Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Президенті: МАМАНИЯ МЕКТЕБІ ұлт руханиятына айрықша үлес қосты

Жуырда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жұмыс сапарымен Алматы облысында болды. Президент Талдықорған қаласындағы әлеуметтік қызмет көрсету нысандары мен өндіріс орындарын аралап, Қаратал ауданындағы «Ашық әкімдік» жобасымен және аудандағы көктемгі дала жұмыстары барысымен танысты. Ол жұмысын Талдықорған қаласындағы Салтанат сарайында облыс активімен кездесуден бастады.

– Жер жаннаты Жетісу өңірі – тарихи тұлғалар мекені. Алғашқы қазақ ағартушылық мектептерінің бірі, Ақсу жерінде ашылған Мамания медресесі ұлт руханиятына айрықша үлес қосты. Бұл – қазақ тарихындағы білімге салынған инвестицияның бастау көзі болатын. Қабанбай, Қарасай, Райымбек батыр бастаған ел қорғаған ерлер мен Ілиястай ақын туған мекенге елмен етене араласып, тұрғындардың пікірін естуге келдім, – деген Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев кездесуді еркін форматта өткізейік деген ұсыныс айтып, Алматы облысының стратегиялық маңызы зор аймақ екендігін жеткізді.
Айта кетейік, Президент атап өткен ­Мамания медресесінде қазақ зиялыларының көбі шыққан. Осы жерде білім алған. Қазақтың ертеңіне алаңдап, қазақ балаларына білім беруде бар күш-жігерін аямаған Б.Сүлеев, М.Ермектасов, Ә.Жайшыбеков, ақын І.Жансүгіров — Мамания мектебінің түлектері.
Аталған білім ошағы Жетісу өңіріндегі алғашқы меценаттық қозғалыстың айқын көрінісі. Сондықтан «Туған жер» бағдарламасын жүзеге асыруда атымтай жомарттарға ­Маман әулетінің бастамалары жиі мысалға алынып тұрады. Маман құттың ұлы Тұрысбек екі мәрте қажылыққа барып, Ақсуда 18 жыл болыстық қызмет атқарған, өз дәуірінің алды-артын дәл болжай білген сұңғыла кісі еді. Ол қажылық сапарында әлемде болып жатқан игі жаңалықтарға куә болып, оқу-білімсіз елдің болашағы бұлыңғыр екеніне көз жеткізеді. Міне, осынау қасиетті де киелі білім ордасын, ол жерден білім алған ұлт ұстаздарын Президент Қасым-Жомарт Тоқаев текке тілге тиек еткен жоқ. Ендеше, кешегі тарихсыз, өткен күннің құнды естелігінсіз біз болашаққа қадам баса алмайтынымыз анық.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жетісу жеріне жасаған сапары он сегіз әулие-әмбие жатқан Қаратал ауданында жалғасты. Қасым-Жомарт Кемелұлы ауданды араламас бұрын Ескелді би кесенесіне барып, әулие бабаның рухына Құран бағыштап, тағзым жасады. Мұнан кейін республика бойынша бірінші болып ашылған «Сервистік әкімдік» қағидаты бойын­ша жұмыс істейтін мемлекеттік мекеме қызметімен танысты. Қасым-Жомарт Тоқаев мұндай әдіс мемлекеттік қызметшілердің жаңа ұйымдастырушылық мәдениетінің көрсеткіші екенін, азаматтарға сапалы, жедел және жайлы жағдайда қызмет түрлерін алуға мүмкіндік беретінін атап өтті. Қазақстан Президенті кабинеттік жүйеден «Open Space» форматына өту мемлекеттік органдардың ашық әрі қолжетімді жұмыс істеуіне жол ашатынын тілге тиек етті.
Президент Үштөбе қаласындағы Кемел Тоқаев атындағы мектепке барды. Мемлекет басшысы білім беру мекемесінің материалдық-техникалық базасымен танысып, информатика, робот техникасы кабинеттерін, мектеп кітапханасы мен музейін аралап көрді. Қасым-Жомарт Тоқаев мектеп оқушыларымен және ұстаздармен әңгімелесу барысында еліміздің экономикасы мен ғылымын дамытуға септігін тигізетін сапалы білім алу жастардың негізгі міндеті екенін атап өтті.
Мемлекет басшысы облыстағы ауыл­шаруашылығы жұмыстарының жүргізілу барысын танысу мақсатында «Қаратал-Агро» сервистік дайындау орталығына барды. Мұнда көктемгі егіс жұмыстарының барысымен танысып, ауылшаруашылығы техникаларын аралап көрді. Сервистік орталықтың құрылғанына небәрі бес жыл ғана болған. Осы уақыт ішінде он үш ауданды қамтып, шаруа қожалықтарына көптеген жеңілдік көрсеткен. Осының арқасында 12 675 жаңа жұмыс орны ашылып, оның 675-і тұрақты жұмыс орны болса, қалғаны маусымдық. Сонымен қатар 1106 ауыл шаруашылық техникасы мен шаруашылық құрылғылары лизингке берілген. Осындай жағымды жаңалықтарды орталық жетекшісі Рахим Каримов баяндап берді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевты Жетісу жерінде ауылшаруашылығын өркендетіп отырған ірі кәсіпорын басшылары мен шаруа қожалықтырының жетекшілері қарсы алып, жұмыстары жайлы толық ақпарат берді. Бірінші болып Қазақстан Еңбек ері, «Жақсылық» шаруа қожалығының басшысы Жақсылық Үшкемпіров мемлекет тарапынан істеліп жатқан жұмысқа, шағын және орта бизнеске, жалпы ауылшаруашылығына көрсетіліп жатқан қолдауға алғысын білдіріп, өңірді өркендетуге өз үлестерін қосатынын жеткізді. «Байсерке-Агро» ЖШС директоры Темірхан Досмұханбетов та облыста жүгері өсіру қарқынды дамып келе жатқанын, қант қызылшасын өсіруде жоғары көрсеткішке ие екенін және жалпы дәнді дақылдардың сапалы сорттары өсіріліп, экспорттық жүйені қолға алғанын тілге тиек етті.
«Кең дала» шаруа қожалығының басшысы Қалибек Алпысбаев: «Елбасының тапсырмасы бойынша Көксу ауданында шағын шаруашылықтырдың басын біріктіріп, жер көлемін 500 гектарға ұлғайтып, мемлекет тарапынан 200 млн теңге көлемінде субсидия алып, керекті жаңа заманауи техникамен жабдықтадық» деді.
Мемлекет тарапынан жасалып жатқан қолдаулар әлі де болатынын жеткізген Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Орта Азия бойынша ауылшаруашылығына жыл сайын 800 млн теңге субсидия бөлетін жалғыз мемлекет екенін мақтанышпен айтты.
Қазақстан Президентіне облыс әкімінің орынбасары Серікжан Бескемпіров облыстағы агроөнеркәсіп кешенінің негізгі көрсеткіштері, мал шаруашылығы мен өсімдік шаруашылығы жөнінде баяндады. «Жаркент крахмал-сірне зауыты» ЖШС төрағасы Закиржан Кузиев: «Жүгері өңдеу жоғары деңгейге жетті. Бұрын 10 мың тонна болса, қазір 150 мың тоннаға дейін өңдеп, өнімнің 27 түрін өндіреміз» деді. Қасым-Жомарт Тоқаев ауылшаруашылығы еңбеккерлерінің жұмысын жоғары бағалап, оларға табыс және жаңа жетістіктер тіледі.
Сондай-ақ Президент – Қазақстан ­Республикасы Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас қолбасшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ­сапар аясында Көктал полигонындағы «Айбалта – 2019» стратегиялық командалық-штабтық оқу-жаттығуына барды. Мемлекет басшысына «Айбалта – 2019» командалық-штабтық оқу-жаттығуының негізгі кезеңдері мен міндеттері туралы баяндалды. Оқу-жаттығу барысында шартты қарсыласты жою кезіндегі Қарулы Күштердің мүмкіндіктері көрсетілді.
Қазақстан Президенті командалық ­пунктке барып, әскери техникалар мен қару-жарақ үлгілерін, инфрақұрылымдық нысандарды, соның ішінде модульді жылжымалы госпитальді, механикаландырылған нан зауытын, азық-түлік қоймасын, пилотсыз ұшатын аппараттарды басқару пунктін аралап көрді.
Жоғарғы Бас қолбасшы әскерилерді оқу-жаттығуды табысты аяқтауымен, сондай-ақ алдағы Отан қорғаушылар күні және Жеңіс күні мерекелерімен құттықтап, қызметтеріне табыс тіледі.
– Қарулы Күштердің басты міндеті – Тәуелсіздік пен ел аумағының тұтастығын қорғау. Мемлекеттің сенімді қалқаны әрі тірегі саналатын Қазақстан армиясы – күшті әрі мобильді. Бүгін сіздер тәуелсіз Қазақстанның Қарулы Күштерінің қуатын көрсеттіңіздер. Әскери бөлімшелер кәсіби дағдылары мен жауынгерлік рухын іс жүзінде дәлелдеді, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы далаға тігілген әскери лагерьге барып, «солдат ботқасынан» дәм татты, қатардағы сарбаздармен әңгімелесті.

Еңлік БАУЫРЖАНҚЫЗЫ
Алматы облысы

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.