Радиозондты кім құрастырған?

Радиозонд – біздің ғасырымыздың ең тамаша табыстарының бірі, ол метеорологияда революция жасады және 50 жылдан бері атмосфераның 25-30 шақырымдық төменгі қабатындағы жағдайын зерттеудің негізгі жолы болып келеді.
Тұңғыш радиозондты совет ғалымы, профессор П.А.Молчанов құрастырды. Бұл құрылғы ең алғаш рет 1930 жылдың басында Ленинград түбіндегі Павловскіде ұшырылды. Қазіргі радиозонд сутегі немесе гелий толтырылған шардың көмегімен еркін ұшуға жіберілетін тұтас радиометеорологиялық станция; шардың сыртқы қабаты икемді жұқа резинадан немесе неопреннен жасалады. Радиозонд ауаның температурасы мен ылғалдылығын анықтайтын аса сезімтал шағын өлшегіштерден, радиосигналдарға айналатын өлшеу нәтижелерін таңбалауға арналған тамаша қондырғыдан және осы сигналдарды тарататын шап-шағын радиопередатчиктен тұрады. Осы заманғы радиозондтың күллі күрделі жабдығының салмағы небәрі 300 грамм шамасында.
Қазір біздің елімізде атмосфераны радиозонд арқылы тексеру аэрологиялық станциялардың 200-ге жуық нүктесі бар желісінде күн сайын екі-үш реттен атқарылады, мұндай станциялардың дүниежүзілік желісі 600 нүктеден асады және ВСП жобасы бойынша әлі де екі еседей арттырылуы керек.
Атмосфераны радиозонд арқылы тексерудің мәліметтері 1,5 шақырымнан 20 шақырымға дейінгі әртүрлі деңгейдегі ауа райының карталарын және одан да биікке арналған «барикалық топография картасы» деп аталатын карталарды жасауға негіз болады. Атмосфераның болашақ жағдайын алдын ала есептеп шығару, яғни тропосфера мен төменгі стратосфераға арналған болжам карталарын жасау үшін де солар пайдаланылады. Мұндай карталар дүниежүзілік, аймақтық және ірі ұлттық метеорологиялық орталықтарда жасалады.

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.