Шығыстануға үлес қосқан ғалым

Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтында белгілі тарихшы ғалым Клара Хафизованың 80 жылдық мерейтойына орай «Қазақстанның шығыстанушы ғалымы – Клара Хафизова» атты халықаралық конференция өтті. 

Жиынға Р.Сүлейменов атындағы Шы­ғыстану институтының директоры, профессор Әбсаттар Дербісәлі, ҚХР-ның Алматы қаласындағы Бас консулдығының өкілі Чжен Вэй, саясаттану ғылымының докторы Болат Сұлтанов, ЮНЕСКО қам­қор­лығындағы Халықаралық мәде­ниеттерді жақындастыру орталығы директорының орынбасары В.Толмачев, Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері универси­тетінің профессоры Сафар Абдулло және басқа тарихшылар қатысты. Конференция жұмысы барысында академик Қ.Сәтпаевтың мемориалдық музейі және «Ғылым Ордасының» Орталық ғылыми кітапханасы ғалым еңбектерінен кітап көрмесін ұйымдастырды.
Мерейтойлық басқосуда Қазақстан­дағы қытайтану ғылымының іргесін қалау­шылардың бірі, қытай мұрағатта­рының есігін тұңғыш ашқан қазақ ғалымы Клара Хафизованың өмірі мен ғылыми шығармашылығы жайында кеңінен сөз қозғалды. Р.Сүлейменов атындағы Шығыстану институты директо­рының орынбасары Л.Ерекешева, Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметі академиясының профессоры Қ.Шаймерденова, тарихшы С.Өтениязов және басқа ғалымдар баяндама жасады. Жиынды жүргізген институт директорының орынбасары Сайын Борбасов ғалымның 150-ден астам еңбектері бар екенін атап айтты. «Оның Ұлыбритания, Ауғанстан, ҚХР, Гонконг, Тайвань және ТМД елдеріндегі халықаралық ғылыми конференцияларда жасаған баяндамалары әлемдік тарихшылар қауымдастығының назарын аудартты. К.Хафизова ҚХР-ның тарихи архивінде және Тайванның Тайбэй қаласында орналасқан Гугун музейінің тарихи архивінде жұмыс істеген алғашқы қазақ тарихшысы» деді ол.
К.Хафизова Ташкент мемлекеттік университетін және КСРО ғылым академиясы Шығыстану институтының аспирантурасын бітірген. Еңбек жолын Қазақстан ғылым академиясының Тарих, археология және этнология институтында кіші ғылыми қызметкер болып бастаған ол Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтында жетекші ғылыми қызметкер, бөлім бастығы, «Қайнар» университеті стратегиялық және халықаралық зерттеулер орталықтарының директоры болды. Клара Шайсұлтанқызының отандық тарих ғылымына қытайтанушы ретінде қосқан үлесі ерекше. Ол қазақ тарихына байланысты қытай елінің саясатын, мәдениетін егжей-тегжейлі зерттеп, көптеген еңбектер жазды.

Дина ИМАМБАЕВА

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.