желғабызға – «жүйрік» деп анықтама беріліпті. Желғабыз//желқабыз сөзі – «елпілдеп-желпілдеп қалған; елірме, желікпе; лепірме, көпірме» деген мағынада қолданылады (мысалға қараңыз). Желғабыз сөз дегенді тұрақты тіркес (фразеологизм) ретінде алып, оған Т.Жароков пен Б.Аманшиннен екі мысал келтірілген. Дәл осы екі мысал ешбір өзгеріссіз желқабаз сөзіне де берілген.
Жарайды, жиһангер, жиһанкез дегендер­дің сөздікке алынғанын жөн делік. Бұлар – морфологиялық варианттар. Ал осы екі сөз тұр­ғанда жиһанкер, жиһаскер дегенді алудың қандай қажеті бар? Сөздікшілер зәуліғалам сөзін де, оның зәуіғалам деген сыңарын да сөздікке алып, оларға жеке-жеке анықтама берген. Бұл сөздің ауызекі тілде зәудіғалам (Ә.Асқаров, Өр Алтай., 329) деген де нұсқасы бар. Бұл мысал сөздікшілердің қолдарына түспей қалған ғой. Әйтпесе ол да сөздікке алынар еді…
Бір қатарда тұрған зүбәржәт, зүбіржат, зүбәржағдан, зүбіржағдан деген 4 сөз зүбәржат сөзінің варианттары. Зүбәржат сөздікке алынып, бірін-бірі қайталаған екі мағынаға бөлініп, оларға 4 мысал берілген. Төрт мысалдың бірі 12 жолдан тұрады. Осылай тәптіштелгеннен кейін көрсетілген алғашқы 4 вариантты алудың еш қажеті жоқ еді деген ойға қаласың.
Кәдуескі/кәдуілгі/кәдуінгі/кәдімгі вариант­тары мен кәмалат/кәмәлат/кәмелет варианттарының да сөздікке алынулары осындай. Кәләм-шариф сөзі жеке алынып, кәлам-шарифке сілтенген. Екеуіне берілген 4 мысалдың бір-біреуі бір-ақ автордан – М.Әуезовтен алынған. Сонда ұлы жазушы бірде кәләм, бірде кәлам деп айтқан және жазған болды ғой?!
ҚӘТС-те бір сөздің қаз-қатар тұрған кешкетұрым, кешкіғұрым, кешкірім, кешкі­тұ­рым, кешқұрым, кешқұрын, кештіғұрым, кештіқұрым деген 8 фонетикалық вариант­тарының әрқайсысы жеке-жеке алынып, бәріне де мысал берілген. Арнайы есептеп көрдік: 8 вариантқа сөздікші 17 мысал беріпті. Бәрі 70 жол. Бұлар – сөздіктің бір бетін алып жатыр деген сөз.
Осыдан сөздікшілер не ұтты, сөздік не ұтты? Біздің ойымызша, олардың екеуі де ұтылмаса, ұтқан жоқ. Біріншіден, бұл сияқты варианттар 15 томдықта сөздікшілер тіліміздегі сөздердің санын 92 мыңға қалай жеткізгендігінен хабар береді. Екіншіден, сөздікті жасаушылардың сөз туралы ұғым-түсініктерінің қай деңгейде екендіктерін көрсетеді.
Күдері сөзі сөздікке алынып, оған «тері» деген анықтама беріледі де, осы сөзге күдері бел деген тіркес алынады. Тіркеске «қырқа, асу» деген анықтама берілген. Содан кейін күдіре сөзі алынып, ол екі мағынаға бө­лінеді: 1. Төзімді, мықты, шыдамды. 2. Белі шы­ғыңқы. Бірақ бұл екі мағынаға берілген мысалдардың үшеуі де күдіре бел деп келеді. Сонда бұлардың қайсысы дұрыс? Күдері бел ме, жоқ, күдіре бел ме? Күдірені дұрыс деген күнде күдіре жал дегендегі күдіренің мағы­насы не болады? Сөздікші жазған анық­та­мадағыдай, «төзімді, мықты, шыдамды жал» ма немесе «белі шығыңқы жал» ма? Қыс­қасы, бұл варианттар сөздер дұрыс сараланбаған.
Орфографиялық сөздікте көрсетілген күстана, күстанала, күстаналан, күстана­лау сөздерін ҚӘТС-ке алып, күстана болды, күстана қылды деген тіркестерін тіркеп, бұлардың бәріне анықтама, мысал бергеннен кейін осы сөздердің жіңішке варианттары болып табылатын күстәна, күстәнала, күстәналау деген сөздер мен күстәна қылды, күстәна қылу деген тіркес­терді сөздікке алмауға да болатын еді ғой. Жоқ, бәрі түгел алынған. Бәріне анықтама, мысалдар берілген. Сол баяғы «ҚӘТС-тің көлемін үлкейту керек» деген жымысқы ой өз дегенін істеткен. Неге екенін қайдам, ҚӘТС-те қағылез сөзі жоқ. Есесіне онда қағылезден, қағылездену, қағылездеу, қағылездік сөздерінің бәрі бар. Бұлар сөздікке алынып, қағілез түбірінен тараған сәйкес туынды сөздерге сілтенген. Бірақ олардың ішінде қағілездеу, қағілездік сөздері болғанымен, қағілезден, қағілездену дегендер жоқ. Яғни дұрыс деп табылған туынды сөздер сөздікке түгел алынбаған.
Қазақ тілінің орфографиялық сөздігінде қаймал деген сөз жоқ, қайымал деген сөз бар. Соған қарамастан 15 томдықтың осы буындарын түзуші адам қаймал, қаймалша, қаймалы, қаймалыс варианттарын сөздік­ке алып, әрқайсысына жеке-жеке анық­тама, мысал берген. Біраз беттерден кейін қайымал, қайымалша, қайымалы сөзде­рін тағы алып, тағы анықтама береді. Бірақ ал­дыңғы анықтамалар мен кейінгі анық­та­маларда ешқандай айырмашылық жоқ. Он бес томдыққа қамзау//қамсау//қамшау сөздерінің үшеуі де алынып, әрқайсысы 2-3 мағынаға бөлініп берілген. Әр мағынаға 1-2-3-тен мысал берілген. Бұларға қоса осы түбірлерден жасалған қамзаулық, қамсаула, қамсаулық, қамшаусыз, қамшаулық туынды сөздері қоса алынып, оларға да жеке-жеке анықтамалар берілген, мысалдар келтірілген. Тұрақты тіркестері және бар. Сонда бұлар бір сөз бе, үш сөз бе? Әлде ­туынды түбірлерін қосқанда 8 сөз бе?
Үшеуі бір-ақ сөз. Бір сөздің фонетикалық үш варианты.
Маймөңке//мәймөңке варианттарының сөздікке алынуы да дәл осылардай. Екі варианттың біреуі таңдалынып, айталық, мәймөңке варианты (немесе керісінше) алынып, оның мағынасы, туынды тұлғалары сөздікке алынғаннан кейін, бұл сөздің жуан сыңары – маймөңке түбірін, осы түбірден жасалған маймөңкеле, маймөкелет, маймөңкелету, маймөңкелеу деген туынды тұлғаларды сөздікке алудың қажеті жоқ еді.
Вариант сөздерді ҚӘТС-ке алудың тәлімсіз үлгісі ретінде мархабат сөзінің фонетикалық варианттарын келтіруге болады. Алдымен марқамат деп алынып, ол мархабатқа сілтенеді. Мархабат 2 мағынаға бөлініп, оларға 2-3-тен мысал беріледі. Атау сөзге мархабат етті, мархабат қылды, мархабат қылу, мархабаттан махрұм қалдырмады (?) деген тіркестерді тіркейді де, бұларға да 1-2-ден мысал келтіреді. Сөйтеді де, мархабаттан, мархабатсыз, мархабатты деген туынды сөздерге көшеді. Олар сараланып біткен соң, мархамат вариантына ауысып, оның да жоғарыда келтірілгендей туынды тұлғалары мен тұрақты тіркестері түгенделіп шығады. Әрқайсысына 1-2-ден мысал беріледі. Сөйтіп, бір ғана сөз арқылы сөздіктің бір беті толтырылады. Әйтеуір абырой болғанда бұл сөздің марқабат ­варианты сөздікке алынбапты. Шамасы мысал болмаған болу керек.
Араб тілінде «батыс жақ, құбыла» деген мағыналы михраб деген сөз бар. Бұл сөз біздің тілімізге еніп, «мешіттегі имам тұратын орын» деген мағынаға ие болған. Ол «орын» әдетте мешіттің құбыла жағында, яғни Мекке жақта тұратындығы белгілі.Осы сөздің 15 томдықта мағрип, мағрыб, мақырап, михраб деген 4 варианты алыныпты. Бұлар аздық еткендей тіпті барыс жалғаулы «махырапқа» сөзі де жеке атау сөз ретінде алынған. Бұл варианттардың әрқайсысы 1, 2, 3 мағыналарға бөлініп, әртүрлі анықтамалар берілген және оларға жалпы саны 16 мысал келтірілген. Михраб сөзі қазақ тілінің орфографиялық сөздігінде махраб деп қате алыныпты. Тағы бір сөздіктерде бұл сөз мағриф, мағрұп деп көрсетіледі. Осылар сияқты варианттардың бәрін түсіндірме сөздіктерге алу қажет пе?
Қатар тұрған муазин, муәзін, муәзин варианттарының үшеуі де сөздікке алынып, үшеуіне де мысал беріліпті. Бұлардың біреуі ғана алынса, ең дұрысы сол болған болар еді ғой. Сондай-ақ мүйізгек/мүйізкөк дегендер – вариант сөздер. Екеуі де сөздікке алынған. Екінші сөздегі «көктің» көк түске ешқандай қатысы жоқ. Ендеше, мүйізкөк – орфографиялық қате.
ҚӘТС-ке ойбай сөзінің өйбөй/өйбу/өйбүй варианттарының бәрі алыныпты. Бұларда не мағыналық, не стильдік айырмашылықтар жоқ. Соны біле тұрып, оларды сөздікке алсақ, мұнымыз не тілді білмегендік, не басқа бір пасық ниеттілік.
Саруар, саруәр, сәруар варианттарының алынуы да дәл осындай. Бұлардың тек сәруәр деген жіңішке сыңары ғана алынбай қалыпты. Ол алынғанда 15 томымыз тағы бір сөзге «байып» қалған болар еді.
Сөздікте парсы сөзінің сәргәрда/сәр­кәрда варианттары да жеке-жеке алын­ған. Айырмашылықтары бір ғана Г-К әріп­терінде. Мағыналарында ешқандай өз­ге­шелік жоқ: екеуі де «сардар» деген ма­ғына береді. Екеуіне де берген мысалдары Т.Ізтілеуовтің «Рүстем» дастанынан алынған. Сонда қалай, Т.Ізтілеуов бір сөзді бірде Г әрпімен, бірде К әрпімен айтса (жазса), біз, сөздікшілер, оларды жеке-жеке сөз деп танып, әдеби тілдің қатарына қоса береміз бе?!
Сахыт сөзі саһатқа сілтенген. Саһат сахатқа сілтенген. Сахатқа «сабыр, саба» деген анықтама беріліпті. «Сабыр» сөзін түсінгендей болған соң, «сабаға» қарадық. ҚӘТС-те саба деген 4 омоним бар екен. Олар­дың ешқайсысы «сабыр» сөзіне ­синоним бола алмайды. Сонда сахат, сахыт, саһат деген варианттардың мағынасы не болды? Саһар2/сәһәр деген вариант сөздер сахарға сілтеніп, «таң сәрі» (бөлек жазылған) деп түсіндіріліпті. Сахар сөзі де «таңсәрі» (бірге жазылған) деп түсіндірілген. Мүмкін сахар емес, «сақар» шығар деген оймен, сақар сөзіне қарасам, ол сөзге «ораза кезінде таң атпай ішетін тамақ, сәресі; сахар» деген анықтама беріліпті. Сонымен, сақар/сахар/саһар/сәһәр сөзі «таңсәрі» болды ма, таң атпай ішетін тамақ – «сәресі» болды ма?
Сөздікшілер тариқат сөзін сөздікке алып, оған 4 мысал береді. Ол сөзді тарихат деп тағы алып, бұған 2 мысал береді. Шамасы, басқа мысал болмаған ғой. Әйтпесе мұның саны да 4-ке жеткізілер еді.
Таупық, тауфиқ, тәупиқ, тәупық, тәуфиқ варианттары сөздікке түгел алынып, бұлардың дұрыс сыңары деп, тауфиқты таупыққа, тәупық пен тәуфиқты тәупиққа сілтеніпті. Нәтижесінде бұл варианттардың дұрыс сыңары біреу емес, екеу, яғни таупық және тәупиқ сөздері болып шыққан. Ал орфографиялық сөздікте бұлардың дұрыс ва­рианты деп тәупиқ сөзі көрсетілген. ҚӘТС-ті де, орфографиялық сөздікті де А.Бай­тұрсынұлы атындағы Тіл білімі инс­титу­тының қызметкерлері жасағанын ес­кер­сек, мұндай ала-құлалықтарды түсіну қиын.
ҚӘТС-ке тәкпір/тәкбір, тәліп/тәлип, тәржіме/тәржіма, тәсілқой/тәсілгөй, уәжіп/уажип, уәзипа/уазипа, уәлаят/уалаят, т.б. варианттардың бәрі алынған. Біздің ойымызша, бұлардың алдыңғы сыңарлары сөздікке алынғаннан кейін, соңғы сыңарларын алудың қажеті жоқ еді. 15 томдықта тырағайла, тырағайлат, тырағайлату, тырағайлау етістіктері алынған. Бұларды дұрыс делік. Ал осы сөздердегі Ғ әрпінің орнына Қ әрпі қойылған тырақайла, тырақайлат, тырақайлату, тырақайлау варианттарының да сөздікке түгел алынып, әрқайсысына мысалдар берілгендігін біз дұрыс дей алмаймыз. Оның үстіне тырақайла етістігі де, тырақайлат өзгелік етісі де бір ғана тырағайлат сөзіне сілтеніпті. Неге? Түсініксіз.
Сөздікке шақ-шалекей, шаң-шә­лекет, шәк-шәлекей, шәт-шәлекей деген варианттардың төртеуі де алынған. Айырмашылықтары: шақ-шалекей сөзі (берілген мысалдарында «шақ-шәлекейін шығарды» деген тұрақты тіркес түрінде алынса да) қос сөз ретінде алынған. Ал шәк-шәлекей, шәт-шәлекей сөздері «шәк-шәлекейін шығарды», шәт-шәлекейін шығарды» деген тұрақты тіркес (фразеологизм) түрінде алынған. Мағыналарында айырмашылық жоқ. Бұл – бір-ақ жерге, бір-ақ рет алынуға тиісті тұрақты сөз тіркесі ғой. ҚӘТС-те шапашот та, шаппашот та жеке-жеке алынып, шаппашот сөзі шапашотқа сілтеніпті. Керісінше болу керек емес пе? Мен болсам, жоғарғы варианттарды бір ғана шот сөзіне сілтеген болар едім.
«Қайырым, мейірім, жақсылық, шарапат» деген мағыналы шапағат/шапқат/шафағат/шафқат/шафхат варианттары мен «қала» деген мағыналы шаһар/шаһари/шаһр/шәһәр/шәр варианттарының бәрі жеке-жеке алынып, әрқайсысына мысалдар берілген. Осы екі топ варианттардың өздеріне ғана 21 мысал беріліпті. Соған қарағанда «ҚӘТС-ті 15 томға жеткізіп тұрған осылар сияқты фонетикалық вариант­тар мен оларға берілген мысалдар емес пе екен» деген ойға қаласың.
15 томдыққа шибөрі, шиебөрі, шүйебөрі деген үш сөздің үшеуі де алынып, шүйебөрі шибөріге, шибөрі шиебөріге сілтеніпті. Бұлардың әдеби сыңары қайсысы? Шибөрі (шидің ішінде жүретін бөрі) ме, шиебөрі (шиенің ішінде жүретін бөрі) ме, жоқ, шүйебөрі (шұбап, шуап жүретін бөрі) ме? Мұны білу үшін, яғни әдеби сыңары осылардың қайсысы екендігін анықтау үшін, алдымен осы сөздердің төркініне зерттеу жұмыстарын жүргізу керек еді. Содан кейін барып, оларды сөздікке қалай алу керектігі дұрыс шешілетін болады. Біздің «түсіндірме сөздік академиялық сөздік болу үшін алдымен сол сөздікке кіретін тілдік бірліктердің бәрі ғылыми тұрғыдан зерттелінуі керек» деп жүргеніміздің мәні осында жатыр. Мақта шаруашылығымен айналысушылар мақтаның тұқымын (ұрығын, дәнін) шит деп атайды. Бұл сөз 15 томдықта жоқ. Есесіне онда осы мағынадағы шиті2, шиіт деген екі сөз берілген. Сәлден кейін әлгі сөз шитті (шиіті бар) деп бір рет, шитті мақта деп екінші рет алынған. ҚӘТС-те шоқал, шоқат, шоңғал, шоңқал деген 4 вариант сөз кездеседі. Төртеуі де жеке-жеке сөз ретінде бөлек-бөлек алынып, анықтамалар берілген. Әрқайсысына 2-3-тен мысал келтірілген. Тіпті шоңғал сөзі 2 омонимге бөлініпті. Мысалдарына қарасақ, олардың бәрі «шоқиған, көтеріңкі биік жер» деген мағынадағы біра-ақ сөз.
Шұбар, шұбарлан, шұбарт сөздері тұр­ғанда шыбар, шыбарлан, шыбарт дегендерді сөздікке алудың түкті де қажеті жоқ еді. ҚӘТС-ке алынған мұндай фонетикалық вариант­тардың бәріне жоғарғыдай талдау жасау мүмкін емес. Сондықтан фонети­калық варианттар туралы оқырмандарыма қосымша мәлімет беру үшін тағы бір-екі мысал келтіріп, талдауымды сонымен аяқтайын. Мысалы: абиыр/әбиір/абұйыр/әбүйір/абырой, әгәр/әгер/егер, әгәрда/егерде, әгәрәкім/әгәркім, әгәрки/егерки/әгерше/егерім, байшыгеш/байшығаш/байшыкеш/байшікеш,жамағат/жәмғаты/жәмғиәт/жәмғият/жәмиғат, жампаңда/жәмпаңда/жәмпеңде, минамдай /минимдей/митақандай/митімдей/титтей, тәпек/тәпелек/тәпене/тәпенек /тәпелтек, рауаят/рәуаят/рәуәят/рәуәт/руаят/рубаят/рубай, т.б.
15 томдықтағы мұндай фонетикалық варианттардың бәрін жоғарғылардай саралап, талдап беру, мүмкін емес. Өйткені олардың саны тым көп. Есептеп көрсек, А, Ә әріптері бойынша ғана 88 жұп фонетикалық ва­рианттар алынып, онда 213 сөзтұлға қамтылыпты.
Бұл не? Тіліміздің байлығы ма, жоқ, әлде тіл шұбарлығы ма?
15 томдықты жасаушылар бұларды тіл­дің байлығы деп есептеп, олардың бәрін ҚӘТС-ке алған. Сөйтіп, тіліміздің лекси­калық құрамын 92300 сөзге жеткізген. Мен ТС-ке фонетикалық варианттарды мүлде алмау керек деген ойды айтып отыр­ған жоқпын. Алу керек. Бірақ оларға белгілі бір шек қойылғаны дұрыс. Айталық, фоне­тикалық варианттардың бәрін емес, тілі­міздің фонетикалық заңы бойынша жасалып, қолданыста қалыптасқан, тұрақталған басты, негізгі біреуін не екеуін ғана алып, қалғандарын, онда да керек болып жатса, олардың бастыларына сілтеу керек немесе сол жерге, квадрат жақшаның ішіне, ондайларды топтап беруге болады. Мұндайда негізгі вариантқа мысал берілгенімен, қосымша варианттарға мысал берілмейді.

(Жалғасы бар)

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

1 Пікір

  1. Жанат

    Өте дұрыс пікір. ҚАЗАҚ тілінің сөздігі болғандықтан ҚАЗАҚША сөздер ғана алынуы керек. Әдіріс, кәстөм-ді қосу да — ерсілік, мейл,і қосқанның өзінде сөздік көлемі «ісінбейді».

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.