Этноауыл бой көтерді

Алматы облысы Ақсу ауылында Ілияс Жансүгіровтің атында этноауыл бой көтерді. Игілікті шараны ауыл тұрғындары мен осы ауылда орналасқан Ілияс Жансүгіров атындағы тарихи-өлкетану музейі ұйымдастырды. Шараға кәсіпкер азаматтар да қолдау көрсетті. 

Шара аталған музейде ­басталды. ­Жи­налған көпшілік алдымен Ілияс ақын­ның көзі тірісінде қолданған құнды жәдігерлерін тамашалады.
– Қазір музейде мыңнан астам жәдігер бар. Оның елуден астамы құнды мұралар. Сол қатарда Ілияс атамыз жолсапарларда тастамай алып жүрген чемоданы, ақын Қуат Терібаев сыйлаған домбыра, 1936 жылы Орал баспасында шыққан «Қолжазба» атты кітабы және Фатима Ғабитованың көзі тірісінде қолданған бұйымдары осы музейде сақтаулы. Қазір мұнда 6 адам жұмыс істейді. 2009-2011 жылдары музейге күрделі жөндеу жұмысы жүргізіліп, экспозициясы жаңартылды. Өткен жылы музейге 2 мыңға жуық адам келсе, биылғы келушілердің қатары одан да көп болады деп ойлаймыз, – дейді ­музей директоры Ардақ Құмарова.
Осы ретте музей орналасқан ғимарат­тың тарихи жәдігер болып саналатынын айта кеткен жөн. Өткен ғасырдың басында Маман Тұрысбектің ұрпақтары салдырған Қарағаш мектебі өртенгенде жанбай қалған бөренелерді Ақсу ауылының адамдары жинастырып, музей тұрған бес бөлмелі ғимаратты тұрғызыпты. Алдымен мектеп, сосын басқа да мақсаттарға пайдаланылған нысан 1991 жылдан бас­тап, Ілияс Жансүгіров атындағы тарихи-өлкетану музейінің еншісінде.
Музейде өткен ашылу салтанатында Ақсу ауданы әкімінің орынбасары Ғазиз Есжанов, Ақсу ауданы ардагерлер кеңесінің төрағасы Амангелді Айтбайұлы, өлкетанушы Жемісбек Толымбеков, ақынның ұрпағы Орал Шүкетова, тағы да басқа қонақтар сөз сөйлеп, игілікті шараның ілгері басуына сәттілік тіледі. Осыдан кейін көпшілік «Ағынды менің Ақсуым» деп Ілияс жырға қосқан Ақсу өзенінің бойында орын тепкен этноауылға жол тартты. Бұл маңға қатар-қатар ақ­шаңқан үй тігіліпті. Үйлердің айналасында алтыбақан теуіп, мәре-сәре болған жастар, өреге құртын жайып, жүнін түтіп, тайқазанға етін асып, қонақжайлығын көрсетіп жүрген ақжаулықты аналар мен ибалы келіндер шараның сән-салтанатын асыра түсті.
Көпшілік этноауылға жақындағанда ауыл ақсақалдары алдынан шығып, өнерпаздар жырдан шашу шашып, құрметпен қарсы алды. Олар жас спорт­шы­лардың өнерін тамашалап, ауыл ­жастары ұйымдастырған көкпар тарту ойынын көріп, ақшаңқан үйге жайылған дастарқаннан дәм татты.
Этноауылдың дастарқаны жыл бойы жайылып тұрады. Түрлі ұлттық ойын да күн сайын жаңаланып, келушілерді жа­лық­тырмайтын шаралар қолға алынбақ.

Қ.АНДАС
Алматы облысы

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.