Тілді ән арқылы үйрету тәжірибесі

Осыдан жиырма бес жыл бұрын белгілі пианист, Халықаралық байқаулардың жүлдегері, Қазақстанның халық артисі Жәния Әубәкірова ғылым негіздерін музыка арқылы игеретін балалар қабілетін жан-жақты дамытуға бағытталған авторлық мектебін ашқан болатын. Мұндағы басты идея – музыкалық білімді орта білім беру бағдарламасымен үйлесімді ұштастыра отырып, әр саладан хабардар, білімі жан-жақты, ой-өрісі кең ұрпақ тәрбиелеу. Мектепке келген оқушылардың бәрін жаппай музыкалық аспапта ойнауға үйретумен қатар, үйренгенін кеңінен қолдана алатын, өзекті мәселелерді аса шеберлікпен шешуге бейім, түбегейлі өзгерістерден қаймықпайтын білікті тұлғаны қалыптастыру. 

Осы аталған міндеттерді жүзеге асыру жолындағы ең түйінді мәселенің бірі – қазақ тілін оқыту, оқушыға мемлекеттік тілді меңгерту, еркін сөйлеуге дағдыландыру, тілдің қолданыс аясын кеңейту болып отыр.
Мемлекеттік тіліміз неліктен осы күнге дейін өз тұғырына қона алмай келеді, неліктен тіліміздің аясы тар, тілді оқытудың формалары мен әдістерін қалай жетілдіруге болады, қандай әдіс тиімді әрі өнімді болады деген ой жетегімен жүріп, күрмеулі жіптің түйінін тарқатар жолды анықтадық. Нәтижесінде осы өзекті мәселені шешу үшін ұзақ жылдар бойы оқушылардың музыкалық қабілетін дамытуда жинаған тәжірибемізді неге қолданбасқа деген шешімге келдік. Музыканың санаға терең бойлап, сезімге әсер ете алатын күші мен құдіретінен артық қандай әдісті таңдауға болады? Бұл ойымызды ұлы Абайдың мына бір өлең жолдары да растайды:
Ұйықтап жатқан жүректі ән оятар,
Үннің тәтті оралған мәні оятар.
Кейі зауық, кейі мұң дертін қозғап,
Жас балаша көңілді жақсы уатар.
Абай атамыз өзінің айтар ойын сөзбен өрнектеп, сөз құдіретін санаға жеткізу үшін оны әуенмен әдіптеді емес пе? Әннің сезімге ерекше әсер ететін, ұлағатты ойды жеткізетін нәзік құрал екенін, өлеңді әндетсе, әуен көркемсөзді күшейтетінін білдірді. Данышпан ақын жақсы әннің ешкімді бейжай қалдырмайтынын, сөзді әндете отырып ұғынуға, бойға сіңіруге болатынын меңзеп отыр. Олай болса, Абай тілін әнмен үйретейік! Сәби тілінің де ананың әлдилеген әнімен шығатынын ескерер болсақ, осы ойлар мақсатымызды жүзеге асыруға шабыттандырып, бағытымызды жаңашаландыруға түрткі болды.
Тілді оқытудың бұл тәсілі қазақ тілінде сөйлеуді үйретіп қана қоймай, тілдің қолданыстық әлеуетін дамытып, оқушының өзіне сенімділігін арттырып, жеке қасиеттерінің шыңдалуына әсерін тигізеді. Ән – шәкірттің сөздік қорын молайтып, кеңейтетін құрал. Көптеген тіл зерттеушілері әуен арқылы берілетін мәтін оқушының эстетикалық тәрбиесіне ықпал ететінін, жан-жақты дамыған тұлғаны қалыптастыратынын, шығармашылық қабілетін жетілдіретінін растайды. Ал сыныпта бірігіп ән айту оқушыларды ұйымшылдыққа, бірлікке баулиды, көңіл-күйлерін көтеріп, қызығушылығын арттырады, есте сақтауды жеңілдетіп, тілдік материалды толық меңгеруге ықпал етеді екен.
Сонымен қатар оқушылар ән арқылы ақын, композиторлар шығармаларымен танысып, қазақ әдебиеті мен мәдениетінің ұлттық реңін ажыратуға үйренеді. Сөз өнері мен саз өнері иелерінің бірлескен шығармашылық байланысынан да хабардар болады. Мәселен, ғасырымыздың ақиық ақыны М.Мақатаевтың сөзіне жазылған Т.Шапайдың «Туған жерге» атты әнін оқушылар ерекше сезімге ерік беріп, үлкен тебіреніспен орындайды. Өйткені сөз бен саз үйлесімі әннің бар болмысын ашып, оқушы жүрегіне жол тауып тұр. Әнде атамекен – туған өлкенің таныс тынысы, көзге ыстық көрінісі мен сәттері, қала берді шегірткенің шырылы мен жолдарының шұбатылған шаңы бейнеленген әсерлі жолдар тыңдаушыны толғандырып, еліне, жеріне сүйіспеншілігін оятады. Әдемі, әсем ырғақ оның ұйықтап жатқан жүрегін тербеп, жанын елжіретіп, бойын алады, көңіліне түрлі ой салады:
Таныс өлке, таныс аймақ, таныс маң –
Анау жерде құрбылармен алысқам,
Анау жерде құрбыжанмен табысқам,
Жолдар анау шұбатылып шаңы ұшқан,
Таныс өлке, таныс аймақ, таныс маң.
Айналайын, атамекен, ақ мекен,
Қандай қазақ іздеп сені тапты екен?!
Айналайын, атамекен, ақ мекен,
Туған өлке тәтті екен ғой, тәтті екен.
Әуен мен өлеңдегі ұйқас, үйлесім ән мәтінінің мазмұнын, сөздерін есте сақтауға көмектеседі. Ән мәтініндегі сөйлесімге қажет сөздер мен сөз тіркестерінің қайталануы оқушының есінде жақсы сақталады.
Осылайша қазақ тілі сабағы тиімді, нәтижелі болады. Ән қазақ тілін үйретуде қуатты педагогикалық әдіске айналады. Бұл ретте ағылшын тілі мамандарының әнді тіл меңгертудің ең тиімді әдісі ретінде ежелден өздерінің оқыту процесіне енгізгенін айта кету керек. Соның арқасында айтарлықтай үлкен нәтижелер көрсетіп жүр. Біз шет тілін үйрету мен оқытудағы осындай практикалық тәжірибелерді, сонымен қатар қазақ тілінде еркін сөйлеп жүрген басқа ұлт өкілдерінің тәжірибелерін ескере отырып, оқу бағдарламасына әндерді енгізу жөн болатынына көз жеткіздік. Оларды оқушылардың жасына және өтілетін тақырып мазмұнына сай іріктеп, таңдадық.
Қазір Димаш Құдайбергеннің орындаған әндерін түсіну үшін өнеріне тәнті болған шетел жанкүйерлерінің қазақ тіліне қызығушылығы артып, таралымы кеңеюде. Бұл – ән өнерінің тілді үйрету үшін де, үйрену үшін де қолданылатын ең тиімді әдістердің бірі екенінің айғағы.
Айта кетейік, Жәния Әубәкірованың авторлық мектебінде қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің білікті мұғалімдері – Ә.Аждарбекова, К,Әшімбек, С.Бабажанова, Ж.Шахановалар еңбек етуде.

Шара ӘУБӘКІРОВА

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.