«Жетісу бөрісі»

«Жастар» спорт сарайында қазақ   күресінен ҚР Тұңғыш Президенті  Нұрсұлтан Назарбаевтың жүлдесі үшін өтетін республикалық «Қазақстан Барысы» республикалық турниріне іріктеу жарысы – «Жетісу бөрісі» өз мәресіне жетті. Дүбірлі додаға облысымыздың әр өңірінен іріктеліп келген 40 балуан қатысты.

Жарыстың ашылу салтанатында облыстық дене шы­нықтыру және спорт басқармасының басшысы Нұрбақыт Теңізбаев сөз сөйлеп, балуандарға сәттілік тіледі. Осыдан кейін Әлімғазы Райымбеков атамыз балуандарға ақ батасын берді. Өз топтарынан жартылай финалға білек күші мен әбжіл әдіс арқылы қарсыластарын қоғадай жапырған Кербұлақ ауданынан Мұхит Қойшыман мен Алакөл ауданынан Ернар Қабдолдаев шықты. Финалға шыққан балуан «Қазақстан Барысы» турниріне жолдама алады. Сондықтан қос саңлақ барынша абайлап күресіп, жеңістің желкенін көтеру үшін барын салды. Бұл сында айласы басым Ернар жеңіске жетіп, ақтық сынға жолдама алды. Екінші топтан үздік шыққан талдықорғандық Жәнібек Дүйсенбаев пен текелілік Нұрсұлтан Аманжолұлы белдесті. Бұл бәсекеде Жәнібектің жұлдызы жанып, қарсыласының жауырынын жер иіскетті.
Ақтық бәсекеге шыққан Ернар мен Жәнібек қазақ күресінің озық үлгісін көрсетіп, жұртшылықты тамсандырды. Нағыз алыптар айқасы. Екеуі де барысқа лайық балуан! Бірақ жеңімпаз болуы керек. Белдесудің басынан ұпай санымен ұтып келе жатқан Ернар Қабдолдаев соңғы минутта әбжіл әдісімен дараланып, таза жеңіске жетті.
Жарыс соңында жеңімпазға алтын белбеу мен авто­көліктің кілті, күміс жүлдегер Жәнібек Дүйсенбаевқа 1 млн теңгенің сертификаты, қола жүлдегер Нұрсұлтан Аман­жолұлына 500 мың теңгенің сертификаты табыстал­ды. Ақтық сында белдескен қос балуан Елордада өтетін рес­публикалық турнирде Жетісу жерінің намысын қорғайды.

Р. ТҰРҒАНБАЕВ

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.