Әңгіме арқауы – тарихи туынды

ҚР Ұлттық академиялық кітапхана мен ҚР кітапханашылар ассоциациясының көтерген бастамасын ҚР Мәдениет және спорт министрлігі қолдап, еліміздің кітапханаларында 2007 жылдан бері «Бір ел – бір кітап» акциясы өткізіліп келе жатыр. Мұндай акцияның мақсаты – ғаламтор заманында кітап оқу арқылы оқырманның назарын рухани құндылық әлеміне аудару. Осыған орай жуырда «Зағип және көзі нашар көретін азаматтарға арналған республикалық кітапханада» халық жазушысы Әбіш Кекілбаевтің «Аңыздың ақыры» романы бойынша дөңгелек үстел өтті.

Бұл шараға мекеме болып дайындалдық. Алдымен «Аңыздың ақыры» романын белсенді оқырмандар мен кітапхана қызметкерлері қайталап оқып шықты. Дөңгелек үстел екі тілде жүргізілді. Қатысушылар өз ойларын ортаға салып отырды. ­Жазушы туындысы – Ақсақ Темірдің болмысын ашуға арналғандықтан, өткен тарихымыз Н.Ә.Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласының тақырыбымен де үйлесім тапты.
Әдеби басқосуда магистрант Гүлвира Мұқанбаева «Бір ел – бір кітап» акциясының тарихына жалпы шолу жасады. Бұл жобаның тұңғыш рет АҚШ елінде бастау алғанын жеткізді.
«Менің жолым» атты газет пен «РБНСГ – ВЕСТИ» журналының редакторы, ақын Нұрлан Әбдібеков іс-шараның мақсаты мен жазушының қайталанбас өзіндік ерекшеліктеріне, қаламгердің стиліне, шығарманың мазмұндылығына тоқталды. Әмірші Ақсақ Темірдің тарихи тұлғасы, өмірбаяны сөз болды. Көркем шығарма кейіпкері мен өмірдегі тұлғаның арасындағы байланыстар, сонымен қатар Ә.Кекілбайұлының образды ашудағы философиялық ой-толғамдары да назардан тыс қалмады. Терең психологиялық тебіреністерге құрылған кейіпкерлер бейнесін жеткізуде кітаптан бірнеше мысалдар келтірді. Жазушы қызығушылықтары мен ой-пікірлерінің негізгі шеңберін айқындау арқылы қиялға, философия мен терең психологизмге бейімделгендігін атап өтті. Алтын тақтың айналасында үлде мен бүлдеге оранып жүрген жас ханымның қарапайым адами бақытқа ие емес екендігін, оның шын мәнінде бақытсыз екендігі «Аңыздың ақырында» астарлы жеткізілгенін тілге тиек етті.
Рухани шара аясында ақын Зейнолла Тілеужанұлы, Қыздар педагогика институтының музыка пәнінің оқытушысы, зағип азамат, профессор Меделхан Қонысбаев, зағип ақын Әбетхан Тоқтағандар жазушы туралы естеліктер айтты. Олар да жазушының өмірі мен шығармашылығына кеңінен тоқталды. Басты кейіпкер Әміршінің кіші ханымына ғашық болған Ортөбелік шебердің сезімі мен махаббаты өзі соққан мұнарада бейнеленетінін және т.б. қырлары жайын­да сыр толғады. Және де Ә.Кекілбаевтің өзге де еңбектері турасында кітапхананың зағип оқырмандары – В.В.Ивановский, И.М.Рзахуновналар өз пікірлерін білдірді.
Кітапхана директоры А.Байұзақов «Бір ел – бір кітап» республикалық акциясы аясында қазақ әдебиетіндегі құнды туындыларды насихаттау, жастарға рухани-патриоттық тәрбие беру, оқырмандарды кітапханаға тарту және көркем әдебиет оқуға баулу мақсатында әртүрлі жұмыс түрлерін қолдану керек екендігін атап өтті.

Жансая ҚОСМЫРЗА,
кітапханашы

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.