Түрік шеберлерінің мозаика өнері

Қазақстан Республикасы Мемлекеттік орталық музейінде «Түрік шеберлерінің мозаика өнері»  атты көрмесі ашылды. Көрмеде түрік шеберлерінің жетекшісі – Сехер Алтынер сөз сөйлеп өз ризашылығын білдірді. «Mosaic Almaty Group» шығармашылық тобы 2017 жылы Сехер Алтынердің бастамасымен құрылды. Бірнеше жыл бойы ұжымдаса еңбектеніп жүрген мамандар мозаика өнеріне тән ерекше стиль, бірегей сарын, айрықша жұмыс техникасы мен әрлеудің қыр-сырын меңгеруде. 

Көрмеге: Сехер Алтынер, Аслы ­Жанлыель, Нильгюн Гекташ, Пелин ­Толедо Сейхан, Елена Джан сынды өнер шеберлерінің туындылары қойылған. Мозаика құраудың хас шеберлері ерекше бұйымдар жасауда, түрлі материалдар, көлемді ламинатталған итальяндық шынылар, табиғи тастар, мәрмәр, қыш, ­полиэстер, түймелер, кофе дәндері, айна, түрлі аксессуарлар, моншақтар және т.б. пайдаланады. «Mosaic Almaty» тобының соңғы үш жылда атқарған жемісті еңбегінің нәтижесі көпшіліктің назарына «Түрік шеберлерінің мозаика өнері» көрмесінде алғаш рет ұсынылды. Танымал өнер жанры – түрік мозаикасы б.з.д. 300 ғасырлардан бастау алады.
Картиналар мен әр алуан сәндік бұйымдар ертеден-ақ мәнерлілігі, көз жауын алар көркемдігімен сарай, храм, шіркеулердің сән-салтанатын асқақтатты. Алтын ғасыр тұсында бұл өнер Рим, Византия империялары көлемінде кең танылып зәулім ғимараттардың еден, төбе, қабырғаларын безендіру үшін қолданылды. Мысалы, қызғалдақтармен безендірілген әйгілі қыш кесінділерінен құралған мозаика алғаш Түркияда пайда болды. Байырғы түрік тұрғындары сәндік бұйымдарында көбінесе көгөріс өрнегін қолданған. Барынша танымал және көне мозаика үлгілерін Газентепе, Хатай (Түркия), Равенна (Италия), Бардо (Тунис), Парк Гуел (Испания) және Иерусалим (Израиль) елдерінен кездестіруге болады. Қазіргі уақытта әлемнің көптеген елдерінде мозаика өнеріне деген қызығушылық артып келеді. Сонымен қатар мозаикалы текше және басқа да өнер туындыларын жасау технологиясы жетілдірілу үстінде.
Ежелгі грек мифінің мақамы бойынша, Мона Лизаның аналогы ретінде табиғи тастың өте майда түйірлерінен құрал­ған, бүгінде Византия өнерінің үлгісі әрі Түркиядағы мозаика музейінің символы саналатын бүкіл әлемге әйгілі «Сыған қызы» туындысы мозаика өнерінің символына айналды.
Сехер Алтынер бастаған топ шеберлері «Сыған қызы» кескіндемесінің репродукциясын алғаш рет көрме экспозициясына ұсынады.
Сехер Алтынердің туған жері Стамбул қаласы, мамандығы бойынша ­археолог әрі суретші. Сехер «Филипп Моррис» ком­па­ниясының қаржы бөлімінде бірнеше жыл қызмет атқарды, бұдан кейін шығармашылықпен, тікелей мозаи­ка өне­рімен айналысып, Измир студия­ларында мозаика құрудың қыр-сырын меңгерді, Италияда мозаиканың ежелгі византиялық техникасын зерттеп, Равеннада (Италия, Эмилия-Романа облысы) көркем-өнер саласы бойынша білім алды. Ол өз шығармашылығында Ван Гог, Микеланджело, Климт, Вермеер және Ботичелли сынды танымал суретшілердің шығармаларына жүгінеді.
Қазіргі уақытта Алматыда қызмет атқа­рып жүрген топ жетекшісі Сехер мен оның шәкірттері (Түркиядан) шығармашылығын жетілдірумен қатар мозаика өнеріне қызығушылық танытушыларды осы өнерге машықтандырады. Көрмеде мозаика өнерінің 80-нен астам туындысы ұсынылды.

Гүлайым ҚЫДЫРАЛИЕВА,
мәдени-білім жұмысы бөлімінің
кіші ғылыми қызметкері

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.