ІІІ. ӘДЕБИ ТІЛІМІЗ ҚАЛЫПТАСЫП БОЛДЫ МА?

(Жалғасы. Басы өткен сандарда)

Байынқол ҚАЛИҰЛЫ,
филология ғылымының
докторы, профессор,
Мемлекеттік сыйлықтың иегері

ЛЕКСИКАЛЫҚ ВАРИАНТТАРДЫҢ СӨЗДІКТЕ АЛЫНУЫ

Біз бұған дейін тек фонетикалық вариант­тар туралы ғана сөз еттік. Енді лексикалық варианттарға (дублеттерге) аздап тоқталалық.
Тілші қауымның бәріне белгілі: қазақ тілінде жоғарыда айтылғандай фонетикалық варианттар ғана емес, сонымен бірге морфологиялық, грамматикалық, әсіресе лексикалық варианттар да көптеп кездеседі. Мәселен, әупілдек құсы оқпан, көлбұқа деп аталса, бөдененің екінші атауы – бытпылдық. Суыр бір жерде – байбақ, балпақ аталынса, екінші жерде – зорман аталынады. Әтеш~қораз, қақпа~дарбаза, көрші~қошына, т.б. Міне, осылай жалғаса береді.
Бұл жердегі әңгіме осылар тәрізді жарыс­палы сөздерді 15 томдық ҚӘТС-тегі сияқты ол сөздердің әрқайсысын жеке-жеке алып, әрқайсысына жеке-жеке анықтама береміз бе, жоқ, жүйелеп, саралап, олардың әдебиіне немесе бастысына анықтама беріп, қалғандарын түрлі стилдік шартты белгі қою арқылы сол басты сөзге сілтейміз бе? Әңгіме осында.
Тілімізде «бүкіл әлемді (ғаламды) жара­тушы ұлы күш, құдірет иесі» деген мағынада қолданылатын оншақты дублет сөздер бар екен. Олар: алла/алда, аллаһ, жаратқан, жаратушы, жасаған, құдай, құдірет, тағала, тәңір, раббы. Бұларға алла тағала, жаппар құдай, жасаған ие, құдай тағала, хақ тағала деген тағы 5 сөз тіркесі (күрделі сөз) келіп қосылады. Бәрін жинақтасақ, олардың саны 16-ға жетеді. Обалы не керек, 15 томдық ҚӘТС-те бұлардың тек аллаһ деген біреуінен басқаларының барлығы түгел алыныпты. Олардың ішіндегі алла, жаратушы, құдай, тағала, тәңір, раббы деген алтауына бірін-бірі қайталаған сипаттамалы анықтамалар беріледі де, қалғандарына (алда деген сөзден басқаларына) синонимдік анықтамалар беріледі. Сөйтеді де олардың әрқайсысына (егер бар болып жатса) 3-4-тен мысал келтіріледі.
Синонимдік анықтама дегеніміз – мейлі ол синоним сөздер болсын, мейлі ол дублет сөздер болсын, әрқайсысы сөздікке атау сөз (реестр) ретінде жеке-жеке алынады да, тұсына оның басқа сыңарларының барлығы қатар-қатар тізіліп беріледі. Мыс., Жасаған зат. діни. Құдай, алла, аллаһ, тәңір, жаратушы, жаратқан, құдірет, раббы, т.б.
Ой жүгіртіп көрелікші, алла атауына байланысты жоғарыда аталған 16 сөздің барлығын осылай істеп шығып, әрқайсысына анықтама, мысалдар берсек, олар сөздігімізден қанша орын алады, сөздікке қанша артық бет қосылады?!
Бізге салса, ол 16 сөздің тек біреуін ғана, атап айтқанда, халыққа жақсы таныс, кең тараған құдай сөзін ғана алып, оған жоғарыда көрсетілгендей сипаттамалы анықтама беріп, қалғандарына қай тілге (араб, парсы немесе иран), қай стильге (діни, халықтық, сөйлеу) тән екендігі көрсетіліп, әлгі сипаттамалы (толық) анықтама берілген құдай сөзіне сілтеніліп отырса, сөздігіміз көлемі жағынан қомпайып кетпей, әрі жүйеленген, әрі жинақы, ықшам болып шыққан болар еді.
Сондай-ақ «ақылынан адасқан, есі ауысқан, жынды» деген мағынадағы аумесер/әумесер, әңгүдік, әулекі, делқұлы, есалаң, есер, есерсоқ, есуас, есірме (бұл сөз сөздікке алынбаған), есірік, жарымес, жынды, жындыбас, жындысүрей, қояншық, нақұрыс деген 16 сөз бен ақылынан адасқан, ақылы кем деген 2 тұрақты тіркестен құралған 18 дублет сөздер де 15 томдықта жоғарғылардай алыныпты. Есалаң, есер, есерсоқ деген үшеуіне сипаттамалы анықтама, қалғандарына синонимдік анықтамалар берілген. Тізіліп берілген синонимдер таза синонимдер болса жақсы ғой, олардың қатарында мағыналары жағынан жоғарғыларға ешқандай қатысы жоқ, бірақ соларға синоним ретінде алынған даңғой, ақымақ, ақылсыз, ессіз, құтырған, тентек, ұрда-жық, әңгі, басбұзар, жеңілтек деген сөздер де қосылып (тіркестіріліп) жазылыпты. Бұлар алдыңғыларға синоним бола алмайды ғой. Сөздікшілердің болмаса да «болдырғандарына» ерніңді тістеп, басыңды шайқамасқа шараң жоқ.
Өсімдік атауларын зерттеу барысында мен бір қызық мәнбіге (фактіге) кезіктім. Бір өсімдікке әр адам, әр аудан, әр облыс халқы өздерінше жеке-жеке ат қойып алады екен. Мыс., орысша «подорожник» аталатын өсімдікті биолог Т.Мұсақұлов жолжелкен (сөзбе-сөз аударма) деп атаса, осы өсімдік халық ішінде өсетін жеріне қарай – сужапырақ, оны ненің жейтіндігіне қарай – бақажапырақ, тартаржапырақ, өсімдіктің өзіндік ерекше белгісіне қарай – мыңтамыр, бір нәрсеге ұқсастығына қарай – қойқұлақ, қозықұлақ, бүргедән, емдік қасиетіне қарай ол – тәуіпдәрі, иманжапырақ деп те аталына береді екен. Байқадыңыздар ма, бір өсімдік, он атау. Бір затқа тіл үшін осынша (оншақты) атау қажет пе?
ТС-ті жасаушылар «сөзді саралаудың, даралаудың орнына оны тіркеп қана қоя салады?» деген біздің пікіріміздің растығына тағы бір мысал: Тұрмыста көп қолданылатын, көпшілікке жақсы таныс, бір нәрсені қатты қысып ұстауға арналған, 5-6 түрлі темір құрал бар. Олардың екеуінің сабы ұзын, үшеуінің сабы қысқа, біреуі – кеспелтектеу, үлкен. Бәрі де темірден жасалған. Бұлардың атаулары ҚӘТС-те де, аймақтық сөздікте де, орысша-қазақша немесе қазақша-орысша сөздіктерде де, тіпті «Шаңырақ» деп аталатын энциклопедияда да араласып, айқасып, шатасып, «былығып» жүр.
Алдымен «кеспелтеуіне» тоқталалық. Оны орысша «тиски» деп атайды. Өңдеуге, яғни кесуге, егеуге арналған темірді қысып қоятын бұрандалы құрал. ҚӘТС-те бұл құрал іскенже, шаттауық2, қысқыш, қысқаш, атауыз деген бес сөзбен аталыныпты.
Сабы ұзын екі құралдың біреуін әйелдер пайдаланады. Онымен оттан шоқ алып, самаурынға салады. Орысша аты – щипцы. Ол ҚӘТС-те қысқаш, шымшуыр, шаттауық1 деген үш сөзбен белгіленіпті.
Сабы ұзын екінші құралды ұсталар пайдаланады. Онымен отта жатып қызарған ыстық темірді қысып алып, төске қойып, балғамен соғып, керекті формаға келтіргенше ұстап тұрады. Орыстар мұны да щипцы деп атайды. ҚӘТС-те бұл құрал да шымшуыр, қысқаш, шаттауық1 деген үш атаумен беріліпті.
Енді сабы қысқа әлгі үш құралға келелік. Оның біріншісімен шеге суырады. Орысша – клещи. Бұл құрал ҚӘТС-те атауыз, кемпірауыз, тістеуік, іскенже деген төрт сөзбен аталыпты. Екіншісі – зымтемірді қиюға арналған, жүзі (тісі) өткір құрал. Орысшасы – кусачки, острозубцы. Бұл тістеуік деген бір ғана сөзбен алынған. Үшіншісі – темірді қысып ұстауға арналған, басы, таңдайы жалпақ құрал. Орысшасы – плоскогубцы. Мұның қазақша аты сөздікте көрсетілмеген. Ауызекі тілде оны балықауыз деп атайды.
Егер өзімізді шын мәнінде сөздікшіміз дейтін болсақ, жоғарғылардай бәрін аралас­тырып, былықтырмай, алты құралды алты сөзбен, атап айтқанда, іскенже (тиски), қысқаш (шоқ салады), шымшуыр (қызған темірді ұстайды; шипцы), атауыз/кемпірауыз (шеге суырады; клещи), тістеуік (зымтемірді тістеп, кесіп түсетін құрал; кусачки), балықауыз немесе шаттауық (темірді қысып ұстап тұруға арналған, басы жалпақ, таңдайы тегіс құрал; плоскогубцы) деген жеке-жеке атаулармен атасақ, ең дұрысы осы болған болар еді. Сонда қысқыш сөзі – медициналық «зажим» дегенге, кірқыстырғыш сөзі «прищепка» дегенге өзінен-өзі балама болып шыға келер еді.
Сөздіктерге осылай деп сараланып бе­рілгеннен кейін, оларды қолданушылар да солай даралап атап кеткен болар еді. Ғалым­дардың «сөздік – сөздік қана емес, ол, сонымен бірге елді сауаттандыратын құрал болуы керек» деп жүргендерінің мәні осында жатыр.
Қазақ халқының ең басты ұлттық тағамы – ет сөзі ҚӘТС-те бесбармаққа сілтеніліпті. Сөздікке қазақша ет деген тіркес те алынып, ол да бесбармаққа сілтенеді. Ал бесбармақ сөзіне «етке қамыр салып жасалатын қазақтың (?) ұлттық ыстық тағамын өзге ұлт өкілдерінің атауы» деген анықтама берілген.
Өзге ұлт өкілдері біздің ұлттық таға­мымызға неге ат қойып беруге тиісті? Ондай құқықты оларға кім берді? Өзіміз қайда қарап, не бітіріп жүрміз? Сұрақ көп.
Түсіндірме сөздіктің міндеті – тілдегі сөздерді тіркеу, есепке алу ғана емес, оларды жүйелеу, реттеу, мағыналары мен қолданыстарына қарай саралау, даралау болуға тиіс. Біздің сөздікшілеріміз сөздерді тек тіркеуді (сөздікке алуды) ғана білетін тәрізді. Бұл сөзімізді де мысалмен дәлелделік.
Тілімізде құтан деген сөз бар. Оның орысша аты – цапли (лат. ardeiidae). Бұл құстың ақ құтан, көк құтан деген түрлері болады. Қазақ тілінің орфографиялық сөздігінде бұл соңғы сөздер біріктіріліп жазылғандықтан екеуі де жеке-жеке құстың аты ретінде бөлек-бөлек алынып, әрқайсысына жеке-жеке анықтама беріліпті. Сонда құтан сөзінің өзін қоса есептегенде «цапли» деген құс құтан, аққұтан, көкқұтан деген үш құсқа айналған. Аққұтан, көкқұтан дегендер құтанның түрлері дейтін болса, онда олар бөлек жазылмай, неге бірге жазылған?
Дәл осы сияқты тілімізде дегелек, ләйлек деген екі атау бар. Бұлар – орысша аист (лат. ciconiidae) деп аталатын бір ғана құстың екі түрлі атауы. Аталған құстың да ақ дегелек (немесе ақ ләйлек), қара дегелек (қара ләйлек) деген екі түрі кездеседі. Біздің орфографиялық сөздікте бұл сөздер де біріктіріліп жазылған­дықтан 15 томдық түсіндірме сөздікке дегелек, ләйлек, қарадегелек, ақләйлек, қараләйлек деген бесеуі жеке-жеке алынып, әрқайсысына жеке-жеке анықтама берілген, әрқайсысына жеке-жеке мысалдар келтірілген. Ақдегелек сөзі 15 томдыққа енбей қалыпты. Ал ләйлек сөзі құтанға, қараләйлек сөзі қарабайға сілтен­ген. Биологиялық сөздіктерге қарасақ, қарабай (лат. рregalis) деген мүлде басқа құс. Нәти­жесінде біздің сөздікшілер үшін «аист» деген мен «цапли» деген екі түрлі құс бір құсқа айна­лып, есесіне дегелек, ләйлек деп екі түрлі аталынып жүрген бір ғана құс 6 түрлі құсқа айналған.
Бұлар сияқты лексикалық варианттар ҚӘТС-те көптеп кездеседі. Содардың бірі – италақаз бен сарыалақаз. ҚӘТС-тің 7-ші томында италақаз < лат.tadorna> сөзі алынып, анықтама берілген, 4 мысал келтірілген. 12-ші томда осы сөздің лексикалық варианты – сарыалақаз < tadorna tadorna (?) сөзі тағы алынып, ол үш мағынаға бөлінген. Мұның алдыңғы екі мағынасы – бір ғана мағына, тек басқа-басқа сөздермен жазылған.
Осы сөздерге байланысты бірнеше сұрақтар туындайды. Олар:
1) Бір ғана құстың екі түрлі атауына неге үш түрлі анықтама берілген?
2) Сол үш түрлі анықтамаға неге 10 мысал алынған. Егер олар жеке-жеке ұғымдар, жеке-жеке мағыналар болса бір жөн.
3) Көрсетілген екі атау сөздің латынша атаулары неге екі түрлі және олар не үшін қажет болды? 15 томдық сөздік ғылыми тер­мін­дердің сөздігі емес, әдеби тілдің сөздігі емес пе?!
Бұл сұрақтардың жауабы біреу ғана. Ол – ертеректе шыққан он томдықта жоқ сөздер мен сөз тіркестерін іздеп тауып, оларға анықтама беріп әуре болып жатпай-ақ, ҚӘТС-тің көлемін қайтсек 15 томға жеткіземіз деген сасық мүдде; сол мүддеге жету жолындағы ойлап тапқан амал, айла, тәсіл.
Қазақ тілінде шұбалшаң, шылаужын деп аталатын бір ғана құрт бар. Оны ғылыми әдебиеттерде жауын құрты деп атайды. Он бес томдықта бұл үш атаудың үстіне жерқұрт, шұбалшын, шылаушаң, шылаушын деген төрт атау тағы қосылыпты. Бәрін қоссақ, бір құрттың 7 атауы (варианты) болып шығады. Осылардың бәрін сөздікке алып, олардың әрқайсысына анықтама беру, мысал келтіру қажет пе? Не үшін қажет? Қажет болса, мұндайларды сөздікке қалай аламыз?

Өсімдік атауларын зерттеу барысында мен бір қызық мәнбіге (фактіге) кезіктім. Бір өсімдікке әр адам, әр аудан, әр облыс халқы өздерінше жеке-жеке ат қойып алады екен. Мыс., орысша «подорожник» аталатын өсімдікті биолог Т.Мұсақұлов жолжелкен (сөзбе-сөз аударма) деп атаса, осы өсімдік халық ішінде өсетін жеріне қарай – сужапырақ, оны ненің жейтіндігіне қарай – бақажапырақ, тартаржапырақ, өсімдіктің өзіндік ерекше белгісіне қарай – мыңтамыр, бір нәрсеге ұқсастығына қарай – қойқұлақ, қозықұлақ, бүргедән, емдік қасиетіне қарай ол – тәуіпдәрі, иманжапырақ деп те аталына береді екен. Байқадыңыздар ма, бір өсімдік, он атау. Бір затқа тіл үшін осынша (оншақты) атау қажет пе?

Фонетикалық варианттарға қарағанда лексикалық варианттардың (егер олар варваризмдер болмаса) бәрін де сөздікке алуға болады. Тек 15 томдықтағыдай олардың әрқайсысына жеке-жеке анықтама бермей, негізгісіне (әдебиіне) ғана анықтама беріп, қалғандарын сөздікке өз әліпбилік реті бойын­ша алып, тиісті стильдік шартты белгі қойылғаннан кейін, әдеби емесін – әдебиіне, «түзу емесін» – «түзуіне» сілтеп отырған абзал. Сонда тіліміздегі вариант сөздер хатталып, реттеліп жүйеге түседі. Жасаған сөздіктеріміздің көлемі жөнсіз үлкейіп кетпейді. Сондықтан да біз «лексикалық, морфологиялық, грамматикалық варианттарды сөздікке әліпбилік реті бойынша алып, олардың әдеби деген біреуіне анықтама беріп, қалғандарын сол әдеби сыңарына сілтеген абзал» деген ойды осы жерде тағы да қайталап айтқымыз келеді.
Ғылыми талап бойынша, ҚӘТС сияқты әдеби тілдің сөздігіне халыққа жақсы таныс, көпшілікке ортақ, тілімізде жиі қолда­нылатын, жазуда, сөйлеуде көбірек пайдаланылатын сөздер алынуы керек. Ал бізде қалай?
Бізде мейлі ол жергілікті сөздер болсын, мейлі ол жатжұрттық сөздер болсын, көзімізге шалынған, қолымызға түскен сөздердің бәрін жаппай сөздікке ала береміз. Тіпті бір сөздің оншақты фоне­тикалық варианттары болса, қылпығын да шығармай солардың бәрін де сөздікке кіргіземіз. Әрқайсысына анықтама береміз, 2-3 мысалдан келтіреміз. Сөйтіп, сөздіктің көлемін қомпайтқанымызға мәз боламыз. Ал қазақ тілі лексикалық қорының реттеліп, жүйеленіп, нормалануына ешкім басын ауыртып жүрген жоқ.

ТҮСІНДІРМЕ СӨЗДІКТЕ СӨЗГЕ АНЫҚТАМА БЕРУ

Түсіндірме сөздік атаулының жаны – сөз мағынасы. Мейлі лексикалық мағына болсын, мейлі грамматикалық мағына болсын, мағынасыз сөз болмайды. Сөзсіз, оның анықтамасынсыз түсіндірме сөздік те жоқ. Кез келген ТС-тің құндылығы – оның аты айтып тұрғандай, сөзге берілген анықтамасында (түсініктемесінде). Анықтама дәл, анық, айқын болса, ол жақсы сөздік, анықтамасы қате болса, ол нашар сөздік.
Есте болатын нәрсе: анықтама әдеби тілде берілуге тиіс. Онда елдің түсінуіне қиындық келтіретін жергілікті, кәсіби, көнерген, термін сөздер қолданылмауы керек. Сондай-ақ жалпы халықтық ТС-терде «Раушан гүлділер тұқымдасына жататын жеміс ағашы» (алма) деген сияқты жалпылама, ғылыми анықтамалардан қашқан абзал. Өйткені мұндай анықтамалар қарапайым халыққа еш нәрсе бермейді.
15 томдық ҚӘТС-те, сөз жоқ, дұрыс берілген анықтамалар жетерлік. Сонымен бірге онда қате анықтамалар да аз кездеспейді. Сол қате анықтамаларға мысал келтірейін.
Ақкөз1 сөзіне «дәлдір, надан, есер» деген анықтама берілген. Ақкөз – біріккен сөз емес, ол – тұрақты сөз тіркесі. Сондықтан бұл сөз бөлек жазылуы керек еді. Ол «бұзық, есерсоқ, тентек, ұр да жық» деген мағына береді.
Аққұла1 сөзіне «бекерге, босқа, зая» деген анықтама беріліп, М.Әуезовтің «Талғар (өзені) аққұла болып ағады» деген сөйлемін мысалға келтіріпті. М.Әуезов Талғар «бекер, босқа, зая болып ағып жатыр» деп тұрған жоқ, ол «астан-кестен болып, ақ көбіктеніп ағып жатыр» деген ойды айтып отыр.
15 томдық ҚӘТС-тен алынған, елдің бәріне жақсы таныс, кез келген ауыл әйелінен сұрасаң, әрқайсысын жеке-жеке көрсетіп, айырмашылықтарын айтып беретін астау, табақ, тегене, тегеш деген 4 сөзді алып, мағыналарын салыстырып көріңіздерші. Бұл төрт сөзге берілген анықтамаларда көрсетілген атаулар туралы ежелден қалыптасқан ұлттық ұғым-түсініктердің бәрі шатастырылған. Астауымыз – тегешке, тегешіміз – табаққа, тегенеге, тегенеміз – шараға, шарамыз – аяққа айналып кеткен.
Атсыратар сөзіне «тоғызқұмалақ ойы­нының бір атауы» делінген. Анықтама қате. Атсыратар – тоғыз құмалақ ойынындағы төртінші отаудың аты.
Бадьян сөзіне сөйл. Андызағаш делініпті. Андызағаш деген ағаш жоқ. Андыз дегеніміз – ағаш емес, қурай атауы (девясил). Ал бадьян – анис ағашының (даршынның) қосымша (латынша) атауы.
Байса – желкелік, шөгежек. Мыс.: байсасы таудай. Желкелік сөзінің мағынасы түсінікті: желке сөзіне қатысты. Бірақ ол сөз мәтіндегі «байсасы» сөзінің мағынасына сай келіп тұрған жоқ. Ал шөгежек сөзін біз естіген де, кездестірген де емеспіз. Сөздіктерде де жоқ. Сөздікшінің мұндай сөзді қайдан тауып алғаны белгісіз.
Бақалақ2 сөзіне «Қолдиірменнің астыңғы тасының діңгегі» деген анықтама берілген. Берген мысалы: Бақалаққа дән салып отыр… Сонда дәнді діңгекке салғаны ма?
Балақсыз сөзіне екі мағына берілген. Бі­рінші мағынасы – «балағы жоқ». Бұған берген мысалы – «балақсыз шалбар». Екінші мағынасы – «шолақ дамбал». «Шолақ» болса, ол дамбал емес. Өйткені дамбалдың балағы ұзын болады. Ал бұл сөзге келтірген мысалда «балақсыз» деп – орысша плавка дегенді айтып отыр.
Балауыз1 сөзіне 1. Ара құрсағының ішкі жағында орналасқан без, – деп анықтама бе­рілген де, оған «Балауыз – араның құрсағы­ның ішкі жағында орналасқан балауыз безінен бөлінетін зат» (Х.Қыдырбаев) деген мысал келтірілген. Оқып және ойланып көрсеңіздер: анықтамада балауыз – «без», ал мысалда ол – «балауыз безінен бөлінетін зат». Қайсысы дұрыс?
15 томдықтан алынған мына бір анық­тамаға қараңыз: Бастырма4 зат.геол.Жыртылу жігінің көлбеу бағытқа сәйкес келуімен (еңістеу бұрышы 450-тан аз) сипат­талатын, аспалы беткейі жатаған бет­кейді көлбей көмкерген жыртылып-айырылу құрылымы. Берілген мысалы: Бастырма таужыныс бірлестіктерінің өте қарқынды сығымдалуынан қалыптасады (Қаз. тілі термин. Геология).
Белдік1 сөзінің 2-ші мағынасы ретінде «Тартпа, төсайыл» деген анықтама берілген. Келтірілген мысалы мынау: Бас жағында жерде жатқан белдігінен өткір, ұзын қара пышақты суырып алып… Сонда пышақты төсайылдан суырып алып отыр.
ҚӘТС-ке берен деген екі омоним алынған. Бірінші омоним 1) мата, 2) киім деген екі мағынаға бөлінген. «Киім» деген мағынаға берілген мысалдарда берен сөзі «сауыт» деген мағынада қолданылған. Екінші омоним 4 мағынаға бөлінген: 1. Мылтық, 2. Қанжар (берген мысалы «қанжар» дегенді емес, «қылыш» дегенді білдіріп тұр), 3. Кеудеше (?) немесе өмілдірік (?) (Ал мысалы әйтеуір бір «қару» дегенді білдіреді), 4. ауыс. Батыр, ер. Көріп отырсыздар, мағыналар мағына емес, шатпақ. Әсіресе үшінші мағына.
Турасын айтсақ, берен – екі омоним емес, бір-ақ сөз. Оның мағынасы – болат, алмас сияқты асыл да мықты металдан жасалған қару. Ол қару сауыт та, мылтық та, қылыш та, қанжар да болуы мүмкін. Осы негізгі (тура) мағынадан 1. Мықты, берік, асыл, 2. Өжет, өткір, қайтпас, 3. Батыр, ер, – деген үш ауыспалы мағына туындайды. Елдің де, өзінің де басын қатырғанша, сөздікші берен сөзінің мағыналарын осылай қарапайым түрде саралағаны жөн еді.
Бұқар сөзіне «Жылқы терісінен өңделген былғары» деген анықтама берілген. Берілген мысал бұл мағынаға сәйкес келмейді. «Сәйкес келеді» деп таласқан болсаңыз, осы атау сөзге тіркелген сөз тіркестерін былғары кілем, былғары қалпақ, былғары қойы, былғары мақамы деп ұғамыз ба? Бұлай деп ұғу масқара ғой. Ендеше, бұқар – «былғары» емес, ол Бұқар (Бұқарда жасалған) деген мағына береді.
Бүркеншек сөзі бүркеншікке сілтеніпті. Бүркеншік сөзіне – «әйелдердің басқа салатын жамылғысы» деген анықтама берілген. Бүркеншек сөзіне берілген мысалы: Алғайдың құба жонына Жайылған қойым сыймаса, Жүз бүркеншек, жүз қоспен Қатар жүріп жанаса (Ақтамберді). Мәтіндегі бүркеншек – малшылардың уақытша баспанасы; жаппа, күрке.
Бізкесте – «тоқылатын нәрсені керіп ұстау үшін жасалатын құрал» деген анықтама беріліпті. Ондай құралды бізкесте деп емес, «кергіш» деп атайды. Анықтама қате. Бізкесте дегеніміз – дөңгелек немесе төртбұрышты етіп жасалған кергішке (ағашқа немесе жұмыр темірге) керілген матаның бетіне ілмекті (жалманды) бізбен өткермелеп ою-өрнек түсіру әдісі; яғни бізкесте – кестенің бізбен тігілетін түрі.
Дамық етістігінің бірінші мағынасына «күшею» деген жалғыз сөзбен анықтама беріліпті. Келтірген мысалы: Сұрғылт тас­тан аққан су мен қараңғы құз дамығып, сасық еді иісі (Ж.Аймауытов). Егер осы мағынаны дұрыс дейтін болсақ, онда мәтіндегі «дамығып» сөзінің орнына «күшейіп» сөзін қойып, айтып көрелік… Ешқандай мән-мағына шықпайды.
Сөздік жасаушы дауала сөзіне «ем болу, шипа болу» деген анықтама беріпті. Анықтама қате. Дауала «ем болу», «шипа болу» емес; «емдеу», «ем жасау». Бұл сөзге мысал ретінде берілген М.Мақатаевтан алынған екі мысал тура мағынада емес, ауыспалы мағынада қолданылған. Сондай-ақ осы атау сөзге (дауала сөзіне) тіркелген жүзі дауаламады, жүрегі дауаламады, көңілі дауаламады деген сөз тіркестеріндегі «дауала» сөзінің реестрдегі дауала етістігіне ешқандай қатысы жоқ. Бұл – сөздік мақала ретінде бөлек алынуға тиісті сөз. Дауала етістігінен жасалған дауалат сөзіне берілген «батылдандыру, қорқытпау, тәуекелге бел байлату» деген анықтама да қате.
Дөңке сөзіне «ағаш бұтайтын құрал (?)» деген анқтама берілген. Ағаш бұтайтын құралдың аты – дөңке емес, балта. Мысалдағы мәтінге қарағанда дөңке әдеби тіліміздегі дөңбек, жаңғырық деген сөздермен синонимдес сөз (Сөздікке қараңыз).
Жабай сөзіне 1. Қорғасын құйылмаған салмақты асық, кеней (?). 2. Сақаның өңделген­нен кейінгі салмақты түрі – деп екі түрлі анық­тама беріліпті. Бүйтіп екі мағынаға бөлетін, созбақтайтын еш нәрсе жоқ. Жабай – жергілікті сөз. Сақа деген мағынаға ие. «Қаз. этнографиялық категориялар…» энциклопедиясында Жабай – «қарамал асығы» делінген (2.131). Осылардың қайсысы дұрыс? Кеней ме, қарамал асығы ма?
Ескерте кететін нәрсе: бірінші мағынаға кеней сөзінің тіркелгені мүлде қате болған. Кеней «салмақты асық» емес, оған осы сөздікте: кеней – асық ойнағанда ұпайға тігілетін кішігірім (!) асық – деген анықтама дәлел.
Жағлан//жағдан – бір сөздің 2 түрлі фоне­тикалық варианты (л ~ д). Этнографиялық энциклопедияда оған «былғарымен қапталған сәнді сандық» деп анықтама беріліпті. Ал 15 томдықта бұл варианттар жеке-жеке алынып, жағданға – 1. Сыртын қаңылтырмен қаптаған сандық, 2. жерг.Киізден істелген сандық қап – деген анықтама берілген. Жағлан «жағыланға» сілтеніліп, оған «қайыстан, теріден, былғарыдан істелген әбдіре, сандық» деген анықтама берілген.
Қате көзге ұрып тұр. Біріншіден, жағлан//жағдан сандық па, сандыққап па? Екіншіден, қайыстан, теріден, былғарыдан сандық істеліне ме? Сұрақ – көп. Жауап – шым-шытырық.
Жантық сөзін 2 мағынаға бөліп, біріншісіне жерг. Жандық деп, екіншісіне ауыс. Астыртын арамдық істейтін, жансыз (?), жымысқы (?), пасық (?) деп анықтама беріпті. «Қой» дегенді жергілікті жерде жандық дейтіндігі рас, бірақ жантық демейді. Біреу жаңылып немесе тілі келмей жандық дегенді жантық десе, соны да әдеби тілдің сөздігіне ала береміз бе?
Неге екенін қайдам, осы сөзге жантығы ішіне түсті деген сөз тіркесін тіркеп, оған «ыстығы ішіне түсті» деген анықтама беріліпті. Сонда жантығы ішіне түсті дегенді «қойы ішіне түсті» деп, ұғамыз ба? Жоқ, әлде «жансыз, жымысқы, пасық ішіне түсті» деп ұғамыз ба?
Желік деген етістік 2 мағынаға бөлініп, әрқайсысына анықтама берілген. Осы етістіктің ортақ етіс тұлғасы – желігіс дегеннің «желік қағысу, еліру, желпінісу» деген анықтамасы бар. «Еліру», «желпінісу» дегенін дұрыс делік. Ал «желік қағысу» дегеніміз не? Тілімізде мұндай тіркес бар ма? Бар болса, оған мысал неге жоқ?
Жусат етістігіне «босату, қоя беру» деген анықтама беріліпті. Анықтама қате. Жусат – «босату, қоя беру» емес. Күндіз мінілген атты суытып, өріске жіберуді «босату, қоя беру» дейді. Жусат – жуса етістігінен жасалған өзгелік етіс. Яғни малшының жайып жүрген малын иіріп, бір уақыт тынықтыруы.
Жусау дегеннің не екенін білмегендіктен сөздікші жуса сөзіне «малдың … күйіс қайырмай жатуы» депті. Баққаның аша тұяқты мал болса, оған «күйіс қайырма» десең де, жатқаннан кейін ол міндетті түрде күйіс қайырады.
Жырым1 сөзіне «айыл не тартпаның ұшына жалғап, соларды (?) байластырып (?) бекітетін кішкене (?) жіңішке (?) қайыс» деген анықтама қате. Ондай жіңішке қайысты тартпабау дейді. Ал жырым – жіңішке қайыс емес, ортасында бірнеше тесігі бар жалпақ қайыс. Ол тесіктерге айылбастың тілшігі кіріп, тартпаны (айылды) бекітіп, ұстап тұрады.
Зұлпы деген сөзге «Үлектің жотасынан (?) тізесіне дейін ұзын болып салбырап өскен жүн» деген анықтама берілген. Түйенің жотасына жүн өсуші ме еді? «Қазақтың этнографиялық категориялар…» деген энциклопедияда ол сөзге «…Жампоз нардың қолтық, төс тұсында өсетін ұзын салалы бұйра жүн» деп анықтама берілген. Дұрысы – осы.
Идір сөзіне «сауын малды төлін тойдыруға (?), сүтін саууға дайын қылу, исіндіру (?)» деген анықтама беріліпті. Бұл анықтамада кемінде екі түрлі қате бар: Бірі – төлді «тойдыру» үшін емізбейді, идіру ұшін емізеді; екіншісі – «исіндіру» идіруге қарама-қарсы ұғым.
Иектік деген сөзге «кимешектің жағы» депті. Жақ сөзіне қарасақ, оған «кимешектің екі бетін (дұрысы жақтауын – Б.Қ.) бойлай иек астына дейін әшекейлеген кестелі жиегі» делініпті. Біздіңше жақ дегеніміз – кимешектің иекке дейінгі бөлігі. Ал иектік – кимешектің иек астына келетін тұсы.
Сөздікте иініш сөзіне «жеңнің асты, қолтық тұсы» деген анықтама беріліпті. Аталған ұғым (зат) иініш емес, иніш деп аталады. Оның жеңге, қолтыққа ешқандай қатысы жоқ. Инішті жейденің, көйлектің иығының астыңғы жағына салып тігеді.
Кәріс сөзіне «жұқалау тоқылған жібек мата» деген анықтама берілген. Мысалдары «кәріс шәлі», «кәріс белбеу» деп келеді. Кәріс шалы тіркесіне барғанда оған жерг. деген стильдік белгі қойып, «қалың (?) көйлек (?)» деген анықтама беріпті. Неге ол – шалы? (Бұл шәлі деген сөз емес пе еді! – Б.Қ.). Неге ол – «көйлек»?
Шалы көйлек емес (Шалы реестрлеріне қараңыз – Б.Қ.) және де ол «қалың» болмайды? Өйткені осының алдында ғана сөздікші кәрісті «жұқалау мата» деген.
Кегір (бұл кегер деген сөз – Б.Қ.) сөзіне «қасқалдақтың балапаны» деген анықтама беріліп, «кегердің төбесінде айдар жүні болады» деген мысал келтірілген. Сөз де, анықтама да, мысал да «Қазақ тілінің аймақтық сөздігінен» алынған.
Біздің алдымызда қасқалдақтың өзінің де, балапанының да суреті жатыр. Олардың төбесінен біз айдар көріп тұрғанымыз жоқ. Қасқалдақ – үйрек пішіндес, маңдайы ақ, кішірек, қара түсті құс. Ал кегер (кегір емес) – үйректің бір түрі. Денесі кішілеу. Суға жақсы сүңгиді. Төбесінде айдары болады.
Кеп деп аталатын екі етістік омонимнің біріншісі: 1. Келіп көмекші етістігінің қыс­қарған формасы. 2. Көсемше формалы кел етіс­тігінің қысқарған формасы – деген екі грам­матикалық мағынаға бөлініпті. Лексика­лық жағынан бұл екі мағынаның бір-бірінен ешқандай айырмашылықтарын таба алмадым да, «Е.., алты мысал алу үшін әдейі бөлшектеген ғой» деп, жылы жауып қоя қойдым.
Керсен сөзі екі мағынаға бөлініп: 1. Бір қойдың еті тұтас сиятындай кең (?) ыдыс (?). 2. саят. Оқпанның (?) арт жағынан жапсырылып (?), алдыңғы қастың бүркіт қабақталған (?) екі айыр басы (?), артқы (?)қас, — делініпті. Біріншіден, бұлар – мағына емес, омоним болатын сөздер. Екіншіден, екінші мағынадан ешкім ешнәрсе түсіне алмайды: керсен – алдыңғы қас па, артқы қас па? Саят. деген стильдік белгінің ердің қасына қандай қатысы бар?
Әдетте, керсен деп – ағаштан бүтіндей шабылып жасалған ердің адам құйрығы келетін (отыратын) дөңгелектеу, ойыстау арт жағын айтады. Керсендей, керсен құйрық деген тілдік бірліктер осы түбірден жасалған.
Кесе сөзі 2 мағынаға бөлініп, 1. Шай, сорпа ішетін пиала, – деп, төрт мысал, 2. ауыс. Дүние, мүлік, – деп, екі мысал беріліпті. Кесе сөзінің «дүние», «мүлік» деген мағынасы жоқ. Бұл кесе дегенге 6 мысал алудың амалы ғана.
Сөздікші одан әрі кескекті сөзіне тоқталып, оны 1. Түп-тегі мықты. 2. ауыс. Ызалы, ашулы, – деп екі мағынаға бөліпті. Бұлай, бөлуде ешқандай қисын (логика) жоқ. Әйтпесе, «ызалы, ашулы» деген ұғым өзіне қарама-қарсы «тегі мықты» деген ұғымның қалай ауыс мағынасы бола алады?
Дәл осы сияқты, кескекті аю деген тіркеске қатысты, а) «Мазасыз, ұрысқақ, арпалысып отыратын адам», ә) Өр, ержүрек, жаужүрек деген бір-біріне қарама-қарсы екі ұғым қалайша бір сөздің екі мағынасы бола алады? Бар мәселе, кескекті деген сөздің мағынасын білмегенімізде жатыр.
Кешіл сөзіне «ірі денелі діни адамдар» деген анықтама беріліпті. Кешілге «ірі дененің» де, «діни адамның» да қатысы жоқ. Кешіл – өмір бақи үйленбей өткен адам.
Көбеңдеу сөзіне «семіздеу, оңалған» деген анықтама беріліп, «өзін биыл көбеңдеу айтып жүр ғой» деген мысал келтіріліпті. Сонда мәтінді «өзін биыл семіздеу, оңалған айтып жүр ғой» деп ұғамыз ба?
Көгенсабақ сөзіне «түйнектен өсіп таралған сабақ» деген анықтама берілген. Сабақ атаулының барлығы түйнектен өседі. Сабақтың бұдан басқа бастау алатын жері жоқ. Көгенсабақ дегеніміз – жердің бетінде көген сияқты төселе өсіп жатқан сабақ.
Күпі сөзіне 6 мағына беріпті. Алты мағынаның үшеуі дұрыс, үшеуі бұрыс. Оның бірінші мағынасы «матамен тысталған тері тон» делінген. Матамен тысталған тері тонды күпі демейді, ішік дейді. Екінші мағына дұрыс. Тек «шапан» деген тіркемесі қате. Шапан күпі бола алмайды. Үшінші мағынаға «жұқа шапан, плащ» делінген. Бұл мүлде қате. Төртінші мағына – «көрпе, жамылғы» деген анықтама беріліпті. Бұл да лағып кеткен мағына. 5-ші, 6-шы мағыналар дұрыс. Бірақ неге «ұлпа қар»? Оны «қалың қар» десе, әлдеқайда дұрысырақ болар еді ғой.

(Жалғасы бар)

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.