Елдің ертеңі – жастар

Жастардың бойында ұлттық құндылықтарды дамыту, мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту, табиғи сұлулықты насихаттау мақсатында Алматы полиграфиялық колледжінде «АПК аруы» атты байқау өтті. Байқауға 20 қыздың ішінен топ жарған жеті ару қатысып, өзара бақ сынасты.

Инабатты, нәзік қыздарымыздың үлкенге – құрмет, кішіге – ізет білдіріп, иіліп сәлем салуының өзінен қыз баланың бойындағы ізеттілік пен мейірімділікті байқауға болады. Әдетте, сайыста шыққан тегін өлеңге қосып өзін-өзі таныстырғаннан гөрі сәлем салғанынан бойжеткеннің өмірге икемділігі, отбасылық өмірге дайындығы, ептілігі анық көрінетіні айқын.
Үкілеп өсірген қыздарымыз қолөнерден де қалыс емес екен. Бірі кестелеп, бірі нәрестеге шұлық тоқып, көпшік тігіп, камзолды әдемі моншақтармен безендіріп, көздің жауын алатындай заттардың қыздардың қолынан шыққанын көргенде көз қуанып, көңіл марқаяды.
Алматы полиграфия колледжі директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Марат Калимолдин бастаған, «Ана тілі» газетінің бөлім редакторы Бағдагүл Балаубаева, ұстаздар Гүлзира Керімбаева, ­Меруерт Әбусейітова, «Кешью» тобының әншісі Ақбота Құрманғали қостаған қазылар алқасының жоғары ұпайына ие болған Әнел Жолдасбаева қалалық байқауға жолдама алды. Қазақ қызына тән ізгі қасиеттерді бойына жинаған Мөлдір Әріпбекова көрермен көзайымына айналды.
Қазақ қызының бойындағы даралықты дәріптеп, оны әйел затының даналығына жалғастыра түсуді мақсат еткен байқаудың ұйымдастырушылары көздеген мақсатқа жетті деген ойдамыз.
Жалпы Алматы полиграфиялық колледжі жастарды ұлтжан­ды­лыққа тәрбиелеуде көп іс тындырып келеді. Мәселен, күні кеше аталған оқу орнында «Біз – Жеңістің ұрпақтарымыз» атты патриоттық әндер байқауы өтті. Жастар жылы аясында ұйымдастырылған шараға қаладағы жеті колледжден 30 студент қатысып, өзара бақ сынасты. Аталған шараның Алматы қаласы колледждер қауымдастығының президенті Жантілеу Нұршаұлының қолдауымен өткенін айта кеткен жөн.
Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген мәдениет қайраткері, Қазақ радиосының ардагері Аманжан Еңсебайұлы бастаған, Жазушылар одағының мүшесі Бүбішхан Тікебаева қостаған қазылар алқасының шешімімен 1-орынды Данагүл Ракишева иеленсе, 2-орын Станислав Богомозовке, 3-орын Мұхаммед Елубаевқа бұйырды.
Байқауға қатысушыларға Алғыс хат тапсырылды. Жеңім­паздар дипломмен марапатталып, естелік сыйлыққа ие болды.

Айбол АБАШОВ,
«АПК қаламгері» жас журналистер
клубының президенті

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.